Әл‑Фараби атындағы

Қазақ  ұлттық университеті

Филология, әдебиеттану

және әлем тілдері факультеті

Қазақ әдебиетінің тарихы және

  теориясы кафедрасының оқытушысы

Оспанова Ақнұр Абдужапарқызы

 

ТҮРІКШІЛДІК БАҒЫТТЫҢ ДАМУ АЛҒЫШАРТТАРЫ

 

Зия Көкалып Ресейдегі түрікшілдік, олардың көрнекті өкілдері туралы ілтипатпен баяндайды. Мырза Ратали Ахунзаде мен Исмайыл Гаспралының тарихи еңбегінің  түрікшілдік мұраттарды негіздеудегі  тарихи зор мәніне тоқталады.

«Түркияда Абдолхамит  бұл қасиетті ағымды тоқтатуға тырысып жатқанда Ресейде екі үлкен түрікшіл өсіп  келе жатты. Олардың бірі – Мырза Фатали Ахунзаде. Оның әзери түрікшесімен  жазған  комедиялары Еуропаның барлық тілдеріне аударылды. Екіншісі – түрікшілдіктегі  мұраты  «Тілде, пікірде және істе бірлік» болған Исмайыл Қаспралы. Оның Қырымда шығарған «Тәржүман» газетін Солтүстік түріктері қалай түсінсе, Шығыс пен Батыс түріктері  да солай  түсінетін. Бұл газет барлық түріктердің  бір тіл арқылы  бірігуі  мүмкін екендігінің, дәлелі болды» [130, 8-б.].

Зия Көкалып зерттеуінде Ресейдегі түрікшілдік, ұлтшылдық ағымдар туралы айрықша мән беріліп, тіпті Түркияға бұл ағымның ықпалы тиіп отырғандығы ашық айтылады.

«Абдолхамит сұлтандығының соңғы жылдарында Ыстанбұлда түрікшілдік ағымы  қайтадан жандана бастады. Ресейден Ыстанбұлға келген Хұсейінзаде Әли бей медицинадағы түрікшілдік негіздерін түсіндіріп жатты. Оның «Тұран» атты өлеңі тұраншылдық мұраттарының тұңғыш рет алға тартылуының белгісі еді. Грек соғысы (1897 жылы) басталған кезде түрік ақыны Мехмет Емін бей (Юрдақұл):

Мен Түрікпін, дінім, тегім ­– ұлы, -

деп басталатын алғашқы өлеңін жариялады. Бұл екі өлең түрік өмірінде жаңа революцияның басталатынын хабарлап жатты. Хұсейінзаде Әли бей Ресейдегі ұлтшылдық ағымдардың әсерімен түрікшіл болған еді. Әсіресе, колледжде оқып жүрген кезінде грузин жастарының ішіндегі мейлінше ұлтсүйгіш  болған бір досы оның бойына ұлтқа деген сүйіспеншілік сезімін еккен  болатын» [130, 8-б.].

Түрікшілдік тарихында әдеби шығармашылыққа елеулі мән беріліп отырған. ХІХ ғасырдың белгілі бір кезеңінде, ХХ ғасыр басында қазақ ұлтшылдары  әдебиетке  бекерден-бекер мән бермегендігін ұғына түсетіндейміз.

Түрікшілдік қозғалыста халық тілімен, буын өлшемімен ұлттық сүйіспеншілікке  толы өлеңдер жазу  үрдісі ХІХ ғасыр соңында Түркияда салтқа енгендігі туралы Зия Көкалып жеке шығармашылық тұлғалар тарихынан дәлел, дәйектер келтіріп отырып баяндаған.

«Түрік ақыны Мехмет Емін бейдің бойына түрікшілдікті еккен, өзінің айтуы бойынша, – Шейх Жамаладдин Ауғани. Мысырда шейх Мұхаммет Абдухты, Солтүстік түріктерінің арасынан    Фахреддинұлы Рызаеддинді тәрбиелеген бұл үлкен ислам революционері Түркияда Мехмет Емін бейді тауып алып, оның халық тілімен және буын өлшемімен ұлттық сүйіспеншілікке толы өлеңдер жазуына кеңес берген» [130, 8-б.].

Түрікшілдіктің Түркиядағы баспасөз арқылы  орнығуында «Икдам» («Прогресс») атты газеттің өзіндік рөлі болған. Сонымен бірге түрік тілінің тазалығы үшін  күресте араб, парсы сөздерінен  арылту  тұрғысындағы жұртшылықтан  қолдау таппаған  қате тенденцияда бас көтерген.

Әлемдегі мұсылмандық оянушылық, қайраткерлік  қозғалыстардың нақтылы бір көрініп  болған «түрікшілдік» тұрғысында ұзақ уақыттар бойы  саяси мәнмен  ойлап, айтуға ынталы  болмадық. Кейінгі кезеңдегі қилы зерттеу, қоғамтанушылық, тарихнамалық, саяси әдебиеттердің келтіріп отыратын фактілері, нақтылы жинақтаушылық саралаулар ауқымында толып жатқан беймәлім құбылыстар айқындала түсіп отыр. «Пантүркизм», «панисламизм» деп гуілдеткен құбылыстардың  жекелеген деректерін де Зия Көкалып зерттеуінен молынан ұшыратамыз.

