Ф.ғ.к. Өтебаева Эльмира Әбдіғалиқызы
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі
институты
Теңеу
мәнді тілдік бірліктердің аймақтық ерекшеліктері
Қазақ
халқының тілінде дәстүрлі норма болып
қалыптасқан, жалпыхалықтық деңгейде қолданылатын,
баршаға түсінікті әдеби сөздермен қатар
түрлі аймақтарда түрліше айтылып, өзгешеленіп
тұратын сөздер мен сөз тіркестері көптеп
ұшырасады. Қазақ тіл білімінде мұндай қолданыстар
жергілікті ерекшеліктер (диалектизмдер) немесе аймақтық
сөздер деп аталады. Тілдік қазынамызды байытатын жергілікті тіл
ерекшеліктеріндегі нұсқалардан теңеулерді қарастыруды да жөн көрдік.
Ұлттық
тілге арқау болған негізгі диалект ұлттық тілді
қалыптастыруда жазба әдебиет арқылы жетекші қызмет
атқара алады. Ондай диалект әдеби өңделген формада
әдеби тілге негіз болып қаланады. Ал басқа диалектілер
белгілі дәрежеде өзінің тұрақтылығын
сақтағанмен, уақыт озған сайын оған әдеби
тіл күшті әсер етеді, ақыр аяғында ұлттық
тілдегі диалектілер өзінің ерекшеліктерін жояды. Бүкіл халық
әдеби тілде сөйлейтін болады. Бұл процесс
(диалектілердің біртіндеп жойылу процесі), әрине, тез арада бола
қоймайды, мұның өзі бірсыпыра уақытты керек етеді
[1, 471 б.].
Диалектілік
сөздер бүкілұлттық лексиканың
құрамына кіреді, бірақ олар жалпыхалықтық болып
есептелмейді, өйткені олардың басым көпшілігінің
жалпыхалықтық тілде баршаға түсінікті баламалары бар.
Десек те, тілдегі «диалектілік ерекшеліктері егжей-тегжейіне дейін қамтылып
ескерілмейінше, ешбір ұлттық яки халықтық тілдің
ғылыми тарихы жасалмақ емес. Өйткені диалектілік
құбылыстар тілдерде кездейсоқ пайда болмаған,
олардың халық тілінде өмір сүруінің әр
алуан тарихи-лингвистикалық сыры бар» [ҚТАС, 3].
Этнос тілінің
тілдік табиғатын айқындауға тікелей қатысты
лингвистикалық пәндер: этимология, диалектология, ономастика,
фразеология, паремиология, терминология, лексикография т.б. тілдік деректерді
өз мүддесіне қарай зерттеп, білуге бағышталады.
Бұл лингвистикалық пәндердің бірі – диалектология мен
этнолингвистика аясында болатын өзара табиғи байланысты академик
Ә.Қайдар былай шендестіреді: «Этнолингвистика жергілікті тіл
еркшеліктерін зерттейтін диалектологиямен мүдделес. Бұл –
этнолингвист ғалымдар этнос болмысын танып-білуге қатысты
жарияланған диалектологиялық материалдарды да, өз
тұсынан жиналған фактілерді де пайдаланады деген сөз.
Этнолингвистиканың диалектологиямен шендесуі ең алдымен
біріншісінің түбегейлі мақсатына байланысты: ол этносқа
қатысты деректердің бәрін тіл қорының
қойнау-қойнауларын тінте қарап, тірнектеп жинап, түгел
қамтуды көздейді. Ал, диалектология болса әдеби тілдің
«сыртында» жатқан, сонау тайпа тілінен бастау алып, жергілікті
тұрғындар қолданысында сақталып келе жатқан
көне де байырғы сөздерді, көрші халықтар тілінен
әр кезде қабылдаған ауыс-түйістерді, жергілікті
кәсіпшілікке байланысты ұғым-түсініктерді
жинақтап, түсіндіру арқылы этнолингвистиканың бастау
алар бұлақтарының бірі болып саналады» [2, 15-16 б.].
