Филологические науки/2. Риторика и стилистика

Абдрашева А.К.

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты, Қазақстан

Көркем шығармалар тілінің лингвомәдени аспектілері

(М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов шығармалары негізінде)

 

Жер бетіндегі әрбір этностың бір-біріне ұқсамайтын мәдениеті мен өзіне тән ерекшеліктері болатыны – тарихи заңдылық. Мұндай құбылыс сол тілдік ұжымдағы ортаның қарым-қатынасынан, олардың сөйлеу мәдениеті мен өмір сүру дағдысынан, тектік құрылымының коммуникативтік ерекшеліктерінен анық байқалатынын аңғаруға әбден болады. Бұл ерекшеліктер сол кезеңге тән қоғамдық сананың тілінде жақсы сақталады да, сол этностың рухани, мәдени құндылықтарының негізні көрсетеді. Сондықтан қазіргі тіл ғылымында халықтың, ұлттың этноментальді өмірін, дүниетанымдық сипатын қарастыратын антропоцентрлік бағыттағы зерттеулер өз нәтижесін беріп келеді. Себебі тіл адамдардың іс-әрекетінен тыс дамымайды. Тілдік ұжымды, жеке адамды тілі арқылы тану арқылы оның шаруашылық, мәдени өмірінен толық ақпарат алуға болады [1,3 бет].

Ғылыми ой-тұжырымдардың негізінде халық тілінің еншісі мәдениетпен толығатынын, ұлт мәдениеті сол этностың тілінде сақталып, болашаққа аманатталатыны сияқты астарлы ой-пікірлердің туындау төркіні тереңде жатыр. Айтылған ой жайында В.фон Гумбольдттің «Тіл – халық рухы, халық рухы тіл арқылы көрініс табады» деген тұжырымы – жаңа ғылыми жолдың концепциясының алғашқы нышаны, немесе қағидасы. Атап айтқанда, ғалымның пікірінше: біріншіден, мәдениеттің екі түрі – материалдық және рухани мәдениеттер ізі халық тілінде сақталады. Екіншіден, мәдениет – ұлт нышанын танытып, тілде өз жүйесін табады, үшіншіден, тіл – адам мен табиғатты жалғастырушы күш, төртіншіден, мәдениет пен халықтық рух – тілдің ішкі формасына тән».

Этностың бар өміріне рухани азық болған, тұрақты ұрпақ жалғастығына себепкер құбылыс – салт-дәстүрлердің ұлттық мәдениет бастауы екендігі сөзсіз. Мәдениет – тілдің таңбалау қасиеті арқылы танылады. Оған дәлел халық ауыз әдебиеті үлгілері екендігін А.А.Потебня, Н.И.Толстой, М.О.Әуезов, Ә.Қоңыратбаев т.б. ғалымдар жан-жақты сөз еткендігі белгілі.

Асылында, адамзат қоғамының дамуына - әлеуметтік сананың өрлеуі, ой-сананың жетілуі, тіл, мәдениет, тарихтың тоғысуы маңызды фактор. Ал, әр халықтың этномәдени тұрмысын, ұлт тілінің жетегінде, әлемдік мәдениеттің ауқымында, дүниетанымын қоғамдық ғылымдардың саясында сөз ету мәселесі тіл ғылымының бүгінде ғылыми өрісін тереңге жайған этнолингвистика саласында сәтті бағытта іске асуда. Осымен тығыз байланысты ұлттық мәдениет пен ұлттық тілдің өзара байланыстары бір-біріне әсері айқын деректердің белгілі бір этносқа тән екендігін танытуда бізге кешеуілдеп жеткен жаңа бағыттың бірі – лингвомәдениеттану. Бірақ тіл ғылымында ХV ғасырдың бас кезінен бастап ерекше қалыптастқан жоғарыда аталған ғалымдардың ғылыми ой-тұжырымдарын одан әрі ұластырушы Ресейдегі фразеологиялық мектептің өкілдері В.Воробьев, В.И.Телия, Е.М.Верещагин, В.Т.Костомаров, В.Маслованың зерттеулері лингвомәдениеттанудың дербес ғылыми пәндер дәрежесіне көтерілуіне, қалыптасуына зор ықпал еткенін ерекше атап өткен жөн.

Лингвомәдениеттану – жеке нақты, мәдени салалар бойынша ұлттық сипаты бар деп танылатын әлеуметтік, танымдық, этикалық, эстетикалық, саяси, адамгершілік, руханилық, тұрмыстық қағидалар мен заңдылықтарды тілдік құралдар арқылы жеткізуді зерттейтін тіл білімінің бағыты. Осы тұрғыдан лингвомәдениттанудың ең негізгі мақсаты – ұлттық болмыстың тілдегі көрінісін, тіл фактілері мен халықтың танымдық, этика-эстетикалық категориялары арқылы рухани мәдениетін танытып, олардың  қызметі мен орнын анықтау деп түйіндеуге болады. Лингвомәдениеттану аспектісінде А.Сейсенова салыстырмалы талдау жасаған халық мәдениеті мен ұлттық менталитеттің бірлік қызметіне ерекше тоқтай келіп, «лингвомәдениеттану – мәдениеттің тілдік жүйеге қалай әсер ететінін, яғни фактор мен адам бойындағы тілдік факторлардың байланысын қарастырады» деп түйіндейді.

