Филология ғылымдарының кандидаты Ойсылбай Айсұлу Төреқұлқызы

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты  әдебиет теориясы және әдебиеттану методологиясы бөлімінің ғылыми қызметкері

 

Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әдебиеттануы

 

Ұлттық әдебиеттану ғылымы тарихындағы Тәуелсіздік кезең 1991 жылдан басталады, әрине бұл сөз өнері тарихы үшін ауқымды, тың теориялық тұжырымдар жасайтын уақыт емес. Дербес мемлекет болуға қол жеткізіп, руханиятымыздың зерттеу аясы кеңейе түскен сайын ұлттық сөз өнерінің құндылықтарын жаңаша зерттеудің ғылыми қажеттілігі туындауда. Қазақ елінің тәуелсіздікке ұмтылуының нәтижесінде жалпыға елеусіз саналып келген бұрынғы рухани құндылықтарымыз бен әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері қайта ашылып, советтік тар шеңберден шыққан қазақ әдебиеті ата-бабамыздың асыл сөзін зерттеуге бетбұрыс жасалды. Тәуелсіздік ұғымының тарихи алғышарттары, әдебиеттанулық еңбектердің әдістемелік негіздері, шығарманың поэтикасы, мифтік ойлаудың көркем әдебиеттегі баяндалу жүйесінің бағыт-бағдары да жаңаша қалыптасты. Алаш ұранды әдебиеттанушылардың өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеу ісі де Тәуелсіздік тұсында қолға алынды.

Қазақстанның Тәуелсіздік алуына байланысты ұлттығымызды ұлықтау мақсатында елімізде алғаш рет іске асырылған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әдеби жәдігерлер» атты ғылыми басылымын шығарды, Сондай-ақ М.О.Әуезовтің 50 томдық академиялық шығармаларының жинағын шығаруы да – Тәуелсіздік кезеңінде жүзеге асқан ғылыми жетістік. Елу томдықта М.О.Әуезовтің бұрын еш жерде жарияланбаған әдеби-ғылыми зерттеулері, баяндамалары мен әдебиеттанулық пікірлері жарық көрді. Сонымен қатар институт он томдық «Қазақ әдебиетінің тарихын» да жарыққа шығарды.

Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихын Тәуелсіздік кезең талаптарына сай қайта жазу қажеттігі туындаған шақта, Алаш қайраткерлері ақталған тұста халық жадын жаңғырту мақсатында, ұлттық құндылықтарымызды келер ұрпаққа жеткізу мақсатында әдебиеттануға үлес қосқан ғалымдардың зерттеулері қайта жариялануда. Ұлттық әдебиеттану ғылымына совет дәуірінде үлес қосқан, еңбек сіңірген жекелеген ғалымдардың зерттеулерін халықаралық ЮНЕСКО қоғамы қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқановтың «Қазақтың ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктерін» 1942 жылдан кейін араға 60 жыл салып, 2002 жылы екінші рет жарыққа шығарды.

Отанды қорғау – қасиетті борыш. Әдебиет майданының қызметкерлері алдарына жаңа міндеттер қойды яғни жауды жеңуге қаламмен қызмет ету.

Ел өмірінде тарихи мәнге ие Ұлы Отан соғысы жылдарында жазылған бұл еңбектің сол кезең үшін маңызы өте зор болды. Қазақ халқы еліміздің бүгінгі бостандығы мен тәуелсіздігі үшін фашизмнен Отанымызды қорғауға бар күш-жігерін, ынтасын, қажыр-қайратын жұмсады. Бұл кітапты жазуда С.Мұқанов қолындағы бар деректерге сүйеніп, ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын қамтыған.

 «Арғы шеті ертегілерде кездесетін жеке батырдан бастап, тарихи батырлар Едіге, Қобыланды, Тарғын, Қамбарларға соғып, ХҮІІІ-ХІХ ғасырдың батырлары: Сырым, Көтібар, Кенесары, Наурызбай, Исатай, Махамбет, Бекет, Есет, Жанқожа, тағы басқалары болып қазақ халқының өз Тәуелсіздігі жолында жасаған күрес, Амангелді Иманов бастаған халық көтерілісі арқылы Ұлы Октябрь революциясына ұштасады. ...Халқымыздың бұрынғы замандағы бостандық жолындағы күресін, бүгінгі фашизммен күресуші ұрпаққа таныту, бүгінгі ұрпаққа, халқымыздың тарихында аттары ардақталатын күресшіл ерлердің ісін үлгі ғып тарату» [1, 4-б.].

Отанды қорғауға әр ұлт өз үлесін қосуға ұмтылып жатқан кезде С.Мұқанов ғылыми «Қазақтың ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктері» арқылы жалаң ұрандық сипаттан гөрі нақтылыққа көшіп, қан кешкен жауынгерлерге ұлттық құндылықтарды насихаттап әрі ата-бабаларының кім болғанын танытуда олардың отаншылдық рухын көтеріп, рухани азық берді.

Осы зерттеуді жазуға не себеп болды? деген сауалға автор: «...идеология майданында күрескенде менің бірнеше қате сілтеген құлаштарым да болды. Ол қаталық, әдебиет тарихын тануда, әсіресе Кенесары туралы жасалған шығармаларды тануда, Шоқан, Ыбырай Алтынсарин, Абай шығармаларын тануда кездеседі. 1923 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің 69-санында басылған «Қара тақтайға жазылмаңдар, шешендер» деген мақалада мен Кенесарыға, Шоқанға, Ыбырайға, Абайға, Ахмет Байтұрсыновқа қарсы болып, оларды халыққа жат адамдар деп жаздым ...» [1, Б. 9-10], – дейді.

