Право/5. Уголовное право и криминология.

 

М.ю.н. Сәрсенбеков Н.Ж., М.ю.н. Мусаева Ж.Т.

Карагандинский государственный технический университет, Казахстан

 

ҰЛТАРАЛЫҚ ҚЫЛМЫСКЕРЛІК ұғымы

 

Қылмыскерлік мемлекет пен құқық болатын барлық қоғам үшін сипатты болуы заңды, қоғам өмірінің объективтік жағдайларына сәйкес дамитын жағымсыз әлеуметтік құбылыс секілді. Соңғы жылдары бізде қылмыскерліктің сандық көрсеткішінің өсуі және сапалық сипаттамаларының өзгеруі байқалады. Атап айтқанда, ұйымдасқан және ұлтаралық қылмыскерлік күш жия бастады. Қылмыстық әрекеттің бұл түрі бұрын да болды, бірақ мұндай қарқын соңғы жылдар ішінде байқалып отыр.    

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев лаңкестікке қарсы күрес жағдайына, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, біздің елімізді халықаралық лаңкестік пен діни экстремизм тарапынан келетін қауіптен қорғау турасындағы алаңдаушылығын бірнеше рет білдірген болатын.   

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Лондонда өткен «Қазақстан – алға қадам» конференциясында: «Қазақстан – ТМД, Каспий өңірінің және Орталық Азияның экономикалық кеңістігіне сенімді дәнекер. Біздің еліміз жаңа идеялар үшін ашық және біз әлемдік тәжірибені мұқият зерделейміз» деп баса айтқан болатын.

Қылмыскерліктің жаһандануы қылмыскерліктің экономикалық қосалқы жүйесінің жалғасы болып табылатын сыбайлас жемқорлықта да көрініс береді.   

Сондай-ақ, барша халықтың өмірінде қашан болмасын және қай кезде болмасын, әртүрлі негіздемелер бойынша тыйым салынған деп танылған, сонымен қатар, мемлекет пен қоғамды шара қабылдауға мәжбүрлейтін, оларды жасаған тұлғаларға қарсы бағытталған әрекеттер, қылмыс деп танылған әрекеттер жасалған және жасалады; қайда болмасын және қай жерде болмасын өзін қорғайтын құқықтық тәртіпке, билік әмірінің талаптарына бағынбаған тұлғалар болған.

A.M. Яковлев көрсеткендей, қылмыстылық «қоғамда, қоғамның арқасында және сол қоғамның шарттарына сәйкес болады», «әлеуметтік қажеттіліктер әлеуметтік институттардың құрылымында және атқарымдарында дәлме-дәл көрініс таппайды».

Халықаралық деңгейде біз қылмыскерліктің жаһандануына тап боламыз, ал қоғамдық ғұрып аясында әртүрлі халықтарға, таптарға және топтарға тән көзқарастардың, әдеттердің, құндылықты бағыттардың, сипаттамалардың және мінез-құлықтардың аса көп алуан түрлілігімен кездесеміз. ХХІ ғ. халықаралық қылмыскерлікке үш ерекшелік тән: сандық көрсеткішінің өсуі; ұйымдастырылу деңгейінің көтерілуі; бұрын сирек кездескен немесе мүлде кездеспеген жаңа қылмыс түрлерінің пайда болуы.   

Халықаралық қылмыстық ұйым кірістері ірі елдердің мемлекеттік бюджеттерінен асады. Бұл ұйымдар жасайтын ең көп таралған қылмыс түрлері: есірткінің заңсыз айналымы, қару-жарақ пен оқ-дәрілердің, химиялық және ядролық материалдардың заңсыз жеткізілуі; ішкі және халықаралық лаңкестік; кепілге тұтқындар алу; тапсырыс бойынша кісі өлтіру; адам саудасы, оның ішінде әйелдер мен балалар саудасы; адам мүшелерін заңсыз сату; автомобильдерді ұрлау және жасырын тарату болып табылады.

Кейінгі жылдары ұйымдасқан қылмыскерліктің заңды бизнеске және мемлекеттік аппаратқа ену процесі байқалады.       

Ұйымдасқан қылмыскерліктің саяси экстремизммен тұтасуы, үстеме пайда көру және әлеуметтік бақылаудан тиімді жалтару мақсатында ұлтаралық ұйымдасқан қылмыстық әрекеттің бірыңғай кеңістігін құру, татымды экономикалық табысқа қол жеткізу үшін бір немесе шетелдерде қолайлы нарық жағдаятын пайдалану орын алады.

2005-2006 жж. топтық қылмыскерлік көрсеткіші жалпы ашылған қылмыстар санының 17-18% құрады. Бұл қылмыстардың бөлігі ұйымдасқан қылмыскерліктің қай категориясына жататындығын анықтау мүмкін емес, себебі олардың белгілері қандай да бір нормативтік актіде айқындалмаған. Сондықтан, бұрынғысынша ұйымдасқан, топтық және кәсіби қылмыскерлік проблемалары өзекті болып қала бермек. Ұйымдасқан қылмыскерлік кәсіби секілді мемлекеттік статистикада тіркелмейді.     

Ұлтаралық және ұйымдасқан қылмыскерлік ұғымы қазір операционалдық талдауға келмейді және жеке қылмыстық топтарды тіркеу арқылы әшкерелеу мүмкін емес. Негізінде банда, қылмыстық ұйымдар жасаған қылмыстарды жеке белгілеу мүмкін. Ал, топтық қылмыскерліктің жайы басқа. Қауіптілік деңгейі бойынша топтың бірлескен қылмыстық әрекетінің ұзақтықтары бір-бірінен өте қатты ерекшеленеді. Бірақ олардың болуы статистикалық тұрғыдан белгіленеді. Топтар әртүрлі сипаттарға ие екендігін ескерген жөн: нақты ұйымдасқан қылмыстан бастап бірлесіп орындаушылардың іс жүзіндегі кездейсоқ қылмыс жасауына дейін.

