ӘОЖ:372.8:811.К-57
Базарова Жанар Байдалыкызы
Қ.А.Ясауи
атындағы Халықаралық
Қазақ-Түрік
Университеті
Түркістан
қаласы
«Тіл
сабақтарында жаңа технологияларды пайдалану»
Резюме
В этой статье рассматривается
применение инновационных технологий на занятиях по изучению языков
Resume
The using of the
new technologies on the lessons of foreign languages is considered in this
article
Жалпы,
қазір тілдерді меңгертудің қазіргі заманғы
үрдісін сипаттап, орта оқу орындарында оқу процесін сапалы
ұйымдастыруға септігін тигізетін, тілдік жүйені
меңгертуде оқушылардың сөйлеу дағдыларын
қалыптастыруды қамтамасыз ететін әдіс-тәсілдерді
пайдалану мен әрі қарай жетілдірудің қажеттігі
туындады. Дидактика - оқыту іс-амалдарын орындау барысындағы
әрекеттер жиынтығы болса, ал жаңа технологиялар дегеніміз
практикада іс жүзіне асатын арнайы лайықталған
әдіс-амалдар. Практикада іс-жүзіне асатын лайықталған
әдіс-тәсілдер педагогикалық жүйе болып есептелінеді. Ал
педагогикалық жүйе тұлғаны қалыптастыруға
ықпал ететін, бір-бірімен
өзара байланысты тәсілдер. Жаңа технологиялардың басты
ерекшелігі - олардың жекелей бағыт-бағдар беру тәсіліне
ұмтылуы, осы мәселелерге байланысты оқыту үдерісі
ерекше маңызға ие болады.
Оқытушы
әрбір оқушының жеке тұлғалық
қасиеттерінің сапасын зерттей отырып, оларға
өздерінің икемділіктері мен дағдыларын жетілдіруге және
өз мүмкіндіктеріне сенуге тәрбиелеп, нәтижелі
іс-әрекетке бағдар беріп отырады. Қазіргі
ғылымның дамуы, шектес пәндердің дүниеге келуі
арқасында психология мен физиология саласында ашылып жатқан
ғылыми жаңалықтар материалды түсіну мен
қабылдаудың жекелік ерекшеліктері мидың қызметіне
тікелей байланысты екендігін дәлелдеді. Зерттеу еңбектердің
нәтижелері көрсеткендей, оқыту үдерісіндегі ең
көп сүйенетін тәсіл - есту мен көру процесі.
Қазір
заман мен қоғам талап етіп отырғандай оқушыларға
бейнелік те, ассоцациялық ойлауды қалыптастыратын
әдіс-тәсілдерге көп көңіл бөлу
қажеттігі туындады, соның негізінде жұмыстар атқару
талап етілуде. Кез-келген адамның өзіне тән жекелеген
танымдық ерекшелігі болады, ал оқытушыдан сол әрбір жеке
тұлғаның өзіне тән ерекшелігін есепке ала отырып,
қажетті оқыту стильдерін таңдап, бейімдеп оқыту
үрдісі талап етіледі. Оқытушы тіл материалдарын қабылдайтын
әр оқушының қабілеті мен қарымын ескеріп,
оқушыға тақырыпты меңгеру кезінде түрлі
тәсілдерді пайдалана отырып, жеңіл игеруге,
ұғынуға жағдай жасап, көмектесуі тиіс. Сынып
болған соң, сыныпта ең кемі 25 оқушы бар. Әр
оқушының дәрісті, айтылған мәліметтерді
қабылдау алу мүмкіндігі де әр түрлі болып келеді.
Кейбір оқушылар есту түйсігі арқылы қабылдауға
мән берсе (аудио), ал кейбірі тек көру түйсігі
нәтижесінде қабылдаған ақпаратқа сүйенеді
(визуалды), ал үшінші тобы оқыту үрдісіне өзінің
тікелей араласуы арқылы үйреніп, жауап береді.
Тіл
пәндерін меңгерту жұмыстарында жаңа әдістерді
пайдаланудың тұжырымдық үлгісінің ерекшеліктері неде?
Жаңа материалды түсіндірудің тиімді тәсілдерін
оқытушының өзі таңдайды, тіл үйренушінің
жеке тұлғасы субъект есебінде танылған кезде таным
үдерістерін дамытуды мақсат етеді. Жаңа материалды
түсіндіру оқушылардың мектепте тіл сабақтарында
алған білімдерінің сапасына қарай сараланып, талданады. Осы
мақсатта қажетті білім шеңберін тереңдетуді,
байқағыштығын дамытуға, қажетті дағдылар
мен шеберліктерді қалыптастыру үшін жасырын және ашық
тәсілдер қолданылады. Қарым-қатынас жүйесі
барлық уақытта екінші адамның болуын талап етеді.
Сондықтан да практикалық тапсырмалар пікір алысу, сөйлесімдік
сипатқа ие болады да, өзара қарым-қатынас орнайды.
