Филология
секциясы
САПАРОВА К.О.
Академик Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ
Синтетикалық
тәсілмен жасалынған еліктеуіш сөздер
ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап тіл білімінде
қарастырыла бастаған
сөзжасам туралы көптеген еңбектер, зерттеулер
жүргізіліп, соның нәтижесінде сөзжасам жеке сала
ретінде қалыптасты.
Сөзжасам
саласында сөзжасамның тәсілдері, сөзжасамның
мағына түрлері арқылы сан түрлі сөздер жасалып,
қазақ тіл білімінде сөз таптарының осы
уақытқа дейін ғылыми түрде ашылмай келген
көптеген қырлары қазіргі таңда зерттеу нысанына айналып
отыр. Соның бірі – еліктеуіш сөздер. Еліктеуіш сөз
табының өзіндік сөзжасам элементтері, моделдері, типтері,
өзіндік сөзжасамдық тәсілдері бар. Осы тәсілдер бойынша еліктеу сөз
табының жасалуы, сөзжасам тұрғыдан қандай
заңдылықтармен жасалатыны жөнінде тіл білімінде қалыптаса бастаған жүйелі іздері
көп. Оны осы сөзжасам
жүйесімен айналысқан
Н.Оралбаева, А.Салқынбай, Б.Қасым, О.Тоққожаева
т.б. сынды еңбектерінен көруге болады.
Синтетикалық
тәсіл арқылы туынды сөз жасау үшін оның,
біріншіден, лексикалық мағыналы сөз болуы тиіс, екіншіден,
сөзжасамдық жұрнағы болу керек. Синтетикалық
тәсілдің туынды сөз жасауда туындаған туынды сөз
оның құрамындағы негіз сөзге байланысты.
Синтетикалық тәсіл арқылы туынды сөз жасау үшін лексикалық
мағыналы сөз болуы тиіс, ол негіз сөз арқылы жасалады.
Негіз сөз яғни негізгі морфеманың мағынасы туынды
түбірлердің мағынасына арқау болады. Қазақ
грамматикасында: «Негіз сөз дегеніміз – туынды сөзді жасауға
негіз болатын лексикалық мағыналы сөз» деп нақты
аныықтама берілген [1, 204].
А.Ысқақов:
«Туынды еліктеу сөздер деп негізгі (түбір) еліктеу сөздерден
де және басқа атауыш (атаушы) сөздерден тиісті
жұрнақтар арқылы жасалған еліктеу сөздерді
айтамыз» деп туынды еліктеу сөздеріне анықтама береді [3, 353]. Синтетикалық
тәсілде осы туынды сөздерді жасайтын жұрнақтар негізгі
қызметті атқарады, олар: -ң,
-ың, -ің, -аң, -ең, -лаң, -лең,
-алаң, -елең. Мысалы: Сонау көз ұшында
қарауытқан қарағанды өзектен әлдене
ағараң етіп, жазық далаға шыға сала, Итжонға
тура тартты [2, 3]. Ел-Тұтар
қиралаң басып келді де, боз биенің жалын салалап, мойнынан
құшты [3, 16]. Осы
мысалдардан лексикалық мағынасы бар еліктеу сөздері
лексикалық бірліктен және сөзжасам
жұрнақтарының қатысуымен жасалып тұр. Ағараң, қиралаң туынды
сөздердің жаңа мағынасы ақ, қира сөздерінің
негізінде жасалған, сондықтан олар туынды сөздерге жатады.
Мағына байланыстылығы туынды мағынаға арқау
болған негіз сөздерден жасалынып тұр.
Синтетикалық
тәсіл арқылы жасалған бұл сөздер оның
құрамындағы негіз сөздерге байланысты. Сөз
құрамына талдай отырып негіздің қай сөзден
жасалғанын, қандай сөз негіз болғандығын
анықтай отырып түсіндіруге болса,
негіз сөздің мағынасын түсіндіру мүмкін
емес.
Синтетикалық
тәсіл арқылы еліктеуіш сөздерінің сөзжасамын жасайтын
-ң, -ың, -ің, -аң, -ең жұрнақтары
еліктеуіш сөзден туындаған мынадай формаларға негіз болады: арс-аң,
ырс-ың, борс-ың, борт-аң, бырт-ың, барп-аң,
болп-аң,елп-ең, жалт-аң, жылп-ың, томп-аң,
быж-ың, кілт-ің, мырс-ың, қалт-аң,
қорс-аң тарс-аң, қорп-аң т.б.
Бейнелеу
етістіктеріне де және басқа есімдерге де негіз болған кейбір
жеке-дара қолданылмайтын формалар бастапқы кездерде еліктеу (бейнелеуіш) сөздердің
түбір формалары болған деп жорамалдауға болатын туынды
еліктеу сөздер: арб-аң (арбай), ерб-ең (ерби), жарб-аң
(жарби), кірбең (кірби), қорбаң (қорби), адыр-аң
(адырай, адырақ), ажыра ң (ажырай), бадыра-ң (бадырай,
бадырақ), бажыра-ң (бажырай), майм-аң (майми, маймақ),
кірж-ің, (кіржи, кіржік), қайқ-аң,(қайқай,
қайқи, қайқы, қайқақ),
қиқ-аң қиқаң, қиқы,
қиқақ), күр-ің (күржи, күржік),
қылм-ың, қылми, қылымсы), соп-аң (сопай, сопи,
сопақ), сид-аң (сиди, сида), шош-аң (шошақ,
шоштиған) т.б. деп «Қазіргі қазақ тілі» атты
еңбегінде А.Ысқақов атап өтеді [4, 354].
