ОҚУШЫЛАРДЫҢ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДА МЕКТЕП ПСИХОЛОГЫНЫҢ ЖҰМЫСТАРЫ

 

Болғанова А.М.

ҚР Ғылым және Білім министрлігі «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы «АО» филиалы ОҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты,

Мұғалімдердің кәсіби дамуын педагогикалық-психологиялық сүйемелдеу кафедрасының аға оқытушысы

 

 

ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада оқушылардың қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру барысында мектептегі психологиялық қызметтің және мектеп психологының ықпалы талданады.

РЕЗЮМЕ

В статье рассматривается культура общения школьников в формировании школьной психологической службы и анализируется влияние школьного психолога.

 

Баланың өзін-өзі анықтауы, қарым-қатынас ерекшеліктерін меңгеруі, басқа балалар ортасында абыройлы болуы - үлкендермен қарым-қатынас жасау барысында қалыптасады. Басқаларға әсерлі болудың қыр-сырын әлі түсінбеген бала оны дөрекілікпен немесе ерекше қылжыңдықпен көрсеткісі келеді. Дегенмен бала мінез-құлық мәдениетін меңгерудің қажеттілігін түсінгенімен ол қандай болу керегін және оны қалай дамыту керек екенін әлі түсіне алмағандығынан балалар көптеген қателіктер жібереді. Сондықтан үйлесімді қарым-қатынас орнатуда бірінші көмекші болатын адам - мектеп психологы.

Кішкентай жеткіншекке ұжым өміріне қатысқаны, басқалармен бірге болуы, біртіндеп жасөспірімдік кезеңде құрбы-құрдастарының оны қабылдауы, топқа өзін қажет деп сезінуі, онда бір бедел мен құрметке жетуі аса маңызды. Ұжымда статустың төмен болуы баланы алаңдатады,қобалжу сезімі пайда болып,өз-өзіне сенімсіз,ерік-жігері әлсіз күйде яғни бір сөзбен айтқанда оның топтағы өзін-өзі бағалауы төмендейді.

Мектепте оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыру барысында іскерлік қарым-қатынасты (функционалдық-рольдік) ұйымдастыру арқылы оқушылардың бір-бірімен тіл табысқыш, ұйымшыл, басқалардың пікірімен санасу және сыйлау қабілетін қалыптастырады. Психолог осы міндеттерді шешу үшін оқушылардың қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру жолдарын анықтап, әр оқушының басқаларға және өзіне ыңғайлы, жайлы болуына жағдай жасауы қажет. Оқушылар қарым-қатынас мәдениетін зерттеу нәтижесі оларға психологиялық көмек қажет екенін көрсетті.

Қарым-қатынасты зерттеген ғалымдар еңбектеріне сүйене отырып, оқушылардың қарым-қатынас мәдениетін, ұғымына төмендегідей анықтама беруге болады:

Қарым- қатынас мәдениеті дегеніміз-адамдардың өз мінез-құлқын басқару арқылы басқалармен тіл табысу және алдына қойған мақсатына жетудің тиімді жолын табуды айтамыз.

Қарым-қатынас мәдениеті қалыптасу деңгейін, оның сапасын өлшеп көрсету өте қиын. Өйткені тек қана іскерлік, қолданбалы, тәжірибелік мәселелердің тиімді шешілгені қарым-қатынастың барысында барлық қатынасқан субьектілері үшін оң жағдайда жүргенін көрсетуі мүмкін. Сондықтан іс-шаралар нәтижесі гуманистік, адамгершілік қасиеттерді сақтау негізінде, басқаларға психологиялық қысым, зорлық көрсетпей жүргізу бағытында болғанда ғана қарым-қатынас мәдениеті сақталғаны анық байқалады.

Қарым-қатынас мәдениеті қалыптасқан адам сыртқы орта жағдайына байланысты өз мінез-құлқының моделін жасап оны жүзеге асырады. Осы модельге көптеген психологиялық көрсеткіштер әсерін тигізді. Г.М.Андреева, Э.Берн зерттеулерінде келесі көрсеткіштер анықталған: адамның дүниетанымы, қарым-қатынас обектісіне көзқарасы,өз құқығы мен міндеттерін түсінуі, өзін-өзі бағалауы, өзін-өзі басқаруы, өзін-өзі реттей білуі, әдеттері, қарым-қатынас тәжірибесі, мінезі, көңіл-күйі т.б. Осы көрсеткіштерге сүйене отырып оқушылардың қарым-қатынас мәдениетін жан-жақты зерттеуге болады.