Осындай
өзара әрекеттің барлық түрлері дерлік тіл
сабақтарында қолданыла береді. Жұптық және
топтық жұмыстар, командаға бөлу, тапсырмаларды орындау
барысындағы әр түрлі жарыстар, викториналар,
сөзжұмбақ шешу және рольдерге бөлініп
өткізілетін ойындар да жатқызылады. Білім беру үдерісін
жаңарту, сөз жоқ, жаңа тәсілдерді ойлап
табуға алып келеді. Ондағы мақсат - тіл үйренуші мен
білім алушының танымдық әрекетімен үйренушінің
педагогикалық қызметін үйлестіре отырып, нақты
нәтижеге жету.
«Инновация»
ұғымының мәні, латынның «in-novus» деген
сөзінен шыққан. Өз тілімізге тікелей аударғанда
«жаңарту», «өзгерту» деген мағынаны білдіреді. Жалпы,
педагогикада жаңа әдістер, тәсілдер, құралдар
оқулықтарды дұрыс пайдалануды білдіріп, оқыту
үрдісі мен тәрбие мәселесіне өзгерістер енгізу,
олардың сапасын арттыру болып табылады. Қазіргі оқу
үрдісінде мысалы, модульдік оқыту технологиясын көбірек
пайдалануда. Модульдік оқыту технологиясы ғалым
М.Жанпейісованың атымен тікелей байланысты. Бұл әдістеме
бұрыннан жинақталған тәжірибелерді
шығармашылықпен сабақтастырып, қайта құрып,
жаңаша есепке алған. Ғалымның тұжырымдауынша,
«өзі жасап шығарған оқыту стратегиясын репродуктивтік
және ізденушілік процесті сабақтастыратын «модификацияланған
нұсқа» деп санайды [1,57].
Бұндай
әдістеменің жаңашылдық сипаты былайша анықталады:
оқытушыға оқушының іс-әрекетін
ұйымдастырушы рөлі беріледі де, ал қызметтің өзі
олардың әрқайсысының жеке-дара қабілеттерін
есепке ала отырып ұйымдастырылады. Бұл технология мынадай
басымдылыққа ие: а) үйренушілердің танымдық
белсенділігінің жоғары болуы; ә) оқытушылық
статусының өзгеруі, ол-басшы емес, ізденіске
қатысушылардың ең белсендісі; б) әр білім алушыны
танымдық қызметке оның бар қабілеттерін есепке ала
отырып, тапсырмалар белгілеу. «Модуль» деген ұғымның
өзіне көп мән беріледі. «Модуль дегеніміз-қандай да бір
жүйенің, ұйымның анықталатын біршама дербес
бөлігі» [2] деген анықтама берген С.И.Ожегов өз
сөздігінде.
Модульдік
технологияның ерекшелігі - оның білімді меңгеруге емес,
тұлғаның танымдық қабілеттерін және
танымдық үдерістерді (есту, көру, қимыл, жад және
т.б.) ойлауын, ынтаны, қабылдау қабілетін арнайы жасалған
оқу және танымдық әрекеттер арқылы дамыту,
сөздік қорын байыту болып табылады. Модульге мыналарды
жатқызуға болады: нақты мақсат қою, оны
нақтыландыру жұмыстары, пәнді меңгерудің жалпы
тәсілдері, тақырып материалын сапалы баяндау, танымдық
қызметті ұйымдастыру, машықтандыру жаттығуларын
орындату. Сонда толыққанды, нақты орындалған бір
дәрістің талдамасы шығады. Пәнге байланысты, әр
оқу модулінде сағат саны да әр түрлі болады. Ол
сол пәннің оқу бағдарламасы бойынша сол
материалға, материалдар тобына немесе тарауға бөлінген
сағат санына байланысты болып келеді.
Оқытушының
барлық қызметі оқушылардың ойлау процесі мен
интеллектісін шығармашылыққа баулуға бағытталуы
тиіс. Оқушылар тарапынан оқуға деген тұрақты
және дұрыс қатынас қалыптасқан жағдайда
жағымды қарым-қатынас қалыптасады.
Бағдарламалық материалдар үнемі дамытушылық сипатта
болуы тиіс. Бұл жерде қарапайымнан күрделіге ұстанымын
да ұмытпауымыз тиіс. Бұл үшін репродуктивті жаттығуларды
ізденушілікпен сабақтастыру қажетілігі туындайды. Міне осы
үшін де зерттеуші-ғалым М.Жанпейісова өз еңбегінде тіл
сабақтарында ұйымдастырылатын әр түрлі
дидактикалық ойындарға үлкен көңіл бөледі.
Мысалы: проблемалық, шығармашылық, рөлдік сюжетті,
еліктеушілік ойындары. Бұл ойындар оқушылардың өз
бетінше ойлау белсенділігін арттыру мақсатында, таным үдерістерінен
пікірталас тудыра алады. Оның да тиімділігі жоқ емес.
