Алтынбеков Қ.С., Ибрагимова Ж.А.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалықинституты, Шымкент,  Қазақстан.

Ежелгі  Әдеби мұралар негізінде рухани жаңғыру

Биылғы жылдың сәуір айының 12-сі күні «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын [1] халықтың, көпшіліктің көкейінде жүрген ойларын іске асыруына негіз болатын стратегиялық бағдарламалық құжат, идеологиялық тұғырнамасы деуге болады.

Президент бұл мақаласының Кіріспесінде еліміздің жаңа тарихи кезеңге аяқ басқанын айта келіп: «Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Мақсатқа жету үшін біздің  санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» екендігіне, «Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады», - деп әрбіріміздің саналы ісіміздің қаншалықты маңызды екендігіне баса назар аудартты.

Мақалада Елбасы еліміздің бірлігі мықты Біртұтас Ұлт – «Мәңгілік ел» болуы үшін ауқымды да іргелі жұмыстарды бастаумыздың қажеттілігі жөніндегі ойларын нақтылай тарата айтып ортаға салды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниенің ағынында кетпей сана-сезімімізді жаңғыртып, болашаққа бағдар жасауымызға ерекше назар аудартты. «Жаңғырту атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғыртудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды», - деп ұлттық сананың дамуында рухани жаңғырудың қаншалықты маңыздылығын баса көрсетті.

Президент мақаласының «ХХ ҒАСЫРДАҒЫ ҰЛТТЫҚ САНА ТУРАЛЫ» деп аталатын бірінші бөлімінде тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағыттары ретінде бәсекеге қабілеттілікті, парагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруын, Қазақстанның револяциялық емес, эволюциялық дамуын, сананың ашықтығын атап көрсетіп, «ТАЯУ ЖЫЛДАРДАҒЫ МІНДЕТТЕР» атты екінші бөлімінде алдағы жылдарда қолға алынып, жүзеге асырылуды қажет ететін бірнеше жоба, бағдарламаларды көрсетті. Олардың алғашқысы ретінде латын әліпбиіне көшуге немесе қайта оралуға тоқталды. Латыншаға көшуде қазақ әліпбиінің жаңа графикалық бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдаудың, оның мәні мен маңызын, жаңа графикаға көшу кезеңдерін, ол кезеңдерде атқарылатын жұмыстар, олардың орындалу ретін көрсете отырып, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынатындығын атап көрсетті. Осы және «Туған жер» жобаларын биыл Үкімет жұртшылықпен ақылдаса отырып әзірлеуі керектігіне тоқталды.

Президент бұдан кейін «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз дей келіп, осы жоба арқылы әлем бізді мәдени жетістіктерімізбен де тануы керектігіне, ол үшін мақсатты ұстанымдар, мемлекеттік қолдау болу қажеттілігіне, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, қоғамдық ұйымдар қандай жұмыстар атқарады, олардың рөлі қандай деген мәселелерді, сонымен қатар «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының қажеттілігі мен оны шешудің бағыттарын да атап көрсетті.

Болашақты бағдарлау, рухани жаңғыру үшін бірінші кезекте жастарды отаншылдық, ұлттық рухта тәрбиелеу, тиянақты білім беру қажеттілігі – басы ашық мәселе. Елбасы мақаласында «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт», - делінген. Осы орайда Жоғары оқу орындары ғылым жетістігіне негізделген білім беру мен жас ұрпақты тәрбиелеу орталығы ретінде қоғамдық сана жаңғыруының қозғаушы күші болуы керек. Бүгінгі студенттің алған білімі солар тәрбиелейтін жастардың – ертеңгі еліміздің тірегі болатын азаматтардың қалыптасуына негіз болады. Сондықтан алған білімді жеткізудің заманауи әдіс-тәсілдерін жан-жақты игеру де аса маңызды.

Қазіргі кезде екі жарым мың жылдан аса уақытты қамтитын рухани, әдеби мұраларымыз ғылыми айналымға түсті [2; 3]. Ендігі басты мәселе – осы мұраларды рухани жаңғыруымызға пайдалану, күнделікті өмірімізге арқау, тірек ету. Кітаптан оқу арқылу танып-білудің тиімділігі дау тудырмаса керек. Әйтсе де, қазіргі сандық технология құралдарының сандаған түрлерінің дамуы, жастардың соларды кеңінен пайдалануына көңіл аудартады. Қазіргі кезде ғаламтор мен теледидар, смартфондар жастардың қолданысына кеңінен енуде. Осы жағдайларды ескере отырып, ұлттық рухани мұраларды жеткізудің жаңа технологияларын, әдіс-тәсілдерін қолдану заманның талабы болып тұр. Халқымыздың терең тарихын, мәдениетін білу, ұлттық қасиеттерімізді бойымызға сіңіру – отаншылдықтың – патриотизмнің қайнар бастауы.

