Магрупова Қырмызы Жумагелдыовна

№134 «Гауһар» балабақшасы

Ойын арқылы баланың белсенділігін арттыру

 

Мектепкі дейінгі тәрбиелеудің негізі міндеттері - балалардың денсаулығын нығайтуды сақтау, олардың салауатты өмір салтын сақтау әдеттерін қалыптастыру. Балалардың психикалық дамуы, оның белсенділігін арттыру мен тәрбиелеу болашақта баланың тиімді әлеуметтенуіне баса назар аудару уақыт талабы. Себебі, осы аталғандар баланың мектепте оқуға психологиялық даярлығын қамтамасыз етеді. Осы ұғымды ары қарай тарқататын болсақ, белсенділік - адамның іс - әрекеті үстіндегі жағдайын айтады. Бала белсенділігінің ең алғашқы формаларының бірі - қарым - қатынас жасау белсенділігі. Бұл адамның бүкіл өмірінде дамитын белсенділік. Балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес басқа адамдармен қарым - қатынас жасау белсенділігінің мазмұны өзгеріп отырады. Мектеп жасына дейінгі балалар ересек адамдардың әрекеттеріне үңіле қарап, үйренеді, оларға еліктейді. Балалардың саналы түрдегі мұндай әрекеттерін ырықты және ерікті белсенділік дейді. Бұл жастағы балалардың үлкендердің әрекеттеріне және олармен өзара қарым - қатынас жасауға еліктеуі рөлге құрылған ойындарды атқару барысында байқалады. Бала еліктеу, қабылдау арқылы түрлі рөлді ойындарды атқара отырып, әлеумет өмірінің, өндіріс қатынастарының мазмұнын түсінеді. Бұл жастағылардың ойыны, әрбір әрекеттері мазмұнға айналып, белгілі бір мақсаттарды орындауға ұмтылыс жасайды. Бұл жастағы балалар топ - топ болып, өзара бірігіп ойнағанды жақсы көреді. Себебі, қарым - қатынас жасау белсенділігі жеке адам қасиеттерінің (қайырымдылық, қамқорлық т.б) қалыптасуына мүмкіндік туғызады. Баланың даму барысында таным белсенділігі артады.   Баланың өзін - өзі тәрбиелеу белсенділігін әр түрлі тапсырмалар беріп орындау арқылы дамытуға болады. Мысалы: шағын топтардың басшысы, гүл суару, топтағы оқу құралдарының реті, ойнағаннан кейін ойыншықтарды орнына қою, т.б.. Осындай тапсырмаларды сапалы дер кезінде орындап отыруға балаларды үнемі жаттықтыру мен дағдыландыру тәрбиешінің төл ісі.  Балалардың жас ерекшеліктері мен жеке қабілеттерін ескере отырып, барлығын тапсырмалармен, яғни, түрлі қоғамдық іс - әрекеттермен қамтамасыз ету керек. Егер тапсырма балаға бұйрық есебінде немесе көтеріңкі дауыспен берілсе, онда ол іштей наразылық білдіріп, тапсырманы орындамай аяқсыз қалдыруы мүмкін. Сондықтан тәрбиеші әр уақытта өзінің ілтипатты және ұстамды болуын естен шығармай, тапсырманы тыңғылықты орындау үшін балаға рухани күш беріп, сенім білдіреді. Кейбір баланың еріктік қасиеттері тұрақсыз болады. Ол бірінші қиыншылықты сезісімен - ақ қоғамдық тапсырманы орындаудан бас тартады. Мұндай сангвиник балаға көмек бере отырып, оның намысына тимей, тапсырманы орындауын табандылықпен талап ете білу керек. Сонда ғана баланың ісінде жаңа қарқын туып, ол алдына қойған мақсатын орындаудың қажет екенін сезінеді. Мектепке дейінгі балалақ шақта, жас баланың 4 пен 7 жасының аралығындағы өзіне тән ерекшеліктері, оның айналасындағы болып жатқан құбылыстарды жете аңғарып, көргені мен сезінгендерін зердесіне хаттай жазып ала қоятын зеректігін ала бөтен ескерген жөн. Әрдайым қозғалыс үстінде жетіле дамыған балалардың денесі мен салмағы да бір қалыпты мөлшерді сақтап өсіп отырады. 4 - 5 жасар балалардың салыстырмалы ойлай алатын қабілеттері ерекшелене түседі. Санамақтарды әжептеуір игеріп, аз және көп сандарды, айды, күн, жыл мезгілдерін айыра алатын халге жетеді.

     Өз тәжірбиемде ойындық сабақтардың көмегімен балаларға білім беріп қана қоймай, оларға қалай ойнауды да үйретемін. Бір мезетте оқытушы және ойынның мүшесі ретінде де балаларды ойнатуға талпындырамын, ал балалар ойнай отырып үйренеді, сондай - ақ ойын өзіндік әрекеті нәтижесінде де қалыптасады. Тапсырмаларымды балалар өз беттерімен орындап және ойынды ұйымдастырып бір - біріне әділ баға беруге үйренеді. Балабақшада жиі қолданатын дидактикалық ойын түрлерін төмендегі жүйе бойынша өткіземін: 1. Ойыншықпен ойналатын ойындар; 2. Үстел үсті ойналатын ойындар; 3. Сөздік ойындар. Әр топта баланың жас ерекшеліктеріне байланысты ойындар іріктеймін, сондай - ақ тапсырмалар арқылы балалардың білімін тереңдете түсемін және ойлауын, зейінін, есте сақтауын дамытуға көмектесемін. Дидактикалық ойынды қолдану үшін үлкен шеберлік қажет. Ойынды таңдап алған соң, ойынның көмегімен қалай тапсырманы орындайтынын анықтаймын және алдын ала дайындаламын, сонымен қатар ойын түсінікті, анық, жас ерекшелігіне сай болуы тиіс. Мысалы: табу, көрсету, белгілеу естияр топқа лайықты, ал ересек балаларда салыстыру басым болады. Мінез - құлықты тәрбиелеуде ойынның рөлі маңызды болып есептеледі.

Қорыта айтқанда, ойын баланың жан серігі. Ойын сырттай қарағанда еш қиындығы жоқ, оп - оңай көрінуі мүмкін. Ал іс жүзінде бала ойынға қатысу үшін басқалармен тіл табысып, өзінің ойлаған ойын іске асырады. Баланың рухани жетілуі мен табиғи өсуі, ой дүниесінің өркен жаюы ойынға тікелей тәуелді. "Ойын ойнап ән салмай өсер бала болар ма", - дегендей ойынның қай түріне болмасын зер салып, ой жүгіртіп қалар болсақ, одан мәнді де мағыналы істер туындап өрбитінін байқаймыз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:                                                                                                                      1.Әл - Фараби, Философиялық трактаттар. - Алматы, 1994.-115б.                                    2.Грядовой Д. Философия.-Москва, 1999. - 366с.                                                                       3. Қазақ даласының ойшылдары (9 - 12ғ.ғ). - Алматы, 1995. - Б. 86-89.                                    4.Диваев Ә. Асыл мұра. - Атырау, 2000. - Б 21 - 23.                                                            5. Выготский Л.С. Проблемы развития психики // Собр.Соч. В 6 т. - М. : Педагогика, 1982. - Т. 2. - С. 5 - 361.