Политология/4.Политическое лидерство (история, проблемы, перспективы)

 

Ph.D докторанты Әмірғалиева А.М.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,

Алматы қ., Қазақстан Республикасы

ЖАҢА ҒАСЫРДАҒЫ ҚЫТАЙДЫҢ СЫРТҚЫ САЯСАТТАҒЫ НЕГІЗГІ ҰСТАНЫМДАРЫ

 

Әлемдік геосаяси жағдайдың қарқынды дамуына байланысты әрбір мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын реттеуге белсенді кірісетіні анық. Қытай Халық Республикасы өзінің жедел экономикалық өркендеуі және халықаралық дәрежедегі ұстанымдарымен аймақта әлдеқашан жетекші орын алып үлгерген мемлекет. Соңғы 30 жылда Қытай тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында әлемнің барлық мемлекеттерімен тату көршілік және өзара тиімді ынтымақтастық байланыстар орнатып келеді.

Алайда, Қытайдың көршілес мемлекеттермен ортақ шекараны айқындау, трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалану және бірқатар аралдарға қатысты шешімін таппаған кешенді мәселелер де бар. Қазіргі уақыттағы Қытайдың сыртқы саясатындағы күрделі мәселелер тарихтан жалғасып келе жатыр. Цин патшалығы күйреп, Қытай Республикасы жарияланған соң 1916, 1932 жылдары «кезінде шет мемлекеттер иеленіп алған» аумақтарды, яғни Қиыр Шығыс, Камчаткадан бастап Сингапур, Бутанға дейінгі, Ауғанстан мен Үндістан жерлерін қайтарып алу туралы кітаптар жазыла бастады. Қытай Коммунистік партиясының көсемі Мао Цзэдун 1965 жылы: «Біз Оңтүстік-Шығыс Азияны, Оңтүстік Вьетнамды, Тайланд, Бирма, Малайзия және Сингапурға міндетті түрде қол жеткізуіміз керек. Оңтүстік-Шығыс Азия аймағы пайдалы қазбаларға өте бай. Сондықтан оған қол жеткізу үшін шығындалудан қорықпау қажет. Ол болашақта Қытай өндірісін қамтамасыз етеді. Осылайша жіберілген шығындардың орнын толтыратын боламыз». Мұндай үндеулер мен батыл мәлімдемелер Азия-Тынық мұхиты аймағындағы мемлекеттермен даулы мәселелерге және қақтығыстарға әкелетіні анық болды. Мәселен, XX ғасырдың ортасынан қазіргі уақытқа дейін орын алған Қытай-Үндістан арасындағы жер дауы, Даман аралдары және Жалаңашкөлдегі Кеңес-Қытай қақтығысы,  Қытай мен Ресейдің Амур өзені бойындағы шекара сызығы жөніндегі келіспеушілігі, Қытай-Бутан арасындағы Бутанның солтүстік батысындағы шекара аумағының реттелмеуі, Қытай-ҚХДР-дің Паекту-Сан таулы аймағындағы 33 шақырымдық жердің анықталмауы, Қытай-Жапония-ҚХДР-Оңтүстік Корея арасындағы Гото аралдарын иелену мәселесі, Қытай-Вьетнамның Тонкин шығанағындағы теңіз шекарасының «ғасырлық дауы», Моңғолия-Ресей-Қытай аралық Ішкі Моңғолия өлкесі, Туваның бір бөлігі, Бурятияның 121 шақырым жері үшін келіспеушіліктері, Қытай–Малайзия–Филиппин–Тайван–Вьетнам–Бруней арасындағы Наньша архипелагі (Спратли аралдары) жөніндегі келіссөздері, Қытай-Тайван-Вьетнамның Сиша (Парасель), Қытай мен Жапонияның Дяоюйдао (Сенкаку) аралдарындағы мүдделер қайшылығы оған айқын дәлел бола алады. 

Соңғы аталған Шығыс Қытай және Оңтүстік Қытай теңіздеріндегі кейбір аймақтар мәселесі бүгінге дейін оңтайлы шешімін тапқан жоқ. Бұл сұрақтар осы аумақтарға өз құқығын білдіріп отырған мемлекеттер мен Қытайдың арасындағы қарым-қатынастардың белгілі деңгейде ушығуына әкеліп соқты. Қытай Халық Республикасы олардың маңыздылығы мен қауіптілігін ескере отырып, халықаралық жағдайды реттеуге күш жұмсап келеді.

