УДК 612.11+612.15

 

Ибадуллаева С.Ж.*, Ауезова Н.С.*, Оспанова Г.К.*, Мусафирова А.Б.**, Жасекенова Б.М.**, Бикенеева Г.Я.***

 

* -Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

** - Облыстық балалар емханасы

***- Облыстық медициналық орталық

 

Саувит биологиялық белсенді қоспасының Арал өңірі тұрғындарының қанындағы иммунды глобулиндер мөлшеріне әсері

 

2010-2011 жылдар аралығында Қызылорда облысының әртүрлі аймақтары тұрғындарының қанындағы сарысу иммунды глобулиндері IgA мөлшеріне мониторинг жүргізіп және олардың жыл мезгілдеріне байланысты өзгерісінің заңдылықтарын анықтап алған соң иммунды глобулиндер концентрациясының анықталған өзгерістерін биологиялық белсенді қоспалар көмегімен коррекциялау мүмкіндігін қарастыруға зерттеу жұмыстары жүргізілді. 

Осындай зиянсыз қоспа ретінде біз темірмен байытылған сыра ашытқысы кешенінен жасалынған «Саувит» препаратын пайдаландық. Әрбір тұрғынының қанындағы гемоглобин мөлшері төмен және әйелдері темір жетіспеушілік анемиядан зардап шегетін Арал өңірі үшін «Саувит» биологиялық қоспа пайдалану өте маңызды болып табылады [1].

Жүргізілген зерттеулер «Саувит» препаратын 2 ай үздіксіз қолдану Қызылорда облысының әртүрлі аймақтарында тұратын әйелдердің қанындағы IgA деңгейін жоғарылататынын көрсетті. Мәселен, оңтүстік аудандар, Қызылорда қаласы және солтүстік аудандарда тұратын бақылау тобындағы әйелдерінің қанындағы IgA мөлшері 0,85±0,04 мг/мл, 0,95±0,03 мг/мл және 1,25±0,05 мг/мл болса, «Саувит» қабылдағаннан соң, олардағы А класы иммунды глобулиндерінің мөлшері 7,0 %, 6,6% және 8,6 %-ға көтеріліп, 0,91±0,04 мг/мл, 1,02±0,03 мг/мл және1,37±0,04 мг/мл жетті (1 сурет).

ОА - оңтүстік аудан, ҚҚ - Қызылорда қаласы, СА - солтүстік аудан

1 сурет - Арал өңірінің әртүрлі аймақтарында тұратын әйелдердің қанындағы IgA иммунды глобулинінің мөлшерінің (мг/мл) «Саувит» биологиялық белсенді қоспасын қолданғаннан кейінгі өзгерісі

 

Арал өңірі тұрғындарының қанындағы IgA концентрациясының тіркелген өзгерістерінің статистикалық тұрғыдан анық болмауы, бақылау және тәжірибелік топтардағы мәліметтердің шашырыңқы болуы және есептеуге Фишер-Стьюденттің тақ критериін қолдануға байланысты болды, егер  Фишер-Стьюденттің жұп критериін қолданатын болсақ, яғни зерттеудің әрбір өзгерістерін салыстырсақ және бастапқы шаманы 100% деп есептесек, онда анық өзгерістер аламыз[2,3]. Сонда IgA мөлшерінің жоғарылауы 107,0±2,5% (р<0,05), 106,6 ±1,4% (р<0,01) және 108,6±2,3%-ға (р<0,01) тең болды.

Ер адамдар қанындағы сарысу иммунды глобулині IgA концентрациясының өзгерісі де осыған ұқсас болды. «Саувит» биологиялық белсенді қоспасын қолданғанға дейін оңтүстік аудандар, Қызылорда қаласы және солтүстік аудандарда тұратын ер адамдардың қанындағы IgA мөлшері 0,87±0,03 мг/мл, 0,91±0,03 мг/мл және 1,37±0,05 мг/мл тең болса, «Саувитті» 2 ай қабылдаған соң Қызылорда облысының үш ауданындағы ер адамдардың қанындағы IgA мөлшері сәйкесінше, 6,7%,  6,3% және 10,2%-ға көтеріліп, 0,93±0,03 мг/мл, 0,98±0,04 мг/мл және 1,48±0,04 мг/мл-ге тең болды.

