Современные методы преподавания.

 

Киршимова Нуршаш Курмашевна

Многопрофильная школа-лицей №5 имени С.Сейфуллина, г.Степногорск, Казахстан

 

Оқыту үрдісін технологияландыру – білім сапасын арттыру кепілі

Оқу үрдісін технологияландыру 12 жылдық оқыту жағдайында сапалы білім беруді арттырудың пәрменді құралы екені белгілі. Оның басты мәні – оқытудың стандартты дәстүрлі технологиясынан бас тартып, шығармашылық педагогикалық еңбекке көшу.

Оқу үрдісін технологияландыруды енгізу бойынша эксперименттік жұмыс жүргізетін базалық білім ұйымдарының бірі ретінде Степногорск қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №5 көпсалалы мектеп-лицейі де еніп отыр. Мектеп әдіскері В.М.Қарағаева 2011 жылдың  наурыз айында мектептің әдістемелік кеңесінде «Ақмола облысы білім беру ұйымдарының оқу үрдісін технолияландыру бойынша эксперименттік нормативтік негізі» құжатын мектеп мұғалімдеріне таныстырды. Оқу үрдісін технологияландыру бағдарламасының мақсаты мен міндетін, оны жүзеге асырудың негізгі жолдарымен таныстырды. Заман талабына сай еңбек етіп, әр жаңалыққа өзіндік үн қосу – бүгінгі мектеп ұстаздарының басты міндеті. Мектеп мұғалімдерінің бір тобы эксперименттік жұмысқа қатысу үшін өзі пайдаланатын технологияларын ұсынып жатты. Оқу үрдісін технологияландыру бойынша облыстық эксперимент жұмысына қатысу үшін математика пәнінің мұғалімі Мұқажанова Ләззат Өндірісовна мен қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Киршимова Нұршаш Құрмашқызы тілек білдірді. Эксперименттік жұмыс 2011 жылдың қыркүйек айынан 2014 жылдың маусым айы аралығында өтпекші.  Аталмыш экспериментке қатысатын екі ұстаз да Ж.Қараевтың саралап деңгейлеп оқыту технологиясын таңдадық. Эксперименттік жұмысқа белсенді қатысу үшін озық педагогикалық тәжірибе туралы ақпаратқа жетік болу қажет. 2011 жылдың қыркүйек айында осы технология бойынша  эксперименттің ғылыми жетекшісі, Ақмола облыстық білім қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының маманы математика кафедрасының аға оқытушысы Абдрахманова Рысты Теміртасқызымен кездестік. Осы технология бойынша талмай іздену, ерінбей еңбектену нәтижесінде озық педагогикалық тәжірибені жинақтау және таратуда біршама істер атқарған тәжірибелі маман бізге осы сала бойынша көп ойларымен бөлісті. Эксперименттің мақсаты мен міндеттері, оқыту үрдісіндегі ерекшелікті, білім сапасын мониторингілеу механизмімен таныстырды. Эксперимент жұмысы бойынша пән мұғалімдерінің атқаратын жұмыстары жайлы теориялық және әдістемелік ақпараттар берді.

Мектеп-лицейдің 6 «А» сыныбы қазақ тілінен эксперимент (мұғалімі Н.Киршимова), 6 «Ә» бақылау сыныбы  (мұғалімі А.Шималова), математика пәнінен 8 «Ә» сыныбы эксперимент (мұғалімі Л.Мұқажанова),

8 «А» бақылау сыныбы (мұғалімі Л.Мұқажанова) бекітілді.

