Қаһармандық эпос қандай
құбылыс?
Қоңыратбай
Тынысбек,
филология
ғылымдарының докторы, профессор
Қоңыратбай
Қалжан,
Абай атындағы
Қазақ Ұлттық университетінің 1 курс PhD докторанты
Әлем халықтарының ірі эпикалық мұраларын
сөз еткенде «Одиссея», «Илиада», «Нибелунги», «Гесериада», «Манас»
сияқты жырлар алғаш еске оралады. Олардың көркемдік табиғаты
көптен зерттеліп келсе де, бұл танымдық процесті аяқталған
деп айтуға болмайды.
Эпос көпқабатты құбылыс болса, оны зерттеп,
игерудiң өзiндiк ерекшелiктерi, танымдық табиғатынан
туындайтын көптеген өзектi проблемалары бар. Ғылым тiлiнде
мұны қаһармандық
жырдағы танымның тарихи ақиқатқа сай келуi
деймiз.
Фольклортану ғылымы эпосты зерттеудiң түрлi белестерiнен
өтiп, көптеген методологиялық арналарын қалыптастырды.
Бiрақ әлi де болса эпостың жеке сипаттары сараланып,
танымдық табиғаты тұтас күйiнде қарастырылмай
келедi. Тарихи мектеп, поэтикалық жүйе нәтижелерi соның
дәлелi. Эпосты жүйелi түрде зерттеу деген пiкiрдiң аясы
бiр ғана поэтикалық танымға негiзделiп жүргенi де
жасырын емес. Соның салдарынан бiзде эпостың көпқабатты
болмысына сай ғылыми синкретизм әлi бой көрсете
қойған жоқ.
Әлемдік эпикалық мұраның бір саласын
қазақ эпосы құрайды. Оның этникалық сипатын
зерттеудiң
теориялық негiздерi арнайы
қарастырылмаған. Таным теориясы тұрғысынан келгенде
бұл аса күрделi философиялық
проблема. Оның бергi жердегi көрiнiсi ғылым мен
өнер, тарих пен поэзия, этникалық процесс пен эпикалық
дәстүр арақатынасына келiп тiреледi. Бұл
мәселелер төңiрегенде Аристотель, Пиррон,
Д.Юм, И.Кант, Гегель, В.Г.Белинский, Н.Г.Чернышевский, А.И.Герцен, Н.А.Добролюбов,
т.б. антикалық, орта ғасыр және жаңа дәуiр философтары
түрлi пiкiрлер
сабақтаған.
Бергi жерде эпостық
жырлардың тарихи арқауы мен көркемдiк келбетi А.Н.Веселовский,
А.А.Потебня, В.Я.Пропп, Б.Н.Путилов, Б.А.Рыбаков, С.Н.Азбелов, М.М.Плисецкий,
Е.М.Мелетинский, Л.И.Емельянов, А.Л.Налепин, Р.О.Якобсон секiлдi
ғалымдардың еңбектерiне арқау болғаны мәлiм. Бұл
бағыттағы iзденiстердi
ғылыми-методологиялық тұрғыдан поэтикалық
және тарихи таным өкiлдерi ретiнде танимыз.
Қаһармандық
эпостың генезисiне келгенде ХIХ
ғасырдағы тарихи мектеп өкiлдерiнiң негiзгi идеяларын
тарихи-салыстырмалы тәсiлге табан тiреген
поэтикалық ағым терiске шығара
алмады. Бұл екi академиялық
бағыттар арасындағы ғылыми тартыстың тууы да, одан
әрi шиеленiсуi де соның
айғағы. Эпостану ғылымындағы бұл танымдық
арналар өзара ымыраға келдi деген пiкiрмен келiсу қиын. Себебi оның
астарында материя алғашқы ма, идея бұрын ба? - деген
философияның күрделi проблемасы жатыр. Осыны
жете ұғынбаған поэтикалық таным өкiлдерi эпостық
жырлардың көркемдiк жүйесiн ғана
төңiректеп, сюжет
қуып, типологиялық ұқсастықтар iздеумен шектелдi. Этникалық
проблеманы эмпиристiк деңгейден
шешуге тырысты.
Қаһармандық
эпос тарихи оқиғалар iзiмен тумайды, ол бiр елдiң ой-арманы
мен мұң-мұқтажын бiлдiредi деген В.Я.Пропп пiкiрiнiң
арқауында Аристотельдiң өнер өмiрде болмаған, бiрақ болуы мүмкiн оқиғаны суреттейдi деген танымдық
тұжырымының жатқанын аңғару қиын емес.