Оқушылардың қарым-қатынас мәдениетін зерттеуге әлеуметтік психологияда қалыптасқан әдіс-тәсілдердің басым көпшілігін қолдануға болады. Ол әдістемелерді сынып ұжымындағы балалардың өзара қарым-қатынасын зерттеу барысында жүргізудің көптеген ұтымды жерлері бар. Балалар сабақ барысында, сыныптан тыс іс-шаралар жүргізгенде, көптеген оқу-тәрбие мәселелерін шешу барысында бір-бірімен себептес байланыста болып, қарым-қатынас жасайды. Сондықтан балалардың қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру үшін, қажетті болған кезде психологиялық түзету жұмыстарын жүргізу, тәрбиелік мәні бар қосымша іс-шаралар ұйымдастыру үшін сынып ұжымы ыңғайлы. Баланың өзі оқитын сыныпта жолдастары, достары,бос уақытында бірге ойнайтын құрбылары бар. Осы әлеуметтік ортада қалыптасқан сыныптағы ұжымішілік қарым-қатынас ерекшеліктерін зерттеу арқылы балалардың қарым-қатынас мәдениетінің қалыптасу деңгейін анықтауға мүмкіндік туады.

Қарым-қатынас ерекшеліктерін зерттеу әдістерінің көптеген түрлері жас өспірімдерді зерттеуге ыңғайлы етіп жасалған. Бұл жас кезеңі адам өмірінде ерекше орын алады.

Жасөспірімдік шақтың аса маңызды міндеттері- мамандық таңдау, еңбек пен қоғамдық-саяси қызметке даярлану және болашақ мамандық алатын оқу орнын анықтау. Бұл міндеттерді жүзеге асыру баладан ұзақ уақыт мақсатты даярлықты талап етсе. Үлкендер жағынан баланың мұқтаждығын жақсы түсініп оған кеңес беріп, қол ұшын беруді қажет етеді. Мамандық таңдау баланың жалпы дүниетанымдық ізденістері мен өмірлік жоспарларында орнығып, нақтыланады.

Жасөспірім есейген сайын таңдау қажеттігі күшейе түседі. Ойдағы , қиялдағы немесе абстрактілік көптеген мүмкіндіктердің ішінен неғұрлым шындыққа жақынын, қабылдауға келетін нұсқаларды таңдау керек болады. Сондықтан мамандыққа баулу, баланың мамандық таңдау мотивациясын, қызығушылығын, денсаулығын және анатомо-физиологиялық мүмкіншілігін зерттеп кәсіби бағдар беру- психологтың маңызды бір міндеті болып табылады.

Жасөспірімдік кезеңінде адам өзінің қандай екенін, қаншалық құнды, қабілетті екенін барынша толығырақ түсініп білгісі келеді.Өзін-өзі бағалаудың екі тәсілі бар. Оның біріншісі -өз талаптарынының деңгейін жеткен нәтижелерімен салыстырып бағалау, ал екіншісі -әлеуметтік жарыс, яғни өзі туралы төңірегіндегілердің пікірлерін салыстыру. Осы тәсілдер арқылы құрылған баланың өз «менінің» бейнелері күрделі әрі бір мәндес болмайтыны белгілі.

Мұнда нақты «мен» (қазір қандаймын), динамикалық «мен» (қандай болғым келеді), мұраттық «мен» (өзімнің адамгершілік ұстанымдарына байланысты сондай болуға тиістімін), қиялдағы «мен» (қолымнан бәрі келетін болса, сондай болар едім!)т.с.с көз алдына елестетін «мен» бейнелері бар. Өзін-өзі талдау нәтижесінде балалар өзін обьективті, төмен немесе асыра бағалауы мүмкін. Балалар психолог көмегімен «Мен» көріністерін анықтауға, оны зерттеуге мүмкіндік болуы керек. Сондықтан әр баланы өзін-өзі танып білуге үйрету психологиялық қызметтің тағы бір келесі міндеті.

