Гүлмира
ӘШІРБЕКОВА,
Қорқыт Ата
атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
Қазақ тілі мен
әдебиеті және журналистика кафедрасының аға
оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты
Сүлейлер
шығармаларындағы эпистолярлық публицистика
Қазақ публицистикасында әлі күнге толықтай
зерттеліп, ғылыми айналымға түспеген эпистолярлық
жанрлардың түп-төркіні ертеде жатыр. Ресейлік ғалым
Е.В.Прохоров «Публицистикалық эпистолография» атты еңбегін
кеңестік заманда жазып қойған. Ұлттық
публицистикадағы эпистолярлық жанрларға қатысты
Б.Жақып, К.Қамзин ғылыми еңбектерінде біршама
тоқталған.
Эпистолярлық публицистиканың жауынгер жанры – хаттың
тарихы өте ерте замандардан бастау алады. Бұл туралы ғалымдар
алғашқы адамдар дүниеге келіп, бір-бірімен хабар,
ақпарат алмасу мақсатында алдымен белгі, сурет, бейнелер
арқылы байланысса, кейіннен хаттардың көмегімен елдік
мәселелерді де шешіп отырған. Бұл туралы профессор
Б.Жақып: «Ежелгі замандардағы жазба мәдениеттің
көп таралған ертедегі көріністерінің бірі-
шаруашылық, дипломатиялық және жеке жолдаулар мен хаттар
болды. Бұл тарихи есткерткіштердің бір тобы – ресми сипаттағы
қызметтік құжаттар болса, енді бір парасы – тұрмыстық,
отбасылық, достық сипаттағы жеке адамдар арасындағы
хаттар болды. Кейбір хаттарда қоғамдағы маңызды
мәселелер қозғалып, саяси көзқарас,
әлеуметтік идеялар көрініс тапты. Міне дәл осындай
жолдаулардан келіп публицистикалық эпистолографияның
алғашқы көріністері туды»[1,17],- деп жазады.
Қарапайым сәлемдесуден басталатын ақпарат алмасудың
ауызша, жазбаша түрлері қатар қалыптасқан. Ғалым
Б.Жақып осы жайды ескере келіп, публицистиканың ауызша және
жазбаша түрі қатарласа дамыды деген пікірді айтады. Қазіргі
таңда ақпарат алмасудың технологиясы дамыды.
Бұрынғыдай айшылық алыс жерлерге ат шаптырып, шабарман
жіберіп, сәлем айтпайды, компьютердің көмегі
ғаламтордың шексіз мүмкіндігінің арқасында азуын
айға білеген Америкамен де үйде отырып тілдесуге болады. Ертеректе
ақпарат алмасу кезінде бір елмен екінші елдің арасына жіберілген
жаушылар, елшілер берілген ақпаратты жол бойы ұмытып қалып,
жеріне жеткенше мүлдем өзгерген күйінде хабарланған.
Ақпараттың мағынасының бұзылуынан талай рет
шайқас та болған. Хат – адамдар арасындағы ақпарат
алмасудың көне түрі. Сондықтан оның
қоғамдық, әлеуметтік, саяси маңызы зор.
Сыр сүлейлері шығармаларында хаттың поэзиялық
түрі керемет дамыған. Оның мысалын біздің
жұмысымыздың негізгі нысаны ретінде алынып отырған
ақын-жыршылардың мұраларынан анық
аңғарамыз. Әсіресе хат үлгілері олардың
арасындағы жазба айтысында кеңінен көрініс табады. Айтыс –
қазақ халқының қаймағы бұзылмай
бүгінгіге жеткен ата-бабадан қалған рухани мирас. Жазба айтыс
кезінде ел арасында хаттар арқылы тарайтын болса, кеңестік
кезеңде мерзімді баспасөз арқылы жарияланған. Профессор
К.Қамзин осындай ерекшеліктерді ескере келіп, поэзиялық
публицистиканың қалыптасқанын да айтады.
