Аға оқытушы, магистр Алиева Дидар Алиасқарқызы

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты, Қазақстан

Біртілді идеографиялық оқу сөздігі  құрылымының зерттелуі

 

Идеографиялық оқу сөздіктері мен оқу құралдарының авторлары «құрылымдық тізбенің» сапалық құрамын, құрылымын басты назарда ұстауы керек. Себебі бастапқы кезеңдегі тілдік жүйені меңгеру тұрғысынан оқытудың мазмұны, мәні - қазақ сөйленімінің құрылымдық сөздерін игеруде көрінеді. Бұл грамматикаға синтаксистік негізде оқытып-үйрету принципінен көрініс табады. Оқулықтың басты мазмұны - тілді меңгеру процесін ұйымдастыратын тапсырмалар жүйесі - гамматикалық меңгеруге бағытталатын болса, сөздіктің мақсаты- қосымша сөздік минимумды нақты, дәл, керектісін ғана тілді оқып-үйренушіге ұсыну. Оқулықтардың авторларында лексикалық құрамның қажетті тақырыптық-ситуативтік алуан түрлілігін қамтамасыз ету айтарлықтай қиындықтар тудырады. Бұл міндетті шешуде Идеографиялық оқу сөздігіне  «Қазіргі қазақ тілінің тақырыптық минимумы» айтарлықтай маңызды көмекті жасай алады. Оның материалдары сөздердің статистикалық құндылығын бейнелейтін тізімдермен үйлесімді қолданыла отырып, көрсетілген мәселені шешуде сенімді негіз құрайды. Себебі тізбелерде лексикалық деңгейдің барлық көп деңгейлігінің жүйелі көрінісі сақталып отырады.

        Сұрыптаудың көзі – түсіндірмелі және жиілік сөздіктер. Мәселен, қазақ тіліндегі ғылыми және техникалық лексиканың кешенді жиілік сөздігі, терминологиялық сөздіктер. Идеографиялық оқу сөздіктері үшін, бастауыш кезеңмен салыстырып қарастырғанда, лексиканы кәсіби-стилдік деңгейде сұрыптау - тілді меңгерудегі сандық тұрғыдан да, сапалық тұрғыдан да мүлде жаңа кезең.    Қазақ лексикографиясында ХҮІІІ-ХІХ ғасырлар аралығында және XX ғасырдың басында жасалған шағын сөздіктер мен сөздікшелер М.Малбақов пен Э. Иісова еңбектерінде жан-жақты зерттелген болатын. Бұл кезеңдегі сөздіктердің бәрі де шағын көлемді, тілді үйрету мақсатына арналып жасалған туындылар еді. Тілдік жүйені меңгерудің бұл стадиясы болмаса, тілді меңгеру процесі баяулайды, іштей басқаруға келмейтіндей, тиімділігі аз болады. Ж. Байнязова «Қазақ лексикографиясы: біртілді оқу сөздігін түзудің ғылыми негіздері»,- деген еңбегінде «оқыту мен оқулық түзудің қалыптасқан тәжірибесінде бұл кезең жүйе ретіндегі лексиканы оқытудан гөрі сөйлесім қызметіндегі оқылым түріне үйретумен байланыстырылады және оқушыларда потенциалды сөздіктің қалыптасуынан байқалады. Қазақ тілін шетелдіктерге оқытудың осы кезге дейінгі тәжірибесінде бір де бір базалық сөздік болған емес. Біздің сөздігіміздегі тізбелер жалпы ұзын саны 3500 лексикалық бірлікті құрайтын потенциалды сөздікті туындатады» деген тұжырым жасайды.

