Әл‑Фараби атындағы

Қазақ  ұлттық университеті

Филология, әдебиеттану

және әлем тілдері факультеті

Қазақ әдебиетінің тарихы және

  теориясы кафедрасының оқытушысы

Оспанова Ақнұр Абдужапарқызы

 

ЗИЯ КӨКАЛЫПТЫҢ «ТҮРІКШІЛДІКТІҢ НЕГІЗДЕРІ» ЕҢБЕГІНІҢ ТАРИХИ МӘНІ

 

«Түрікшілдік деген не?» деген сауал қойып, Зия Көкалып бұл түрік ұлтын биіктету  деген сөз дейді. Ол мәнде «ұлт» ұғымы түрікшілдіктің негізін түсінуге  көмектеседі дейді.

« «Түрікшілдік» түрік ұлтын биіктету  деген сөз. Ондай жағдайда, түрікшілдіктің  негізін  түсіну  үшін алдымен «ұлт» аталатын  қауымның  неден құралатынын  анықтау қажет  болады. Ұлт жайындағы түрлі көзқарастарды зерттеп көрейік.

1. Нәсілді негізге алатын  түрікшілдерге  сәйкес ұлт нәсілі деген сөз. «Нәсіл» сөзі шын мәнінде зоологиялық термин. Әр жануар түрлі анатомиялық  қасиеттері тұрғысынан  бірнеше типке бөлінеді. Осы типтерді «нәсіл» дейді. Мысалы жылқының араб нәсілі, ағылшын нәсілі, венгр  нәсілі аталатын  бірнеше  анатомиялық  типі бар.

Адамдар арасында да бұрыннан бері ақ нәсіл, сары нәсіл, қара нәсіл, қызыл нәсіл деген төрт нәсіл бар. Бұл жіктеу дөрекілеу болса да, әлі күнге дейін маңызын жоймай келеді.

Антропология ғылымы Еуропадағы адамдарды бас құрылысына және шаштары мен көздерінің түсіне қарай үш нәсілге бөледі: сопақ басты, сары шашты; сопақ басты, қараторы; жалпақ басты.

Мұнымен қатар Еуропада ешқандай ұлт типтердің жалғыз біреуінен тұрмайды. Әр ұлттың құрамында белгілі бір мөлшерде осы үш нәсілдің  адамдары кездеседі. Тіпті бір отбасының өзіндегі ағайындардың біреуі сопақ басты, сары шашты, қалғандары сопақ басты, қараторы және жалпақ басты болуы мүмкін...

2. Қауымды негізге алатын түрікшілдер болса, ұлттық қауымдар бірлестігімен шатастырады. Қауым бір әкеден, бір шешеден  өрбіген,  арасында  ешқандай бөтен біреу  араласпаған  бір қаннан жаралған  адамдардың бірлестігі (ру, тайпа) деген сөз...

3. Жағрапиялық құрылымды негізге алатын түрікшілдердің пікірінше бір елде тұратын халықтың бәрі бір ұлт. Мысалы, олардың  түсінігінще Иран ұлты, Швейцария ұлты, Белгия ұлты, Британия ұлты деген сияқты ұлттар бар. Ал шындығында Иранда парсы, күрт пен түрік – үш ұлт, Швейцарияда неміс, француз, италян сияқты тағы да үш ұлт, Белгияда  француз  тектес  валондар мен герман тектес фламандар бар. Ұлыбритания аралдарында болса, англосаксон, шотландықтар, галлдықтар, ирландықтар аталатын төрт  ұлт бар. Мұндай түрлі-түрлі  қауымдардың  тілдері мен мәдениеттері  бір-бірінен өзгеше болғандықтан  олардың бәрін ұлт санау дұрыс емес.

Кейде бір елде көптеген ұлттардың болатыны  сияқты бір ұлттың түрлі  елдерге тарап  кетуі де мүмкін. Мысалы, оғыз  түріктерін бүгін біз Түркиядан да, Әзірбайжаннан да, Ираннан да, Хорезм өңірінен де кездестіреміз.

Бұл жұрттардың тілі мен мәдениеті бір бола тұрса да, оларды бөлек-бөлек ұлт деп санау  дұрыс па?

4. Османшылдарға сәйкес ұлт – Османлы империясында  тұратын барлық азаматтардың жиынтығы. Алайда, бір империяның бүкіл  тұрғын  халқын  біртұтас  ұлт ретінде  санау  мүлде қате. Өйткені, бұл аралас-құралас  халықтың  ішінде  бөлек-бөлек  мәдениетті  иеленетін  түрлі  ұлттар бар.

5. Ислам бірлігін  жақтайтындардың  ойынша  ұлт бүкіл мұсылмандардың  жиынтығы деген сөз. Бір діндегі адамдардың  жиынтығын «үмбет» атайды. Алайда тілі бір, мәдениеті бір болып табылатындарды ұлт десек, ұлт үмбеттен  мүлде бөлек  нәрсе  екені  даусыз. Олай болса, мұсылмандар – бір үмбет.