Қоғамның әлеуметтік мәселесін, саяси
бағыт-бағдарды, экономикалық жағдайды талқылаған
тұста ақын-жыршылар алмастай өткірлік танытады. Өзекті
әрі маңызды мәселелерді сөз еткендіктен, оның
көркемдігінен гөрі деректілігіне, заманмен үндестігіне,
мезгіл тақырыбын сөз етуіне көбірек көңіл
бөлетініміз сондықтан.
«Ауызекі стильді мәдениеттендірудің,
өркениеттендірудің басы қара хат жазысу, хат алмасу
дәстүрі болса керек. Ондай жөн-жосық қазақ
тарихының ежелгі дәуірлерінен бастау алатындығы, хат алмасу
байланыс бекеттерін дүниеге келтіргендігі турасындағы мысалдар да
мол. Информация, хабар-ошар аттандыру тек ішкі мәселелермен шектеліп
қалмаған, ол сыртқа да шығандап шыққан»[2,187]-
деген тұжырым біздің ойымыздың негізгі тірегі болмақ.
Сыр сүлейлерінің арасында бір тақырыпқа бірнеше
адамның үн қатуы жиі кездесіп отырады. Тіпті айтыстың
өзінде осындай мысалдар жетерлік. Мәселен, Шораяқтың
Омары мен Таубайдың Жүсібі біріге отырып, Ботабайдың баласы
Әбішке қарсы хат жазады.
«Баласы «батыр» Әбіш Ботабайдың,
Өлшеусіз озат сөйлеп жолдан тайдың»[3,176]-
деп
басталатын хатта ел билігін ұстаған Әбішке біраз
сын-ескертпелер жасайды. Оның сарт, ноғайдың шайына малданып,
қызғаныш пен іштарлықтан аулақ болуды қаперіне
салады.
«Жаңғалақ, жаһіл өскен
дарбағайдың.
Аптығып, саспайтұғын сабырлы бол,
Басшысы босаң да сен, бір крайдың.
Екінші ескерсін деп сөздің парқын,
Қолынан хат тапсырдым Ыбырайдың»[3,176].
Осыдан кейін Таубайдың Жүсібі Әбішке жақтасып,
Шораяқтың Омарына хат жазады. Өлеңде Жүсіп Шораяқтың Омары айтқан
әрбір сыни пікірге талдау жасай отырып, мысалмен жауап қайтарады. Асан
шайқының дария жағасында сұқбаттасып
отырған ер мен әйелдің үстінен түсіп,
«ішкені-арақ, тартқаны- саз» деп жала жабуы, сол сәтте күшті дауыл
тұрып, дариядағы кемеге қауіп төнгенде әлгі жігіт
қайсарлықпен құтқарып қалған екен. Ал
жала жапқан шайқы суға батып кетіпті. Осы мысал арқылы
ақын Омарға сіз де жала жауып отырсыз, сондықтан абай
болыңыз деп ескертеді.
«Шайына сарт, ноғайдың» мас болмаса,
Айып па әзіл-қалжың сұхбаттан?
Тіріде әркім өзі теріп жейді
Әзелде несібесін ол таратқан.
«Аузы-әйдік, іші –тардай» іс қылмасқа
Абайлап, жұртқа айтқанша, сіз де сақтан!»[3,179]-
деп
жауап қайтарады.
Осы тұста бір қызығы, айтысқа үшінші кісі
қосылады. Ыбыраш Ержанұлы Омарға жақтасып,
Таубайдың Жүсібіне хат жазады. Ол өз хатында жасы
үлкенге сонша қатты сын айтқан жөнсіз дей отырып, дін
жолындағы молданың шариғатқа берік болғаны абзал
дейді. Ел тізгінін қолына алған Әбішті далаға
лақтырып тастамаймыз, бірақ ол да тазалыққа,
әділдіке жақын болсын деп тілегін айтады. Жүсіптің
Әбішті жақтағанын сынаған Ыбыраш:
«Ғылым-қыз, өлең-ұры, ойла, інім,
Айырылып тура жолдан қапы қалмай!»[3,181]-
деп
қатты ескертеді. Өлең – ұры деген сөзді
Жүсіп алдыңғы хатында Әбішті қорғаймын деп
айтқан екен.