Тіл деректеріне сүйеніп, этнолингвистикамен сабақтас этнос болмысының сан түрлі қырын зерттейтін ғылымдарды академик Ә.Қайдар екіге бөледі:

1. этнос тіліне жалпы қатысы бар (мәселен, мәдениеттану, этнография, этнология, өлкетану, фольклористика, мифология, астрономия, педагогика, дидактика т.б.) ғылымдар.

2. этнос тілінің тілдік табиғатын айқындауға тікелей қатысты ғылымдар (мәселен, этимология, диалектология, ономастика, фразеология, паремиология, терминология, лексикография, социолингвистика, этнолингвистика, психолингвистика т.б.). Демек, бұл екі топтағы ғылым салаларын этнолингвистикамен байланыстыратын, этнос болмысын танытатын тілдік дерек көздерінен көреміз. Міне, осындай сабақтастықтың бірі – этностың мәдениетін таныту мүддесін көздеген мәдениеттанумен сабақтас лингвомәдениеттану [2, 8-12 бет].

         Тіл мен мәдениет сабақтастығы мәселесінің нақты ғылыми болжамының негізін В.фон Гумбольдт, Э.Сепир салып, кейіннен Ресейде А.А.Потебня, С.М.Пешковский, Г.О.Винокур, Р.Якобсон, қазақ ғылымында Ә.Марғұлан, Ө.Жәнібек, Х.Арғынбаев, С.Қасиманов, М.Мұқанов, А.Сейдімбек, Қ.Ахметжанов, Д.Шоқпарұлы т.б. дамытқан, лингвистикалық бағыттың жаңа сапада қайта жаңғыруына байланысты қазақ лингвистикасы өкілдері Қ.Жұбанов, академик Ә.Қайдар, М.Копыленко, Е.Жанпейісов, Р.Сыздық, Н.Уәлиев, Ж.Манкеева, Г.Смағұлова, А.Жылқыбаева т.б. ғалымдар тарапынан да жалғасын табуда [2, 15 бет].

М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында қазақ халқының өмірін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, болмысын, танымдық көрінісін бейнелейтін этномәдени лексика молынан кездесіп, ұлт тарихын айқындайтын ақпарат көзі болып табылады. Көркем шығармада қолданылатын  лингвомәдени атаулар ұлттық бояу жасаудың бірден-бір құралы, негізі болатындығына көз жеткізу үшін, осы роман-эпопеядан алынған төмендегі үзінділерді келтіруге болады.

Қазақтың тұрмысынан хабардар ететін этнолексика үй-ішіндегі тұрмыстық заттарды, киім-кешек атауларын атап қана қоймай, сол ұлттың өмірінен, тұрмысынан, тыныс-тіршілігінен толықтай түсінік беретініне  көз жеткізуімізге  болады: 

1. «Басында көкшіл сұрғылт жібектен тыстаған жұқа қара елтірі тымағы байқалады» [3, 29 бет].

2. «Бұл – Бөжей. өзгелердей емес, әзір қыры сынбаған күйде, өз еркімен шығып келеді. Бас киімі – пұшпақ тымағы да өзінде» [3, 81 бет].

3. «Бесбесбайдың басында тымақ жоқ» [4, 177 бет].

4. «Айғыз бен Нұрғанымға қарап: - Базекеңнің үстіне шапан, қамзол, басына тымақ кигізіңдер,-деді» [5, 71 бет].

Бірінші сөйлемде автор «тымақ» сөзін  жұқа қара елтіріден жасалған, суықта киетін бас киім мағынасында қолданса, келесі сөйлемде «тымақ» атауы «Бөжей образын, оның бас киіміне тән суретті» сипаттап тұр. Мұндағы «тымақ» жеңілмеген қайратты ер адам образын ашудағы маңызды құрал болып тұр. Ал үшінші сөйлемде жазушы жалпы белгілі оқиғаға қатысты «жеңілу» немесе «жеңіске жету» секілді мағынаны беру үшін бас киім атауын өте орынды қолданған. Кейіпкердің бас киімімен суреттелуі – жеңіске жетудің, ал тымақсыз, яғни бас киімсіз болуы – жеңілгендіктің белгісі түрінде символды түрде ұсынылған. Соңғы сөйлемде «тымақ» сөзі сый-қошемет мағынасында қолданылып тұр. Қазақтың құрметті қонағына деген сый-құрметі осы сөйлемнен, яғни Базекеңе шапан жауып қайтару, ерекше сый жасау дәстүрінен аңғарылып тұр.

М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы тұрмыстық лексиканың қолданысына назар салып көрсек:

1. «Абай мен Әйгерімнің бұл кезде тіккен үйлері «қоңыр үй» деп аталады» [6, 20 бет].

