ӘОЖ 37.013:7:78(574)

 

Ж.А Сакибекова., Р.К.Таубаева, аға оқытушы

Қазақстан, Шымкент қаласы.

 

ХАЛЫҚ ӘНДЕРІНІҢ БОЛАШАҚ ҰРПАҚҚА БЕРЕТІН ТӘРБИЕЛІК ҚАСИЕТТЕРІ.

 

Резюме

В данной статье рассматриваются  духовно-нравственный потенциал песенной культуры  казахского народа в воспитании подрастающего поколения.

 

Summer

            In given out  article analyzed by  behavior – well  potential  in pensioner  culture  of the  Kazakh  national  training a future  pupils.

Key words: “accomplishment”, “development”, “culture”, “music”, “folklore” .

    

Көптеген ғасырлық тарихы бар халық музыкасының терең бiр арнасы – ән өнерi. Әннiң қоғамдық – әлеуметтiк сипаты, тәрбиелiк мәнi елдiң санасынан бiр сәт тысқары қалмағаны аян. Кең далада желдей есiп, ауыздан-ауызға тарап, толассыз кезiп жүретiн ән мен күй халық жан-дүниесiнiң ең асыл мұраттарын дәрiптеп, таратып отырды. Ең кереметi сол, ән қанатында халық ойының тереңдiгi, шексiз қиялы, кестелi орамды шешен тiлi берiк сақталып, заманның алдын орап, кейiнгiге таралып, тамырын үзбеген дәстүрге айналды. Қашан да ел өмiрiндегi күрделi тарихи оқиғаларға үн қосып, өз заманының көкейкестi   мәселелерiн  көтерiп отырды, өткен күн, озған дәурен, көне тiршiлiк шежiрешiсi болды. Сондықтан да халқымыздың ежелден желiсi үзiлмей жеткен өнерiнiң  дамуын ашып көрсету жас ұрпақ үшiн танымдық,  тәрбиелiк мәнi үлкен және де 

музыкалық тәрбие берудің ең бір маңызды құралы болып келетін өнердің түрі.

          “Ән - күйдің ат жалында, түйе қомында жүріп те дами беретін ерекшелігі де біздің           халықтық музыкамыздың ғасырлар бойы өмір сүруіне себеп болды. Тарихтың небір тар жол, тайғақ кешуін өткенде де қазақ халқы ән мен күйін демеу етіп, жан жарасын жазып жібермесе де жұбаныш етіп келеді”. [1, б.11]

      Ән өнері - халқымыздың қадір-қасиетін, рухани болмыс-бейнесін, таным-табиғатын, өмірлік тәлімін өнеге өрісін, тұрмыс-тіршілігін, сонымен қоса адамгершілік этикалық қағидаларын танытатын өнердің бір саласы. Қазақ халқы өз тұрмыс тірлігіндегі қарекеттердің бәрінде де өлең өнерді серік еткеніне өмірдің өзі куә. Өйткені өнердің ықпалы қашан да күшті, сөзі өтімді, тәрбиелік қуаты басым болып келетіні белгілі. Бұдан халқымыздың рухани болмысын, ішкі жан дүниесін, ой әлемін, тереңнен қуат алып ғасырлар бойы жасаған ой-өнерін, тіл байлығын, сөйлеу мәдениетін, тұрмыс этикасының өзіне тән сипатқа ие болып қалыптасқанын көреміз. Мұның өзі оның құнын жоғалтпай келе жатқан ерекшелігі мен артықшылығы болып табылады.

     Қазақтар әндердің басым бөлігін халық аспаптарының сүйемелдеуімен (домбыра, қылқобыз, сырнай т.б.) орындаған. Әншінің өзі домбырамен сүйемелдей отырып, жеке дауыспен ән айту немесе жеке домбырада күй тарту қазақтардың музыкалық өнерінің негізгі дәстүрлі түрі болды.

