Саматова Гүлнұр Әмірханқызы

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетнің студентіі, Қостанай қ., Қазақстан

 

СЫРБАЙ МӘУЛЕНОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ

ФОНЕТИКАЛЫҚ ҚҰБЫЛЫСТАР

 

         «Әр тілдің өзіне ғана тән дыбысталу заңдылықтары – сол тілді дербес тіл етіп тұратын белгілердің бірі» [1, 7] – десек, сол тіл өзге тілдерден сөз қабылдамай тұра алмайды. Ондай сөздер халықтың «қара қазанында» (айту машығы, артикуляциясы деген мағынада) қайта қорытылып, азды-көпті дыбыстық өзгерістерге ұшырап тұрады. Дыбыстық өзгерістер әр түрлі болуы мүмкін. Кірме сөздің құрамындағы кей жат дыбыстар төл дыбыстармен алмастырылып, кейбір дыбыстар, ара-тұра буындар аласталып, керісінше, енді бір дыбыстар мен буындар жамалып айтылуы заңды. Сөйтіп сөз сапалық та, сандық та өзгерістерге ұшырайды. Мұндай өзгерістер төл сөздерде де болып жатады.

         Фонетикалық құбылыстар – сөздің құрамында болатын әр алуан дыбыстық өзгерістер. Тіл білімінде мұндай өзгерістердің әрқайсысының атауы бар. Олар: протеза, эпитеза, редукция, абсорбция, синкопа, гаплология, эпентеза, метатеза, апакопа, элизия т.б. Енді осылардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталайық.

         Протеза (грек. prothesis – алдында тұру) – сөздің алдынан басы артық дыбыстың қосылуы. Бұл кірме сөздің айтылуын жеңілдету үшін, тілдің табиғатымен үйлестіру үшін қажет. Мұндай дыбыс дауысты да, дауыссыз да болуы мүмкін. Қазақ тілінде протеза болатын негізінен қысаң дауыстылар. Олар л, р дыбыстарынан басталатын кірме сөздердің алдына жамалады. Олай болатыны қазақ тілінде лақ, лап, лау, лық, лып, лоқ-лоқ, лүп-лүп сияқты он шақты еліктеуіш болмаса, байырғы атауыш сөздер бұл дыбыстардын басталмайды

[3, 103].

         Ы: лаж, лай, лас, лашын, лау («Ылау деп, үй деп дікілдеп» Абай), рас, рақат, разы, рай, рақмет, рақым, радио, разъезд, ранг, рапсодия, рация.

         І: леген, лекер, леп, рәсуа, рәсім, рәуіш, рет, реніш, ребус, революция, регресс, редукция, рельс, республика, Ресей.

         Ұ: рұқсат, рух, ру, Лұқпан.

         Ү: Рүстем, үрөл (роль).

         Қазақ тілінде протезаның күші елеулі, өз алдына буын болып тұрады. Протезаны ескермеу өлеңге үлкен нұқсан болар еді.

 

Күрс етті кеп тау шыңын

Жібергендей ылақтырып.

Құйды бір кез жаңбырын,

Ашуы оның шарт сынып. [4, 39]

 

Жел қарғиды қарағайдан секіріп,

Соның ілебі бұтақтардың дірілі.

Тынып бір сәт жатты ұйықтап кекілік,

Тек құлақта бұлақтардың гүрілі. [4, 41]

 

Суаттың суы мол емес,

Суылдай берер құрақтар.

Ойыны бейне төбелес,

Алысады ылақтар. [4, 34]

 

         Сырбай Мәуленовтің бұл өлең шумақтарындағы протеза жақсы қолданылған. Ылақтырып, ілебі, ылақтар деген сөздер айтылу барысында лебі, лақытырып, лақтар деген сөздерге бір күш, ауырлық түсіріп тұрғандай айтылады.

 

         Эпентеза (гр. tpenthesis – қыстырылу) – сөз ішінде дауыссыздардың арасына дауыстының қыстырылуы. Бұл да сөздің айтылуын жеңілдетуге негізделген. Ертеректе тілімізге еніп, айтылуына орай жазылатын бөрене (бревно), жеребе (жребий), кереует (кровать), көпене (копна), кінәз (князь), пүліш (плюш) сөздеріндегі дауыстылар соның айғағы [3, 103].

 

Ай сәулесі көрінеді кестедей

Нәзік саусақ біздің қыздар тоқыған.

Алтын атырап күмбез болып көшкендей

Жарқ-жұрқ еткен тырактордың отынан. [4, 41]

 

         Орыс тілінен енген трактор деген сөздегі дауыссыз дыбыстардың арасына ы дауысты дыбысы қыстырылып тұр. Негізінен өзге тілдегі кей сөздерді қазақ тіліне ұқсатып баламалап айту қазақ халқына тән қасиет. Бұл мысал соның айғағы болса керек.

