Ф.ғ.к. Алтынбеков Қ.С.
Оңтүстік
Қазақстан мемлекеттік педагогикалық инстиуты, Қазақстан Республикасы
«Бабалар сөзі» – қазақтың рухани
қазынасы
Қазақ
халқының мәдени, рухани мол мұраларының жалпы
адамзаттық өркениеттің, мәдениетінің тарихынан алатын
өзіндік орны бар. Солардың бір саласы – фольклоры. Еліміздің тәуелсіздік алуы
рухани мұраларымызды тануға, игеруге тың серпін әкелді.
Қазақ халқының,
сонымен бірге түркі халықтарының ежелгі дәуірлердегі
рухани, фольклорлық мұраларына жаңа көзқараспен
қарап, кезінде кеңестік саясаттың әсерінен
біржақты қаралып, оң бағаланбай келген
жәдігерліктердің шынайы болмысы мен бітімін айқындау,
белгісіз мұраларды тауып жариялау, тану бағытында іргелі
жұмыстар жүргізіле бастады.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен
1998 жыл «Ұлттық
тарих және халық бірлігі жылы» деп аталуына орай республика
көлемінде ауқымды экспедиция ұйымдастырылып,
фольклорлық іссапарлар да жүзеге асырыла бастады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев тапсырмасымен рухани мұраларды зерттеуге бағытталған арнайы «Мәдени мұра» стратегиялық
бағдарлама қабылданды. Осы бағдарлама аясында «Қазақтың
1000 әні», «Қазақтың 1000 күйі», «Бабалар сөзі» жүзтомдық фольклор
үлгілерінің топтамасы
жарық көрді [1]. Қазақстан Республикасы Білім
және ғылым, Мәдениет және ақпарат министрліктерінің
шешімімен «Бабалар сөзі» жүзтомдық топтамасының
ғылыми басылымын баспаға дайындау ҚР Ғылым Академиясы М.О.Әуезов
атындағы әдебиет және өнер институтының
ғылыми қызметкерлеріне жүктелді.
Жүзтомдық
«Бабалар сөзінің» жинағын шығару 2002 жылдан бастап
қолға алынып, 2013 жылдың
соңында 100-томы шығарылып, тұсауы кесілді. «Бабалар сөзі» жүзтомдығының
жарық көріп, рухани мол мұраның халқымыздың
өзіне қайта ұсынылуына институт ғалымдары С.Қасқабасов
Б.Әзібаева, С.Қосан, М.Шафиғи, Қ.Алпысбаева, П.Әуесбаева,
С.Сәкенов, С.Қорабай, Б.Әбжетов, Т.Әкімова,
Ж.Рақышева, т.б. сол сияқты ғылыми қызметкерлер зор
үлестерін қосты. Жүз томдық «Бабалар
сөзіні» әлем халықтарының фольклорлық
жинағынан кездеспейтін құбылыс болды десек артық
айтқандық емес.
Бұл көптомдықтың басты
ерекшеліктерінің бірі – Қазақстандағы қолжазбалар
мен сирек кітаптар қорларында бұрын жинақталып
сақталған дастандардың бұл
көптомдыққа енген шығармаларының 70-80 пайызы
кеңестік идеологияның салдарынан бұрын жарыққа
шықпаған екен.
Жоба жетекшісі академик Сейіт
Қасқабасов 100 томдықтың
бүкіл бітім-болмысы туралы айта келіп: «Кеңес заманында тарихи
жырлар, діни дастандар, мифтер, ырымдар мен тыйымдар, өзге де
мұраларымыз ескерусіз қалып отырды. Біз осыны, министр
айтқандай, бірінші қолға алдық... Біз оны «жаман» не
«жақсы» деп бөлуге болмайтынын ойластырдық. Әр
шығарманың тәрбиелік мәні бірінші кезекте шығып,
саясиландырудан арылдық десек болады. Осындай табанды жұмыс
өз нәтижесін берді. Мәңгілік елдің
мәңгілік фольклоры жұрт қолына тиді. Бұл томдарға
кірген жәдігерлердің кейбіреулері бұрын «күзелгенін»,
«түзелгенін» білеміз, ал мына жарияланымда халықтық
қалпын сақтады», - деп бұл топтаманың басты ерекшеліктерінің
біріне анықтама берді [2].
