Оразбаева Гүлбану Хамитқызы

        Қарағанды облысы Ұлытау ауданы  №8 Егінді орта мектебі

                           Оразбаев Есенгелді Хамитұлы

     Қарағанды облысы Ұлытау ауданы  №14 Алғабас орта мектебі

Ұрпақ  тәрбиесіндегі  халық педагогикасының 

алатын  орны

 

Тектілігі тереңге тамырланған қазақ халқы бала тәрбиесіне баса назар аударған. Ұлтымыз қашан да баласының рухани жағынан бай болуына көңіл бөлген. Сәби дүниеге келгеннен бастап, оның ойлы, дене бітімінің дұрыс қалыптасуына, ақыл-ойының жетілуіне назар аударған. Халықта «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген нақыл бар. Кішкентайынан бала бойына адалдық, әділдік, мейірімділік, адамгершілік сияқты бар ізгі қасиеттерді сіңіруде халықтық педагогиканың маңызы зор. Үнемі әдептілік тәрбиесін беру арқылы баланы жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге баулуды да кішкене кезінен бастаған дұрыс. Халық педагогикасынан нәр алған баланы ата-баба өсиеттерін сіңіріп, салт-дәстүрлерді біліп, ел қамын ойлайтын, тілін, ділін құрметтейтін, өз ұлты мен қатар өзгелерді сыйлай алатындай етіп шығару ата-ананың басты мақсаты болуға тиіс.Қазіргі қоғамның алдында тұрған мәселенің бірі-бүгінгі жас жеткіншектің бойына бәсекеге қабілетті құндылықты қасиеттерді қалыптастырып, дамытуға айрықша көңіл бөлуді қажет етеді. Бұл құндылықтардың бастау көзі тек халықтық тәрбие беру тәсілдерінде екені рас. Ұлтымызбен бірге жасасып келе жатқан мол мұраларымыздың құндылығына ешкім дау айта алмасы анық [1].

         Адам баласы қоғамда өзінің жақсы адамгершілік қасиетімен, адамдығымен, қайырымдылығымен ардақталады. Мінез-құлқының тәрбиесімен бірге білімді ұштастыра алғанда елге пайдалы азаматтардың қатары көбейеді.  Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Ұрпақ тәрбиесі-келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл парасаты мол, мәдени-ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу-біздің қоғам алдындағы борышымыз.

Дана халқымыз «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтпаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейрімділік, қайрымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші роль атқарады.

 «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан басым бола алатын-адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл сапаларға адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелеу керек » - деген Шәкәрім атамыздың терең ойын негізге ала отырып, жас ұрпақтың бойына адамгершілік рухани қайнарын сіңіріп, мінез- құлқын тәрбиелеу үшін жалпы адамзаттық құндылықтарды, адамгершілік ұстанымдарды әділдік пен өзара көмекті ғұмыр бойы мұрат тұтуды тәрбиелеу ұстаздар міндеті болып табылады.  

Халқымыз қашан да бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Сәби дүниеге келгеннен бастап, оның өсіп, дене бітімінің дұрыс қалыптасуына, ақыл-ойының жетілуіне назар аударған. Шыр етіп дүниеге келген күннен бастап тәрбиенің негізін қалаған халық ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген, бесіктегі балаға үн қатып, тілге тартқан. Бұл  тәрбиенің басы.  Мұндай тәрбие-халық педагогикасы болмақ. Халық педагогикасы- қазақ халқының сан ғасырдан бері баланы бағып-қағып, өсіріп, өнегелі азамат етіп шығару жөніндегі жинақталған тәжірибесі. Халқымыздың тәлім-тәрбиелік мәдениетінің бастауы, түп-төркіндері сонау есте жоқ, ескі замандарда жатыр. Олардың із-сорабын қазақтың бай ауыз әдебиетінен, сонау Орхан-Енесейден бас­талатын көне түркі ескерткіштерінен, тарихи жазба мұралар мен осы күнге дейін тұрмыс-тіршілігіміздің орын алып келе жатқан салт-дәстүрлерімізден табамыз[4].

«Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» деп, атадан-бала мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді келер ұрпақ­­тың бойына сіңіріп, ізгілікке тәр­бие­леуді армандап: «Шыншыл, әділет­ті, иман­ды болу-атадан-бабадан келе жат­қан дәстүріміз» деп сол дәстүрді бұз­ған­дарға ат-шапан айып тартқызған. Мәсе­­лен, атасы немересін алдымен елі­нің құтты қонысымен таныстырған. Жыл­дың әр мезгілінде елдің қайда, қалай көше­тінін, суды қайдан ішетінін, жеті атасын, елдегі даңқты адамдардың ерлік хикаяларын, ауыл-аймақтағы жер-су атауларын баласының санасына сіңіре білген. Адамды жақсы ететін де, жаман ететін де-тәрбие. Сондықтан жеткіншек ұрпақ өз халқының рухани қазынасымен, ұлттық мәдениетімен, салт-дәстүрімен неғұрлым тереңірек сусындап өсуі керек.