Бір тілді идеографиялық оқу сөздіктеріне лексикалық бірліктерді сұрыптау ұстанымдарын саралайтын болсақ,   қазақ лексикографиясында оқу сөздігіне лексикалық бірліктерді сұрыптап алу ұстанымдары туралы алғашқылардың бірі болып зерттеме жүргізген  Р.Түсіпқалиева. Ғалым өзінің «Қазақ лексикографиясы: екітілді шағын сөздіктердің құрылымы» атты еңбегінде бұрынғы минимум сөздіктер негізіне алынған жиілік сөздіктерде кемшіліктердің көп болғандығы туралы, ол кемшіліктердің сөздіктердің сапалық әрқилылығына, олардағы ортақ лексика пайызының өте аз болғанына байланысты туындағандығын айта келіп: «Минимум сөздіктердің жасалу мақсаты - ауызекі сөйлеу тілін меңгеру немесе жазба тілді меңгеру болады. Ұлттық орта мектепте қазақ тілін оқыту мақсаты кеңірек: оқушылар ауызекі тілде сөйлеуге де, жазба тілде жазуға да мүмкіндік жасайтын лексиканы меңгерулері керек. Ол үшін қажетті нәрсе - тілдің лексикасыныңядросын қамтитын бірнеше жиілік сөздіктерден қорытылып алынған тізбелерді пайдалану» деген тұжырым жасайды. Р.Түсіпқалиева өзінің еңбегінде қазақ тілін үйренушілерге қажет сөздерді, грамматикалық материалдарды сұрыптаудың Қ.Жақсылықова ұсынған ұстанымдарын келтіреді: 1/ сөздің қолданылу жиілігі, 2/сөздің жеңіл-қиындығы, 3/ сөздің тілдің дыбыстық ерекшелігін қамтуы, 4/ сөздің тақырып қажетіне сәйкестігі, 5/ сөздің тіркесу қабілеті, 6/ сөздің синонимдік қасиеті, 7/ сөздің сөзжасамдық қабілеті, 8/ екі тілге ортақ сөздерді санатқа кіргізбеу, 9 / сөздің оқушының психофизиологиялық ерекшелігіне сәйкестігі. Келтірілген ұстанымдарды талдай отырып, Р.Түсіпқалиева: «бұлардың ішіндегі екінші, үшінші, сегізінші және тоғызыншы ұстанымдар сөздік бірліктерді сұрыптау ісіне қолдануға жарамсыз. Сөздердің қолданым жиілігі статистикалық сараптама жасаудың нәтижесінде ғана белгілі болмақ» деген түйін жасайды.

Тілдік минимумдарға сөздік бірліктерді сұрыптау мәселесіне З.Күзекова да тоқталады. Ғалым оқытудың мақсатын, оқыту кезеңін, оқытуға бөлінген уақыт ұзақтығын, оқушылар контингентін ескерудің қажеттілігін жазады. Автор сөздерді сұрыптау мәселесінде В.Мэкки ұстанған өлшемдерді жөн көреді: 1/ жиілік, 2/ диапазон, 3/ сөздік қор бола алу сипаты, 5/ қамти алушылығы, 6/ жаттауға ыңғайлылық.

Р.Түсіпқалиеваның еңбегінде басты сұрыптау ұстанымдары туралы төмендегідей тұжырымдар келтіріледі:

1 Сұрыптаудың басты ұстанымы - статистикалық ұстаным (Ең алдымен тілдік бірліктің қолданым жиілігі ескеріледі).

2. Сөздің тіркесімдік қабілеті (тіркесімге көп түсетін сөз - тілүйренім тұрғысынан маңызды сөз. Сондықтан ортақ минимумға синтаксистік және лексикалық тіркесімдік әлеуеті мол сөз алынады).

3. Тілдік бірліктің сөзжасамдық мүмкіндіктері, яғни сөз түбірінің тарамдану қабілеті мол сөз. Бір сөзді білсең, біртекті сөздерді тану қиын емес.

4. Сөздің семантикалық құндылығы. Бұл ұстаным бойынша, минимумға көп мағыналы сөздер алынуы керек. Барлық мағыналары бірдей актив меңгерілуге жатпайтындықтан, минимумға ол сөздің негізгі, басты мағынасы алынады. Бұл ұстаным тілдік қатардан синонимдерді таңдап алуға, антонимдерді тауып алуға, т.т. жағдай жасайды. Осы ұстаным арқылы интернационалдық лексиканың минимум сөздігіне сұрыптау жасалады.

5. Сөздің стилдік бейтараптығы. Бұл ұстаным бойынша, ұлттық мектепке (жоғарғы, орта) арналған минимум-сөздікке стильдік тұрғыдан бейтарап әдеби тіл сөздерін алуға жағдай жасайды.

6. Жағдаяттық-тақырыптық ұстаным. Бұл ұстаным қолданым жиілігі төмен болса да, тілде сөйлеушінің әрқайсысына да қажетті нақты сөздермен минимумды толықтыруға мүмкіндік береді. Лексиканы сұрыптаудыңжағдаяттық-тақырыптық ұстанымның қолданылуы минимум сөздікке алынуға тиісті тақырыптар мен жағдаяттың нақты көлемі белгіленген жағдайда ғана мүмкін болмақ.