6. Жекешілдерге сәйкес ұлт – бір кісі өзін  ішінде  санайтын  қандай да бір қоғам. Рас, адам өзінің қай қоғамға  енетінін анықтауды  өз еркі деп біледі. Ал шындығында  адамдарда  ондай бостандық  пен тәуелсіздік жоқ. Өйткені, адамның рухани дүниесі сезімдер мен идеялардан құралады. Психолог-ғалымдардың жаңа зерттеулеріне  сәйкес біздің өміріміз  сезімдерден тұрады, ал идеялық өміріміз  соған байланысты. Демек, адам рухының бірқалыпты жағдайда  болуы үшін ой-пікірлеріміз бен сезімдеріміз бір-біріне толық үйлесімді болуы керек.

7. Ой-пікірлері сезімдеріне  үйлеспейтін және негізделмейтін адам – рухани тұрғыдан кеселге  ұшыраған адам. Мұндай адам өмірде бақытты бола алмайды. Мысалы, сезім-түйсігі бойынша діндар адам өзін дінсізбін деп есептесе, рухани тепе-теңдікке ие бола ала ма? Әлбетте, жоқ.

Осы сияқты әр адам өзінің  сезімдері арқылы белгілі бір ұлтқа жатады. Бұл ұлт сол адам ішінде өмір сүретін қоғамның барлық сезімін тәрбие арқылы қабылдаған және соған теңелген. Онда бұл адам  тек осы қоғамның ішінде  өмір сүрсе ғана  бақытты бола алады. Басқа қоғамға кірсе, ол ауруға  ұшырайды, сезім-түйсігі үйлесім тапқан қоғамға қайтадан  оралуды аңсайды. Олай болса, қалаған кезінде ұлтын ауыстыру  адамның  өз қолында емес. Өйткені, әрбір ұлт – өмір шындығы. Адам өз ұлтын білмей, тани алмай жүрсе, іздеу мен сұрастыру  арқылы  оны таба алады. Бірақ саяси партияға кірген сияқты  кез-келген ұлтқа еркін кіріп шыға алмайды.

Олай болса, ұлт деген немене? Нәсіл, қауым, жағрапиялық жағдай, саяси өмір және адамның  ерік күшінен басым түсіп, оларға  үкімін  жүргізетін  басқа қандай тәуелсіз күш бар?

Социология ғылымы  бұл байланыстың  тәрбие мен мәдениеттің  бір болуында, яғни сезімдердің бірлігінде екенін дәлелдеп отыр. Адамның ең шынайы сезімдері  оның бастапқы тәрбиесі кезінде қалыптасады. Әлі бесікте жатқан кезінде  естіген өлеңдері  мен  ана тілінің  ықпалында қалады. Сондықтан да біздің  сүйікті тіліміз – ана тіліміз. Рухани дүниемізді қалыптастыратын барлық діни, моралдық, эстетикалық сезімдеріміз осы тіл арқылы  пайда болған. Бұларды бала кезімізде  қай қоғамнан  алған болсақ, үнемі сол қоғамда өмір сүруді қалаймыз. Басқа бір қоғамда әлдеқайда  үлкен молшылықта өмір  сүруіміз  мүмкін  бола  тұрса да, өз қоғамымыздағы кедейшілікті ол молшылықтан жоғары қоямыз. Өйткені, рухани  туыстар арасындағы  бұл  кедейшілік жатжұрттықтар арасындағы  байлықтан  әлдеқайда  артық, ол біздің рухымызды  бақытқа бөлейді. Талғамдарымыз, ар-ожданымыз, сағыныштарымыз  түгелдей  өзіміз ішінде өмір сүрген, тәрбиесін алған  қоғамдікі. Бұлардың ықпалды әсерін  тек  сол  қоғамның  ішінде  ғана сезе аламыз.

Одан ажырап, басқа  қоғамға  енуімізге  үлкен  кедергі бар. Бұл кедергі – бала  кезімізге  сол қоғамнан  алған  тәрбиемізді рухани дүниемізден шығарып тастаудың мүмкін  еместігі. Мұның мүмкін еместігі себепті  бұрынғы қоғамымызда қалуға мәжбүрміз.

Бұдан ұлттың не нәсілге,  не қауымға, не жағрапиялық жағдайға, не саясатқа, не адамның  ерік күшіне  байланысты  бірлестік  емес екені  түсінікті  болады. Ұлт – тіл, дін, мораль және барлық көркем өнер салалары  тұрғысынан  ортақ,  яғни бірдей  тәрбие алған адамдардан тұратын бірлестік. Түрік шаруасы мұны «тілі тіліне  үйлесетін, діні дініне үйлесетін» деп бейнелейді. Шындығында әр адам  қаны  бір адамдардан  гөрі тілі, діні ортақ  адамдармен  бірге өмір сүргісі келеді. Өйткені, адам болуымыздың  ерекшелігі тәнімізде емес, рухымызда Материалдық ортақшылықтарымыз – нәсілімізден, рухани артықшылықтарымыз – тәрбиесін алған қоғамнан. Ескендір Зұлқарнайын: «Менің нағыз әкем Филипп емес,  – Аристотель. Өйткені, біріншісі материалдық денемнің, екіншісі рухани дүниемнің өмірге келуіне себеп болған», деген екен.