          Зерделі халқымыз балаға жастайынан жақсы өсиет, кеңестер арқылы өнегелі тәрбие беріп, қимыл - әрекетіне байқау жүргізіп, оның ішінде әсіресе, ойынға үлкен мән берген. Ойынды бар өнердің бастауы деп біліп, әр ойынның уақыт өткізу үшін емес, белгілі бір мақсатпен ойлануға, айналаға зер салуға, шапшаң, епті болуға, күшті, мықты болуға, әсемдік пен сыпайылыққа тәрбиеленетінін аңғарған. Ойын бала үшін әрі іс -әрекет, әрі тәрбие құралы болып табылады. Ол баланың өсіп, дамуымен тығыз байланысты. Бала ойын барысында өз бойындағы күш қуатын жұмсап, қарсыластарынан кем түспеуге тырысады. Кейде намысын да жігерлендіріп жібереді.

Бала ойын арқылы өзінің күш жігерін жаттықтырады, қоршаған заттар мен құбылыстардың ақиқат сырын ұғынып, еңбек дағдысына үйрене бастайды. Былайша айтқанда, болашақ қайраткердің тәрбие жолы, тәлімдік өнегесі ойыннан бастап өрбиді [2].

         Халықтық педагогиканың асыл мұралары болып табылатын салт-дәстүр, әдет-ғұрып, мақал-мәтел, шешендік өнер, халық ауыз әдебиетін бүгінгі жастардың бойына, ең алдымен, ана тіліміз арқылы сіңіреді. Ана тілін білмейтін ұрпаққа ұлттық тәлім-тәрбие беру әсте мүмкін емес. Өз тіл­­ін­­де сөйлей және ойлай алмайтын ұрпақ­тың бойында өз ұлтына деген құрмет ешқашан­да болмақ емес. Белгілі жазушы, педагогика ғылымдарының докторы С. Ғаббасов «халық педагогикасы дегеніміз-адамның жан дүниесін тәрбиелейтін және зерттейтін ілім» деп тұжырым түюі бекер емес.

         Көпшіл болу атадан бала­ға  ғасырлар бойы өсиет етіліп келе жат­қан нұсқа. Ол-халықтың ұғымында азаматтың басты белгісі. Адамзат ес білгелі өз ұрпағын тәрбиелеумен келеді, ұрпақ тәрбиесі- ұлт тәрбиесі. Қазақ ес білгелі өз бала­сының тәртіпті, кіші­пейіл, білім­ді, шебер, еңбекқор, үлгілі отбасы иесі болғанын қалайды. Ұлтымыз­дың бола­шағы-тәрбиелі ұрпақ қолында. Ал тәр­биелі ұрпақ қалыптастырудың бірден-бір жолы-халықтың педагогикасының мәні еңбек, білім, дағды, адалдық пен адамгершілікті жас ұрпақ бойына дарыту. Заман ағымына орай, ақыл-ойы озық, білімі мен ұлттық рухы күшті, өзін еркін ұстайтын тұлға тәрбиелеу -бүгінгі күннің талабы. Ұрпағымызға өнегелі тәрбие беруде, бойларындағы білім мен өнерге деген құштарлығын арттыруда, өз халқының беделін көтеріп, барын бағалап, жоғын жоқтауына ата-бабаларымыздың тәлімдік тәрбиелері, ғұлама-ойшылдарымыздың ой-толғамдары мен ұстанымдарының ықпалы зор.

          Бүгінгі жаһандану заманында, ғылым мен білімнің өркендеген шағында Ж.Баласағұнның «Артық кетсе, түйсік түзер хал-жайды. Ел бүлінсе, білім түзеп талмайды» дегені кемелденген елдің болашағын ойлайтын ұрпақтың саналы білімді, өнегелі болуы, туған жерін, тілін, дінін, тарихын көзінің қарашығындай сақтауы керек деген. [3].

         Түйіндей келе, ұлы ойшылдардың ғиб­рат, нақыл сөздерінің астарына үңіле оты­рып, жас жеткін­шек­терді психологиялық-педа­гогикалық ілімге сүйеніп тәрбиелеу қажет.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.       Қ.Жарықбаев, С.Қалиев. Қазақтың тәлім-тәрбиесі. -Алматы, 1995.

2.       Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы. -Алматы, 2009.

3.       Р.Қоянбаев. Тәрбие теориясы. - Алматы, 1991.

4.       С.Қалиев.  Қазақтың салт-дәстүрлері. - Алматы, 1994.