«Бабалар
сөзінің» 63 томы эпостық жырларға арналған. Бұл
2004-2010 жылдар аралығында шыққан 63 томында 52
хикаялық, 65 діни, 57 ғашықтық дастан, 95 тарихи, 47
шежірелік, 4 топонимдік, 103 батырлық, 10 аңыздық жырлар мен
олардың варианттары, версиялары қамтылған. Жүз томдық топтаманың 12 томын Қытайдағы қазақ
фольклоры құрайды
Көптомдықтың бұдан кейінгі
томдарына қазақ фольклорының шағын жанрлары
топтастырылған. Атап өтсек, 64-томға 2279 жұмбақ,
65-69-томдарға 27577 мақал-мәтел, 70-71 томдарға 6771
шумақ қара өлең, 72-77-томдарға 531 ертегі,
78-томға 77 миф, 79-томға Моңғолиядағы
қазақтардың фольклоры – жалпы мәтін саны: 1247,
80-88-томдарға 370 топонимдік, 320 шежірелік, 356 күй, 612 тарихи
аңыздар, 90-91 томдарға 198 ғұрыптық фольклор
мәтіні, 92-томға 110 өтіріктер мен мысалдар,
93-94-томдарға 3515 магиялық фольклор мәтіні, 95-томға
200 хикаят, 96-98-томдарға 1033 ауызекі әңгіме,
99-100-томдарға 1416 шумақ ән-өлеңдер енгізілген
екен. Жүзтомдықтың жалпы көлемі – 2600 баспа табақ.
Ал кейінірек дайындалған 101-том – осы 100 томның
мазмұндалған библиографиялық көрсеткіші.
Жүз томдық мұраның құндылығы жөнінде
белгілі фольклортанушы ғалым Ш.Ыбыраев: «Осы жүз томды тану
арқылы біз қазақ халқының өткен рухани
өмірін тұтастай тани аламыз. Сонымен бірге, біз қазақ
халқының әдет-ғұрпын, салтын, дүниетанымын,
философиялық, көркемдік көзқарасын,
қазақтың өз тарихына деген пайымын,
қысқасы, кешегі ұлт өмірінің жалпы болмысын,
тұтастай көрінісін, рухани өмірін тани аламыз. Бұл асыл
қазына – қазіргі кезде тарихшыларға, психологтарға,
қоғамтанушыларға, мәдениеттанушыларға, әдебиетшілерге,
тілшілерге, этнографтарға, қазақ өмірін зерттейтін
қоғамдық-гуманитарлық пәндердің
барлығына да таптырмайтын құнды деректер. Солардың
барлығына да қозғау салатын еңбек осы жүз
том болып табылады. Жүз том – біздің еліміздің,
ұлтымыздың өміріндегі елеулі бір үлкен
оқиға, бүкіл әлем алдында қазақ
халқын мақтанышпен көрсете алатын ұлттық бренд» -
деп баға берді [3].
«Бабалар сөзі» көптомдық топтамасындағы
рухани мұралардың құндылықтарын қазіргі
рухани болмысымызға қалай ендіріп пайдалану керек деген
мәселеге келер болсақ, ол жөнінде қоғам
қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері бұрын жарияланбаған фольклорлық мәтіндерді,
қалың оқырманға мәлім емес дереккөздерді
ғылыми айналымға түсіру, оқу процесіне ендіру керектігі
туралы, сондай-ақ ұлттық руханият пен мәдениетті
жаңғырту үшін филология ғана емес, оған іргелес
тарих, тіл білімі, философия, т.б. ғылымдар үшін де негізді
деректану базасы бола алатындығы туралы ойларын ортаға салып
жүр.
Қазақта «Біткен іске сыншы көп» деген
сөз бар. Көптомдықтағы Қытай
қазақтарының фольклорына, көптомдықта
жанрлардың берілуіндегі жүйелілік мәселесіне, тиражына
қатысты айтылып жүрген сын, ой-пікірлер де жоқ емес.
Әрине, айтылып жүрген бұл ойлардың алдағы кезде
ескерілуге тиісті жақтары бар. Мәселен, тиражының өте
аздығы. Екі мың данамен ғана шыққан бұл
жәдігерліктерді төрт мыңнан астам кітапхана бар елімізге
жеткілікті болады деп айта алмаймыз. Бұл көп
томдықтардың көбісін қазір кітап
дүкендерінің сөресінен таба алмайсыз.
Ия, материалдық та, рухани дүниелер де заманына
қарай өңдеу арқылы халық игілігіне айналатынын
ескерсек, бұл жинақталған бай мұрамыз да шығармашылық
адамдарына мол материалдық азық болатыны анық. Қазіргі
кезде қоғамымыздың барлық өндірістік, руханият,
ғылым мен білім беру салалары да инновациялық технологияларды
қолдана отырып, қоғамның жаңаруына, адамның
қажеттілігін қамтамасыз етуге баса назар аударуда. «Инновация»
терминiнің түпкі мағынасы латын тілінде «жаңару,
өзгеру» дегендi бiлдіріп, кейінгі жаңа заманда белгiлi бiр
мәдениеттің кейбiр элементтерінің бiрiнен екiншісіне енгiзілуі
дегендi бiлдiретінін ескерсек, «Бабалар
сөзіндегі» құндылықтарды да қазіргі қазіргі
қоғам қажеттілігіне жаратылуы тиіс.
