Аға оқытушы, магистр Алиева Дидар Алиасқарқызы

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты, Қазақстан

Идеографиялық оқу сөздіктерін  құрастырудың ғылыми-теориялық мәселелері

 

Дүние  жайлы  біліміміз  өскен  сайын тіліміздің  лексикалық  дені  жайлы  біліміміз  де  ұлғая  түспек.   Осыған байланысты профессор А.Салқынбай: «Әлем бейнесінің бүкіл көрінісі мен қоғамдық сана қалыптастырған ұғымдарын бейнелейтін тіл – адамзат танымының феномені. Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, адамзат дүниетанымы мен сананы қалыптастырып, дамытуға қызмет ететін күрделі құрылым. Тіл ұлттық мәдениеттің құрамды бөлігінің бірі болып қана қоймайды, бүкіл мәдениет пен танымның негізі саналады. Мәдениет тіл арқылы жүйеленіп, қалыптасып,  дамиды. Тілдің қоғамдағы рөлі қарым-қатынас жасау сипатымен ғана шектелмейді, адам ойының, санасының жетілуі мен дамуына да ықпал етеді», – дейді.

Сөздікте ғылыми, анықтамалық және дидактикалық интенциялар болады. Сөздіктің құрылымы мәселелеріне арналған жұмыстарды зерттеудің негізгі бағыты – жүйеден бірлікке қарай жүргізілетін мәтіндік бағыт. Бұл бағыт бойынша,  сөздік ғылыми-дидактикалық мазмұнды мәтін ретінде ұғынылады. Сөздікке тән баяндау типінің өзі сөздіктің дидактикалық жанрға жататындығын және оның бойында педагогикалық дискурстың барлық негізгі сипаттарының бар екендігін байқатады. Сөздіктегі педагогикалық дискурс (discours pedagogique) оқулықтардағыдан өзгешелеу болады.  Сөздікті дидактикалық жанрдағы өзге туындылармен жақындастыратын нәрсе – оны түзуші адам мен оқушы адам арасындағы ерекше сабақтастық. Француз ғалымдары К.Дюбуа мен Ж.Дюбуа «Лексикографияға кіріспе» деп аталатын еңбегінің «Сөздіктің педагогикалық тілі» атты тарауында [45]  сөздікті дидактикалық жанрдағы туындылардың қатарына жатқызады. Авторлардың пікірі бойынша, сөздік – тілдегі жеке сөздерді қалай қолдануды үйрететін педагогикалық құрал, сөздіктің тілі адамдардың бір-бірімен күнделікті сөйлесетін тілі емес. Сөздіктің тілі – педагогикалық тіл. Ол – сарапталған, талданған тіл. Педагогикалық тілдің түрі болғандықтан, сөздік оқырманды коммуникацияның нақты бір типіне бағдарлап, барша қауым мүшелерінің, яғни «мен», «сен» және «ол» арасындағы анық қарым-қатынастарға  бағыттайды. Әрі сөздіктің авторы, әрі коммуникация субъектісі болып табылатын лексикограф пікірлесушілер (оқырмандар) тарапынан өзіне қойылатын сауалдарға бағдар ұстайды. Сауалдарға жауап бере отырып, лексикограф коммуникациядағы айқын субъект рөлінде көрінбейді, коммуникацияның ұжымдық субъектісі (қоғам) атынан сөйлейтін байланыстырушы, аралық бейне рөлінде көрінеді. Яғни лексикограф қоғам тарапынан жүзеге асырылатын ұжымдық айтылымның болжалды субъектісіне айналады. Оқырмандар өздерін идеалды түрдегі сөйлеуші субъект ретіндегі лексикографпен бірге, бір бүтін санайды. Ал берілетін жауаптар нақты мәдени қауымдастық атынан айтылатын соңғы ақиқат болып табылады. Сөздіктен алынатын білік, білім оқырмандардың мәтіндерді түсінуге кедергі келтірген кемістіктерінің орнын толтыруға көмектеседі. Ол норманың кепілі ретіндегі лексикографтың білігі мен жекелеген оқырмандардың толымсыз білігі арасындағы алшақтықты жояды.