Таубайдың Жүсібі
осындан кейін қайтадан Омарға сын айтады.
«Ей, Омар, әуел бастан сенікі ұят,-
Деу керек, - етпе ісін былшубайдың
Шек салып ағайынның арасына,
Қонысын айырар ол,- деп, - сыбайдың».
Екінші айтсаң маған «қой» деп сонда,
Мін тағып, айтпай кемін мынадайдың.
«Ұлық сөз әбден –халық - сөйлепті»,-
деп,
Айтар ед, ісін жазсаң сен солайдың»[3,182]-
деп
аяқтайды. Хат –адамдар арасындағы жеке тұлғалық
мәселеден елдік тақырыпқа қарай яғни
жалқыдан жалпыға қарай өрбіп отыр. Оның
үстіне бұл айтысты хат жанрына жатқызуымыздың
тағы бір себебі бар. Жоғарыда келтірілген мысалдарда
өлең соңына әр ақын өзінің
қолын қойып отырған. Мысалы, Омар «Қолына хат тапсырдым
Ыбырайдың» десе, «Таубайдың Жүсібі» деп қолын
қойды, Ыбырай «жазушы молда
Ыбыраш ибни Ержан, қолың қой бұл
қағаздың ақырына-ай!», Таубайдың Жүсібі
«жылында мың тоғыз жүз он үшінші, берілді жиырмасында
числа майдың» деп тәмамдаған. Демек хат адресаттан екінші
адресатқа бағытталып отыр. Айтысқа осыдан кейін
Тұрмағамбет төрелік етеді. Бүтін ел болудың
қамын қылыңдар деп ескертеді. 1913 жылы жарық
көрген бұл айтыстың әрі қарай жалғасын Шораяқтың
Омары Әбіш пен Таубайдың Жүсібіне желіктеріңді
басыңдар деп қайта хат жазады. Екеуінің хаты ақырында
жұмбаққа ұласады. Оны шешімін арабша жазған
Жүсіпке арадағы хат тасушылар Омар үнсіз қалды, ел де
сенің араб жазуларыңа түсінбей дал болуда. Сен
қазақша жазып, қайта жолда дейді. Омардың
жұмбағын қазақшалап шешкен Жүсіптің хатын
алғанымен, Омар ұзақ уақыт үнсіз жатады. Осыны
пайдаланған арадағы ағайын сені Жиенбай жырауға
арнаған толғауында айтты деп ақпарат жеткізеді. Ашуға
мінген Жүсіп Омардың абыройына нұқсан келетіндей
«Тәлтиме, талма жүрек, тапал Омар» деп сынайды. Мұндай
ғайбат сөзге шыдай алмаған Омар «тұлпарды есек келіп
тепкендей» деп реніш білдіреді. Осы айтыстың соңғы
нүктесін қайтадан Тұрмағамбет қояды. Бірлікке
шақырған оның осы хатынан кейін жауаптасу тоқтатылады.
Бұл мысалдардан хаттың дискуссияға ұласқанын
байқау қиын емес. Тіпті бірін-бірі сынаған тұстары
сарказмға толы. Ел билігін қолына ұстаған
Әбіштің айналасындағы
айтыстан қазіргі сайлау науқанында кездесетін дау-дамайдың
нышандарын байқаймыз. Дегенмен Тұрмағамбет
ақынның аралық етуі елдің бірлігі мен ынтымағын
бекіте түсетіні даусыз.
Жалпы хат жанрының өзі - жеке адамның туындысы. Оны жария
ету ен етпеуді де автор өзі шешеді. Алайда қоғамдық
маңызы бар мәселелерді хат арқылы талқылауға
болады. «Қазақ оқығандары, көзі ашық,
көреген азаматтары баспасөз мәдениеті әлі
орнықпаған қауымға (жалқы арқылы
жалпыға) дағдылы, үйреншікті жол, композициясы ғасырлар
бойы әбден пісіп –жетілген осындай пішін арқылы тіл
қатудың ұтымды екенін ұғады. Осы ретте
Ә.Бөкейхановтың «Дала уалаятының газетіндегі»
«Ашық хат Жапан баласына» жарияланымын, «Қазақ» газетіндегі
А.Байтұрсыновтың «Досмайыл қажыға ашық хатын»,
М.Дулатовтың «Ашық хатын» қазақ эпистола жанрының
тасқа басылған алғашқы нұсқалары деп
білеміз[2,189]. Сүлейлер шығармашылығы мерзімді
баспасөз беттерінде жарық көрмегенімен, олардан
қалған сөз ел ішінде сақталып, бүгінге жетіп
отыр.
