Тажибаев М.К., Заркенова Ж.Т.

Облыстық даму мүмкіншілігі шектелген балалар үйі. Мемлекеттік мекемесі. Қарағанды қаласы,

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан, Қарағанды қаласы

 

МҮМКІНДІГІ  ШЕКТЕУЛІ  БАЛАЛАРДЫҢ  ЖАЛПЫ  ТІЛДІК  ДАМУЫ

 

Мүмкіндігі шектеулі балаларға қатысты мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі мәселелердің бірі оларды қоғамдық өмірге дайындау, әлеуметтік бейімдеу, жан-жақты дамуларына көмек көрсету, әлеуметтік  өмір шеңберде тең құқылы тіршілік ете алуларына  жағдай жасау.

2002 жылдың 11шілдесінде қабылданған Қазақстан Республикасындағы «Мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік және медициналық-психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету туралы» Заңына сәйкес даму және денсаулық мүмкіндіктері шектеулі балалар білім алуға және шығармашылық, дүниетанымдық мәдениеттерін дамытуға тең құқылы [1].

Баланың психикалық дамуында сөйлеу функциясы маңызды  қызмет атқарады. Сөйлеу тілінің көмегімен оның танымдық әрекеті, ойлау қабілеттері қалыптасады.

Тілдік белгілерді меңгеру – тілдің дыбысталуы мен сөйлеу мүшелері бұлшық еттерінің соған сәйкес қозғалуын есте сақтау. Оның қандай затқа немесе құбылысқа т.б. қатысты екендігін есте сақта және мағынасын ұғыну.

Сөйлеу дегеніміз – лексикалық, грамматикалық тілдік белгілерді қарым-қатынас, тану, т.б. үшін дұрыс қолдана білу. Сонымен бірге сөйлеу – тілдік белгілерді нақты жағдайда қолдану. Лексикалық және грамматикалық тілдік белгілерді қолдану ережесін тілдік қалып деп атайды.

Баланы тілге үйрету – оған «тілдік материяны» (сөйлеу мүшелерін жаттықтыру), меңгерту (есте сақтату), лексикалық және грамматикалық тілдік белгілердің мағынасын түсінуге жеңілдік жасау (ой-өрісті жаттықтыру), лексико-грамматикалық белгілердің көмегімен нақты жағдайға баға беру(эмоция мен сезімді жаттықтыру), қолданыс дәстүрін жеңілдету (үйлесімділік, өзара алмасу мүмкіндігі) болып табылады [2].

Тілді меңгеру заңдылықтары.

Тілді меңгеру заңдылықтары деп, арнайы әдістемелік құралдармен даярланған  тілдік білім, білік машықтарын айтады.

Бірінші  заңдылық. Ана тілді меңгеру мүмкіндігі баланың сөйлеу бұлшық еттерінің жаттығу деңгейіне байланысты.

Екінші заңдылық. Сөйлеу тілінің мағынасын түсіну баланың лексика-грамматикалық тілдік белгілерді меңгеруіне байланысты.

Үшінші заңдылық. Тілдің мәнерлілігін меңгеру- тілдің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық мәнерлілік әдістерін қабылдау деңгейіне байланысты.

Төртінші заңдылық. Сөйлеудің қалыпты деңгейін меңгеру  баланың тілдік сезімінің дамуына байланысты. Егер балада тілдік белгілер нормасын – үйлесімділік (синтагматика), өзара алмасу мүмкіндігі (парадигматика), әртүрлі тілдік ситуациялардағы орындылық (стилистика) т.б. есте сақтау қабілеті болса ана тілін меңгеру мүмкіндігі бар.

Бесінші заңдылық.  Жазба тілін меңгеру ауызша сөйлеу тілі мен жазбаша сөйлеу тілінің арасындағы координацияның дамуына байланысты. 

Алтыншы заңдылық. Тілдің баю жылдамдығы тілдік машықтар құрылымының деңгейіне байланысты.

Тіл дамуының шарттары.