Қазіргі тіл білімінде лексикография екі түрлі бағытта дамып келеді. Атап айтқанда, идеографиялық сөздіктердің түрлі аспектілерді қамтыған салалық түрлері жасалса, сонымен қатар бірнеше саланы қамтыған кешенді сөздіктер де дайындалуда. Басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуде салалық сөздіктерден гөрі кешенді сөздіктердің берері мол, себебі онда тіл үйренуші бір сөздіктен түрлі сала бойынша жалпы мағлұмат алып, бір ғана еңбекке иек арта алады.Лексикография теориясы: а) лексикография ұғымының құрылымы, мазмұны мен көлемі, ә) сөздік түрлері мен жанрлары;

сөздік бөлшектері мен параметрлері, б) лексикография құрылымдарының негізі, компьютерлеу мүмкіндігі, қарапайым сөздік материалдары, в) сөздік жұмысын ұйымдастыру, жоспарлау,  г) лексикография ережелерін дайындау, қалыптастыру т.б. құралады.

Лексикографияда   жүйе-сөздіктерді  жасау  тәжірибесі әдеби  тіл  материалы  мен  идеографияға  қатысты  белгілі  бір  дамуға  қол  жеткізіп  отыр.   Идеографиялық  практикаға  сүйене  отырып,  зерттеуші  индуктивті  түрдегі  ізденіс  жүргізуде  жекелеген  сөз мағынасынан  семантикалық  өрістерінен  сөз   топтарын  құрауға  талпыныс  жасайды. Жұмыстың  бастапқы  кезеңдерінде  ядра-декомпозиттері  сөздер арнайы  бөлінген  тізімінің   талдамалары  негізінде анықталып  отырады. Оқу лексикографиясында, жалпы лексикографиядағы тәрізді, сөздіктің микроқұрылымын яғни оның элементтері мен параметрлерін зерттеу мәселесі маңызды орын алады. Сондықтан сөздіктің тіліне жасалатын талдаудың алғашқы түрі параметрлік талдау болмақшы. Ю.Н.Караулов әлем тілдеріндегі түрлі типтегі сөздіктерді талдау нәтижесінде лексикографиялық параметрлер санын алпыс беске жеткізеді. Ж.Байниязова лексикографиялық параметрлердің көпшілігінің оқу лексикографиясында жасалатын сөздіктерге тікелей қатыстылығын,  оқу лексикографиясындағы тоғыз аспектіні бейнелейтін тоғыз оқу сөздігінің түрлерінде (түсіндірме, идеографиялық, фразеологиялық, лингвоелтанымдық, грамматикалық сөздіктер, синонимдердің, антонимдердің, омонимдердің, паронимдердің оқу сөздіктері) көрсетілген параметрлердің басым көпшілігі қолданылатындығын атап өтеді.

        Қорыта келе, белгілі бір сөздің сөздіктегі анықтамасын беру үшін бір ақпаратты контекстің өзі жеткілікті. Мұндай контекстер сөздіктерде иллюстрациялық материал ретінде қолданылып, осы сөздің семантикасына берілген анықтаманы нақтылап, дәйектеп тұрады. Сол себепті сөздікте мұндай контекстердің біреуін ғана қолдану сөз мағынасын толық сипаттап бере алмайды, ол үшін бірнеше контекст қолдану қажет. Мұндай контекстер негізінен көп мағыналы сөздерді беруде жиі қолданылады. Олардың жекелеген мәндері нақты бір контекспен беріліп, келесі мәнін беруде басқа контекст қолданылады. Ақпаратсыз контексте сөздік дефиниция құрастыру үшін қажетті мәлімет қамтылмайды, ол көбінесе тілде осындай бірлік бар екенін тіркеу үшін ғана қолданылады. Мұндай жұмыстар көбінесе сөздік құрастырушылар үшін зерттеудің бастапқы деңгейлерінде қолданылады.

 

Әдебиеттер:

1. Малбақов М. Шағын тілүйренім сөздігінің минимум құрамы туралы // Тілтаным. 2008.№1.

2. Байниязова Ж. Қазақ лексикографиясы: біртілді оқу сөздігін түзудің ғылыми негіздері. Филология ғылымдарының кандидаты авторефераты. Алматы, 2008.  

3. Түсіпқалиева Р. Қазақ лексикографиясы: екітілді шағын сөздіктердің құрылымы: филол. ғыл. канд. ... дисс. - Алматы, 2007.

4. Малбақов М. Сөздік түзу тәжірибесіндегі дәстүр мен жаңашылдық // Құдайберген Жұбанов және қазақ тіл білімі. - Алматы, 1999.

5. Э. Иісова «Идеографиялық оқу сөздігінің тілдік  жүйені меңгертудегі орны» Филология ғылымдарының кандидаты авторефераты. Алматы, 2008.