Набидуллин А.С.
Абай атындағы
ҚазҰПУ
Магистратура және PhD докторантура институтының 2-курс магистранты
«АБАЙ ЖОЛЫ» РОМАН-ЭПОПЕЯСЫНЫҢ
ҚАЗАҚ vs АҒЫЛШЫН ТІЛДЕРІНДЕГІ НҰСҚАЛАРЫ БОЙЫНША
ТҮР-ТҮС СӘЙКЕСТІКТЕРІ
Қазіргі әлемдік
лингвистиканың жаңа бағыттары ұлттың танымын,
ұлттық тілдік сананы лингвистикалық антропоөзектік
парадигма шеңберінде зерттеуді өзекті етіп отыр.
Белгілі
бір тілдегі түр-түс атаулары, түр-түске қатысты
ұғымдар – сол тілді тұтунышы халықтың
өзіндік танымындағы күрделі феномен. Қазіргі таңда
тілші-ғалымдар түр-түс атауларының барлық
аспектілеріне назар аударуда. Соның ішінде тілдің негізгі
тұтынушысы болып табылатын әр халықтың тілдік санасындағы
түр-түс атауларының лингвомәдени ерекшеліктерін
салыстыра-салғастыра зерттей отырып, кешенді түрде сипаттама беру
мәселесін атауға болады.
Құрылымы әр түрлі
қазақ және ағылшын тілдерінің сөздік
қорындағы көптеген атаулардың ішінде өте жиі
қолданылатын, қолданыс ауқымы кең, мағынаға
бай, тілдік бірліктердің бірі – түр-түс атаулары.
Өз тақырыбымызға байланысты жинақталған
еңбектердегі материалдарды, «Абай жолы» эпопеясының тілін
толық талдай келе біз қазақ тіліндегі түр-түс
атауларының соншалықты мол екендігіне, олар жоғарыдағы
Б. Берлин мен П. Кей көрсеткен иерархияға орналаса бермейтіндігіне
көз жеткіздік.
Түс атауларының аудармада
берілуіне алғаш назар аударған ғалым А. Алдашева
түс атаулары лингвомәдени ерекшеліктерді айқын
көрсететін топ деп санайды. Автор халықтардың
ұлттық-этникалық айырмашылықтарының басты
концептісі, антропологиялық негізі – адам дей отырып, «көз»
ұғымына қатысты лексемалардың орыс тілінен
қазақ тіліне аударылуын талдайды. «Екі тілді номинациялау
әлеуетін қатар қойғанда, - деп жазады А. Алдашева, –
түс атауларын білдіретін тілдік
бірліктердің нақпа-нақ баламалары қазақ
әдеби тілінің лексикалық құрамынан оңай
табылады. Антропологиялық белгілерді көрсетуде көк
көз, қоңыр көз, қара көз номинациялары
қолданылады; қазақ тілінің құрылымы
үшін алайда ашық көз, жасыл көз, сұр
көз деген синтагмалық қатарларды түзу тән
емес. ... Мысалы, көк сөзі заттың
түр-түсін білдіру жағынан ұлттық ойлау
стереотипіне тән белгілері бар лексема. Түркі тілдерінің
бірқатарында, оның ішінде қазақ тілінде де айнала
қоршаған ортадағы саналуан обьектінің түсі, бояу көк
сөзі арқылы беріледі: көк аспан, көк
мұнар, көкжиек, көгал, көк тұман, көк
шөп, көк шай, көкөніс, көк алма, көк
базар, жер көгерді, көк шықты. Бірақ
бұларды аударуда фондық ақпаратқа көңіл
бөлуге тура келеді» [1, 145].
«Абай жолы» роман-эпопеясын өзге тілдерге, соның ішінде
ағылшын тіліне тәржімалауда дәнекер тіл рөлін
атқарған орыс тіліндегі аударма нұсқаларда берілген
түр-түс атаулары мына мәселелерге байланысты назар аударуды
қажет етеді: а) түр-түс атауларының
ұлттық-танымдық ерекшеліктерінің трансформациялануы;
ә) түр-түс атауларына сәйкес аударма
үдерісінің детерминанттары (сәйкес варианттардың
таңдалуы және олардың себептері); б) түр-түс
атаулары тұрғысынан алғанда, аудармашының
коммуникативтік интенциясы мәселелері. Осы орайда
түпнұсқа және аударма мәтіндерді салыстырамыз.
Жинақталған
мысалдардың ішінде қазақ және ағылшын тілдері
бойынша бірнеше түр-түс атауларының сәйкестіктеріне,
олардың түрлеріне тоқталайық *.
1)
Түпнұсқада: Түсі Абайға ұқсаған сәнмен киінген ақ
сұр сұлу келіншек жастықтар әкеп қойды. (2,
1; 4). Орыс тіліндегі аудармасы: Сопровождавшие
ее женщины были: неизменная Калика, подруга с молодых лет, из одного с ней
аула, и красивая молодая женщина со светлым лицом, очень похожая на
Абая. (2,
1; 4). Ағылшын тіліндегі аудармасы: An elegant, fair-faced young woman who had
entered with Ulzhan arranged the cushions. (2, 1; 264).