Ән өнері жеке адам сезімінен бастап тұтас халық тағдырына дейін сергек үн қосуға мейлінше оңтайлы. Адам қоғамындағы үлкенді–кішілі барша құбылыс әнге арқау бола алады. Ұлы Абай өнердің бұл қасиетін:      

“Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең”, - деп түйіндеген. [2, б.48]

          Ән қазақ халқы өмірінің ажырамас бөлігі болған. Жас нәрестені алғашқы үш күнде жын-перілер қоршап жүреді деген ұғымнан барып, олардан қорғау үшін өлең айтып, ән мен жыр, күй мен би шалқытып, ойын-сауық өткізілген, келе-келе ол шілдехана тойы сипатын алған. Ұрпақ жалғастығын қадірлеуді жастар санасына сіңіруде ол дәстүрдің тәрбиелік әсері күшті болған. Сондай-ақ бесік тойы да, тұсау кесу тойы да, атқа мінгізу, сүндеттеу, қыз ұзату, келін түсіру, құда түсу, наурыз, көшіп-қону, ерулік, т.б. тойлар да ән-күймен, жыр, термелермен атқарылған.

Қазақ халқының басты бір ерекшелігі – ол тәрбиелік қасиеті. Қазақ халқының бүкіл салт-санасы, әдет-ғұрпы, мақал-мәтелдері, ертегі, жыр-термелері, ойын-сауығы, жұмбақтары мен жаңылтпаштары айналып келгенде тәрбиелік мәселеге тіреледі. Олар адамгершілікке, көпшілдікке, азаматтыққа баулыған.

Қазақта әнсіз өмір жоқ. “Той бастар” айтқан жігіт, кешкі ауыл сыртында алты бақан тепкен қыз-бозбала, шілдехана күзеткен жас-кәрі, “Жар-жар” айтқан екі топ, елінен еріксіз алысқа ұзатылып, сыңсу айтып бара жатқан қыз, өлген жұбайын жоқтаған жесір, түйеге мініп, әр үйдің сыртында қақсаған жарапазаншы, ақ киім киіп, өгізге мініп ауыл аралаған дуана, “жынын” шақырып, зікір салған бақсы – бәрі де әндетеді. Бәрі де жай сөзбен жеткізе алмайтын сезім тасқынын ән арқылы шығарады. [3, б.17]

         Жас ұрпаққа музыкалық эстетикалық тәрбие беру осылайша сөз бен музыканың бірлігі арқылы жүзеге асып отырды. Оларда негізінен халықтық педагогикалық мазмұны көрініс тапты, эстетикалық, этикалық, педагогикалық идеялары насихатталды. Мысалы, “Ән – көңілдің ажары”, “Ақылың болса - ән тыңда” деп әнді құрметтеуге шақырады. Бұл пікірді XIX ғасырдың орта кезінде зерттеуші А.Эйхгорнның қазақ мәдениетіндегі сөз бен саз бірлігінің кең қолданылатыны туралы айтқаны аша түседі: “Қазақ әндері құрметті де күшті, өктем, сонымен бірге жатық, құлаққа жағымды естіледі... жапан түзде немесе ауылда, болмаса мал арасында, айдала мен жазық өңірлерде, таулар мен көсілген алқаптарды аралаған кезінде жым-жырт аспан астында жалғыз келе жатып оның салған әні тіпті әдемі естіледі. Түнде де, күндіз де, таңертең де, кешке де, жазда да, қыста да – қашан, қай кезде болмасын, қазақ қиялсыз жүрмейді, не ыңылдаған сарынмен көңіл күйін білдіреді немесе ән салады, әйтпесе өлең шығарады, енді бірде шежірелік сөздерді мақамдап айтумен болады. Олардың қарапайым сөздері мен саздары айналадағы табиғат жағдайына сай келеді де оның сырт өмірден алған әсерін табиғи қалпында беріп, сезімдерін ешбір қалтқысыз айқын баяндайды”. [4, б.52]

Сөйтіп қазақ отбасында балалар әнмен өседі. Ән мен жырларды ести жүріп, соларға еліктей отырып, өздері де өнерге үйренеді, музыкалық-эстетикалық және рухани бай болып қалыптасады, сөзге шебер, әнге ұста болуды, суырып салма ақындық өнерін меңгереді.