Ақыл – ой  қабілеті бұзылған мектеп жасына дейінгі балалардың тілдік дамуы көп салалы процесс болып табылады. Мектепке дейінгі мекемелерде де, үйде де бұл процесті жан-жақты қамтамасыз ететін жағдайлар қарастырылуы керек. Балабақша тобында және үйде есту-сөйлеу ортасын ұйымдастыру – тілді меңгеру және қарым-қатынаста қолдана білудің маңызды факторларының бірі.

Есту-сөйлеу ортасын құрудың негізгі шарттары: тәжірибелік іс-әрекет барысында баламен тілдік қарым-қатынас жасау; балаларда тілдік қарым-қатынасқа деген қажеттілік қалыптастыру; баладағы кез келген деңгейдегі тілдік құбылысты көтермелеу; балалардың сөйлеу әрекетін  белсенділендіру; жойылудан қалған есту мүмкіндігін ауызекі және сөйлеу тілін дамытуда барынша пайдалану; баланың тіліне ересектер тарапынан бақылау жасау; ересектер тілінің жалпы талаптарға сай болуын қадағалау.

Ақыл – ой  қабілеті бұзылған баланың тілін жанұяда  дамыту – тілді дамытудың ең тиімді жолы. Оқушының тілін дамытудың тиімділігі белгілі бір шарттармен байланысты.

Соның бірі – сөйлеудің мазмұны мен сөйлеудің қажеттілігі. Егер балаға сөйлеу қажетсіз болса немесе оның айтатын ешнәрсесі болмаса, сөйлегісі келмесе – тіл дамыту мүмкін емес.

Екінші әдістемелік шарт – оқушының сөйлеуге қызығушылығын арттыру. Мұғалімнің сұрағы, көрнекілік, қызықты тақырып, қызықты ситуация, мадақтау, көрген-білгенін бөлісуі - оқушының сөйлеуге қызығушылығын тудырады.

Үшінші әдістемелік шарт  - сөйлеу тілін қажет тілдік құралдармен қамтамасыз ету. Олар: сөз, сөз тіркесі, сөйлемдер.

 Бұл бағыт барлық оқу процесін қамтуы керек. Барлық сабақтарда  да тіл дамыту мақсаты қойылуы қажет.

А.А.Леонтьев зерттеулеріне сүйене отырып тілдік дамудың негізгі кезеңдерін алып қарастыруға болады [3]:

1.  Дайындық кезеңі (0-1жас аралығы).

Бала дүниеге келген сәтте айғайлап дыбыс шығарады, бұл оның дыбыс реакциясы. Баланың жылауы мен айғайлауы сөйлеу аппаратының артикуляциялық, дауыс шығару және тыныс алу бөлімдерін жетілдіреді. Бұдан кейін 1,5 айдан аса бала уілдеп «сөйлей» бастайды.  2-3 айда бірнеше дыбыстар тіркестерін айта бастайды (мысалы: ма-ма, ба-ба, би-би, у-гу).

4 айда дыбыстық тіркестер күрделене түседі, жаңа дыбыстар пайда болады: ля, бн, мн, др. Бұл кезеңде баланың айналасындағы адамдар онымен міндетті түрде сөйлесуі қажет.

9-10 айда тұтас  сөздер саны арта түседі, бала ересек адамдардың қызыға, ынталана қайталайды. Егер баланың есту қабілеті нашар болса, уілдеу кезінде-ақ сөйлеу белгілері біртіндеп жоғала бастайды.

2.  Сәбилік кезең (1-3 жас аралығы).

Бұл кезеңде баланың сөздік қоры молая түседі. Тілдік қабілеті артады, айналасындағы адамдардың сөздеріне құлақ түреді. Бұл кезде сәбилер бірнеше затты бір ғана атаумен атауы мүмкін (бибип - машина, бах - құлады, соқты, ұрды т.б.). Тілді меңгеру заңдылықтарына сәйкес біртіндеп тілдік жүйе құрала бастайды. Баланың лексикалық қорына анализ жасай отырып, төмендегі мәліметтерді келтіруге болады: 1 жаста - 10- 15 сөз; 2 жаста – 30 сөз; 3 жаста – 100 сөз. Осы  кезеңде грамматиrалық қор да қалыптаса бастайды. Үш жаста бала ең қарапайым грамматикалық конструкцияларды пайдалана алатын болады.