 

         Редукция (лат. reductio – қайта оралу, кейін ысыру) бұл да дауыстыларға байланысты құбылыс. Сөз ішіндегі дауыстының көмескіленуі. Редукцияға ұшырайтын да қысаң дауыстылар.

         Қазақ тіл білімінде әдетте, редукцияға орны (орын-ы), ерні (ерін-і), мұрны (мұрын-ы), қарны (қарын-ы) сияқты сөздердің құрамындағы қысаң дауыстылардың түсіп қалуын жатқызады [2, 361].

 

Қос қанатын дүр сілкіп,

Жан-жағына қаранып.

Садақ мойнын иілтіп,

Сылаң қағып таранып. [4, 46]

 

 

         Сырбай Мәуленовтің «Аққу» өлеңінде мойынын деген сөздің ы дауысты дыбысының көмескеленуі арқылы  мойнын деп редукцияға түсіп тұр. Сөздердің арасында тек оқылу барысында дауыс ырғағының өзгеруі байқалады.

 

         Диэреза (гр. diairesis – ажырау, бөліну) – айтуға ыңғайлы болу үшін жеке дыбысты немесе буынды ығыстыру, шығарып тастау.

         Орфография бойынша сс, лл, мм, тт, ст, сть, зд дыбыстар тіркесіне біткен сөздерге қосымша жалғанғанда түбірдегі соңғы дауыссыз түсіріліп жазылады: прогреске, класқа, металы, грамы, текстер, тресіне, поезға т.б.

        

 Қазбек, сан таулардан асқақ қарап,

Шатырың құдіретті жайып қанат.

Жарқырап тұр жүзінен нұр төгіліп,

Бұлттан да әрі асып монастырың. [4, 238]

        

         Бұл өлең жолдарында монастырь деген сөзге –ың қосымшасы жалғанғанда түбірдегі соңғы ь жіңішкелік белгісі түсіріліп монастырың деп жазылған. Сөздердің арасында аса айырмашылық байқалмайды.

        

         Апокопа (гр. apokope – шолтию) – сөздің соңындағы дыбыстың түсіп қалуы. Орыс тілінен енген: алимент (алименты), газет (газета), консерв (консервы), минут (минута), пар (пара), секунд (секунда), шахмат (шахматы), шпал (шпалы) сияқты сөздердің соңындағы екпінсіз дауысты түсіп қалған

[3, 104].

 

Бардың сен жауған оққа да,

Бардың сен жауған отқа да.

Палуандай белді буып ап,

Түстің сен жиын, топқа да. [4, 40]

 

Құп болып барлық айтқаның,

Естің сен қызыл желдей боп.

Алған бір беттен қайтпадың,

Тасыған мұзды селдей боп. [4, 41]

 

Күрс етті кеп тау шыңын

Жібергендей лақтырып.

Құйды бір кез жаңбырын,

Ашуы оның шырт сынып. [4, 39]

 

Қоңыраулы өзен,

Қоңыр кеш,

Көк шымылдық ашылған.

Мөлдір кеш, нәзік со бір кеш,

Бардай-ақ сыры жасырған. [4, 48]

 

Құзардан құламалы аттан салып,

Со бір су құз қайнардан жатқан ағып,

Кей кезде көкпеңбек боп мөлдірейді,

Құйылған көк шыныдай тақталанып. [4, 49]

 

         Мұндай құбылыс батыс тілдерінде жиі кездеседі. Орыс тіліндегі чтобы-ның орнына чтоб деу де осыған жатады. Аз да болса, қазақ тілінде де апокопа ұшырасатындығы жоғардағы өлең жолдарындағы ап (алып), боп (болып), кеп (келіп), со (сол) сөздері дәлел болса керек.

 

         Метатеза ( гр. metathesis – орын ауыстыру) – сөз ішіндегі дыбыстардың не буындардың өзара орын ауысуы.

         Қазақ тілінде қатар келген пк, пқ дыбыстары кп, қп түрде орындарын ауыстырып айтылады:

тепкі текпі

тепкішек текпішек

түпкір түкпір

әпке әкпе

әпкел әкпел

әпкіш әкпіш

 

         Бұлар осылай айтуда да, жазуда да жарысып жүреді. Ал өкпе (өпке), қақпа (қапқа), қақпан (қапқан) осылай қалыптасқан. Әдеби тілдегі лағынет, нағылет те метатезаның ісі.

 

Жақпарлы құздар жаңғырып,

Дауылмен бірге дауыстап.