Ұйымдасқан қылмыстық қауымдастық тіпті қылмыс жасау үшін алдын ала ұйымдастырылған топқа қарағанда қоғамға үлкен қауіп төндіреді. Қылмыстық әрекеттің мұндай түрінің қоғамдық қауіптілігі қазіргі жағдайларда оның кең етек алуы есебінен, сонымен қатар, бұл қауымдастықтардың анағұрлым ұйымдасқан, анағұрлым бай, анағұрлым тәжірибелі болуы себебінен артады.

Онда құқық қорғау органдары ұлтаралық және ұйымдасқан қылмыскерлікке қарсы тиімді күрес жүргізуге дайын болмады деп констатацияланған. Мұның бір себебі қылмыстық заңнаманың жетілмегендігінен. Қылмыстық қауымдастық екі немесе одан да көп тұлғалардың қылмыстық әрекетке бірге қатысу формасы екендігі анық. Дегенмен, бұл әрекет формасы бірлесе қатысу ұғымынан қалыс қалмайды.

«Жалпы алғанда, ұйымдасқан қылмыскерлікті ең алдымен, пайда көру мақсатындағы қылмысты қылмыскерлер ұйымы жасағанда, сапалы жаңа негіздегі жалпы-қылмыстық және пайдақорлық-шаруашылық қылмысты біріктіретін құбылыс деп түсінген жөн. Мұндай ұйымдар тұрақты, бейімделгіш, жақсы жасырынған, көшбасшы немесе жетекші топ болады және олардың мақсаттары мен тактикалары ортақ, бейресми нормативтік базасы, біршама материалдық қаржылары болады».

Бұлар ұлтаралық және ұйымдасқан қылмыскерлік баспалдағының ең төменгі сатысы,  яғни тек қылмыс жасау есебінен өмір сүретін және кәсіби қылмыскерлерге жататын ұрылар, алыпсатарлар және алаяқтар, сонымен қатар, заңға қайшы кіріс көздерін иеленген құқық бұзушылар тобы.  

Қылмыстық қауымдастықтың ең жоғары сатысында екі бөліктен тұратын элита болады. Біріншілері – негізгі өмір мәні жинақтаушылық, арамтамақтық күнкөріс болып есептелетін епшілдер, мүлікті талан-таражға салушылар. Олардың тікелей қылмыс жасаушылардан айырмашылығы – жеке және ұйымдық функцияларды орындайды. Көшбасшылардың екінші тобы жалпы қылмысты адамдардан тұрады. Бұл элита мен тікелей орындаушылар арасында екі топ болады. Біріншісін қылмыстық ұйымға пайдасы бар, мемлекеттік аппараттың, атап айтқанда, құқық қорғау органдарының сыбайлас қызметкерлері құрайды.     

Екінші топ, ережеге сәйкес, тікелей қылмыс жасамайтын, бірақ ұйымға пайдалы және қажет функцияларды орындайтын тұлғалардан тұрады.    

Ұйымдасқан қылмыскерлік құрылымы турасында басқа да бірнеше көзқарастар бар. «Ол сұраныс ұсынысты туындататын, аяқасты қалыптасқан байланыстар тұрақты және тиянақты сипатқа енетін нарықтың өз бетінше ұйымдасу принциптеріне негізделеді. Серіктестердің әрекет еркіндігі орталықты басқарумен немесе тараптардың келісімімен емес, мүдделердің түйісуі немесе түйіспеуімен шектеледі. Бірлестірілген басқару орталығы мен бірлескен әрекетті ұйымдасқан қылмыскерліктің жоғары сатысы ретінде ғана қарастырған жөн және басқа даму фазаларын да елемеуге болмайды».

Осы турасында В.И. Ильин әділ айтқан: «Біз көп жылдар бойы бізде ұйымдасқан қылмыскерлік жоқ деп қайталаудан танбағандықтан, сәйкес құқықтық нормалар да жоқ. Мұнда ең көп пайда көрген «алғашқы адамдар», ережеге сәйкес, өздері ұрлық жасамайды, кісі өлтірмейді. Олар қылмыс салаларын макрореттеумен айналысады, ұйымдастырушы рөлінде көрінеді. Сондықтан,  оларды заңнама бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту мүмкін емес».

Қылмыстық қауымдастықта қылмыс жасаған кезде қатысушылар арасында субъективтік қатынас болмайды. Қылмыстық қауымдастық қатысушыларының топтары немесе жеке қатысушылары қауымдастықтың басқа мүшелерінің қойған мақсаты жайлы ойламай, өздері көздеген мақсатқа жетуге талпынады. 

 

 

 

1. Выступление Президента Республики Казахстан Н.А.Назарбаева на конференции «Казахстан - путь вперед», Мэншн Хаус, Лондон, 22 ноября 2006 г.

2. Шестаков Д.А. «Уголовное наказание за коррупцию в контексте Школы криминогенных подсистем Материалы конференции». - Астана. 2005, - 15 с.

3. Сембекова Б.Р., Сарсенбеков Н.Ж. «Криминалистические способы оказания противодействия  легализации преступных доходов»., Бөкетов оқулары – 2013: магистранттар және студенттерінің ғылыми-тәжірибелік конференциясы материалдары. – Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2013. – С 256-259.