Әдеби тілде қолданылмайтын сөздердің бәрін
диалектизм, аймақтық сөздер, жергілікті ерекшеліктер
қатарына жатқызуға болмайтыны белгілі. 22 мың
сөз бен сөз тіркесін қамтитын «Қазақ тілінің аймақтық сөздігінде» -дай, -дей,
-тай, -тей арқылы жасалған салыстыру, теңеулерді
өз алдына жинақтадық. Мәселен, -дай,
-дей, -тай, -тей арқылы жасалған 133 теңеу
мәнді тілдік бірліктер берілген. Әрине, оның бәрін біз диалектілік ерекшеліктер деуден аулақпыз. Сол 133 тілдік
бірліктердің ішінде халық арасына кең тарап, әбден
қалыптасқан 70-тен астам халықтық теңеулер бар.
Тілімізде аймақтық ерекшелігі бар
сөйленістерде, жалпылық сипат алмаған, тек белгілі бір
аймақ халқына ғана түсінікті теңеу мәнді
тілдік бірліктер баршылық. Олар белгілі бір аймақтарда түрлі
жағдаяттарға байланысты жасалып, уақыт өте келе
тұрақты тіркес дәрежесіне көтерілген. Бұл тілдік
бірліктердің қалыптасуына географиялық, этномәдени,
тарихи-әлеуметтік және тілдік факторлар негіз болады.
Соның ішінде үлкен,
кішкентай деген сөздерге берілген аймақтық теңеулер
өте көп кездеседі. Қазақ тіліндегі аймақтық
сөздердегі «үлкендік», «ірілік», «ұсақтық»,
«майдалық» ұғымы мейлінше кеңінен, терең
танылған ұғымдардың бірі болып табылады. -дай, -дей,
-тай, -тей жұрнақтары «кішірейту», «үлкейту»
мағынасында өте көп кездеседі. Кей кезде -дай, -дей арқылы туған кейбір «кішірейту»
мағынасынан гөрі іс-әрекет, қимылдың
көрінісіне байланысты белгілері басым болады. Бұл сөздердің қолданылу аймағы, шегі
(изоглосы) болғанымен, олардың әдеби тілде баламалары бар.
Сонымен,
аймақтық сөздікке енген тіліміздегі «үлкен», «кіші»
семаларын білдіретін -дай, -дей
тұлғалы теңеу мәнді тілдік бірліктерді ара-жігін ашып
көрсетуге болады (қосымша А-ға қараңыз). Ал енді
мұндай мағынадағы лексикалық бірліктердің
біршамасына тоқталып өтсек.
Аймақтық қолданыстағы
«үлкен» мағынасын білдіретін теңеу мәнді
лексикалық бірліктер
Апанаттай-кенепаттай – «үлкен», «зор» деген мағынаны
үстейді. Бұл қос сөзді теңеу көбінесе
Қарақалпақстан өңіріндегі
қазақтардың тілінде кездеседі [ҚТАС, 64 б.]. Дәңгілдей – «үлкен»,
«еңгезердей». Бұл теңеу мәнді сөз негізінен
еліміздің батыс аймағындағы тұрғындардың
және көршілес жатқан Түркіменстан
қазақтарының тілінде айтылады. Мысалы, Темір дәңгілдей
адамды да жықты. Сақалың дәңгілдей
болып, ол жерде саған не бар. Алайда, қазақ әдеби
тілінің сөздігінде дәңгіл
сөзі «бос кеуде, әупірімшіл» мағынасында берілген
[ҚӘТС, 4, 567 б.]. Дырауындай сөзі – «еңгезердей», «ер
тұлғалы» деген мағынада Қостанай, Жезқазған
өңірлерінде айтылса, ал Орал, Маңғыстау
өңірінде дырдай сөзі
«ересек», «ірі денелі» (адам туралы) деген мағынада қолданылады.
Мысалы, Үйге дырауындай екі жігіт кіріп келді. Кеңсе алдында бір дырдай бала тұр еді, сол сен
екенсің ғой. Баласы дырдай
жігіт болыпты. Даудың басы қылдай, аяғы дырдай [ҚТАС, 206 б.]. Зіңгірдей – «үлкен», «сомадай». Зіңгірдей сөзі Тәжікстан
қазақтарының тілінде кездеседі. Мысалы, Тайыр зіңгірдей жігіт
болыпты [ҚТАС, 294 б.]. Кестапандай сөзі Атырау өңірінде «үп-үлкен,
сомадай, қолақпандай» деген мағынада қолданылады.