Көзіңнің жауын алдырып,

Әдейі қашып алыстап; [4, 45]

 

Түн қанаты түскенінде судырлап,

Жатсаң жерге құлақ қойып тың тыңдап,

Үн толқыны шыңға соғып шыңылдап,

Қайта айналып тіл қатқандай сыбырлап,

Түн қанаты түскенінде судырлап. [4, 42]

 

Жел еседі делебесі қозғандай,

Бұлт бетіне бір өлеңді жазғандай,

Келіншек тау көк орманын көтеріп,

Көрінеді маған қолын созғандай. [4, 43]

 

         Бұл өлең жолдарында жақпарлы, судырлап, делебесі деген сөздер жергілікті тіл ерекшеліктеріне байланысты пайда болған сөздер. Батыста солай қолданылса солтүстікте көбіне қатпарлы, саудырап, делбезесі деген сөздер қолданылып, метатеза сөздердің дамуында ерекше құбылыс саналатындығы байқалып тұр.

 

         Эпитеза протезаға қарама-қарсы, дыбыстың сөздің соңында қосылуы.

Мысалы: қаса батыр (қас батыр), тапа тал түсте (тап тал түсте), тұпа-тұра (тұп-тура), немесе сазай (саза), тақтай (тақта), мүлдем (мүлде).

 

Шығуына шексіз-шетсіз егіннің

Мол болғаны қандай жақсы жеріңнің.

Ұша берсең, ұшы-қиыры көрінбес

Кең болғаны қандай жақсы көгіңнің! [4, 43]

 

         Ұшы-қиыры деген сөз бен ұш-қиыр деген сөздің арасында мағыналық ерекшелік онша сезілмейді, тек оқылу барысында интонациялық өзгеріс анық байқалады.

 

         Элизия (лат. elisio – ығыстыру) – бунақтағы сөздердің арасында қатар келген екі дауыстының алдыңғысының түсіп қалуы.

         Мысалы: қарала (қара ала), сарала (сары ала), торала (торы ала), алалмады (ала алмады), айталмады (айта алмады), жоғаріл (жоғары іл), жақсөнер (жақсы өнер), жақсөлөң (жақсы өлең), жыйырмалты (жиырма алты), екайғыр (екі айғыр), мынадам (мына адам), алешкі (ала ешкі). Мұны контактілі элизия дейміз.  Ал осы уақытқа дейін редукция түрінде танып келген орны (орын-ы), ерні (ерін-і), мұрны (мұрын-ы), қарны (қарын-ы) сияқты құбылысты контактісіз элизия дейміз. Өйткені екінші буындағы (орын, ерін, мұрын) дауыстының түсуі тек қосымшаның басындағы дауыстымен байланысты болып келеді [3, 105].

 

Көк жүзінде дөңгелеген кептердей,

Сүттей аппақ жарқырайды жазғы ай.

Аспан беті ашық жатқан дәптердей,

Ал жұлдыздар соған түсен жазудай. [4, 42]

 

Не деп қана айта аларсың құс тілін,

Күннің көзі шашқанында ұшқынын,

Көктем келіп қуғанында құс күнін,

Бүкіл дала өзгерткенде түс-түгін,

Не деп қана айта аларсың құс тілін. [4, 42]

 

         Көбіне элизия айтылу барысында дауыс ырғағы арқылы жасалатындығына көз жеткіздік. Осы өлең жолдарындағы жазғы ай, айта аларсың  деген сөздер оқылу немесе айтылу барысында жазғай, айталарсың деп ы, а дауысты дыбыстарының түсіріліп қалуы арқылы жасалады.

 

         Гаплология (гр. haploos – жеке, жай – логия) – сөз ішіндегі біркелкі (ұқсас) буындардың бірінің түсіп қалуы.

         Мысалы: балдар (ба-ла-лар), арластыр (а-ра-лас-тыр), минералогия (минералология), трагикомедия (трагикокомедия).

 

Әуені жаңғырығып алты қырдан,

Ұшқандай қанат байлап ән тұғырдан.

Жоңғардың қақпасының қоңыр желі

Көтеріп әкеткендей қолтығыңнан. [4, 44]

 

Ұмытпан Сыр жағасын,

Жаста өскен мекенім.

Бір кеудемде ағасың

Торғайменен екеуің. [4,46]

 

         Әкеткендей деген сөз алып кеткендей деген сөздің, ұмытпан деген сөз ұмытпайм деген сөздің гаплологиялық өзгеріске түсуі арқылы жасалған. Сөздердің аражігі бір-бірінен алшақтамаған.

 

         Сырбай Мәуленовтің жыр жолдарында тек қана жоғарда көрсетілген троп түрлері ғана емес, өзге сөз ішіндегі дыбыстар мен буындардың түсіп қалуын әр қырынан қарастыратын түрлері де кездеседі.

 

 

 

Пайдаланылған әдебиет тізімі:

1 Сыздықова Р. Сөз сазы (Сөзді дұрыс айту нормалары). Алматы, 1983.

2 Аханов К. Тіл білімінің негіздері. 2-басылымы. Алматы, 1987.

3 Мырзабеков С. Қазақ тілінің фонетикасы. Алматы, 1993.

4 Мәуленов С. Өлеңдер, поэмалар, балладалар, аудармалар. Алматы, 2010.