Егер бастапқы шаманы 100% деп алсақ, онда әр топтағы осы көрсеткіш 106,7±1,7% (р<0,01), 106,3±1,1% (р<0,001) және 110,2±2,4% (р<0,01)-ке жоғарылайды.

«Саувит» биологиялық белсенді қоспасын 2 ай бойы үздіксіз қабылдау қандағы IgG сарысу иммунды глобулині мөлшерінің өзгерісіне әкеледі. Оңтүстік аудандар, Қызылорда қаласы және солтүстік аудандарда тұратын бақылау тобындағы әйелдердің қанындағы IgG мөлшері 8,83±0,25 мг/мл, 9,69±0,24 мг/мл және 12,00±0,31 мг/мл болса, «Саувит» қабылдаған соң оңтүстік аудандарда тұратын әйелдердің қанындағы  IgG мөлшері 4,8%-ға көтеріліп, 9,26± 0,21 мг/мл құраса, Қызылорда қаласы мен солтүстік аудандарда 0,1% және 0,7%-ға төмендеп, сәйкесінше 9,60±0,24 мг/мл және 11,90мг/мл болды. Фишер-Стьюденттің жұп критериін пайдалануға көшкенде, бақылау және тәжірибелік топ арасындағы айырмашылық әр топ үшін 104,8±0,8% (р<0,001), 99,9±1,1% және 99,3±1,0% құрады (2 сурет).

ОА - оңтүстік аудан, ҚҚ - Қызылорда қаласы, СА - солтүстік аудан

2 сурет - Арал өңірінің әртүрлі аймақтарында тұратын ер адамдардың қанындағы IgA иммунды глобулині мөлшерінің (мг/мл) «Саувит» биологиялық белсенді қоспасын қолданғаннан кейінгі өзгерісі

 

Арал теңізінен әртүрлі қашықтықтағы аймақтарда тұратын ер адамдарда саувит биологиялық белсенді қоспасын қолданған кезінде әйелдердің қанындағы IgG мөлшерінің өзгерісіне шамалас өзгеріс байқалды. Бақылау тобындағы Қызылорда облысының оңтүстік, солтүстік және Қызылорда қаласы тұрғындарының қанындағы IgG мөлшері сәйкесінше, 8,19±0,34 мг/мл 8,86±0,32 мг/мл және 10,33±0,37 мг/мл болса, «Саувит» биологиялық белсенді қоспасын қолданған соң, Қызылорда облысының оңтүстік және солтүстік аудандарында тұратын ер адамдардың қанындағы IgG концентрациясы 1,7% және 2,6%-ға төмендеп, 7,96±0,32 мг/мл және 9,86±0,33 мг/мл-ге жетсе, қызылордалықтарда ол көрсеткіш керісінше, 2,3% -ке көтеріліп, 9,00±0,40 мг/мл-ге жетті

 Жүргізілген зерттеулер темірмен байытылған «Саувит» биологиялық белсенді қоспа ретінде қолдану Қызылорда облысының тұрғындарының қанындағы сарысу иммунды глобулинінің А класының өзгеруіне әкелетінін көрсетті.

Арал өңірі аймағында тұратын жас әйелдер мен ер адамдардың иммунды глобулиндерінің 2 жыл бойына жүргізілген маусымдық кешенді мониторинг, осы көрсеткіштің экологиялық қолайлы аудандар тұрғындарының параметрлерімен салыстырғанда анық нашарлауына қарамастан, олардың динамикасы жалпы заңдылықтарға бағынатынын: қыс-көктем мезгілінде төмендеп, жаз-күз мезгілдерінде жоғарылайтынын көрсетті. Сарысу әртүрлі кластарының құрамына өзгеше заңдылық тән болды: IgA минимум шамасы күзде, ал максимальды шамасы-жазда байқалды, яғни  бұл өзгерістерді белгілі жағдайда күн жарығының ұзақтығымен байланыстыруға болады: неғұрлым күн ұзақ болса, соғұрлым иммунды глобулин деңгейі де жоғары болады. 