Осылайша жастардың орындаушылық әрі шығармашылық шеберліктері шыңдалып, дамыды. Сонымен түрлі жанрдағы әндер халықтың эстетикалық көзқарастарын және оның әсемдік жөніндегі түсінігін білдіре отырып, балалар мен жастарға музыкалық-эстетикалық тәрбие берудің тиімді құралдарының бірі болды. Өзінің әуезділігімен өмірдің, табиғаттың, тұрмыстың алуан түрлі құбылысына сан қилы музыкалық үн қосуымен, тамаша поэтикалық формасымен және терең мазмұнымен әндер айналадағы тұрмыс құбылыстарына шығармашылық көзқарасты қалыптастыруға жәрдемдесті. Жастардың эстетикалық тәрбиесінде әнмен қоса эпостар да, ертегілер де, терме де үлкен орын алған. “Ер Тарғын”, “Алпамыс”, “Қобыланды батыр”, “Қыз Жібек”, “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” тағы басқа жырлар жастар бойында ізгілік пен ерлікті, сұлулық пен өнерлікті қатар сіңіруге қызмет еткен, эпостарда бейнеленген бағалы педагогикалық идеялар балалар мен жастарға адамгершілік тәрбие беріп, музыкалық-эстетикалық жағынан олардың ой-өрісін дамытып отырды. Мұнда эпостардың ішкі мазмұнымен қатар оларды орындауда саз өнерінің әншілік жыршылық өнерінің кең қолданылуы ерекше ықпал етті.

       Бала тәрбиесіндегі негізгі мақсат - өзінің бай тарихи тәжірибесіне сүйене отырып, келер ұрпақты еңбексүйгіштікке, өнерге баулу, Отанын, отбасы, ауыл-аймақ, ар-намысын қорғай білетін, жаны жайсаң, арлы азамат тәрбиелеу болды. Осы мақсатты іске асыру жолында отбасы мүшелерінен бастап, ауыл ақсақалдары, көнекөз қариялар мен ақын, жыршы, жырау, әнші, күйші сияқты өнер адамдарының бәрі белсене қатысатын ұжымдық тәрбие ісін жүргізушілер болып келгені көпке аян.

Қазақ халқы балаға деген ерекше бір махаббаты, ілтипаты аса назар аудартады. Атақты фольклорист. А.А. Диваев “Қазақтардың арасындағы тіпті аз уақыт болғандардың өзі олардың балажан екенін байқайды” - деп көрсетеді. Ғалымның бұл сөзінде үлкен шындық жатыр. Ежелден “Бала- ананың бауыр еті, көз нұры”, “Алты жасар бала атқа мінсе, алпыстағы шал, алдынан шығып атын ұстар” - деп қазақтар бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. [5, б.12]

Ән мұраларының тәрбиелік мүмкіндіктері мен әдіс-амалы ұшан-теңіз, халықтың болмыс тіршілігімен, өмір тынысымен сабақтас бағалы қазына. Қазақ әндерінің қоғам өмірімен, тарихымен тығыз байланыстылығы, ұжымдық шығармашылық сипаты, көркем образдылығы, философиялық ой тереңдігі, синкреттілігі, сан алуан жанрлығы, көп варианттылығы балалар мен жастардың түсінік-талғамын шарықтатып, көркемдік қажеттіліктерінің, адамгершілікті-эстетикалық идеалының қалыптасуына, әсемдікті қабылдай білуді үйренуіне ерекше қолайлы жағдай жасайды.

Қазақ халқының ұлттық-мәдени қайта өркендеуі жағдайында жеткіншек ұрпақты ұлттың рухани қайта өркендеу негіздерін қалыптастыратын халық дәстүрлерінде тәрбиелеудің заңды,объективті қажеттігі арта түседі. Мұндай жағдай жеткіншек ұрпақты өз халқының рухани қазынасымен, оның ұлттық мәдениетімен, әдет-ғұрыпы, дәстүрлерімен неғұрлым тереңірек таныстыру қажеттігін тудырады. Өйткені мұндай негіздерді білмей, өз халқының ұлттық ерекшеліктерін сезінбей, басқа халықтың өзіне тән белгісін толық түсіну мүмкін емес екені мәлім. Тәрбиені ұйымдастырудағы сыртқы ұқсастық өзінің бағыты және мазмұны жағынан  барлық халықтар үшін біртұтас деп есептеуге себеп бола алмайды. Әрбір халықтың тәрбиелік идеялары ұлттық рухқа қаныққаны соншалық, оларды бөтен топыраққа көшіре салу әсте мүмкін емес. Халықтың өзі жасаған және халықтық бастау көздерге сүйенген тәрбие дерексіз идеяларға негізделген немесе басқа халықтан алған ең таңдаулы жүйелерде жоқ тәрбиелік күшке ие болады.