Оқу үрдісін технологияландыру бойынша экспериментке қатысушы сынып оқушылары және сыныптың  ата-аналарымен «Эксперимент сыныбында оқыту ерекшеліктері» тақырыбында сауалнама жүргіздік. Оқушыларды «Үшінші деңгейге көтерілу қиын емес пе?», «Білім қалай бағаланады?» деген сұрақтар қызықтырды. Сауалнама мақсаты – сынып ішінде психологиялық ахуал тудыру және олардың экспериментке деген көзқарасын білу. Эксперимент жұмысына белсенді қатысу үшін аталмыш технология мен озық педагогикалық тәжірибе жөнінде білімді тереңдету мақсатында Ж.Қараевтың «Үш өлшемді әдістемелік жүйемен оқыту» тақырыбы бойынша облыстық курсқа қатысып,  қайта даярлаудан өтуді мақсат еттік.

Саралап деңгейлеп оқыту технологиясын оқу үрдісіне енгізуді алдымен күнтізбелік жоспарды жаңаша құрудан бастадық. Ол үшін дәстүрлі оқытудағы екі бақылау жұмысының арасында өтетін оқу материалы модуль деп алынды. Модульдің дәстүрлі оқытудан ерекшелігі әр бақылау жұмысының алдында оған дайындық ретінде 2 сабақ өтіледі. Бірінші сабақта оқушылардың модуль бойынша түсінбей қалған кемшіліктері анықталса, екінші сабақта оны жою мақсаты көзделеді. Содан кейін деңгейлік бақылау жұмысы эксперимент және бақылау сыныбында қатар алынады. Ай, тоқсан және оқу жартыжылдығы бойынша оқушылардың жалпы оқудағы білім және дағдыларын қалыптастыру мониторингісі екі сыныпта салыстырмалы талдау арқылы  жасалды. Екі ұстаз да эксперимент сыныптың әр оқушысына арнап, деңгейлік бақылау жұмыстарына, сондай-ақ әр сабаққа арнап даму мониторингісін жүргізіп отырдық. Эксперимент күнделігінде сыныпта жүргізілетін жұмыстың мазмұны және қорытынды нәтижесі жазылды. Әр тақырып бойынша деңгейлік тапсырмалар жасалып, сабақта және тексеру жұмыстарында қолданылды. Тақтаға ілінген бағалау ведомосіне арналған магнитті тақта оқушыларды ынталандырып, өзгелерден қалмауға ұмтылып отыруына мүмкіндік берді. Жоғары деңгейге көтерілуіне, басқалардан озуға ынталандырды.

Деңгейлеп саралап оқыту технологиясына негізделген әр сабақ үш кезеңнен тұрады. Әр кезеңнің өзіндік шағын мақсаты болады. Бірінші кезеңде өткен тақырып бойынша деңгейлік тапсырмаларды үйде қаншалықты деңгейде аяқтап келгені тексеріледі. Жаңа тақырыпты меңгеруге қажет өткен метериалдар қайталанады. Оның тиімділігін мынадан көрдік:

А) Уақыт үнемделеді;

Ә) Ең нашар оқитын оқушының өзі қатарға қосылады.

Екінші кезеңнің шағын мақсаты: жаңа тақырыпты оқушыға өз бетімен меңгерту. Оқушылардың танымдық қызметін ұйымдастыру барысында ізденіс, проблемалық және зерттеу әдістері арқылы ережелерді, анықтамаларды олардың өздері қорытып шығуына жетелейді. Теориялық білімдері тек қарапайым мысалдармен бекітіледі.

Үшінші кезең (кері байланыс) – бағалау кезеңі. Сабақтың соңына дейін он екі минутта әр оқушы І деңгейден бастап, үлгергенше орындайды, қалғанын үйге алады. Сабақтың соңында жинаған ұпайлары саналады. Осы арқылы эксперимент сыныбындағы әр оқушының тақырып, тарау  немесе тоқсан, жыл бойынша оқушы дамуын қадағалап, талдау жасап, білімдерінде жетістік-олқылықтарды дер кезінде жойып отыруға мүмкіндік алдық. Оқушының әр сабақта жинаған ұпайларын «Ведомость» пен «Даму мониторингі» кестелерінде белгілеп отырдық.

