Халидуллин Ғизатулла -тарих ғылымының докторы, профессор

(Алматы қаласы, Қазақстан Республикасы)

 

Біз Махамбет Өтемісұлының

күйшілік өнері туралы не білеміз?

 

Біз Махамбеттің күйшілік өнері туралы не білеміз? М.Өтемісұлы тек жалынды ақын ғана емес, кіші жүз өңіріндегі шаруалар көтерілісін ұйымдастырушы және жауға қарсы найзасымен қатар отты өлең –жырларын, дауылды күйлерін қатар сілтелеген айбынды халық батыры. Бұл туралы атақты күйші Қ.Ахмедияров «Менің көз алдымда Махамбет от жүректі, өжет қайсар, жанкешті күреске, астындағы аты мен қолындағы қару-жарағы, домбырасы ғана емес, сазгерліктен де кенде болмаған». Махамбеттің күйлері туралы айта келіп, сөз зергері Ә.Кекілбаев: «Махамбеттің адам таң қалатын жері де сол, бола берместі болдырта бергендігінде ғой.Алдымен Махамбет болу қиын, ал Махамбет болған соң ақын,батыр, күйші болу да оңай сияқты. Адуын ақыннан қалған асқаралы азаматтың жүрек соғысы мен тынысының кардиограммасындай көп жайды аңғартып, көп нәрсені түсіндіріп» «тұр» деген еді¹.

Қалай дегенмен де, Махамбет қазақтың бүкіл уәлемде кездеспейтін ұлы мұрасы күй байлығының кәсіби негізін салушы ретінде тарихи деректермендәлелденіп отыр. Мысалы, Құрманғазы, Дәулеткерей, Абыл, Қазанғап, Диналардың классикалық тұрғыдағы күйшілік мұрасының түп негізі Махамбеттен бастау алады. Махамбеттің күйлері туралы академик А.Жұбанов өзінің «Құрманғазы» кітабында: Махамбеттің «Қайран Нарын», «Жұмыр, Қылыш» күйлері Құрманғазының «Кішкентай» күйінің ата күйлері» деп жоғары  бағалайды.

Махамбеттің ақындығы мен күйшілігін және батырлығын қатты бағалаған. «Бозтөбе», «Қара жаяу» күйлерін шығарған атақты Боғда есімді күйші болыпты.Көтерілістің ең бір шарықтау шегі 1838 жылы шілде айында Исатай батыр Геке мен Баймағамбет сұлтанның әскері мен соғыста Қиыл өзеніне жақын жерде қаза табады.Осы кескілескен шайқастан кейін Махамбет пен Исатай батырдың баласы Жақия жайлаудағы Жұмыр (шын аты Садыр) мен Қылыш батырлардың ауылын паналайды. Бұлар Махамбет пен Жақияны танып, зор құрметпен қарсы алып, бүкіл ауыл түгел жиналады. Сонды бір қария: «Арыстан домбырашының үйіндегі Боғда күйшіні шақыртыңдар» дейді. Боғда есімін естігенде Махамбеттің жүзі жайнап кетеді. Арнайы шақыртумен келген күйші: «Созса қол жетпейтін, ұшса кұс жетпейтін Исатайдан айрылып сорлаған екенбіз ғой. Мына Жақия Исатайдың көзі емес, өзі болсын, қарағым Махамбет» деп күңіреніпқоя береді. Махамбет, Жақия, Жұмыр және Қылыш-төртеуі орындарынан тұрып, Боғдамен құшақтасып көрісіп, Арыстан екеуіне төрден орын береді. Сол күннен бастап Байбақты елінде төртеуі жұптарын жазбай бірге жүреді. Сол жаздағы бір аста Беймағамбет сұлтанның шаш ал десе, бас алатын нөкерлері Махамбет пен Жақияға тор құрады. Бұларды Жұмыр мен Қылыш қалқан болып қорғап қалады. Ақын арыстай екі азамат туралы ризашылығын күймен толғап-жеткізуді ойлады. Сөйтіп, Махамбет тобылғыдан домбыраға тиек жасап, әлгі күйдің сазын тарта бастайды. Бұл  күй - Жұмыр мен Қылышқа арналады. Мен үшін бұл екі батыр семсерлерін жалтылдатып, екі қапталында тұрып алғанда, Исатай ағасы мен Барақ, Ерсарылар тіріліп келгендей болады². Сол кезден бастап Махамбеттің «Жұмыр, Қылыш» күйі ұрпақтан ұрпаққа жол тартады.