Тарихи және көркем таным жаңа
дәуiр ойшылдарының
еңбектерiне де өзек болған
күрделi проблема. Ойды рухтың
қозғалысы ретiнде бағалаған Гегельдiң идеяны ақиқаттан, яғни өнердi өмiр шындығынан жоғары
қойғаны мәлiм. Кез келген елдiң ұлттық болмысының
жемiсi – тарих деген тұста В.Г.Белинский
де басты орынға көркем ой емес, тарихи танымды қояды. Ол ертегi, аңыз, поэма (эпос), хроника үлгiлерiн де тарих аясында танып, бiрақ оларды эмпиристiк құбылыс ретiнде бағалаған.
Ғылыми таным
мен ақиқат мәселелерi А.И.Герцен еңбектерiнен де табылады. Оның ғалымдар үшiн - ғалымдар, көпшiлiк үшiн – бiлiмдiлер жазады деген пiкiрi де терең толғаныстарға жетелейдi. Ал ғылым - шындықты дамытатын тiрi организм [1, 61] деген тұста Герцен ғылыми танымның түпкi нысанасы ақиқат екенiн айтып тұр.
Материя алғаш
па, идея алғашқы ма? Зат бұрын туады ма, әлде сол заттың
сипаттамасы туралы ой бұрын қалыптасады ма? Эпостың көркемдiк жүйесi алғаш па,
тарихи арқауы бұрын ба? - деген мәселелердiң теориялық негiздерi Н.А.Добролюбов еңбектерiнен де байқалады. Сана емес, материяны алғашқы деп бiлген Н.А.Добролюбов «литература заправляет
историей» деген тезиске қарсы болған [2, 205].
Таным теориясының
көркем танымнан ерекшелiгi – ақиқатты өнерден гөрi философияға, образдан логикалық ойға қарай жетелеуiнде. Философия ғылымының бүгiнгi талап-тiлектермен
ұштасып жатқан танымдық жүйенiң көрiнiсi осы.
Қазақ
халқының қаһармандық жырларын тарихи немесе
көркем құбылыс аясында сөз еткенде қоғам дамуы,
дүниетаным жүйесiне тән философиялық ой-толғамдарға
да кең орын беру керек. Бiз қарастырған ғылыми
пайымдаулардың барлығы дерлiк тарихи танымды алғашқы, көркем сананы соңғы
деп бiлсе, дәл осы танымдық жүйенi эпостық жырлардың табиғатына
да қолданудың кезi келдi. Ешбiр тосын ой, ғылыми пiкiрталас тудырмайтын еңбектiң жаңалығы да болмайды. Ал танымның жаңа белесiне көтерiлмейiнше философия ғылымының ежелден келе жатқан көне дауын
шешу мүмкiн емес.
Бұл
реттен эпостың бiржақты белгiлерiн төңiректеп, оны
көркем туынды санайтын салыстырмалы, яки тарихи-салыстырмалы тәсiлдiң қол
жеткiзген табыстары
қомақты еместiгiн айттық.
Поэтикалық жүйенi
басшылыққа алған зерттеушiлердiң басым
көпшiлiгi эпостың
көркемдiк белгiлерi негiзiнде оның
тарихи тегiне қатысты пiкiрлер айтуға
әуес. Бiрақ эпос сюжетi мен оның
тарихи-этникалық арқауы бiр емес. Жырдағы мотив, эпизодтар оның
көркемдiк жүйесi – сюжетiне қызмет
етсе, түрлi ономастикалық
атаулар (этноним, топоним, антропоним) тарихи арқауы – этникалық
үрдiс көрiнiстерi.
Таным
теориясы эпосты тұтас құбылыс ретiнде алып, оның барлық белгiлерiн толық
қамтуды мақсат тұтады. Бiрақ мұны, қайсыбiр зерттеушiлер айтып
жүргендей, эпостың көркемдiк жүйесiнiң
тұтастығы ретiнде түсiнуге болмайды.
Көркем таным - қаһармандық эпостың бiр ғана сипаты.