«Сыр өңіріндегі Кете Жүсіп пен Қаңлы
Жүсіптің 1910-1915 жылдары хат арқылы айтысқаны
әдебиет тарихынан мәлім»[4,153],- деп жазады профессор
Т.Еңсегенұлы. Сыр сүлейлерін зерттеушілер хат арқылы
жауаптасқан айтыстарды осы кезге дейін жан-жақты зерттеген. Сыр
сүлейі Шораяқтың Омары мен Нұрмақанның
айтысы жезде мен қайынның қалжыңына ұласады.
Бұл айтысқа да Тұрмағамбет: «құр
қылжақтан тоқтау артық, қадіріңді
кетіргеннен» деп аралық айтады. «Алты ақынның өмір
туралы айтысы» Сыр сүлейлерінің елге айтқан өнегелі,
нақыл сөздерімен ерекше. Өзара өмір жайлы ойларын
өлеңмен ортаға салған ақындардың бұл
айтысы да дискуссиялық хаттардың үлігісіне жатады.
Тұрмағамбет, Омар, Кете Жүсіп, Кете Шахар, Шәді,
Молдағали ақын өмірдің мәнін оқырманына
жан-жақты жеткізіп береді.
«Асылы әділ жолдан қия баспай,
Миуасын тіршіліктің тынбай терсең.
«Күнә» деп, кім айтады, күнелтуді,
Алжаспай адамдықты өтей білсең»[3,194],-
деген
жолдардан оқырманын өрелі ойға жетелейтін ойларды
аңғарамыз. Сыр сүлейлерінің шығармаларын қарастырып отырғанда олардың
шығыс әдебиетінен сусындағанын байқаймыз. Бұл
ойымызды ғалым Ғ.Тұяқбаевтың ойымен де
нақтылай түсеміз. «Шығыс дәстүрінде арнау,
мадақтау, хат үлгісіндегі жырлардың өріс алғаны
осы ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басы. Ал
бұл кезеңдердегі ақындарымыз шығыс әдебиетін
жетік меңгерген болатын»[6,290].
Эпистолярлық публицистиканың хат жанры бірнеше түрге
бөлінеді. Жеке адамдар арасындағы хаттар, ресми,
дипломатиялық деп жіктеледі. Ал мазмұнына қарай ашық
хат, үндеу хат, шағым хат, алғыс хаттар және т.б.
Кезінде «Ана тілі» газеті оқырман хаттарына арналған бетте осындай
түрлерді айдармен бергенін білеміз. Хат үлгісінің халық
арасында, баспасөзде ежелден өз қонар жұрты
болғанына қарамастан, жанр есебінде әлі күнге дейін
жеріне жеткізіле саралана қойған жоқ. Тек профессор
Т.С.Амандосов «Совет журналистикасының теориясы мен практикасы» оқу
құралында «Еңбекші хаттарымен жұмыс істеу»
әдістерін тілге тиек етеді, алайды оның жанрлық
табиғатын сөз ете қоймайды[7,113]. Осы орайда белорус
ғалымы Б.В.Стрельцовтың
хатқа шолудан жанрлық сипат іздегенін де айта кеткен
жөн[8,181]. Кеңес дәуірінде осы мәселеге
Е.Прохоровтың тоқталғанын жоғарыда айтқанбыз.