«...мен жазушымын, маған өз шығармаммен ғана шұғылдану керек, әдебиет тарихы менің жұмысым емес деу әлі де қазақ совет жазушыларына ертерек сияқты. ... әдебиет тарихынан қол сілтеп қашқым келмеді» [1, 11-б.] деп қателігін мойындап, қазақ әдебиетінің тарихын жасаумен шұғылданады.

«Қазақтың ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктері» еңбегіне дейін С.Мұқанов «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1932), «Батырлар жырының әдебиеттегі орны» (1939), «Абай – халық ақыны» (1940), «Айтыс және ақын» (1940), «ХІХ ғасыр әдебиетінен очерктер» (1941) атты бірнеше зерттеулерін жариялаған.

Сол уақыттағы ескі әдебиет мұраларын табудың қиындығынан қолда барды пайдалана отырып, автор зерттеуін үш тарауға бөліп қарастырды: 1. «Бостандық күресі»; 2. «Зар заман»; 3. «Айтыстар туралы».

Автор «Бостандық күресі» тарауын Бұқар жыраудың шығармашылығынан бастайды. «... Бұқар жыраудың шығармаларында азаматтық, саяси мотив терең, әлеуметтік маңызы зор. Ол Абылайдың мақтаушысы ғана емес, сыншысы да. Бұқар жыраудың ханға, хан ордасына байланысты ақын сияқты көрінетіні рас, бірақ терең тексергенде Бұқар жырларының Абылайға байланысуы формулалық жағынан ғана, мазмұн жағынан оның жырлары ордаға емес, сол кездегі қазақ халқының саяси-әлеуметтік тұрмысына байланысты. ... ол дін ақыны емес, азаматтық мотивтің, әлеуметтік өмірдің ақыны» [1, Б. 15-16.].

Автор ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген ақындардың ішінен жыры мол сақталғаны Бұқар жырау. Бұқар жыраудың өлеңдерін ғалым «ХҮІІІ ғасырдағы қазақ тіршілігінің энциклопедиясы» деп жоғары бағалайды. Оның жырларының өзгелерден мол сақталуына тарих алдында Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің еңбегінің зор екендігін де атап өтеді.

 

Совет әдебиеті жауып тастаған, М.Әуезов анықтап, оны қазақ әдебиеттануына алғаш рет пәнсөз ретінде енгізген, ұлт мүддесімен өзектес «Зар заман» дәуірін С.Мұқанов қазақ әдебиетінің тарихымен байланыстыра зерттейді.  Ресей империясының қитұрқы, жымысқы саясатын автор былай түсіндіреді: «... Қазақ даласына переселендер көшірер алдында 1868 жылы патша үкіметі «Қазақ даласын билеу ережелері» деген атпен заң шығарып, бұл заңда «қазақтың жері қазыналық мүлік» деп жариялады. Осы заңға сүйеніп, патша үкіметі қазақ даласындағы «қазыналық жерге» ішкі Россиядан шаруаларды көшіру жағына кірісті» [1, 121-б.]. Осылай бас бостандығынан, жерінен айырылған, кедейленген қазаққа «улы империя» бас көтертпеді. Осындай қорлық пен зорлыққа шыдай алмаған ақындар қайғыдан тұншыққан халықтың зарын тек алмастай өткір өлең, жырлары арқылы жеткізді. Зар заман жырлары өзіндік дәстүрі бар, ерекшелігі мол күрделі құбылыс.

Қазақ әдебиетінің ескі заманнан келе жатқан дәстүрлі саласы «Айтыстар туралы» тарауында ғалым жалпы айтыс жанрына, оның ішінде ақындар айтысына (Біржан мен Сара), айтыстың түрлеріне («Әдет айтысы», «Жұмбақ айтысы», «Дін айтысы») тоқталып, саралайды. «Қазақтың ескі тұрмысында ақындар айтысы жүйрік аттардың жарыс-бәйгесімен бірдей болған. Жарыста озған атқа бәйге беру сияқты, айтысушы ақындарға да бәйге тігіліп, бәйгені қай жеңгені алған ...» [1, 185-б.], – деген сөзі А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышымен» таныс болғандығын аңғартады.

«Қазақтың ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктері» сол кезең үшін – зерттеу, оқу құралы әрі хрестоматиялық қызметтерді атқарды, сондай-ақ майданда қан кешіп жүрген қазақ жастарының ұлттық рухын биікке көтеріп, ұлт мәртебесін, қазақ абыройын асқақтатты.

С.Мұқановтың қаламынан туған «Қазақтың ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктері» Тәуелсіздік кезеңіндегі ұлттық әдебиеттану ғылымына қажетті еңбек болып табылады. Бұл кітапты ғалым Т.Кәкішұлы «Азаттықты армандаған еңбек» [1, 256-б.] деп бағалайды.

 

Әдебиеттер:

1. Мұқанов С. Қазақтың ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер, 2-басылуы.  – Алматы: Арыс, 2002. – 272 б.