Ата-бабаларымыздың сан ғасырлық даналығын бойына жинақтаған адамгершілік асыл қасиеттерге тәрбиелейтін 100 томдық «Бабалар сөзіндегі» [4] телегей теңіздей мол мұра біздің өткенімізді танытып қана қоймай, болашаққа бағдар жасауымызға, рухани жаңғыруымыға негіз болатын рухани дүниелерге айналуы қажет. Олар сол кітапта ғана сақталып тұрмай, заманауи өнер құралдары арқылы күнделікті қолданысқа еніп, рухани дамуымызға пайдаланылуы керек. Оқырмандар мен көрермендердің жас ерекшеліктері ескеріле отырып, балалар үшін ыңғайлы кітапшалар түрінде шығарылып, сонымен қатар сахналануы, филмьдер түсіріліп ұсынылуы керек деп ойлаймыз. Сол сияқты ежелгі дәуірлеріміздегі ел-жұрты мен туған елінің тәуелсіздігі үшін күресіп өткен Тұмар, Заринадай Сақ көсемдері мен Шырақ сияқты батырларының ерліктерін, туған елінің тұтам жері үшін жанын пида етуден тайынбаған Мөде сияқты ел көсемдерінің отаншылдығы, көзсіз ерлігі жаңғыртып ұсынатын өнер түрлеріне сұранып-ақ тұрған жоқ па?

Сонымен қатар есімдері Орхон-Енисей жазбалары деп аталатын Мәңгі тастарға ойып тұрып жазылған Түркі қағанатының Мәңгілік елдікті, бірлікті, ерлікті ту етіп, «Бастыны еңкейткен, Тізеліні бүктірген» Тәңірі текті Бумын, Елтеріс, Білге, Күлтегін сияқты даңқты қағандары мен батырларының, Елі үшін «Күндіз отырмай, түнде ұйықтамай, тара тері мен қызыл қанын төккен» сөз иесі болған Тоныкөктей ақылгөй данышпандарының елшілдігін, отаншылдығын, қайраткерлігін – өнегелі өмір жолдарын қазіргі ұрпаққа өнер тілімен жеткізудің тәсілдерін іске асыру, қолдану маңызды да игілікті шаралар болар еді деп ойлаймыз. Осы сияқты, мысалы, әрбір жыры адамгершілік асыл қасиеттерді – отаншылдықты, ерлікті, туыстық сыйластықты, махаббатты, адалдықты, достықты, ел бірлігін арқау еткен «Қорқыт ата кітабындағы» [5] 12 жырды, т.б. ежелгі әдеби шығармаларды заманауи технологиялар арқылы өнер туындыларына айналдырып жаңғыртсақ, қазіргі кезде теледидарды жайлап алған кейбір мәнсіз сериалдарын алмастырған алар еді. 

Елбасымыз мақаласында «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз», - деп, осы жоба арқылы әлем бізді мәдени жетістіктерімізбен де тануы керектігін атап көрсетті. Осы жобаны іске асыру еліміздің шығармашылық саласының өкілдеріне үлкен міндет  жүктейді. Жоғарыда аталып өткен, т.б. сол сияқты көптеген рухани-мәдени мұралар өзімізге ғана танылып-білініп қоймай, олардың басқа халықтардың тілдеріне аударылуы да аса маңызды.

Ежелгі әдеби мұраларды рухани жаңғыртуға қатысты жайттардың бірі – олардың кейінгі және қазіргі дәуірлердегі әдебиетке қатысын, өзара байланысын айқындау, зерттеу мәселесі.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Назарбаев Н. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру. «Егемен Қазақстан» газеті. 12 сәуір, 2017 жыл.

2. Қыраубаева А. Ежелгi әдебиет. – Астана, 2001.

3. Сартқожа Қаржаубай. Орхон мұралары. 1-кітап. – Астана. 2003.

4. «Қорқыт ата кiтабы». Ауд. Ә.Қоңыратбаев, М.Байділдаев. – Алматы: Жазушы 1994.