Осы шақта эгоцентризм, невротизм белгілері болуы әбден мүмкін. Сонымен қатар жасөспірімдік рефлексияның тереңділігі мен қанықтылығына байланысты көптеген әлеуметтік (әлеуметтік тегі мен ортасы, білім деңгейі), жеке типологиялық (интроверсиялық-экстроверсияның дәрежесі) және өмірбаяндық (отбасында тәрбиелену жағдайлары, құрдастарымен қарым-қатынасы, оқыған кітаптары мен көрген кинофильмдерінің сипаты) факторларға байланысты. Психолог осы шақта баланың ерекшіліктерін анықтап, әрқайсысына қажетті көмек көрсетуі керек. Бұл жас өспірімдерге психологиялық қызмет көрсетудің міндеттерінің бірінен саналады.

Топтағы қарым-қатынас ерекшеліктерін зерттеуге кеңінен пайдаланылатын әдістемелер Э. Берн жасаған трансактілік талдау және Дж.Морено ұсынған социометриялық талдау болып табылады. Бұл әдістемелерді пайдаланудың өзіне тән көптеген ерекшеліктері бар.

Әр адамның қарым-қатынас мәдениеті оның жеке-даралық қасиеттеріменде тікелей байланысты. Сондықтан оқушылардың қарым-қатынас мәдениетін зерттеуге әлеуметтік психологияда қалыптасқан әдіс-тәсілдердің басым көпшілігін қолданумен қатар әр баланың жеке-даралық ерекшеліктерін анықтау керек. Осы қарым-қатынас барысында әр баланың жеке позициясы және мінез акцентуациясының көрініс беруі т.б. қасиеттері үлкен роль атқарады. Сондықтан бұл тарауды зерттенушілердің жеке-даралық қасиеттерін бағалау үшін төмендегідей әдістемелерді қолдануға болады: Дж.Мореноның «Социометрия» әдістемесі; Оқушылардың жеке-даралық қасиеттерін, коммуникациялық және ұйымдастырушылық қабілеттерін зерттеуге арналған (КОС) әдістеме; Леонгардтың «Мінез акцентуациясын зерттеу тесті»; Агрессияны анықтауға арналған Басса-Дарки әдістемесі.

Қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру барысында түзету жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Топта әр адамның өзін еркін сезінуіне қолайлы жағдайларды қалыптастырудың ең тиімді жолы- ойын тренингін жүргізу. Ойын адамның мінез-құлқын, қабілетін, әлеуметтік өзара әрекет дағдысын дамытуда, бейтаныс топтармен қарым-қатынас жасау жолдарын көрсетуге, мінез-құлық нормаларын меңгеруіне т.б. құндылықтарын мен байқап, бағамдау таныстыру үшін тиімді әдіс-тәсілдер жинағы болып табылады. Сондықтан түзету жұмыстарының басым көпшілігі ойын арқылы жүргізіледі. Ойын барысында қатынасушылар талап ететін тұлғаарлық қатынасты құру арқылы балалардың жалпы қарым-қатынас мәдениетін көтеруге мүмкіндік туады. Топтағы балалардың бір-біріне сенім артып, қарым-қатынастағы кеңістіктің маңыздылығын жете түсінуге көмек көрсетіледі және серіктестік қатынас барысында кеңістікте орналасудың өзінің өте маңызды екенін, оның әсерін түсінеді. Мәселен: «Мәдениаралық өзара әрекет» тренингі, Ситуативті-коммуникативті ойындар т.б осыған байланысты тренингтерді жүйелеп, қолдану тиімді.

        

ӘДЕБИЕТТЕР

  1. Әбеуова И.Ә. Әлеуметтік психология (оқу құралы) Алматы 2001. 57 б.
  2. Әубәкірова Ж.Қ. Мектеп жасына дейінгі балалармен қарым-қатынас тренингін ұйымдастырудың психологиялық – педагогикалық негіздері. Пс.ғ.канд.дисс.Алматы. 2001ж. 135-бет
  3. Ожегов С.И. Словарь русского языка. М.,1960.-с.427.
  4. Буева Л.П. Человек: деятельность и общение.-М.,1978.-с.113.
  5. Лисина М.И. Общение, личность и психика ребенка. М.,1997

 

                   Оқушылар бойында қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырудың психологиялық-педагогикалық аспектілері Вестник ЕНУ 2013 жиберу керек екеун де срочно