3. Мектепке дейінгі шақ (3-7 жас аралығы).

Мектепке дейінгі кезең. Бұл кезеңде балалардың сөйлеу тілі сапалық жағынан артады. Бала барлық сөз таптарын пайдалана алады. Өз бетімен жаңа сөздер жасауға тырысады.

4. Мектеп жасы (7-17 жас аралығы).

Бұл кезеңде байланысты сөйлеу тілі жетіледі, балалар грамматикалық ережелерді саналы түрде меңгереді, дыбыстық анализ бен синтезді толық игереді, жазба тілі қалыптасады.

Импрессивті сөйлеу дамуының кезеңдері кезеңдері:ернін жыбырлатып сөзге ымдап жауап беруге тырысады (1 ай); бесік жырын естіп тынышталады (1 айдың соңы- 2 ай басы); сөйлеп отырған адамға басын бұрып жымияды, күледі (2 ай); ересек адамның даусын естіп қуанады, жылауын қояды, өз атын естігенде басын бұрады (3 ай); бұйрықтарды ұғады: «қолыңды бер» , «маған кел» (6 ай); үлкендердің сөздерін түсініп, сол бойынша әрекет қылады (9 ай);  қоршаған адамдарды аттарымен таниды, бірнеше қысқа сөз айта алады; қоршаған ортаға қызығушылығы артады, өзіне керекті затты таңдап ала алады, бұйрықтарды орындай алады (1 жас 1 айда, 1 жас 6 айда); ойыншықпен ойнайды (1 жас 3 ай); кейбір сөздердің мағынасын түсінеді (1 жас 6 айда, 1 жас 8 айда); ертегі, өлең, тақпақ, сөздерді ажырата алады (суреттен мұрын, мысық т.б. көрсете алады), (1 жас 9 ай- 1 жас 11 ай);

Экспрессивті сөйлеудің негізгі кезеңдері: алғашқы ымдау, гуілдеу, былдырлау, шыңғыру (3 айда); ересектерге қарап ыңылдап, гуілдеп ымдайды (4 айда); жақын адамның  келе  жатқанын  көріп күледі,  былдырлайды (4 айда); алғашқы  сөзі  былдырлауы (6 ай); үлкендерге  еліктеп  алғашқы  буындары  айтады (па – па, ля – ля т.б);  өз  бетімен  сөйлейді (12 ай); экспрессивті   сөйлеудің  қалыптасуы:  үлкендерді  шақырады,  заттың  атын атайды,  ересектерге еліктейді (1 жыл 6 ай, 1 жыл 7 ай); екі  буынды  қысқа  сөзді айта алады (1 жыл 9 ай); көшеде  көргені  жайлы немесе ойдан шығарып әңгімелеп айта алады (1 жас 10 ай – 2 жас;  сұраққа  жауап  бере  алады,  бірнеше  сөзден  тұратын  сөйлемдерді айтады, өлең  қайырмасына  қосылады (2 – 3 жас).

Сөйлеу тіліндегі бұзылулардың клиникалық-педагогикалық классификациясы. Бұл классификацияда тілдік бұзылулар екі топқа бөлінеді: ауызша және жазбаша. [4, 5].

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы Қазақстан Республикасының Заңы.  2002ж. 11 шілде № 343-ІІ тарау.

2. Основы логопедии: Учеб. пособие для студентов пед. ин-тов / Т. Б. Филичева, Н. А. Чевелева, Г. В. Чиркина.— М.: Просвещение, 1989.—223 с.

3. Ахутина Т.В. Трудности письма и их нейропсихологическая диагностика. // Письмо и чтение: трудности обучения и коррекция. - М.-Воронеж, 2001. - 208с.

4. Соботович Е.Ф., Гопиченко Е.М. Фонетические ошибки в письме умственно отсталых учащихся младших классов. //Хрестоматия по логопедии. -М.: ВЛАДОС, 1997.- 351с.

5. Коррекционная педагогика: Основы обучения и воспитания детей с отклонениями в развитии. Под ред. Б.П.Пузанова. — М.: Издательский Дом «Академия», 1999. – 540с.