Зерттеушінің хатты эпистолярлық публицистика, арнаулы жанр дегені,
оқиғалар, проблемалар, адамның қылығы туралы
тікелей адресатқа айтылып, баяндау форасында жазылады деп ой түюі,
автор мен адресат ретінде жеке адам, әлеуметтік топ, еңбек
ұжымдары және т.б. көріне алады, хат иесі белгілі бір пікірді
қостаушы немесе жоққа шығарушы ретінде тіл
қатады, факті мен құбылыс төңірегінде
толғанады деуі бір есептен көкейге қонады.
Ғалымның жеке адамға арналған сөз
көпшілікті елең еткізеді, хаттың стильдік ерекшелігі –
әңгімелесу, монолог, шешендік сөз сықылды байламдары
біздің ойды тұжырымдауымызға негіз болды[9, 321].
Аталған ғылыми тұжырымдарды негізге ала отырып, профессор
К.Қамзиннің пікірі біздің бағытымызды айқындап
берді. «Хат жанрында ежелгі тегінің, байырғы стандартының,
ақындар айтысының, тұрмыстық санаттағы
хаттың сыртқы пішіні сақталып қалған. Екі
жақтың жауаптасуына (контактқа) негізделген
публицистикалық хат жанры тақырып аймағының шекарасында
комбинация жасайды, айтылған ойды шешімге ұластыруға
тырысады»[2,194],- деген тұжырымы оның публицистикалық
мазмұнын аша түседі.
Сыр сүлейлері шығармаларында шағыну хаттары біздің
ерекше назарымызды аудартты. Даңмұрынның Кете
Жүсіптің айтқан сөзіне ренжіп, Кете елінің
азаматтарына арнап жазған шағыну хаттары 1920 жылы жолданған.
Басында жалған әңгіме айттың деп айып тақан
ақындар келе-келе ел ішіндегі жағдайды да кеңінен
сарапқа салады.
«Жастардан Жайдақтайын басшы шығып,
Көшеде сатып жүрген шикі тапа.
Кеңестің шықты небір келеңсізі,
Тоқсандай тоң аударғандай айдап соқа»[3,223],-
деуі
кеңестік үкіметтің кертарпалығын меңзесе керек.
Ғалым К.Қамзин «хатты жанрлық дәрежеге жеткізер
және бір ерекшелік – оның рунасында бұғып жатқан
айтыскерлік, сұқбаттық сарын дер едік. Интервьюде журналист
пен респондент көзбе-көз, ауызба-ауыз тілдеседі, я болмаса
дайындалған сұрақ-жауап, анкета әдісімен
әңгіме-дүкен құрады. Ал эпистолярлық жанрда
пікір алысу, әңгімелесу белгілі бір аралықта, дистанцияда хат
жазысу арқылы жүргізіледі, арақашықтық эллюзиясы,
сағыныш, ностальгия, естелік, мұңдасу секілді
көңіл-күй мозаикасы орын сайлайды, стиль
даралығының бояуы ашыла түседі»[2,194],- деп жазады.
Бұл пікір Сыр сүлейлері шығармаларындағы
эпистолярлық публицистиканың белгілерін табуға көп
көмегін тигізді. Жоғарыда келтірілген хаттарда сүлейлер
арасында сырласу, пікірлесу сарыны басым. Жеке бастың мәселесімен басталған
хаттардың желісі елдік, бірлік, ынтымақ идеяларымен
тәмамдалып жатады. Бұл да қазақ халқының
ежелден татулыққа мығым, достыққа берік
екендігінің айғағы.