7. Сөздің методикалық тұрғыдан оқыту мақсатына сәйкестігі. Бұл ұстаным лексикалық минимумды үйренілетін тілдің грамматикасымен, сөзжасамымен, фонетикасымен, орфографиясымен, әдебиетімен, жалпы тілүйренім процесін үйымдастырумен үйлестіруге мүмкіндік береді». Ал идеографиялық оқу сөздіктеріне сұрыпталып алынатын лексикалық бірліктердің ерекшеліктері туралы зерттеулер жүргізген Э.Иісова.  Зерттеуші жұмысында Н.И.Ильминский сөздігін мен Ы.Алтынсариннің лексикалық бірліктерді ұя түрінде топтастыра бергенін және ұяға біріктірілген сөздік бірліктерді өз ішінен бірнеше топқа жіктеуге болатынын, А. Байтұрсынұлының  сөздерді тақырыптық топтарға жіктеу әдісінің кеңінен қолданылғанын, оның сөздік аясында ғана емес, оқу құралындағы лексикалық материалдарды сұрыптай қолдану ісінде де шеберлікпен қолданылғанын айта келіп «Идеографиялық оқу сөздіктеріндегі сөз бірліктерінің лексика-семантикалық қатынасы сөздердің парадигмалық қатары арқылы берілетіндігі белгілі. Мұнда тілдің ішкі жүйелілігі ескеріледі. Қалай болғанда да, тілді үйрену үшін сөздердің тақырыптық және лексика-семантикалық байланыстарының маңызы өте зор. Сол себепті қазақ тілін үйретуде мағынадан тұлғаға қарайғы функционалды-семантикалық бағыт пен тілдік бірліктердің семантикалық жүйелілігі ұстанымдарына ерекше назар аудару қажет. Идеографиялық оқу сөздіктерінің негізгі мақсаты – сөздікті тұтынушының (оқушының) белгілі бір ойды жеткізу үшін сөздерді таңдап алуына  көмекші құрал болуында» деген тұжырым жасайды.

Біртілді идеографиялық оқу сөздігінің құрылымына арналып отырған зерттеуімізде өте-мөте маңызды үш мәселеге кеңірек тоқталған дұрыс болады деп ойлаймыз. Олар: а) тақырыптық таралымы ә)лексика-семантикалық байланыстарының маңызыб) сөздікке алынатын лексикалық бірліктердің қолданым жиілігі туралы мәселелер.

Сөздікті түзу жұмысы академик І.Кеңесбаевтың басшылығымен басталып, профессор А.Ысқақовтың басшылығымен тамамдалғаны белгілі. «Абай тілі сөздігін» жасауда А.С.Пушкин тілі сөздігін түзудің тәжірибесі пайдаланылған еді. Ұлы ақын тілі сөздігіне талдау жасау жұмыстары Қ.Бектаев тарапынан да жүргізілген болатын. А.Жұбанов статистикалық тәсілдің В.Ә.Исенгалиева мен А.Қ.Хасенованың еңбектерінде де кеңінен пайдаланылып отырғандығын жазады.

Қорыта келе, бұл кезеңдегі зерттемелерде сандық көрсеткіштерді қолдану жүйелі түрде жүргізіліп отырғанымен, оларды жасаудың ғылыми-әдістемелік негіздері қалыптаспағандығы көп кедергі келтіретін еді. Мұның өзі жүйелі түрдегі статистикалық зерттеулердің өзіне тән ғылыми әдістемесі негізінде жүргізілгендігінің жөн болатындығын байқататын еді.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Көбденова Г. Қазақ тілінің тарихи лексикографиясы: филол. ғыл. канд. ... автореф.: 10.02.02. - Алматы, 2008..

2. Малбақов М. Қазақ лексикографиясының тарихы: филол. ғыл. канд. ... автореф.- Алматы, 1992.

3. Жиенбаев С. Сөздіктің мақсаты мен жасалу принциптері //ҚазССР ҒА Хабарлары. 3-шығуы. -Алматы, 1945.

4. Уфимцева А.А. Лексическоезначение: Принцип семиологического описаниялексики.- 2-е изд.- М.: Едиториал УРСС,2002.

5. Хасанов Ғ. Сөздің лексикалық мағынасының құрылымы (Қазақ тілі материалдары бойынша): Филология ғыл. канд. ғыл. дәрежесін алу үшін дайындалєан дисс. -Алматы, 1997.