«Осы тұста медицина училищесінде ұйымдастырылған  жасырын революциялық ұйымда  түрікшілдік (пантуранизм), османшылдық (паноттоманизм), исламшылдық (панисламизм) мұраттарының қайсысы шындыққа үйлесімді  деген мәселе пікірталасқа түсіп жатты. Бұл пікірталас Еуропадағы және Мысырдағы жас түріктердің  арасына да тарап, олардың кейбіреулері түрікшілдікті, кейбіреулері османшылдықты жақтаған еді. Сол кезде Мысырда шығып тұрған «Түрік» газетінде Әли Кемәл  Османлы бірлігі идеясын алға тартса, Ақшораұлы Юсуф бей мен Ферит бей түрік бірлігі саясатын ұсынуда еді

Бұл кезде Хұсейінзаде Әли бей Ыстанбұлдан, ал Ағаоғлу Ахмет бей Парижден Бакуге барған  және сонда  идеялық күрес үшін қол алысқан болатын. Топшыбашыоғлы да бұларға қосылды. Бұл үш кісі  онда  сол кезге дейін  үстем болып келген сүнниттер мен шиіттер арасындағы  түсінбеушілікті  жойып, барлық әзірбайжандықтарды  түріктік және исламдық идеялар аясында біріктіруге тырысты.

24 шілде (1908 жылы) төңкерістен кейін (Конституция) Түркияда  османшылық   идеясы  үстемдік құрған еді. Осы тұста шыға бастаған  «Түрк дернеги» (Түрік ұйымы) сол идеяның  ықпалында қалып  қойғандықтан  да ешқандай  ықыласқа бөлене қоймады.

31 наурыздан кейін  османшылдық идеясы  бұрынғы маңызынан  айырыла  бастады. Бұл кезде Абдолхамитке  ислам бірлігі  идеясын   ұсынған  Алмания кайзері  бұл мүмкіндікті пайдаланып, Сұлтанахмет алаңында  Ислам бірлігі  митингісін  ұйымдастырды. Сол күннен  кейін  елімізде  жасырын Ислам бірлігі ұйымдары  ұйымдасып, тарай бастады. Жас түріктер османшыл  және ислам бірлігішіл  болып  қарама-қарсы екі лагерьге бөлінді. Османшылдар космополиттік (ұлты белгісіз) Ислам бірлігін  жақтаушылар болды.

Бұл екі ағым да  еліміз үшін  зиянды болатын. Мен 1910 жылғы Құрылтайда Солоникидегі бас орталықтың  мүшелігіне («Бірлік пен прогрестің») сайланған кездегі жалпы жағдай осындай еді.

Бұл кезде Солоникиде «Жас қаламдар» атты журнал  шығып тұрды. Журналдың бас редакторы Әли Жәніп бей екеуіміз  түнде «Беяз құле» бағында әңгімелесіп отырдық. Ол маған журналдың  тілді тазарту бағытында  революция жасауға тырысып  жатқанын, бұл идеялық соғыста Омар Сейфеттиннің тілге байланысты  бұл көзқарасы толығымен менің көзқарасыма  сай болатын. Жас кезімде Ташқышлада түрмеде отырғанымда менде мынадай нақты идея  туған еді: «Түрік тілін оңдау үшін бұл тілден араб-парсы сөздерін емес, араб-парсы тілдерінің  ережелерін  алып тастау, ал араб-парсы сөздерінен   түрікше баламалары  жоқтарын қалдыру керек» [130, 9-б.].

Осы уақыттарда идеялық күрес жолында ондаған қайраткерлердің  үлкен мұраттармен  көріну фактісі бел алған.

ХХ ғасыр басында қилы бағытта, қайшылығы да болмай қалмаған  түрікшілдік мұраттардың  бел ортасында соның әлеуметтік мәнін саралау тұрғысындағы  күрделі міндеттермен бетпе-бет тұрған Зия Көкалыптың қозғаған жайларынан Ресей түркілерінің де тыс қалмағандығын сезініп отырмыз.

Ұлт зиялысының қарсы топтарға жіктелуі сынды құбылыстар дербес, бодан емес, бостандықтағы Түркияда да болмай қалмаған. Османшылар және ислам бірлігішіл топтарды  Ресей түркілерінің   жағдайында да тереңдете, сабақтастықты зерделеу қажет көрінеді.

Зия Көкалып екі ағымның  да ел үшін зиянды болғандығын айтқан.

Түркия жағдайындағы түрікшілдіктің баспасөз органдарын шығару, тіл тазалығы үшін күресу, ислам негіздеріне қатысты  ұстанымдарының  Қазақстан түркілерінде де басты  бағдар-бағыттары болғаны  белгілі Түркия тәжірибесін  қазақ қайраткерлер ХХ ғасырдың  20-жылдарына шейін ұстанып, осыған тірек есебінде  бағалағанын «Айқап», «Қазақ», «Абай», «Таң», «Шолпан», «Сана», т.б. басылымдары да негіздей түседі.