Бейнелеуіш
сөздер тірі жанның, нәрсенің қимыл, күй
қалпын көрсетіп, көру қабілетінен пайда болған
сөздерді айтамыз. Сын есімнен жасалған еліктеуіш сөздер
тобына қызараң (қызар), ағараң (ағар),
қараң (қара) сияқты сөздер жатады.
Етістіктен
жасалған еліктеуіш сөздер көбіне етістіктің
бұйрық рай түріне -аң/-ең, -ң
жалғану арқылы жасалады. Мысалы: сүйрең,
сүйрелең (сүйре етістігінен), қисаң,
қисалаң (қисаю) етістігінен, домалаң
(домалау етістігінен), ез (езу етістігінен), созалаң (созу
етістігінен).
Еліктеме
сөздердің тұлға-тұрпаттарының шалағай
айтылуында да, олардың мағыналарының шала-шарпы болып
түсіндірілуінде де ежелгі заман адамдары үшін, ол сөздерде
кемшілік бар деп ойламаған, ал қазіргі тіліміздегі бұл
еліктеуіш сөздер біздерге семантикалық мазмұнында
шалағайлық, тиянақсыздық, толымсыздық
аңғарылып тұрады. Бұл сөздер біздерге
шалағай көрінгенмен, олар үшін толымды да, түсінікті де
болғаны күмәнсіз. Мысалы, қалт, қарқ,
күмп, шаңқ, сарт ... сияқты еліктеуіш
сөздердің сыртқы тұрпаттарынан қандай
тиянақсыздық байқалса, олардың грамматикалық
семантикасынан да сондай кемшілік аңғарылып тұрады.
Жалаң
еліктемелер дауыстыдан басталып, үнемі екі дыбысты: ыр, ыз, ың т.б.
дауыссыздан басталса үнемі үш дыбысты: тық, шық,
дыр, дүр, лүп т.б. түрінде болады. Күрделі
еліктемелер дауысты не дауыссыз дыбыстан басталса да соңы үнемі
қос дауыссызға бітеді: арс, ырс, арп, елп, сарқ,
сырқ т.б. Осы күрделі еліктеуіштердің жалаң еліктеуіштерден ажырататын осы
соңғы қос дауыссыз дыбыс.
Синтетикалық
тәсілде сөзжасамдық жұрнақ негізгі
мүшенің бірі болып саналады, өйткені оның
қатысынсыз ешбір туынды сөз жасалмайды. «Синтетикалық
тәсіл арқылы жасалған туынды түбірлердің
құрамындағы морфемалардың
әрқайсысының орны бар, негізгі морфема бірінші орында тұрады,
көмекші морфема яғни жұрнақ екінші орында, негізгі
морфема яғни лексикалық бірліктің соңында
тұрады. Туынды
түбірдің құрамындағы морфемалардың орны
тұрақты» [1,204].
«Сөзжасамның
басты белгісі - жаңа сөздер (лексикалық туындылар) жасап, сол
арқылы тілдің сөздік құрамын байыту, жаңа
ұғым атауларының қатарын көбейту, сөйтіп
лексикалық сипаттағы құбылысты танытатын тілдің
бір саласы болады» [5, 9]. Қазіргі қазақ тілінде
тіліміздің байлығын, көркемдігін танытын әр алуан
сөздіктер, яғни, түсіндірмелі сөздік,
фразеологиялық сөздік, этимологиялық сөздік, синонимдер
және омонимдер сөздігі, терминдер сөздігі, екі тілді аударма
сөздіктер, орфографиялық және орфоэпиялық
сөздіктер, т.б бар.
Еліктеу
сөз табының сөзжасамдық жұрнақтары туынды
еліктеуіш сөздер жасаса, сын есімнің сөзжасамдық
жұрнақтары негіз сын
есімнен туынды сөздер жасайтыны сияқты осы жүйе бойынша ары
қарай кете береді. Бұдан шығатын қорытынды әр
сөз табының өзіндік сөзжасамы қалыптасуымен
синтетикалық тәсіл барлық сөз табында ортақ қызмет
етеді сонысымен де тіл байлығын дамытуда, жаңа ұғым,
жаңа сөз атауы пайда болуымен сөздік қор толығып
отырады.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі:
1. Қазақ грамматикасы.
Астана: Елорда, 2002. 784 б.
2. Мустафин Ғ. Дауылдан кейін. Роман.
Алматы: Жазушы, 2009. 464 б.
3. Мағауин М. Аласапыран. Тарихи роман. Бірінші кітап. Алматы:
Жазушы, 2009. 469 б.
4. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы: Ана тілі, 1991. 384
б.
5.
Жахина Б.Б. Сөзжасамды
оқытуға қосымша. Оқу құралы. Көкшетау: Келешек - 2030, 2007.
151 б.