Ғалым
Ш. Жарқынбекова қазақ және орыс тілдеріндегі
материалдарды талдау барысында «ақ» сын есімінің қолданысын
бес топқа жіктейді. Жіктеу
бойынша «ақ» қолданысының бір тобын адамның
сыртқы келбетіндегі қандай да бір элементке қатысты
ұғым-түсініктер құрайды. Ғалымның
айтуынша, мұның өзі тек үш жағдайда ғана
айтылуы мүмкін: ақ дене (соның ішінде бет, қолдар,
мойын), ақ тіс және ақ шаш. Адам денесін бұлай
суреттеудің бастауы адамды нормативті сипаттау
дәстүрінің мифопоэтикалық моделінен бастау алады [2,
143-144].
Ақ
– (ҚТТС) - сүттiң,
қардың түсiндей аппақ түс. Сұр - (ҚТТС) - қуқылт тартқан,
бозғылт [3]. Бірінші мысалдағы ақ сұр біріншіден, әйелдің келбетін,
бетінің түсін тікелей білдіріп тұр, бұл ретте ақ сұр түсінің
адамның өңіне қатысты айтылғандағы синонимі
бидай өңді, екіншіден,
сұлулық ұғымымен қатарласа беріліп, әйел
затына тән нәзіктікті астарлап тұр, алайда бұл мысалда ақ сұр әйел кескінін,
бетінің түсін білдіреді. Орыс тіліндегі нұсқасында ақ сұрдың сәйкестігі
– светлый, ал ағылшын тілінде fair
face. Fair face - әділ,
пәк, адал, ақ, арлы, ұятты, таза, намысты, иманды, ашық
[4]. Қазақ және ағылшын тілдеріндегі бұл
сәйкестік – функционалды сәйкестіктер.
2)
Түпнұсқада: Ол бәйбішенің алдына жалтыраған жез шылапшын
мен Қашқардың әсем, соқпақ
құманын әкеп, су қойды. (2, 1; 4). Орыс тіліндегі
аудармасы: Калика поставила перед Улжан
широкий медный таз, жарко начищенный, и стала сливать ей на руки из
длинногорлого калигарского кувшинчика, дорогой чеканный работы. (2, 1; 4). Ағылшын
тіліндегі аудармасы: Ulzhan’s other
companion, her life-long friend Kalikha, who had accompanied her all the way
from
the aul, how set a shining brass basin before her and proceeded to pour
water over her hands from a long-necked Kashgar pitcher covered with delicate
chasing. (2, 1; 264).
Жалтырау - жалт-жұлт
ету, жарқырау [3]. Shining
- жалтырау, жарқырау, нұр шашу, жылтыр. Мысалда жез
шылапшынның жалтырауы ағылшын тілінде shining атауы да жалтырау, нұр шашуға жылтыр деген
ұғымды береді. Демек бұл – абсолютті сәйкестік.
3)
Түпнұсқада: Құнанбайдың алдына тақап келген бұл
екеудің біреуі – сақалына бурыл кірген Дәркембай (2,
1; 12). Орыс тіліндегі аудармасы: Годы
посеребрили бороду. (2, 1; 14). Ағылшын тіліндегі аудармасы: It was Darkembai, his beard perceptibly whitened
with age (2, 1; 270).
Буырыл - ағы
басым қара қоңыр түс [3]. Whitened – ақшыл [4].
Ақшыл [3] – бозғылт,
қылаң. Мысалдағы буырыл
– whitened – абсолютті сәйкестіктер.
4)
Түпнұсқада: Жіп-жіңішке боп, ұзын сызылған қап-қара
қасы да жігіт жүзінің жақсы ажарын аша
түскендей (2, 1; 22). Орыс тіліндегі аудармасы: И не густая бородка, изящно подстриженная, не портила его облик
(2, 1; 24). Ағылшын тіліндегі аудармасы: His long, slender eyebrows seemed to stress the beauty of his
youth (2, 1; 276).
Қасты
қап-қара деп сипаттау
әдемілікті, сүйкімділікті тартымдылықты білдереді. Орыс
тіліндегі аудармасында густая бородка
қастың қалың екендігін түсіндіруге тырысса,
ағылшын тіліндегі аудармасында сәйкестік таңдаудау қап-қара сөзінің
сол контекстегі қолданыс ерекшелігі ескеріліп,
сұлулықтың белгісі ретіндегі сәйкестік
таңдалған. Қап-қара - тым
қара, өте қара [3]. Slender
– ашаң, сымбатты, нәзік [4]. Демек, қап-қара – slender – функционалды сәйкестіктер.