Ол абсолюттiк ақиқат
бола алмайды. Бұл мәселеге орай Л.И.Емельяновтың тарихи
салыстырмалы тәсiл эпостық жырлардың “синтаксисiн” саралауға шамасы жетсе де, “лексикасын”
талдауға жарамсыз деген пiкiрiнiң маңызы
ескiре
қойған жоқ.
Қаһармандық
эпостың тарихы тегi – генезисiн
анықтауға шек қоятын зерттеушiлер ондағы қандай құбылыстар
ғылыми-теориялық тұрғыдан танып бiлуге, игеруге
келмейдi? Оның
себептерi неде? - деген
сауалдарға терең де орнықты жауап iздемейдi. Сөйте
тұрып оның танымдық табиғатын мойындауға
қарсы. Егер тарихи поэтика қаһармандық эпосты абсолюттiк ақиқат
ретiнде танитын болса
мұндай сауалдар тумаған болар едi. Демек бұл мәселе таным теориясы аясында
қарастырылып, ғылыми шешiмiн табуға тиiс. Үстiрт айтылған
пайымдау, бiржақты берiлген бағалау,
ғылыми танымның мүмкiндiгiн шектеулердiң абсолюттiк
ақиқатқа қатысы шамалы. Бұл мәселе
тұсында фольклортанушылар өзге ғалымдардың
еңбектерiндегi зерттеу әдiстемелерiмен қатар
таным теориясына табан тiреуi шарт.
Сайып
келгенде бұл мәселенiң философиялық түйiнi таным теориясы мен
агностицизм арасындағы тартысқа барып тiреледi. Оның
мәнiсi эпостың
танымдық табиғаты неде? Әдеби-поэтикалық жүйесiнде ме, әлде
мақамдық-композициялық құрылысында ма? Болмаса
тарихи-этникалық арқауында ма? деген мәселелерге саяды.
Бұл бағыттардың өзара тартысы бүгiнгi эпостану
ғылымынан да орын алып келедi.
Тарихи
таным үшiн эпостағы
қаһарманның iс-әрекетiне iлесiп отыру шарт емес.
Айта берсек, бұл зерттеушiнi негiзгi нысанадан
адастыратын бағыт. Кез келген зерттеу эпостағы тарихи
құбылыстарды сол тайпалардың этникалық үрдiсiне, этногеографиялық
қозғалысына негiздеуi шарт. Осы
тұрғыдан келгенде эпостағы этникалық
қозғалыстардың картасын жасауға шек қоятын пiкiрге қосылу
қиын.
Таным
теориясының түпкi нысанасы – абсолюттiк
ақиқат. Оның бiр жағы ақиқатқа жетудiң әдiс-тәсiлдерiне қатысты
болса, екiншiсi - өмiр сүру
формаларымен байланысты. Мұның алғашқысына теория мен
тәжiрибе, ғылыми
тәсiлдердiң жалпы
және жалқы түрлерi, соңғысына ғылыми айғақ,
болжам, теория жатады.
Осы
талаптарды ескере келгенде қаһармандық эпосты көркем
туынды – жанр, сюжет, мотив деңгейiнде зерттейтiн тарихи-салыстырмалы тәсiл, жалпы поэтикалық жүйенi ғылыми
ақиқат ретiнде тануға
болмасы анық.
Ғылыми ақиқат дегеніміз - бiлiм мен танымның шындыққа сай келуi [3, 11]. Осы тұрғыдан келгенде
поэтикалық жүйенiң де танымдық
тұстары жоқ емес. Бiрақ ол батыр, тайпа
тағдыры арқылы берiлген өмiр, қоғам шындығын белгiлi мөлшерде ғана алып, көркем танымнан
асып, тарихи танымға ұласа алмайтын бағыт. Л.И.Емельяновтың
айтып отырғаны осы.
Эпоста ақиқаттың көркем
және тарихи көрiнiстерi болады десек, соның бiрiне (көркем үлгiсiне) жүгiнiп күрделi қорытындыларға жол
беру жаңсақтық. Бұл тұста эпостың
көркемдiк келбетi мен тарихи-танымдық табығатынан туындайтын жүйелiлiктi шатастыруға болмайды.
Айталық, егер бiздiң мақсатымыз эпосты көркем
құбылыс ретiнде қарастырып,
ондағы көркем кестелердi игеру болса,
онда поэтикалық таным өкiлдерi қолданып жүрген әдеби-фольклорлық нормалар жарап
қалады. Ал эпостағы этникалық үрдiс, ономастикалық атаулардың тарихи табиғатына
үңiлер болсақ, әлгi нормалардың жарамсыз болып шығары анық. Ғылыми
танымның абсолюттiлiгi зерттеу мақсатына, оның толымдылығы
мен тарихи шындықты қамтуына сай айқындалмақ.