2. «Кешегі Еңлік пен Кебек жайы бұл жиынның әр адамына әр толқын ой салғаны бар. Абай үйіне келместен бұрын: Көкбай, Ербол, Мұқа, Баймағанбет осы жайлы «ұраңқай» деген қоеақ үйде жатып, ертемен әңгіме етіскен-ді» [6, 23 бет].

3. «Сенделумен тынысы тарылған сан малшы-малай, енді осы кеште өзді-өзінің байларына, ақ үйлерге қарай қадам басты» [6, 126 бет].

Бұл сөйлемдердегі беріліп отырған тұрмыстық сөздер – адамзат тұратын баспана, үй түрлері: қоңыр үй, ақ үй, ұраңқай.

Жазушы М.Әуезов шығармалары тілінде қазақ халқына тән, ұлттық сипаттағы сөздер молынан кездеседі, мысалы:

1. «...құрбылары жиылып, бастаңғы істетіп жатыр» [3, 227 бет].

«Бастаңғы» сөзінің мағынасы – үлкендер жол жүріп кеткенде қалған қыз-келіншектердің бас қосып, тамақ әзірлеп, ойын-сауық құруы [7, 47 бет].

2. «Бүлдіргесін саусағына ілген» [3, 293 бет].

Түсіндірме сөздігімізде «бүлінген елден бүлдірге алма» мақалын келтіріп, бірінші сөзге – бұзылу, құлау, қирау, ал екіншісіне – қамшы, сойыл, шоқпарға тағылатын қайыс белбеу деген анықтамалар берілген [7, 61-62 бет].

3. «Малшы болса да, итаршы болмаған кедей жақсы» [6, 143 бет].

         Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «итаршының» жеке тұрғандағы мағынасы кішкене, шәуілдек ит деп түсіндіріліп, «көне сөз» деген белгі қойылған. Ал, «итаршы болу» тіркесі сойылын соғып, жарамсақтану сияқты мағына беретіндігі көрсетілген [7, 130 бет].

4. «Басында кәмшат бөркі бар, құлағында үлкен күміс сырғалары ырғалған, шағи шапан киген, ұзын бойлы қыз келді» [6, 87 б].

5. «Есік алдында кәмшат бөрікті, үкілі, үлкен шолпылы, өңшең әсем, сәнді бойжеткендер тұр. Осы қыздар ортасында үлгісімен, киім сәні ерекше бөлінген, қара кәмшат бөркін шекесіне таман киген бір қыз бар» [3, 172 б].

Қазақ әдеби тілінің түсіндірмелі сөздігінде «бөрік» сөзіне елтіріден, аң терісінен жиек жүргізіп, матамен тысталып, тігілген құлақсыз бас киім деп [8, 569 бет], ал, «шолпы» сөзіне алтын не күміс теңгелерден, қақаталған алтын мен күмістен ою-өрнектеп, тізбелеп жасаған, шашқа тағатын моншақты, оңыраулы әшекей деп анықтама берілген [9, 395 бет].

Тіл этностың бүкіл рухани, мәдени байлығының негізгі көрсеткіші болып табылады және ұлт тіліндегі этномәдени лексика ұрпақтан- ұрпаққа жетіп, оның мәдени мұрасы ретінде мәңгі сақталады. Кез келген тілдің көрінісі халықтың тарихына, мәдениетіне, әдебиетіне, салт- дәстүріне, әдет- ғұрпына, дүниетанымына, жалпы тұрмыс- тіршілігіне байланысты болып, сол тілден мол деректер беретіні мәлім.

Жазушы М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы тілінде қолданылған лингвомәдени, этномәдени атаулар лингвистикалық мазмұн мен мәнді тудыратын категория, ұлттық болмысымыз бен ұлттық танымымызды көрсететін, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отыратын рухани байлығымыз болып табылады.

 

Әдебиеттер:

1.     Смайлов А. «Әйел» концептісін қалыптастыратын тұрақты тіркестердің лингвомәдени сипаты. Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. Алматы, 2008.-29 бет.

2.     Сейілхан А.Қ. Қазақ тіліндегі этнографизмдердің лингвомәдениттанымдық мәні («Қыз Жібек» және «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырлары бойынша). Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. Алматы, 2001.-27 бет.

3.     Әуезов М. Абай жолы: Роман-эпопея.-Алматы: Жарғы, 1997. 1-кітап.-320 бет.

4.     Әуезов М. Абай жолы: Роман-эпопея.-Алматы: Жарғы, 1997. 4-кітап.-336 бет.

5.     Әуезов М. Абай жолы: Роман-эпопея.-Алматы: Жарғы, 1997. 2-кітап.-352 бет.

6.     Әуезов М. Абай жолы: Роман-эпопея.-Алматы: Жарғы, 1997. 3-кітап.-320 бет.

7.     Нұрмағамбетов Ә. Бес жүз бес сөз. – Алматы: Рауан, 1994. – 304 бет.

8.     Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. 3-том. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2006. – 744 бет.

9.     Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық.15-том. –Алматы: «Арыс» баспасы, 2011. – 824 бет.