5) Түпнұсқада: Дәрменбайдың
көзі Абайға түскенде, оның жүзі боп-боз боп,
екі көзі қанталап, Майбасар мен Тәкежанды жарып
өткендей, от шашып тұр екен. (2, 1; 15). Орыс тіліндегі
аудармасы: Даркембай близко увидел лицо
Абая: оно было белее бумаги, с налитыми кровью глазами. (2, 1; 18). Осы
мысалдың ағылшын тіліндегі аударма нұсқасында
аударылмағандығын байқадық. Бұл аудармадағы
түсірілудің көрінісі.
6) Түпнұсқада: Селдір қара сақалы да
бетінің көлемін бұзбай, сәл ұзарып қана
барып тоқтапты. (2, 1; 21). Орыс тіліндегі аудармасы: К его мужественному обличию джигита очень
подходили тонкие, черные висящие усы. (2, 1; 24). Ағылшын тіліндегі аудармасы: The
thin line of moustache, and the short black beard made his perfectly
smooth, roundish face look somewhat longer. (2, 1; 276).
Бұл
мысалда сақалдың түсін сипаттауда қолданылған
қара сөзіне орыс тілінде черный,
ал ағылшын тілінде black
сөздері таңдалған. Бұл үш сәйкестік – абсолютті
сәйкестіктер. Себебі олардың сөздіктегі тікелей баламалары
бір-біріне сәйкес келіп тұр. Қара
- Көмiрдiң,
күйенiң түсiндей [3].
Black – қара, қаралық [4]. Қара
– black – абсолютті сәйкестіктер.
7)
Түпнұсқада: «Топайкөкті» бұл жолы шырқау үнмен айтпай, қоңыр,
бояу ырғақпен бастағанда, өзгеше бір нәзік
шердің сөзі кетті. (2, 1; 22). Орыс тіліндегі аудармасы: И
сейчас Абай, вместо ответа на вопрос сестры, начал негромким, проникновенным
голосом петь на мотив «Топайкок», старясь вложить в песню всю свою
отчаянную, неуемную тоску по Тогжан. (2, 1; 25). Ағылшын тіліндегі аудармасы: He sang “Topai-kok” in an
undertone, and Makish had to listen hard to catch the sad, tender words.
(2, 1; 276).
Қоңыр – қазақ тілінде жағымды, әдемі түс. Ол
жайлылықтың, сабырлықтың, баяулықтың
белгісі. Қоңыр дауыс [үн] – бiр
қалыпты ырғақпен айтылатын құлаққа
жағымды үн [3]. Түпнұсқада берілген мағынасы
да осы мағыналарды меңзеп тұр. Қазақ тілінде қоңыр түсі ауыспалы
мағынада дауыспен,
ырғақпен байланыстырады. Бұл аталған
түстің қазақы тілдік санада көрініс тапқан
ұлттық ерекшеліктің бір түрі ғана. Орыс тіліндегі аудармасында бұл
мағына түс арқылы емес
негромкий, проникновенный деп беріле отырып, контекстік мағынаны
ашқан. Ал ағылшын тілінде
дәнекер тілдің әсерінен болуы керек, осы
қолданысындағы мағынаны беру мақсатында аудармашы undertone сөзін
қолданған. Undertone – баяу, ақырын дауыс
[4]. Демек, осы мысал бойынша
түпнұсқадағы қоңыр сөзі мен undertone – функционалды
сәйкестіктер.
Келтірілген
және талданған мысалдардағы айырмашылықтардан
және аударматану ғылымы бойынша іргелі еңбектердегі
тұжырымдардан көрініп тұрғанындай, бұл
мәселе біріншіден, аса күрделі, екіншіден, әлі де нақтылай
түсуді қажет ететін проблема. Бұл арада тілдердің
арасындағы типологиялық айырмашылықтарды, әсіресе
қазақ тілі мен басқа тілдердің (орыс және
ағылшын тілдерінің) арасындағы айырмашылықтарды барынша
ескеру қажет және енді-енді орныға бастаған қазақ
аударматану ғылымының
жеке-жеке тармақтарын жан-жақты зерделеп барып,
қазақ лингвистикалық аударма теориясының
тұжырымдарын негіздей түсуге болады.
*(Тілдік фактілер
М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының ағылшын тіліне
аудармасынан алынды;
аударма нұсқалар - «Путь Абая» Роман, т. I, т. II. Алматы, Жазушы, 1972. –
аударғандар А. Никольская, Т.
Нұртазин, Л. Соболев); «Путь Абая» / Пер. А. Кима.-Алматы: ИД «Жібек
жолы», 2007. Кн. 1. Кн.2.
“ABAI” Illustrations by Y.Sidorkin. Translated into English. Progress
Publishers 1975. p. 263-295).
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1. Алдашева А. Аударматану: лингвистикалық және лингвомәдени
мәселелер. – Алматы: Арыс, 1998. – 243 б.
2. Жарқынбекова Ш. Концепты цвета в казахской и русской культурах.
–Алматы: Қазақ университеті, 2004. – 226 с.
3.
Қазақ тілінің түсіндірме
сөздігі - http://www.mtdi.kz/audarmashyga-komek/sozdikter/tusindirme-sozdik
4.
Ағылшынша-қазақша сөздік – www.lugat.kz