Айталық, “Қобланды” -
қаһармандық жыр. Дәл осы ұғым тұсында
бұл көркем (жанрлық) ақиқат көрiнiсi. Ал ғылыми
ақиқат болу үшiн “Қобланды”
қыпшақ пен қызылбас тайпаларының этникалық
тартысына негiзделген, ноғайлы дәуiрiнiң оқиғаларын
қамтыған, тiлiнде 7 буынды жыр өлшемiне
құрылған, музыкалық мақамы дәстүрлi терме сазына негiзделген көлемдi жыр-дастан болып шығады. Бұл танымдық
категориялардың алғашқысы қарапайым бақылау
болса, соңғысы жырдың тарихи-этникалық,
әдеби-музыкалық болмысына негiзделген ғылыми таным.
Сонда эпостағы ақиқат екi жақты болып шығады. Бiрi – көркем, екiншiсi – тарихи-танымдық; алғашқысы – арақатысты, соңғысы – абсолюттiк ақиқат. Яғни ғылыми ақиқаттың тарихи және
көркем көрiнiстерiнiң бiрлiгi ғана абсолюттiк ақиқат ретiнде таныла алмақ.
Эпостың тарихи-этникалық арқауын
саралау мен көркемдiк келбетiн бағалаудың тағы бiр ерекшелiгi бар. Мұның алғашқысы фольклордың ел естiлiгi сақтаған эмпиристiк мәлiметтер желiсiмен туып, анонимдiк (авторсыз) негiзде таралатынын бiлдiрсе, соңғысы нақты бiр айтушы типiнiң, одан қалды көркемдiк дәстүрдiң тигiзген ықпалын айғақтайды. Сонда бұл жанама
түрде болса да эпос айтушысын (авторын) мойындаудың көрiнiсi болып шықпай ма?
Эпостық жырлардың арқауындағы тарихи
оқиғалар – эмпиристiк, поэтикасы – көркем
ақиқат емес пе?
Кез келген теория, кез келген ғылым саласы
философиялық категориялар мен принциптерге негiзделетiнi баршамызға аян. Олай болса, философия дегенiмiз, ең алдымен, қоғамды тану екенiн ескеру керек. Бұл тұста ғылыми танымды жiктеп, мүмкiншiлiгiн шектеуге рет жоқ.
Фольклортану, тарих, этнография ғылымдарының мақсаты бiр: өмiрдi, адамды, қоғамды тану.
Материя – алғашқы. Эпостағы тарихи-этникалық үрдiс соның нақты көрiнiсi. Идея – соңғы. Оның белгiсi – эпостың көркемдiк келбетi. Материя – базис (тарих), идея
- қондырма (көркем ой). Эпостың тарихи және
көркемдiк сипатын зерттеу таным
теориясының осы ерекшелiктерiне негiзделуге тиiс. Сюжет қуу, мазмұн баяндау, мотив деңгейiндегi ұқсастықтар iздеу - қоғамдық құбылыс, тарихи таным,
әлеуметтiк ой-санадан алыс жатқан
тәсiл. Ол әрi кеткенде қазақ халқының көркем ойлау
жүйесiнiң қалыптасу кезеңдерiне анықтық енгiзуi мүмкiн. Бiрақ қаһармандық эпостың этникалық
сипатына тереңдеп бара алмайды. Оған поэтикалық танымды негiзгi нысана етiп алған
ғылыми-методологиялық тұғыры мүмкiндiк бермейдi.
Сондықтан белгiлi бiр құбылыстың ерекшелiгiн айқындайтын ақиқат ретiнде таныла алмайды.
Ғылым атаулының арқауы – таным
теориясы. Ал таным теориясының түпкi мақсаты – абсолюттiк ақиқат.
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1.
Герцен А.И.
Избранные философские сочинения.
– Москва: ОГИЗ, 1948. Т.1. – 370. С.
2.
Добролюбов
Н.А. соч. Т.1. – Москва: ОГИЗ, 1934. – 568 С.
3.
Чудинов Э.М. Природа научной истины. Москва:Политиздат, 1977.- 312 С.