           Халқымыздың мерей тұтып, мақтаныш етер асыл мұрасы, замана сүзгісінен өтіп, бүгінгі ұрпақтың еншісіне жеткен ән қазынасы қашаннан дәстүрлі өнердің қаймағы саналған. Тарихтың тірі куәгеріне теңелген ән өнері қазірде өз орнын жоймаған. «Мәдени мұра» ұлттық жобасы аясындағы дүниеге келген, қазақтың дәстүрлі ән үлгілерін әзірге тұтастай дерлік мол қамтыған «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» деп аталатын әндер антологиясы қазіргі заман үлгісімен дүниеге келгені бізді қуантып отыр. Қазақтың ғұрыптық өлең жырларынан бастап, әйгілі халық композиторларын тұтас қамтыған «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» бірегей жобасы ұлттық музыка мәдениеті тарихындағы айтулы оқиға. [6, б. 5-6]

Әрбір адам ең алдымен өз халқының перзенті, өз отанына бар жан-тәнімен берілген азаматы болу керек екенін, ұлттың болашағы тек өзіне байланысты болатынын есте ұстауға тиіс. Оның осындай тұжырымға тоқталуына ұлттық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер көптеп көмектеседі, солар арқылы ол жалпы адамзаттық әлемге аяқ басып, өз халқының игілігін басқа халықтарға жақын да түсінікті ете  алады. Сондықтан әрбір ұрпақ өз кезі мен өткеннің талаптары, объективті факторлар негізінде жеткіншек ұрпақты өмірге даярлап, оны жинақталған тәжірибе негізінде тәрбиелей отырып, өзінің ата-бабаларының тәжірибесін игере түсуі керек.

Қазақ халқының өнері әлденеше жүз жылдар бойы сан қилы тарихи оқиғалардың сәулесін бойына сіңіріп, өзіндік үн, өзгеше бояу-нақыш, айқын ұлттық сипатта қалыптасты. Өнер арқылы халқымыз қадір-қасиетін, рухани болмыс-бейнесін, таным табиғатын, өмірлік тәлімін, өнеге-өрісін, тұрмыс-тіршілігін, сонымен қоса адамгершілік этикалық қағидаларын танытты.

Ойды, көңіл пайымын мәнерлеп, жыр тілімен жеткізу, әндетіп айтудың әсері кім-кімді де баурап алары сөзсіз. Өйткені өнердің ықпалы қашан да күшті, сөзі өтімді, тәрбиелі қуаты басым болып келетіні белгілі. Бұдан халқымыздың рухани болмысын, ішкі жан дүниесін, ой әлемін, тереңнен қуат алып ғасырлар бойы жасаған ой-өнерін, тіл байлығын, сөйлеу мәдениетін тұрмыс этикасының өзіне тән сипатқа ие болып қалыптасқанын көреміз. Ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән берген ата- баба сұлу ән, асыл сөздің кестесімен сәби жүрегін тербеп, ой- санасын игі адамгершілікке жетеледі. Мұның өзі от басынан Отан тұтастығына дейін тамырын үзбеген дәстүрге айналды. Шілдехана мен қаралы жоқтау әнінің аралығында да ақын жанды сері халықтың ғұмыры осылай түзелген. Оның жан- сарайын, пайым- парасатын, сұлу сазды әндерін тыңдап, айрықша бағалаған жандар көшпелілер өмірінің бұл ерекшелігін назардан тыс қалдырмаған. Әр ғасырда қазақ жерін көктей шолып өткен француз, неміс, ағылшын, қытай, поляк, орыс саяхатшы ғалымдарының даланың ән- күйі жайлы тамсанып, таңдай қаға жазған шыншыл сөздері осыны айғақтай түседі.

           

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1 Жұбанов А.Қ. Құрманғазы: Алматы: Өлке, 2006. 11 б.

2 Құнанбаев А. Шығармалар жинағы І том: Алматы: Білім, 1977. 48 б.

3 Ұзақбаева С. Тамыры терең тәрбие: Алматы: Білім, 1995. 17 б.

4 Эйхгорн А. Музыка киргизов: Ташкент. 1963. 52 с.

5 Диваев А.А. Как киргизы развлекают детей І том. Ташкент. 1908. 12 с.

6 Еламанова С, Жанпейісова С, Бәбіжан Б, Әбуғазы М. Қазақтың дәстүрлі 1000 әні //  «Егемен Қазақстан». 2010. 2 қазан 5-6 б.