Шекараны бөлісу мәселесі Қазақстан мен Қытайды да айналып өткен жоқ. 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстан тәуелсіз мемлекет болып құрылған соң, оны шығыс көршісімен жүргізетін бірқатар күрделі келіссөздер күтіп тұрды. Кеңес Одағынан мұраға қалған мемлекеттік шекара мәселесін достық қарым-қатынас негізінде екі жақтың мүддесін ескере отырып, аса байсалдылық және парасаттылықпен шешу қажет болды. Бұл мақсатқа жетуде Қазақстан сияқты жас мемлекеттің алдында көптеген өзекті міндеттер тұрды. Елбасы Н.Назарбаев «Ғасырлар тоғысында» атты еңбегінде екі ел қатынастарына қатысты: «Біздің ұлттық тарихымызда ғасырлар бойы «Аспан асты елімен» қарым-қатынас үлкен маңызға ие болып келген. Соңғы кезде қарқынды дамып, өзінің аймақтағы және әлемдегі орнын нық бекіткен, адамзаттың XXI ғасырдағы дамуы көбіне-көп Қытаймен байланысты. Көптеген елдер Қытаймен арақатынасты сыртқы саясатының өзегі деп түсінеді. Ал Қазақстан үшін осынау болашағы зор, экономикасын қарышты қадаммен дамытып жатқан мемлекетпен ойдағыдай қатынас орнату айрықша маңызға ие» - деп атап көрсетеді [1]. Қазақстан Қытаймен тұрақты, достық және тату көршілік қатынастар орнау қажеттігін жақсы түсінді. Арадағы байланыстарға текетірестік және өзара күдік келтіру Қазақстанның стратегиялық мүдделеріне қайшы келген болар еді. Қазақстанмен жан-жақты байланыс орнатуға деген құлшыныс Қытай тарапынан да болды. Себебі, еліміздегі саяси тұрақтылықпен қатар, зор энергетикалық, экономикалық және транзиттік мүмкіндіктер Қытай үшін аса маңызды екендігі түсінікті.

1991 жылғы одақтық республикалар тәуелсіздік алған соң мемлекеттер арасындағы шекараны карталар арқылы салыстыру нәтижесінде жалпы көлемі 34 мың шақырым болатын 19 учаскеде Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Қытай арасында территориялық сәйкессіздіктер табылып, олар «таласты» деп белгіленді. Көлемі 2235 шаршы шақырым болатын 11 учаске шекараның Қазақстан-Қытай бөлігіне тиесілі болды [2]. Таласты аумақтар жарияланған соң, мемлекетаралық шекара мәселесі Қазақстан Республикасының Президенті мен ҚХР Төрағасы арасындағы жоғарғы деңгейдегі кездесулерге бірнеше рет талқыланды. 1994 жылы шекараны заңдастыруға арналған келісімге қол қою рәсімінде ҚХР Төрағасы Цзянь Цзэмин: «Қытайдың Қазақстанға ешқандай территориялық таласы жоқ, шекаралық мәселелер бізге тарихтан қалған. Оларды келіссөздер арқылы шешуге болады» - деп мәлімдеді [3]. Алайда келіссөздер 1998 жылға дейін созылды. 1994 жылғы құжат бойынша екі учаске, яғни Алматы облысының Алакөл ауданындағы Сарышілде өзені аңғарындағы 315 шаршы шақырым жер мен Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы Шаған-оба мен Баймырза сулары аумағындағы 629 шаршы шақырым құрайтын учаске ортақ шешімін тапқан жоқ. Тек Мемлекет Басшысының табандылығымен жүргізілген белсенді дипломатиялық қатынастардың нәтижесінде шекара мәселесі өз шешімін тапты. Десек те, Қытаймен шекараны анықтау және трансшекаралық суларды пайдалану бойынша Жапония және Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің қарым-қатынасының ушығуы, мәселенің шешілмеуіне назар аудара отырып, Қазақстанның бұл бағытта едәуір жетістікке жеткендігін айтуымыз қажет.            