Мысалы, Кестапандай қара
шұбар бақаны әжесінің тірідей шайнағанын
көргенде, Салиманың жүрегі айнып, көзі қарауытып
кеткен (Ғ.Сыланов). Мауыздай сөзі
еліміздің батыс және оңтүстік,
оңтүстік-шығыс аймақтарында «ірі, еңгезердей»
деген мағынада қолданылады. Мысалы, Айдың-күннің аманында қара жерді қолымен
тырналап тары салатын. Сол әлдерінше шетінен мауыздай, дығал (Б.Аманшин).
Апшыққандай (Рес., Сарат.) – ірі, үлкен; Дабырадай (Шымк., Кел.) – үлкен,
зор; Даңғарадай
(Семей, Абай) – үлкен, кең,
зор; Деренедей (Алм.: Шел.,
Кег.; Тау., Қош.) – еңгезердей,
дардай; Дөңдей
(Сем., Абай) – ірі, зор
(дөңдей өгіз); Гүпсердей
Маң., Шевч.) – ірі, зор,
күжердей; Дәсердей болу
(Қост., Жанг.) – әлдеқандай
болу, маңғазсу; Діңдей
(Сем.: Ақс., Көкп.; Алма., Іле) – дыңдай, үлкен, зор; Жардай атан (Қ.орда, Қарм.) – әбден семіріп, екі өркеші екі баладай, тіп-тік, өзі биік жар сияқты
ірі, айтарлықтай толысқан, бабына келген атан; Жігердей (Гур., Маңғ.) – сабаудай, діңдей; Зыңғыттай (Сем., Абай;
Қ.орда, Сыр.) – дардай,
соқталдай, зіңгіттей; Зіңгілдей
(Гур., Маңғ.) – үп-үлкен,
зор Кеусердей (Гур.,
Маңғ.) – үп-үлкен;
Көнектей (Жамб.,
Қ.орда) – өте үлкен; Күжімдей (Гур., Маңғ.)
– күжбандай, еңгезердей; Мамадай (Ауғ., Ир.) – үлкен, қартайған; Сәліңгірдей (Орал: Орда;
Гур., Маңғ.) – еңгезердей, зор, үлкен; Талақандай (Түрікм., Таш) –
далиған, үлкен.
Аймақтық қолданыстағы «кіші» мағынасын
білдіретін теңеу мәнді лексикалық бірліктер
Сақадай –
Атырау өңірінде «кішкентай» деген мағынаны білдіреді. Мысалы,
Сақадай кітап [ҚТАС, 573
б.]. Ал әдеби тілімізде бұл сөз «ірі, үлкен, дәу» деген мағынаны түсіндіреді.
[ҚТТС, 8, 105 б.]. Мысалы, Малдарды айдап апару үшін с
а қ а д а й он
жігітті таңдап алдық
(Ә.Нұрпейісов). Ерткен есепсіз көп дивизиясы, С
а қ а д а й солдаттары сайдың тасы. Бастаған батыр
қолды Әлібидің Қырықтың ортасынан
асқан жасы (О.Шипин). Сонымен қатар, қазақ тілінде
«талапқа сай, тап-тұйнақтай» деген мағынаны үстейтін
сақадай сай тілдік бірлігі бар. Мысалы, Біздің атқыштар ротасы да атакаға сақадай
сай болатын (С.Нұрмағанбетов). Зарадай – «зәредей, титтей,
болмашы». Бұл сөзді Жамбыл өңірінің
тұрғындары қолданады. Мысалы, Зарардай жазым болып қылдан тайса, Алдымнан қожа,
молда, ишан кетер [ҚТАС, 285 б.]. Шүкіметтей – «кішкентай, титтей». Бұл сөзді көбінесе Қызылорда
өңірінің тұрғындары қолданады. Мысалы, Осы кезде баланың шүкіметтей кішкене мұрны тырбиып, томпиған
бүйрек бетімен бірдей болып кетті [ҚТАС, 768 б.]. Шиттей
– «кішкентай». Бұл сөз көбінесе Ақтөбе
өңірінде кездеседі. Мысалы, Мына
бір шиттей шәйдің несін
беріп тұрсың, өзің-ақ ал [ҚТАС, 756
б.]. Баспақтай болу тіркесі Моңғолия
қазақтарының тілінде айтылып, «кіп-кішкене болу» деген
мағынаны береді. Мысалы, Баспақтай боп жатқанын қарашы! Ал
әдеби тілімізде баспақтай
теңеу сөзі «үлкен, добалдай» деген мағынаны береді
[ҚӘТС, 3, 60 б.].
