Бримжанова  А.Д.

№10 орта мектебінің  музыка пәнінің мұғалімі, Жезқазған қаласы

ДӘСТҮРЛІ ӘНДЕР – ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫ

 

Музыка әлемі – адамзат мәдениетінің  байлығы  ішіндегі  мұхиттай шексіз, ғажайып дүние. Музыкада адамның асқақ, асыл ойлары, арман мақсаты, ізгі тілектері, қуанышы, қайғы-қасіреті мен әр-түрлі сезім иірімдері бейнеленеді. Музыканың адам жан дүниесіне тигізетін әсері орасан, сондықтан оны шынайы ықыласпен  қабылдау арқылы ғана түсінуге болады.

Музыкалық қазына – қаншама ғасырлар  бойы жинақталған ұшы-қиыры жоқ, аса мол мұра.Музыканың  классикалық, халықтық жиынды, жігерлі тіпті жеңіл түрлерінің бәрі де – өмірімізге қажет дүниелер. Ал, халықтық музакалық өмірде алатын орны мүлдем ерекше. Адамды рухани рахаттандыратын, жанын жадыратып, сезімін, ойын қозғайтын халық әндерін үйрену – үлкен өнер.

Өнер – халық тарихының шежіресі. Өнерде өмір,тіршілік құбылыстары,  адамның қуанышы мен қайғысы бейнеленеді. Қазақ музыка өнерінің халықпен бірге жасасып,  тарихи әлеуметтік  өмірі мен толғаныс тебіреністері үздіксіз баян етіп келе жатқан саласы ән мен күйі. Халық дүниеге келген сәби қуанышынан бастап, адамзат тіршілігіндегі оқиғаларды,  алуан түрлі ойларды ән әуенімен жеткізе білген  өмірдің бүкіл тауқыметін,  ауыртпашылығын  көтере  жүріп бесік тербеткен  аналар да жанына  әнді серік еткен.  Қазақтың тойы, ойын – сауығы ән-күй аясында өткен. Қазақтың қасиетті  домбырасымен ән өнерімен зор үлес қосқан  әнші – композиторларымыз Біржан салды, Мұхитты, Ақан серіні, Жаяу Мұсаны, Абайды, Үкілі Ыбырайды, Әсетті, Естайды, Ғазизды, Шәкәрімді, Мәдиді, Нартайды, Майраны ерекше атауға болады. Дәстүрлі ән өнерінде ұлттық  болмыс көрініс тапқан. Қазақ халқының  рухани  жан-дүниесі  ән өнері арқылы  шебер бейнеленген.

Мектеп  оқушыларына  музыка пәні  сабағында дәстүрлі әндерді үйрету – үлкен ізденіс пен  жауапкершілікті  талап етеді.  Дәстүрлі әншілер туралы  мәліметтер  жинақталып,  дәстүрлі әннің шығу тарихына көз жүгіртіп жан-жақты зерттеу жұмыстары жасалады. Әннің орындалу әдісін ең алдымен дәстүрлі  әншінің орындауында, одан соң мұғалімнің орындауында тыңдату – оқушы бойына шабыт беріп,  кеңге қанат жоюына зор әсерін тигізеді. Сонымен қатар әр жердің, яғни әр аймақтың орындаушының дәстүріне көп көңіл бөлу қажет. Ән мақамындағы өзгешілікті түсіндіру арқылы оқушылардың талғам – танымын қалыптастырамыз.

 Әннің орындау әдісін үйрету барысында әр оқушымен жеке жұмыс жасаудың маңызы өте зор.  Өзімнің педагогикалық іс-тәжірбиемде қазақтың дәстүрлі ән айту  өнерін «Вокал», «Домбыра – дастан» үйірмелерімен ұштастырамын .Жас өрендерге әншілік өнердің білім – танымын, тәжірибесі мен орындау тәсілін үйретемін. Кезінде сыр бойында кең өріс алған әншілік-термешілік мектептің қазіргі уақытта жоғалып кетпеуіне бірден-бір апаратын жол – дәстүрлі, яғни халық әндерін кеңінен насихаттау. Жас ұрпаққа ата-бабамыздан қалған асыл мұраларды көкейге тоқып бойларына сіңірсе тарих тағылымы жалғаса бермек.