Сыр бойы ақын-жырауларын зерттеуші Т.Еңсегенұлы
жоғарыда Кете Жүсіп пен Қаңлы Жүсіп
арасындағы хаттарға тоқталған болатын. Ел аузында жеті
жылға созылған жауаптасудың соңғы нүктесі
1915 жылы қойылған екен. Екі Жүсіп бірін-бірі көрмесе
де, өзара пікірлесудің арты дауға ұласып, оған
аралыққа Сыр өңіріндегі бірнеше ақындар
шығып, соңынан бір-бірімен кездестіріп татуластырады. Бір-біріне
тілектес болған ақындар айтысы алдымен Кете Жүсіптен
басталады. Қаңлы Жүсіпке «Өлең сөз –
өтелмейтін үлкен күнә» деген сөзің дұрыс
емес, оның бұрыстығына байланысты бір хикая айтып берейін
деген кеңесінен кейін ақын сөзге абай болуға
ұсыныс жасайды. Қаңлы Жүсіп сұқбатқа
шақырған Кете Жүсіптің атына қанық
болғанымен, өзін көрмегендігін айта келіп, қожаға
«уағыз жолын ұстамаған ақымақтың мойнын
сындыр» дегенім рас, бірақ оны бұрмалап қате
түсінгеніңе қайранмын деп жауап қайтарады. Екі
ақынның да шығыс әдебиетінен сусындағанын осы
жазған хаттарынан анық байқаймыз. Оның жарқын
мысалын өлең жолдарындағы сөздерден табуға
болады. «Құрамму» - шаттық көңілі, «арзу хал» -
ынтық болу, «тағрип» - даңқы, «раһлат» -
көшу, жан шығу, «дәуәмат» - әр дайым және
т.б. Мұндай сөздерді арнайы түсіндірме жасап отырмаса,
қазіргі оқырманға мүлдем бейтаныс екенін жасыра
алмаймыз.
Кете мен Қаңлы Жүсіп арасындағы хаттардан амандасу,
жағдай сұрасу, қоштасу сынды қарапайым мәдениетті
байқаймыз. Өзара жауаптасудың дауға ұласып бара
жатқанын байқаған Кеңесбай Сүйінішұлы,
Аппаз Жарасбайұлы, Тұрмағамбет ақынның
аралық сөзі көпшіліктің қызығушылығын
одан сайын арттырады. Ақындар арасындағы бұл тартыс жеке
мәселеден адамзаттың адами құндылықтары
жөніндегі философиялық ой-толғамдарға ұласады.
Кісіге жалпақтау мен жалбақтаудың жақсы қасиет
емес екендігін талқылаған ақындар қанша дауласып отырса
да, хат жазудың жоғары мәдениетін танытқан.
«Көңіліңе келмесін» деп басталатын сыни ойлары тым
өткір. Бұл дискуссиялық хаттарға аралық
жасаған Мықан Бәлтекбайұлы, Тұрмағамбет
ақын екі жақты бірлікке шақырады.
Тұрмағамбет ақынның біз байқағандай
аралық жасауы мұнымен бітпейді. Ақын шығармаларында
өмірдің өткінші, уақыттың таразы екендігі
үнемі ескеріліп, әділ болуға шақырады. Тіпті
біріңнің білмесіңді бірің кешіруге тиіссіңдер.
Оның бәрін татулық пен бірлікті сақтау үшін жасау
қажеттігін түсіндіреді. Тұрмағамбет ақынның
мұндай бітімгерлік қасиеті қазіргі журналистикада
кеңінен қолданылып жүрген шоумендерге ауадай қажет
қасиет екенін айта кеткеніміз жөн.
Қай жағына алсақ та
хат мәдени, салиқалы қарым-қатынасты жолға
қояды, сөйтіп, үлкен, келелі шаруаның басы
қайырылады. Бұл жерде де қазақы желіден өріс алар
ата дәстүрдің төбесі көрінеді.
Аңыз-жырдағы хас батырлар бітіспес жауын жекпе-жекке шақырса,
алқымы іспес ақындар қарсыласын көркемсөз
жарыстыруға, айтысуға шақырады. Қазіргі
қазақ публицистикасындағы хат жанры пікір алысуға, ой
жарыстыруға, толғанысқа үндейді. Эпистолярлық
публицистиканың ақпараттық кеңістіктегі, жанрлық
пайдаланымдағы орны қоғамдық үдерістермен етене
жақын. Мұның айқын мысалын Кете Жүсіптің
Қалыш Мұхамедияровамен жазысқан хаттарынан көреміз.
Ескіліктің күні өтіп, қыз қалың малға
сатылмасын деген қағидаға сүйенген кеңестік
кезеңнің сол кездегі саясатына үн қосады. Мұндай
хаттардың саяси-әлеуметтік науқанға,
қоғамдық шараларға білек сыбана араласып кететіні бар.