Сабақтың құрылымы мен мазмұны тіл жайлы
мәліметтерді саналы түрде іріктеуді қамтамасыз етеді
және практикалық дағдылар мен шеберліктерін
қалыптастыруға оқушылардың қарым-қатынас
жасау қабілетін дамытуға септігін тигізеді.
Тәжірибелік
тіл сабақтарында белгілі бір тілдік сөйлеу дағдыларын
дамытуға қажетті материалдар пайдаланады. Әрі бұл жерде
оқу материалдарын топтау және оны игерудің
әдіс-тәсілдері жайында толық мағлұматтар
беріледі. Сонымен қатар, бұл жерде тіл жайында
мәліметтің ішіндегі сөйлеу дағдылары мен
машықтарын қалыптастыруға қажет бөлігі ғана
ұсынылады. Сөйлеу тәжірибесі қатынас жасаудың
типтік жағдаяттарында қарым-қатынас шеберлікті
қалыптастыруға да бағытталады. Алдыңғы
сабақтарда үйренген грамматикалық матеиалдарды
қайта-қайта қарап шығу жүзеге асырылады, белгілі
бір грамматикалық заңдылықтар мен тілдік құралдарға
назар аудармай, оларды қарым-қатынас үдерісінде қолдану
үлгілері де іске асырылады.
Қоғам дамуындағы
өзгерістер жеке ғылым саласы ретіндегі тіл біліміндегі жаңа
бағыттардың туындауына әсер етсе, өз кезегінде сол
өзгерістер оның оқыту
жүйесін де жаңартуды қажет етіп жатыр. Бұл
Қазақстан Республикасының бiлiм берудi дамыту
тұжырымдамасының: «Қазiр педагогикалық
қоғамдастықтың
алдында бiлiм берудiң жаңа моделiн
құрудың, сынақтан өткiзу мен енгiзудiң ауқымды
мiндеттерi тұр. Бiлiм берудiң қазiргi негiзгi мақсаты
бiлiм алып, бiлiк пен дағды-машыққа қол жеткiзу
ғана емес, солардың негiзiнде дербес, әлеуметтiк және
кәсiби бiлiктiлiкке - ақпаратты өзi iздеп табу, талдау
және ұтымды пайдалану, жылдам өзгерiп жатқан
бүгiнгi дүниеде лайықты өмiр сүру және жұмыс
iстеу болып табылады» [3,5], - деп көрсетiлген басты
қағидатымен толық үндеседі.
Ана тілін,
сондай-ақ басқа тілді үйрену, меңгеру күрделі,
көп қырлы үдеріс. Оның ең маңызды
жағының бірі - грамматикалық материалды
оқып-үйрену әдістемесін жетілдіру. Грамматикалық
материалды осылайша тәртіпте беру теориялық материал мен
практикалық жұмысты меңгеру уақытының
арақатынасын реттеуге жағдай жасайды. Грамматикалық
материалдар негізінде алдыңғы сабақтарда ұсынылады, сол
сабақ барысында оқушылар белгілі-бір ұғымдардың
аумағын меңгереді. Келесі сабақтарда ол мәлімет
жинақталып, қарым-қатынас барысында пайдаланады, тілдік
шартты-сөйлесімдік, сөйлесімдік жаттығулар арқылы
бекітіледі. Сабақ барысында сөйлеу қызметінің алуан
түрінде оны қайталау жүзеге асырылады. Бұл
үлгілердің дидактикалық мәні мынада: олар үлкен
материалдарды меңгеруді жеңілдетеді, оқушыларға
тақырыптың маңызды бөлігін меңгеруге жағдай
жасайды, сапалы білім алуға септігін тигізеді. Мұндай кестелерді
шартты түрде екі топқа бөлуге болады: анықтамалық
сипаттағы кестелер және грамматикалық ережелер мен
көрнекі материалдардан тұратын кестелер.
Қорытынды
сабақтарда, сөйлеуді дамытуға көмектесетін оқу
іс-әректінің түрлері тексеріледі. Сабақтар рөлдік
ойындар, пікірсайыс, пікірталас сабақтар, конференциялар, т.б.
формасында, яғни барынша табиғи сөйлесімге
жақындатылған сипатта болады. Ең маңыздысы оқушы
өзара қарым-қатынас әрекетінің ең басты
құралы оған қолайлы жағдай туғызу екенін,
арнайы таңдалып алынған мәтіндер мен пікір алысуға
жетелейтін жаттығулар екендігін сезінуі тиіс.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі:
1.Жанпейісова М.М. Технология модульного
обучения. - Актобе,1999.
2.Ожегов С.И. Словарь русского языка.
- М: «Русский язык», 1990.
3.Қазақстан
Республикасында 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту
тұжырымдамасы. - Алматы, 2004. - 5 б.