Барлық оқушылар бірінші деңгейді аяқтаған соң дұрыс жауап тақтаға ілінеді. Оқушы өзін-өзі тексереді немесе дайын жауап бойынша бірін-бірі тексереді. Жаттығуды қате орындаған оқушылар оны қайта орындаса, дұрыс орындаған оқушылар келесі деңгейге көтеріледі. Үздік оқушы үлгерімі төмен оқушыға көмектеседі. Осындай іс-әрекет арқылы оқушылар білімді өзіндік белсенді әрекет арқылы меңгереді. «Балалар іс-әрекеттің көптігінен емес, әрекеттің біржақтылығынан, бірыңғайлылығынан, бір түрлілігінен шаршайды. Бала өзіне таныс емес, танымайтын, білмейтін нәрселеріне үнемі танып білсем екен деп ұмтылыс жасай алса, өзіне белгісіз даму жолында болады»,- деген екен педагог К.Д.Ушинский. Сабақ үрдісінде оқытудың осындай жаңаша түрлерін, әдіс-тәсілдерін тиімді қолдану арқылы оқушының ойлау қабілеті  дамиды, мектепте алған білімнің бала болашағы үшін өміршеңдігі қалыптасады. Эксперимент сыныбы болған 8 «Ә» сыныбының математика пәнінен, 6 «А» сынып оқушыларының қазақ  тілі пәнінен жеткен жетістіктерінен білім сапасының көтерілгені байқалды. 2011-2012 оқу жылына арналған салыстырмалы талдау бойынша жыл соңында эксперимент сыныбында сапалық көрсеткіш 80%-ды құрады. 6 «А» сынып  оқушысы Атымтаева Жанель Көкшетау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне түсу үшін сынақта қазақ тілінен ең жоғары ұпайға ие болды. Осы сынып оқушысы Дауирова Альбина «Ең сауатты оқушы» қалалық байқауда І орынға ие болды.

Ізденімпаз да іскер ұстаз Л.Ө.Мұқажанованың математика пәнінен эксперимент сыныбының оқушыларының жеткен жетістіктері де аз емес. 8 «Ә» сынып оқушысы Сапарбаева Бибінұр қалалық пән олимпиадасында математикадан І орын, Дербіс Жарылғасын ІІ орынға ие болды. Оқу жылының соңында математикадан өткізген облыстық мониторинг бойынша бұл эксперимент сыныбы 76% білім сапасын көрсетті.

Оқушылар сабақта алған білімдерін сыныптан тыс іс-шараларда шыңдап отырды. Пән апталығында математика мен қазақ тілі бойынша зияткерлік сайыстар, мектепішілік олимпиадаларда, математикалық викторина, рефераттар сайысы, әр түрлі тақырыпта түрлі формада ұйымдастырылған «Күш білімде», «Жеңіс кілті білімде», «Жұлдызды сәт», «Тапқыр болсаң, талас жоқ» ... т.б. білімдарлар сайысына белсене қатысып өз деңгейлерін танытып отырды.

Оқыту үрдісін технологияландыру бойынша ынталанып жүрген ұстаздар да мектеп-лицейінде көбейіп келеді. Олар математика пәнінің мұғалімі Төлеген С.Ө. және қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Шималова А.С. деңгейлік саралау технологиясы бойынша келесі оқу жылында экспериментке қатысуға тілек білдіруде. Оқу жылы бойында осы ұстаздар мен экспериментке қатысушы ұстаздар арасында шығармашылық топ құрылып, жоспарлы әрекет бойынша жұмыс істедік.

Сонымен, эксперименткке қатысу мұғалімнің кәсіби деңгейінің өсуіне ықпалы бар екенін байқадық. Өз жұмысымызда бірізділік және жүйелілік байқалды. Оқушылардың білім сапасы көтерілді, нәтижеге бағытталған оқыту үрдісі қалыптасты.

12 жылдық оқытуға байланысты оқыту үрдісі, технологияландыру туралы маңызы зор, жауапкершілігі үлкен игі істі игере білу – біздің ұстаздық парызымыз деп есептейміз.