Өткен ғасырдың ортасындағы Қытайдың сыртқы саясаты мен жаңа ғасырдағы сыртқы ұстанымдары жаһандық даму жағдайына орай жаңа деңгейге көтерілді. Қазіргі уақытта ол бейбіт қатар өмір сүру, татулық пен достыққа негізделгенімен, ҚХР-дың сыртқы саяси ұстанымдарынан айтарлықтай өзгерістерді аңғару қиын. Қытайдың ішкі саяси дамуы мен әскери әл-қуатының артуы жағдайында оның сыртқы саясатының негізгі мақсат-мүдделері өзгеріссіз қалып келеді. ҚХР Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша                        2013 жылы Қытай экономикасы 7,7 пайызға өсіп, ішкі жалпы өнім көлемі                  56,88 трлн. юаньға жеткен. Экономиканың күн санап артуы әлдеқайда белсенді және сенімді дипломатиялық қатынас жасауға әсер етті. Бұл үрдіс әсіресе соңғы                   10 жыл көлемінде айқын аңғарылып келеді. Әлем назарындағы Қытай халықаралық аренада өз мақсаттары жолында қатаң талаптар қойып, сөзсіз қол жеткізе білетін мемлекет ретінде қалыптасты. Бірақ Қытай үкіметі кез-келген қақтығыстың, әсіресе әскери жанжалдардың тек қана елдің халықаралық беделіне нұқсан келтіріп қана қоймай, сыртқы экономикалық жағдайына ауыр соққы әкелетіндігін терең түсінеді. Сондықтан ашық қақтығыстарға жол бермейді. Оған жоғарыдағы шекаралық даулардың шешілу тәжірибесін мысалға келтіруге болады. 

Қытайдың соңғы онжылдықтардағы сыртқы саяси бағыты өзгеріссіз келе жатыр. ҚХР төрағалығына Ху Цзиньтао келген соң, елдің тұрақты түрде «бейбіт даму жолын» ұстанатындығын анықтап жариялады. Осы уақыттан бастап «бейбіт даму жолы» халықаралық деңгейде жиі айтыла бастады. Саясаттану саласында термин ретінде орнығып үлгерген «бейбіт даму жолы» сөзі Қытайдың ішкі және сыртқы саясатынан бірдей хабар береді. «Бейбіт даму» деген сөздің астарында Қытай өзіндік ерекшеліктері бар социализмді орнату жолын меңзейді. 1978 жылы өткен ҚКП ОК 11-шақырылымының                    3-пленумынан кейін Орталық үкімет реформалар мен ашықтық қағидаты негізіндегі экономикалық даму жолының жаңа моделін ұсынды. Мұндай даму бағыты XXI ғасырдың ортасына дейін жалғасып, Қытай социалистік жаңғыртылу үрдісін аяқтауы қажет. ҚХР басшылығының көптеген ресми құжаттарында айтылғандай, осы бағдарды ұстану арқылы Қытай сыртқы белсенділікке және гегемонияға емес, ең алдымен ішкі тұрақтылыққа көңіл аударуы қажет. Осылайша ҚХР Үкіметі ішкі әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін сыртқы саясатын тиімді жүргізуді мақсат етеді. Қытай халықаралық қатынастарда өзара тиімді ынтымақтастыққа көңіл бөледі, бірақ өзінің стратегиялық мүмкіндіктерін ретімен пайдаланып, мемлекетті модернизациялау үшін сыртқы әлемнің жаңа технологияларын, ресурстары мен құралдарын пайдалануды көздейді. ҚХР басшылығы қанша рет ауысқанымен, халықаралық деңгейдегі жаңа өзгерістер мен сұраныстар, бәсекелестіктің өсуін ескере отырып, негізгі сыртқы саясат қағидаттарын сақтап келеді. Қазіргі уақытта әлемдік қауымдастықтың Қытайдың экономикалық экспансиясына деген қорқынышы және олардан төніп келе жатқан қауіп-қатер сезімі жағдайында Қытай үкіметіне белсенді жұмыс жүргізу міндеті туындап отыр.

Бірақ, ресми құжаттардағы айтылған ұстанымдарды іс жүзінде орындау барысында қиыншылықтардың туындайтыны рас. Жоғарыда аталған Қытай мен Жапония арасындағы Дяоюйдао аралдарына қатысты қақтығыстарын бейбіт келіссөз және келісімшарттар негізінде шешуге қадамдар жасалғанымен, ол өз жемісін бермей отыр. Мамандардың айтуынша, Қытай халықаралық өте күрделі жағдайға тап болды. Өйткені, Қытай ең алдымен өз халқы алдында беделін жоғалтпау үшін жеріне қол сұғылғанын жариялап, сәйкесінше шара қабылдауы қажет. Екінші жағынан, мемлекеттің халықаралық аренадағы мәртебесін төмендетіп алмау үшін қақтығыстан бас таруы қажет болды. Әзірге Қытай-Жапон мәселесі ашық күйінде қалып отыр және түрлі болжамдарға сәйкес жақын уақытта шешіле қоюы екіталай. Қалай болғанда Қытай үкіметі жоғарыда аталған сыртқы саясат қағидаттарынан тайынбайтыны белгілі.