«Қорыта айтсақ, он жеті, он сегіз жылдан бері түрік ұлтының социологиясын  және психологиясын зерттеу үшін жұмсаған  еңбегімнің  жемісі  басымда қабат-қабат  болып жатқан-ды. Бұларды жарыққа шығару үшін жалғыз ғана мүмкіндік керек болатын. Омар Сейфеттиннің «Жас қаламдар» бетінде бастаған идеялық соғысы  бұл мүмкіндікті әзірледі. Бірақ мен тіл  тақырыбын  жеткілікті деп  санамай, түрікшілдікті барлық қырларымен, жан-жақты бағдарламасымен  алға тартудың қажеттігін ойладым. Осы пікірдің бәрін  қамтитын «Тұран» өлеңін жазып, «Жас қаламдарда» жарияладым. Өлеңдер кезінде  жарияланған еді.

Өйткені, османшылықтан да, Ислам бірлігінен де еліміз үшін қауіп туатынын байқаған жас қайраткерлер ұлтты құтқарушы идея іздеп жатқан-ды. «Тұран» өлеңі осы идеяның алғашқы ұшқыны еді. Одан кейін мен тұрақты түрде  осы өлеңдегі негізгі идеяны түсіндірумен  және насихаттаумен айналыстым.

«Тұран» өлеңінен кейін Ахмет Хикмет бей «Алтынорда» мақаласын жариялады. Ыстанбұлда «Түрік жұрты» журналы мен «Түрік ошағы» қоғамы құрылды (журнал да, қоғам да қазір бар – ауд.). Халида Әдіп ханым (Адывар) «Жаңа Тұран» романымен түрікшілдіктің мәртебесін тағы бір көтеріп тастады. Хамдолла Сұбхи бей (Таңырөвер) түрікшілдіктің белсенді басшысына айналды. Аттары жоғарыда аталған немесе аталмаған түрікшілдер «Түрік жұртында» болсын, «Түрік ошағында» болсын бірігіп, ынтымақтасып жұмыс істеді. Фуат бей (Фуат Көпрілі) түркология саласында үлкен ғалым болды. Ол өзінің ғылыми еңбектерімен түрікшілдікке елеулі жол көрсетті.

Яқуп Қадри, Яхйа  Кемәл, Фалих Рыфқы, Рапық  Халит, Решат Нұри сияқты жазушылар,  Орхон Сейфи, Фаруқ Напыз, Юсуф Зия, Хикмет Назым, Вала Нұреттин сияқты ақындар жаңа түрік тілін көркейтті. Муфиде Ферит ханым да өзінің құнды кітаптарымен болсын, Париждегі мәртебелі лекцияларымен болсын түрікшілдіктің биіктеуіне үлкен еңбек сіңірді» [130, 11-б.].

Зия Көкалып түрікшілдіктің кең жайылып, орнығуында  Халидолла Сұбхабей, Фуат бей (Көпірілі) сынды ғалым, Яқуп Қадри, Яхйа  Кемәл, Фалих Рыфқы, Рапық Халит, Решат Нұри, Орхон Сейфи, Фаруқ Напыз, Юсуф Зия, Хикмет Назым, Вала Нұреттин сынды қаламгерлердің  елеулі еңбек жасағандығын айтты.

«Түрікшілдік әлемінің бүгін кеңейгені сонша – бұл салада еңбек ететін өнер адамдары  мен ғалымдарының аттарын тізіп өтудің өзі том-том кітап  жазып шығуды  қажет  етеді. Тек түрік сәулетшілігінде  сәулетші  Кемәл бейді ұмытпауға тиіспіз. Барлық жас сәулетшілердің түрікшіл  болуында  оның үлкен әсері бар.

Дегенмен түрікшілдікке байланысты бүкіл осы іс-әрекет нәтижесіз қалмақшы еді. Егер түріктерді  түрікшілдік мұраты  аясында біріктіріп, үлкен құлдырау қаупінен  құтқара білген  ұлы данышпан  тумаса. Бүкіл әлем бүгін Ғази Мұстафа Кемәл паша есімін  қасиеттеп, әр сәтте құрметпен  еске алады. Бұрын Түркияда түрік халқының  ешқандай  маңызды  орны жоқ еді. Бүгін бар құқық – түріктікі. Түрік жеріндегі билік – түріктерде. Саясатта, мәдениетте, экономикада билік – түріктерде. Осындай нақты да үлкен  түрікшілдікті  жүзеге асырған адам – түрікшілдіктің  ең үлкен қайраткері. Өйткені, қиялдап ойлау мен насихаттап айту – оңай. Ал ол қиялды жүзеге асыру және табысты нәтижеге жеткізу, әсіресе, қиын» [130, 12-б.].

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Көкалып З. Түрікшілдіктің негіздері. Аударған – Фәдли Әли. Алматы – «Мерей», 2000. – 130 б.