Махамбетттің күйлері 17, кейбір деректерде 20-ның үстінде делінген. Солардың бірі – «Өкініш» күйі. 1839ж. Махамбет жасырынып Ақ Жайықтың күн батыс бетіне өтеді. Жолдасы мен Нарында қалған әкесіне, бала-шағасына барып, олардың хал-ахуалын білмек болады. Орда қаласынан 50-60 шақырымдай жердегі Қарғалы-Қарсақпайға түнделетіп жетеді. Оның бұл маңға барғанын біреу Жәңгір ханға хабарлайды. Бұндағы танысының үйінде Махамбет  әңгіме-дүкен құрып, домбыра тартып отырғанда иттер үреді. Үй иесі сыртқа шығып, тың-тыңдаса, бір топ аттылы көрінеді. Ізінше қайтып келіп: -«Шамды сөндіріңдер. Бір топ бейсауыт адам келеді», - деп сақтандырады. Махамбет домбырасын іргеге қарай ысыра салып, сауытын киіп, найзасын қолына алып, сыртқа шығады. Суыт келе жатқан адамдардың тегін емес екеніне көз жетеді де, дереу атқа қонып, жолдасымен шағыл құмдардың арасына қарай тартады. Сөйтіп, ол өзінің туып – өскен жұртына тағы да қайрыла алмай, Ақ Жайыққа қарай бет алады. «Өкініш» күйінің дүниеге келуіне осы жағдай себеп болса керек.

Өтемісұлы Махамбеттің күйлері: «Ақжелең», «Жайық асу», «Жорық», «Жұмыр-Қылыш», «Исатайдың Ақтабаны-ай», «Қайран Нарын», «Қиыл қырғыны», «Нарын», «Өкініш», «Тарлан», «Шілтерлі терезе» т.б.

Махамбет күйлерін тартып, бүгінгі күнімізге жеткізген домбырашылар: Орал облысы Чапаев ауданынан сүйіндіков Оразғали,Орал облысының Жәнібек ауданынан Жұмашев   Өтеген, Атырау облысының Қызылқоға ауданынан Бозаев Көшәлің, Орал облысының Тайпақ ауданынан Иманбаев Қанаш. Бұл домбырашылардан Мазамбет күйлерін ерінбей жинап, зер таспаға, магнитофон оентасына жазып, күй аңыздардан хатқа түсіруде Ысмағұлов Мұстафа мен Көшекбаев Нәубет айрықша еңбек сіңірді. Бұл кісілер Махамбеттің бүгінгі күнімізге жеткен күйлері жазылған зертаспаны атақты домбырашы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ахмедияров Қаршымбайға табыс еткен.

Қаршымбай бұл күйлерді алдымен үлкен сахналарда тартып,жұртшылыққа таныстырды да, кейін нотаға түсіріп, «Шашақты найза ,шалқар күй» деген атпен 1982 жылы кітап етіп шығарды.Махамбет күйлерін ел ішінен жинап, нотаға түсіруге атсалысқандардың бірі белгілі музыка зерттеуші Мерғалиев Т. Өнер зерттеуші Кенжалиев Исатайдың  айтуынша, қәзірге дейін Махамбеттің он жеті күйі белгілі болып отыр³.

Қазақтың күй өнерін зерттеген  ғалым А.Сейдімбеков өзінің «Қазақтың күй өнері» еңбегінде: «Махамбет-көшпелілер өркениетінің осынау жарық дүниемен шырқырап қоштасқан соңғы үні. Тарих сахнасына шығарған көшпелілер мәдениетінің буырқанып келіп жартасты соққан ақжал толқыны – Махамбет. Ол поэзияда қандай дара болса, күйде де сондау оқшау» - дейді4. Бұдан артық қандай баға болуы мүмкін. Қорыта айтқанда, Махамбет бастап, Құрманғазының «Кішкентай» күйі қостап, Дәулеткерей, Абыл, Қазанғап, Дина, Нұрғиса, Қаршыға және Айгүл дүниежүзілік деңгейге көтерген, ешбір ұлт-мемлекетте кездеспейтін,  тек қазақ деген халықтың төл-туындысы, сарқылмас асыл мұрасы күйдің ғұмыры ұзақ болғай.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.         «Шашақты найза, шалқар күй» музыкалық шығармалар. 18 кітап           Исатай-Махамбет. Дастан. 18 кітап. Алматы: Өлке 2004, 21-25 беттер.

2. Б.Аманшин. «Исатай-Махамбет». Дастан. 2-ші кітап. Алматы: «Өлке», 2003 ж. 7-бет.

3. Кенжалиев И. «Қазақ әдебиеті», 1979 ж., 10 қазан. «Жігерлі күйлер».

4. А.Сейдімбеков. «Қазақтың күй өнері». Монография. Астана 2002ж. 373-бет.