Битімдей (Жезқ.,
Ұлы.) – кішкентай; Біттей (Көкш., Щуч.)– кішкентай, биттей; Дүмшедей
– кішкентай, домаланған
(домалақ, жұмыр нәрсе туралы); Китімдей (Ақт.,
Қараб) – кіп-кішкентай; Күттай//кіттай
(Шығ.Қаз., Сем., Ақс.) – кіп-кішкентай,
титтей, құрттай; Қадашадай
(Алм., Кег.) – кішкентай; Қауашадай (Алм.: Кег., Нар.) – кішкентай; Қиттай
(Өзб.) – өте кішкентай; Құртақандай
(Гур.: Маңғ.; Орал: Қазт., Чап.) – құрттай, кішкентай; Құртамаштай
(Гур.: Маңғ.; Орал: Қазт., Чап.) – кішкентай; Құттай (Рес., Орын) – кішкентай; Қырттай
(Орал: Орда, Қазт.) – құрттай;
Минаттай (Гур., Маңғ.) – өте кішкентай; Митақандай (Гур.,
Маңғ.) – кішкентай, шиіттей; Монданақтай
(Алм., Нар.) – моншақтай; Мұттай (Қ.орда, Арал) – кішкентай, шағын ғана; Мұштай
(Түрікм.: Ашх., Таш.; Өзб) – кішкентай,
жұдырықтай; Мінендей (Гур., Маңғ.) – кішкентай;
Міриттей (Гур., Есб) – кішкентай;
Пыштай (Жезқ.,
Ұлы.; Қост., Об.) – кішкентай;
Сақадай (Гур., Маңғ.) – кішкентай; Сәлдекендей
(Гур., Шевч.) – кішкентай адам; Тұянадай
(Орал, Чап.) – мұқият, жинақы, кішкентай; Тинақандай
(Түркім., Красн.) – кішкентай,
құрттай; Тинамдай (Көкш., Қ.ту) – кішкентай; Түймештай (МХР) –
кішкене; Тынамдай (Сем.,
Мақан.) – кішкентай; Шитақандай//Шыйтақандай
(Маң.: Маңғ., Шевч.; Түрікм.: Таш., Тедж.) – кішкентай, құйттай,
құртақандай; Шынамдай (Алм., Жам.) – өте кіші,
кішкентай, мардымсыз; Шікідей//шікедей (Түрікм.:
Красн., Небид., Ашх., Таш., Мары: Маң.: Шевч., Маңғ.) – кішкентай, құрттай; Шіп-шікетай
(Маң.: Маңғ., Шевч.) – кіп-кішкентай.
Сонымен, қазақ тіліндегі -дай, -дей, -тай, -тей
тұлғалы теңеу мәнді тілдік бірліктердің
аймақтық ерекшеліктегі көрінісін талдау барысында,
аймақтық ерекшелікте үлкен,
кішкентай деген сөздердің мағынасын беретін
теңеулер өте көп кездесетіні байқалды.
Қазақ тіліндегі аймақтық сөздердегі
«үлкендік», «ірілік», «ұсақтық», «майдалық»
ұғымы мейлінше кеңінен, терең «танылған»
ұғымдардың бірі болып табылады. «Үлкен», «кішкентай»
ұғымын білдіретін сөздер әдеби тілде әбден
қалыптасса да, олардың жергілікті тілде дыбыс алмасуы, буын алмасуы
арқылы өзгерген варианттары бар екені белгілі болып отыр.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1.
Аханов К. Тіл білімінің негіздері. – Алматы: Санат,
1993. – 496 б.
2.
Қайдаров Ә. Қазақ тілінің
өзекті мәселелері: Актуальные вопросы казахского языка. – Алматы:
Ана тілі, 1998. – 304 б.
Сөздіктер:
1.
Қазақ
тілінің әдеби сөздігі. – Алматы: Арыс, (І-VІІІ т.,
2005-2010).
2.
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі.
–Алматы: Ғылым, (І – Х т., 1974-1986).
3.
Қазақ тілінің аймақтық
сөздігі. – Алматы: Арыс, 2005. – 824 б.