Адам үшін рухани дүниесі оның материалдық құрылымынан бұрын тұрады. Сондықтан ұлттан шежіре іздестірілмейді. Тек тәрбиенің және мұраттың (идеалдың) ұлттық болуы ізделеді. Қалыпты адам қай ұлттың тәрбиесін алған болса, тек соның ғана мұраты жолында еңбек етеді.

Өйткені, мұрат – биік шабыттың қайнар көзі. Ал біз оның тәрбиесін алып өспеген жат қоғам мұраты рухымызға әсте үлкен шабыт бере алмайды. Керісінше, біз тәрбиесін алып өскен қоғамның мұраты рухымызды үлкен шабытқа бөлеп, бақытты өмір сүруімізге  себеп болады. Сондықтан да адам өзі тәрбиесін  алып өскен қоғамның мұраты жолында  өмірін пида етеді. Ал ақыл жолымен өзіне байланысты санаған бөтен қоғам үшін ол кішкене мүддесін де қимайды. Қысқасы, ортақ тәрбие аясында өсіп-жетілмеген адамдардан құралған қоғамда өмір сүрсе, адам бақытсыз болады.

Осы пікірден біздің  шығаратын практикалық қорытындымыз мынау: елімізде кезінде аталары Албаниядан немесе Арабстаннан келген ұлттастарымыз бар еді. Оларды түрік тәрбиесінде өскен және түрік мұраты жолында еңбек етуді әдетке айналдырған деп білсек, қалған ұлттастарымыздан бөліп қарауға әсте  тиіс емеспіз.  Тек бақытты күндерімізде  ғана емес, жаман күндерімізде де бізден ажырамайтындарды қалайша ұлтымыздың сыртында ұстай аламыз? Әсіресе, ұлтымыз үшін үлкен жанқиярлықтарға барған, түріктерге үлкен қызмет жасаған жандарға  қалайша «Сіз түрік емессіз» дей аламыз? Иә, жылқының шыққан тегін іздестіруге болады, өйткені, олардың артықшылықтары  күшімен айқындалатын болғандықтан жануарларда нәсілдің маңызы үлкен. Ал нәсілдің адамдардағы қоғамдық әдеттерге ешқандай әсері болмағандықтан ататек іздеу дұрыс емес. Бұған керісінше қимылдасақ, еліміздегі зиялылар мен ойшылдардың көбін санаттан шығаруға  тура келеді. Бұл дұрыс болмағандықтан, «мен түрікпін» дейтін әрбір адамды түрік деп танудан, ал түріктерге опасыздығы байқалғандар бар болса, оларды жазаға тартудан басқа жол жоқ» [130, 12-б.].

Ұлтшылдық, ұлт ұғымы туралы «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» еңбегінде Сәбит Мұқановтың арнайы сөз қозғауы  осы Зия Көкалып еңбегіндегі  үлгі  бойынша да болуы ықтимал көрінеді.

Зия Көкалып түрікшілдікті үш кезеңге бөліп қарай аламыз деген.

«Олай болса, түрікшілдікті мұратының ұлғаюына қарай үш кезеңге ажырата аламыз:

1.                 Түркияшылдық;

2.                 Оғызшылдық немесе түрікменшілдік;

3.                 Тұраншылдық» [130, 20-б.].

Осы тұста Мұстафа Шоқайдың «Тұтас Түркістан» идеясының да нақтылы  тарихи құбылыс, саяси ахуалдар ауқымында туындаған мұрат болғандығын бағамдаймыз.

«Бүгін осылардан  түркияшылдық қана жүзеге асуы мүмкін. Ал бәріміз үлкен ықылыспен іздеп келе жатқан «Қызыл алма» әзірше шындық емес, қиял шекарасында қалып отыр. Түрік шаруасы «Қызыл алманы» елестеткенде  оның көз алдына ежелгі түрік илхандары келеді. Өйткені Тұран мұраты  қиял ғана емес, ол тарихта шындыққа да айналған. Біздің жыл санауымыздан  екі жүз он жыл бұрын ғұн әміршісі  Мөде «ғұндар» атауымен бүкіл түріктерді біріктірген кезде Тұран мұраты шындыққа айналған еді. Ғұндардан кейін аварлар, аварлардан кейін көктүріктер, көктүріктерден кейін оғыздар, олардан кейін қырғыз-қазақтар, кейінірек  Күр хан, Шыңғыс хан, ең соңында  Әмір Темір Тұран мұратын  шындыққа айналдырған жоқ па еді?!

...Тұран – барлық түріктердің бұрын шындыққа айналған немесе болашақта          шындыққа айналатын Ұлы Отаны...» [130, 20-б.].

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Көкалып З. Түрікшілдіктің негіздері. Аударған – Фәдли Әли. Алматы – «Мерей», 2000. – 130 б.