Бұл жағдайда публицистика жанры көпшілік алдында нақты
ықпал жасау, әсер ету тетігі, оңтайлы құрал
ретінде қызмет етеді.
Тұрмағамбет ақынның түрмеде жазылған
жырларынан хат жанрының нағыз үлгісін байқаймыз.
«Болыңдар сау-саламат үлкен-кішің» деген өлеңінде
аудандық соттың үкімімен келіспей, облыстық сотқа
арызданғанын, бұл жайды ойлап, ешкімнің
қайғырмауын сұрайды. Ал «Тар замана» атты хатында Мақан
Шынәлиевке бір кеңшілік уақытта өзіңе барып,
қонақ болып кетермін. Қазір соңымда «ит пен
шошқа» жүр деп жазықсыз жазалағандарды бір түйреп
өтеді.
Ақынның «Асығып, асылында мұқалмаңдар»
атты өлең-хатында Құлнияз, Ырыс, Тілеу, Нұралы,
Өтеге алғысын білдіре отырып, кеңестік билік
рақымшылық жасап, мені босатар деген үмітін де жасырмай
жариялайды. Тұрмағамбет кеңестік билікті жақтаушы емес,
ол көзімен көрген елді үркіткен сұмдығын айта
келіп, әділдік орнайтын уақыттың туарына сенеді. 1930 жылы
жазылған хаттардан сол кездегі ұжымдастыру науқаны
тұсындағы астыртын қудалаушылықтың нышандарын
байқаймыз.
Тұрмағамбеттің «Мақатқа хат», «Түрмеден
хат», «Аштардың, Әбенұғлы, тыңда арызын»,
«Әділдік жайлы арыз», «Саламат жатырсың ба, жолдас Абат!» деген
тақырыппен берілген туындылары жоғарыда айтқан хаттың
үлгілері деуге болады. Мазмұнына қарай оларды арнайы хаттар
(«Мақатқа хат», «Саламат жатырсың ба, жолдас Абат!»,
«Жүсіпбайға»), шағым
хаттар («Аштардың, Әбенұғлы, тыңда арызын»,
«Әділдік жайлы арыз») деп жіктеуге болады. Тұрмағамбет
ақынның өлеңдерінде отбасылық хаттарды да
кездестірдік.
«Болыңдар сау-саламат, екі қалқам,
Сияқты ең бірің –кенже, бірің –марқам.
Бағуға бағлан қылып, күн тигізбей,
Жүруші ем жайып құшақ, болып
қалқан»[10,198].
«Болып тұр сау саламат біздің ғашық,
Күйініп «Кетер-ау»,- деп, -ұзақ қашық!»
Бар шығар барар жерде баста жазған,
Кемді күн тататұғын тұз бен нәсіп»[10,200].
«Саламат отырмысың, жаным кемпір,
Арада аса алмас бұлт, биік бел тұр.
Онда да уайымдап үміт үзбей,
Өзіңді өте бағып бапқа келтір»[10,174]-
деген
жолдардан ақынның өзінің жарына, балаларына
жазған тұрмыстық қатынастағы хаттары екендігін
анықтаймыз.
Тұрмағамбет ақынның аталған хаттарында жеке бастың мәселесінен
гөрі жұртты сабырға шақыру, түбі бір
әділдіктің орнайтынына сендіру басым. Публицистикада
жұртқа сөз тыңдата білу, білгеніңді мойындату,
содан шешім шығаруға ұмтылдыру секілді қызметтерді
арнайылап айтпасақ та түсінікті. Бұл орайда Тұрмағамбет
ақынның хаттары жұртын сабырлылық пен
шыдамдылыққа үйретері сөзсіз.
Сыр өңірінен шыққан сүлейлер
туындыларындағы эпистолярлық публицистиканың жарқын
мысалдарын талдай келіп, төмендегідей тұжырымдар жасаймыз.
Біріншіден, Сыр сүлейлерінің хат-өлеңдерінде өнер,
дін, саяси мәселелер жиі талқыға салынған.