         Организмнің негативті экологиялық факторлардың кешеніне бейімделу процесін зерттегенде, өзгерісі қоршаған орта әсерінің индикаторы болып табылатын иммундық жүйе жағдайының маңызы зор. Өкінішке орай, бұл көрсеткіш Арал өңірі факторларының әсерінен пайда болатын түрлі мүшелер мен жүйелердің әртүрлі реакцияларын талдауда толық зерттелмей қалды[4].

         Адамның иммундық статусы, жануардың иммундық статусы сияқты  әртүрлі күштеуші факторлардың әсерінен өзгере алады. Оларды физиологиялық (организм үшін табиғи тамақ ішу, бұлшық ет күші, климатогоеграфиялық факторлардың әсері) және физиологиялық емес (үсу, химиялық заттар, радиация, шаң т.б антропогендік факторлардың әсері) деп бөледі. Осы  факторлардың күші мен ұзақтығы адам үшін шешуші әсер болып табылады. Барлық өзгерістер индивидуальды болып, олардың сипаты әртүрлі факторларға, оның ішінде организмнің тұқым қуалау ерекшеліктеріне байланысты болғандықтан, нақты дарадағы қарқындылығын болжау қиын. 

Тағамға қосатын биологиялық белсенді қоспаның толық перспективті әрі жаңа түрлерінің бірі Қазақстанда жасалынған Саувит биологиялық белсенді қоспасы  болып табылады. Ол ерекше құрылысының арқасында әртүрлі бағыттағы медико-биологиялық қасиеттерге ие[5].

         Жүргізілген зерттеулер 2 ай мерзімінде Саувитті қабылдау көрсеткіштердің жақсаруы мен сарысу иммунды глобулиндерінің барлық кластарының мөлшерінің жоғарылауына әкелетінін көрсетті.

         Алынған мәліметтерді басқа авторлардың мәліметтерімен салыстыру экологиялық дағдарыс жағдайындағы Арал өңірінде Саувитті қабылдаудың тиімділігі жоғары екенін көрсетеді[6].

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1.     Баевский Р.М. Методико-экологический мониторинг здоровья населения // Медико-экологические проблемы Приаралья и здоровья населения: Сб.науч.тр. - Нукус, 1991. - С.65-68.

2.     Shalakhmetova T.M., Kolbay I.S. Heavy metals as a major antropogeneous factor affecting on hepatic structure and functions in Aral region of Kazakstan // Biological Monitoring: Abstracts of Internat. Sympos. - Seoul, 1998. - N 1745

3.     Дадамбаев Е.Г., Дауронов И.Г., Бекежанова А.Г и др. Иммунный статус и состояние здоровья детей Приаралья // Здравоохранение Казахстана. -1992. - N 3. - С.79-80.

4.     Тотолян А.А., Марфичева Н.А., Тотолян Н.А. Иммуноглобулины в клинической лабораторной диагностике.  - С.-Пб., 1996. - 125 с

5.     Галактионов В.Г. Происхождение специфических иммуноглобулинов // Природа. – 2004. - № 7. – С.45-53.

6.     Кулинский В.И. Обезвреживание ксенобиотиков // Соросовский образовательный журнал. – 1999. - № 1. – С.8-12

 

Резюме

         В данной статье приведены данные по состоянию иммунного статуса жителей региона Приаралья. Проведено сезонное изучение содержания иммуноглобулинов класса А  у жителей проживающих в различной удаленности  от Аральского моря. Раскрыто положительное влияние биологически активной добавки «Саувит» на модуляцию содержания иммуноглобулина класса А.