Енді осы мол мұраны көпшілік болып халыққа
жеткізудің, насихаттаудың тиімді жолдарын қарастыруымыз
керек. Біздің ойымызша, бұл мақсатта қазіргі
ақпараттық техника құралдарының дамыған
кезіндегі мүкіншіліктерін пайдалана отырып, мынандай
бағыттағы іс-шаралар қолға алынуы қажет деп
санаймыз:
1. «Бабалар сөзін» тиражын көбейтіп
қайта басу.
2. Қазіргі заман талабына орай электронды
нұсқаларын шығару.
3. Ондағы фольклор үлгілерін, мәселен,
жыр-дастандарды шебер орындаушылардың орындауында өзіндік орындалу
ерекшеліктерін сақтай отырып әуен-мақамымен, дыбыстық
(аудио), бейне (видео) таспаларға түсіріп, жалпы халықтың
қолжетімділігіне жағдай жасау. Дыбыстық (аудио) жазбалар арқылы тарату
кейбір жұмыс орындарында, көліктерде келе жатып та адамдардың
қалаған уақытында тыңдауына мүмкіншіліктер
туғызады.
4.
Телеарнарларда белгілі бір уақытта фольклорлық үлгідегі
туындыларды беріп көрсетіп отырса, көрермендер де сол
уақытқа ыңғайланып тыңдауға, көруге
бейімделер еді.
5.
Республикалық «Шалқар», «Қазақ радиосы», жергілікті
облыстық, аудандық радио тораптары да белгілі бір уақыттарда
фольклорлық үлгілерді тыңдармандарына ұсынып
отырғаны тиімді. Бұлайша жасаудың іске асқан
тәжірибесі бар. Мысалы, өткен жылдары «Қазақ
радиосынан» кешкі уақытта тыңдауға ұсынылып
отырған «Қыз Жібек», т.б. эпостық жырлардың берілетін
уақытын халықтың ықыластана күтіп жүргеніне
куә болдық.
6. Балалар фольклорының негізінде танымдық,
тәрбиелік мәні бар үлгі ойындар жасап ұсыну,
сондай-ақ аңыз-әңгімелер, батырлық жырлар сюжеті
арқауында, т.б., анимациялық, мультификациялық фильмдер жасап
көрсетіп отыру қажет. Жас ұрпақтың бүгінгі
алған сапалы тәрбиесі – еліміздің ертеңгі жарқын
болашағының кепілі.
7.
Эпикалық туындылар сюжеті негізінде драматургтердің сахналық
қойылымдарды, кино саласындағы мамандардың тарихи фильмдердің
киносценарилерін жасауға көңіл бөлуі де аса
маңызды.
Бұл
сипаттағы іс-шараларды атқаруда ұраншылдық, даңғазалық
пен жасандылыққа орын бермей, істің үйлесімділігі мен
тиімділігіне, дәстүр сабақтастығына көңіл
бөлініп, пайымдылықпен, орнықтылықпен орындалуына жете
назар аударылуы қажет.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, жазушы
Алдан Смайылдың осы жүзтомдықтың «ЮНЕСКО-ның
Штаб-пәтерінде, Майндағы Франкфурт қаласындағы кітап
көрмесінде тұсаукесерін өткізу, әлемдік тілдердегі
салмақты журналдарда ғылыми мақалалар жариялау, осы
оқиғаға орайластырылған халықаралық ғылыми
конференциялар ұйымдастыру, дүниежүзіндегі ең танымал
кітапханалардың қорында осы құнды басылымның
болуын қамтамасыз ету қажет» деп [4] ҚР Үкіметіне жолдаған депутаттық
сауалы қолдау тауып іске асырылып, орындалып жатса, қазақ
рухы әлемдік деңгейде таныла түсер еді. Елбасымыздың Жолдауында айтылған
«Мәңгілік ел» идеясында адамгершілік рухтың
жоғарылылығына, отансүйгіштік мәселелесіне баса назар
аударылғаны белгілі. Адами құнды қасиеттерді ардақтаудың,
шынайы патриотизмді, ерлік көрсетудің озық үлгілері
фольклорлық туындыларда екенін ескерсек, «Бабалар сөзі» жүзтомдығындағы,
т.б. сол сияқты халықтық ауыз әдебиеті үлгілерін,
өнер туындыларын қайта жаңғыртып, жас
ұрпаққа таныту, насихаттау баршамыздың міндетіміз
болуға тиіс.
Әдебиеттер
1. Бабалар
сөзі: Жүз
томдық [Мәтін]. –
Астана: Фолиант, 2003-2013.
2. Қасқабасов С. Халық
қазынасы қаз-қалпында берілді.
«Егемен
Қазақстан». 21 ақпан, 2014.
3. Ыбыраев Ш. Бағасы
бөлек, бәсі биік.
«Егемен Қазақстан». 21 ақпан, 2014.
4. Смайыл
А. «Алаш
айнасы» газеті. 18 ақпан, 2014.