Дяоюйдао аралдарымен болған қақтығыстар, яғни Қытайдың сыртқы саясатындағы негізгі қиыншылықтар мен күрделі мәселелер Азия – Тынық мұхиты аймағындағы АҚШ пен ҚХР мүдделерінің қиылысқан нүктесінде туындауда. АҚШ пен Қытай арасындағы дипломатиялық келіссөздер «әлемдегі ең маңызды қарым-қатынастар» деп белгіленеді. Халықаралық қатынастар саласындағы мамандардың айтуы бойынша, Америка Құрама Штаттары Қытайдың АТА аймағындағы көршілес елдермен шекаралық даулы мәселелерін өз ықпалын арттыру үшін тиімді пайдаланады. Қытай осы мәселені терең түсіне отырып, ҚХР СІМ баяндамаларында өзге мемлекеттердің Қытайдың екіжақты қарым-қатынасына бас сұқпауын талап етеді. Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық өзендер мәселесі түбегейлі шешімін таппағандар қатарына жатады. Қытай мен Қазақстан арасында трансшекаралық өзендердің суын тиімді пайдалану және қорғау бойынша әлі келіссөздер жүргізетіні рас. Қытай Халық Республикасы Біріккен ұлттар ұйымының трансшекаралық сулар мәселесі жөніндегі құжаттарына қол қоймағандықтан, қазақстандық тарапқа халықаралық құқық деңгейінде қандай да бір талаптар қою қиынға соғуда. Қытай жоғарыда айтылғандай, өз сыртқы саясатындағы аймақтық ұстанымдарына баса назар аудара отырып, келіссөздерді тек екіжақты деңгейден асырмай отыр. Қытайдың Америкамен қақтығыстарға баруы да екіталай, өйткені қос елдің экономикасы өзара байланысты және тәуелді. Қытай әрқашан өзінің экономикалық дамуы «үшінші әлем елдеріне» әсер етпейтіндігін, алайда ішкі экономикалық және әскери дамуы АҚШ-тың АТА-дағы қызығушылықтарына қайшы келетіндігін айтумен келеді.

«Бесінші толқын» қолға алған Қытайдың сыртқы саясатында алдағы уақытта әлдебір өзгерістер болмауы мүмкін. 2007 жылы ҚҚП ОК Бас хатшысы Ху Цзиньтао ҚҚП XVIII Съезінің ашылуында: «Қытай бейбіт даму жолымен алға жылжи беретін болады. Бұл – дәуірдің дамуы мен өзіндік түпкі қызығушылықтарды ескере отырып жасалған стратегиялық таңдау» деп айтты. Осы бейбіт даму жолынан Қытай ауытқымай келеді. Қазіргі уақытқа дейін Қытай әлемнің көптеген елдерімен қарым-қатынас орнатып, шетелдік инвесторлардың көптеп ағылуы үшін, сыртқа экспорт тасымалдау үшін қолайлы жағдай туғызды.

Қытайдың сыртқы саясатында тұрған маңызды міндеттің бірі – әлемдік қауымдастықтың қабылдауындағы қытай халқының мәртебесі мен мемлекеттің шынайы мүмкіншіліктері арасындағы тепе-теңдікті ұстап тұру. Қытайдың экономикалық саладағы дамуы тек мемлекет басшылығының таңдап алған стратегиялық бағыты ғана емес, көптеген алыс-жақын мемлекеттермен сауда және инвестициялық қатынастардың әсерінен болып отыр. Мұндай өзара ынтымақтасудың астарында өзара тәуелділіктің де жатқанын аңғару қиын емес. Сондықтан, Қытай Үкіметі кез-келген сауда саласындағы даулы мәселелер, басқа да қақтығыстарда өзіне экономикалық шығын әкелмейтін және мемлекеттің күшеюі кезеңінде биліктің халық алдындағы беделін түсіріп алмайтын шешім қабылдайды. Дипломатиялық қарым-қатынастарда мемлекеттің мүддесін қорғай отырып, бейбіт жолмен шешуді мақсат тұтады. Қазақстандық тарап Қытайдың көрші мемлекеттермен шекаралық даулы мәселелерінен тәжірибе жинақтап, ел мүддесін қорғауда тиімді пайдалануы қажет деп есептейміз.

 

Әдебиеттер:

1.                 Назарбаев Н.Ә. Ғасырлар тоғысында. -Алматы: Өнер. - 1996. - 272б.

2.                 Мясникова В.С. и Степанова Е.Д. Границы Китая: история формирования - Мәскеу: ПИМ. – 2001. – 469 б.)

3.                 ҚХР басшысы ресми сапарымен Қазақстанда // Егемен Қазақстан. -  27 сәуір, 1994 ж.