Алғашында жеке бастың кемшілігінен басталатын хаттардың
соңы қоғамдық маңызы бар мәселеге
ұласып отырған. Сөзге абай болу, өнерге адалдық,
дінге беріктік, әділетсіздікке қарсы айтылған ойлары ирония
мен сарказмға толы.
Екіншіден, Сыр сүлейлері рухани мұрасындағы хаттарда
дискуссиялық сипат басым. Ол сұқбат жанрының
бүгінгі белгілерін бойына жиып, әңгімелесу, пікір алмасу
бағытында өрбіген. Кейде осы пікірлесулер полемикаға
ұласып кеткен тұстары да бар. Бірін-бірі жоққа
шығаруды мақсат тұтқан хаттарда ақындар жеке
бастың кемшілігін бетке басып, жұртқа жариялайды. Дегенмен
қазақы дәстүр мен қасиетті бойына жиған Сыр
өңірінің зиялылары мұндай араздасуларды арыға
жібермей, сол уақытта тоқтатып, татуластырып отырған.
Бұдан публицистиканың ойды ашық жеткізу, ымыраға
келтіру міндетін анық аңғаруға болады.
Үшіншіден, хат-өлеңдердің жазылу стилінде осы
уақытқа дейін сақталған алдымен сәлемдесу,
амандықтан кейін мәселе көтеру, соңынан ой
қорыту автордың қолы қойылатын композициялық
құрылым көрініс тапқан.
Төртіншіден, Сыр сүлейлері шығармаларындағы
хаттарда сол кездегі қоғамдық саяси ахуал анық
көрінеді. Халықтық көсемсөз жанрын қазіргі
журналистикада белгілі бір мақсатқа жұмсау тәжірбиесін
де аңғарып жүрміз. Ресми басылымдар өздерінің
ашық айтуға жүректері дауаламаған прагматикалық
істі, проблемалық мәтінді тұс-тұстан келген
хаттарға жүктейді. Осы дәстүр сол сүлейлер
заманынан басталған деген болжам да жоқ емес. Ел
билеушілердің кемшілігін бетіне басқан мұндай мәтіндерде
сыни публицистиканың мысалын байқаймыз.
Сыр сүлейлері шығармаларындағы публицистикалық
сарынды бірнеше ерекшеліктеріне қарай анықтадық. Бірінші –
сол кездің шынайы көрінісі, екінші – нақты оқиға
мен деректің негізінде көркем шығарма жазуы, үшінші – бүгінге
дейін сақталған жер-су атауларының кездесіп отыруы,
төртінші – жазба айтыстарындағы эпистолярлық
публицистиканың жарқын үлгілері.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1. Жақып Б. Публицистикалық шығармашылық негіздері. –
Алматы: Қазақ университеті, 2007. -486б.
2.
Қамзин К. Қазақ
көсемсөзі жанрларының кемелдену үдерісі. –Алматы:
Экономика, 2009. -400б.
3. Шораяқтың Омары. Сөйле, тілім, жосылып!
Өлеңдер, дастандар, айтыстар. – Алматы: Рауан, 1995. -301б.
4.
Еңсегенұлы Т. Сыр
бойы ақын-жыраулары. –Алматы: Білім, 2000. -242б.
5.
Боранбаев К.Иманжүсіпке
қиянат жасауға болмайды // Мәдениет, №11, 2007. 27б.
6. Ешниязұлы Кете Жүсіп, Қадірбергенұлы
Қаңлы Жүсіп, Таубайұлы Жүсіп. Шығармалары.
–Астана: Фолиант, 2009. -376б.
7.
Амандосов Т. Совет
журналистикасының теориясы мен практикасы. –Алматы, 1978. -272б.
8.
Стерльцов Б.В. Основы
журналистики. Жанры. – Минск: Университеттское, 1990. -240с.
9. Теория и практика советской периодической печати. –
Москва: Высшая школа, 1980. -376с.
10. Ізтілеуұлы Т. Шығармалары. Екі томдық. –Астана: Фолиант,
2009. Т.1. Өлеңдер, көңілқостар, нақыл
сөздер. -304б.