ӘОЖ .940.2(045)

                                    Джумалиева Л.Т.

«Тарих» кафедрасының  меңгерушісі, доцент, тар.ғ.к., 

Ш.Есенов атындағы КМТжИУ

 

МҰСТАФА ШОҚАЙДЫҢ ТҮРКІСТАН АВТОНОМИЯСЫН ҚҰРУДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ

 

 

В статье рассматривается жизнь и деятельность видного общественного и политического деятеля, боровшегося  за свободу и независимость Единого Туркестана Мустафы Шокай. 

 

The article discusses the life and work of prominent public and political activist who fought for freedom and independence united Turkestan Mustafa Shokai.

 

 

Мұстафа Шоқай  (1886-1941) - отаршылдықтың озбыр саясатына қарсы жүргізілген қоғамдық қозғалыс көсемдерінің бірі, Түркістан халықтары арасында тарихта тұңғыш рет демократиялық Еуропаның ортасында түркістандық саяси эмиграциялық қызметтің негізін қалаушы. 1917 жылдың 16-21 сәуір аралығында Ташкентте өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының 1-сьезіне қатысып, оның төралқасына мүше болып сайланды. «Бірлік туы» газетінің негізін қалап, оның алғашқы редакторы болады. Түркістан өлкесі жергілікті халқының мүддесін қорғауды мақсат еткен қоғамдық-саяси ұйымдарының қызметін үйлестіру үшін құрылған «Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесіне» төрағалық етеді.

М.Шоқай қайда және қандай ауыр жағдайда жүрсе де бүкіл мұсылман халықтарының қамқоршысы болуға тырысты. Түркі - мұсылман халықтарын «Батыс Түркістан», «Шығыс Түркістан» немесе «Орыс Түркістаны», «Қытай Түркістаны» деп бөле қарауға қарсылық танытты. «Тұтас Түркістан» идеясын, түркі халықтарының бірлікте болуын насихаттады. Ұлттық езгідегі түркі - мұсылман халықтарының азаттыққа қол жеткізуі мен өзіндік құндылықтарын сақтап қалуы олардың өзара ынтымақтастығы мен бірлігіне байланысты екендігін дәріптеді. Мұстафа Шоқай Түркістандағы кеңестік биліктің отаршылдық сипатын алғаш таныған және онымен күресуге бүкіл ғұмырын арнаған, түркі халықтары тарихында жаңа интеллектуалды көкжиекке көтерілген қайраткер болды [1].

Ресей империясының, кейін көп жағдайда оның мұрагері ретінде танылған Кеңес Одағының құрамындағы қазақ, өзбек және басқа да түркі тектес халықтардың ұлт-азаттық қозғалысы тарихында Мұстафа Шоқайдың алатын орны ерекше. Алайда отандық және шетелдік әдебиетте қазақ қайраткерінің шығармашылық мұрасы мен қоғамдық саяси көзқарастарына көбірек көңіл бөлінеді де, ұйымдастырушылық, дипломатиялық, жай адами қырларын пайымдау қағажу қалып келеді. Сондай мәселелер қатарына жиырма жыл уақыт бойы Еуропаның төрінде тәуелсіздік үшін күрес туын көтерген саяси ұйымды құрудағы  Мұстафа Шоқайдың ерен еңбегін жатқызуымызға болады. Тәуелсіздік үшін күресте Ресейді мекендейтін түркі халықтарының басын біріктіру, олардың бірыңғай саяси ұйымын құру идеясы әлдеқашан пісіп жетілген еді. Бірінші орыс революциясы тұсында «Мұсылман одағы» құрылса, 1905 жылы 19 қарашада одан да кең көлемдегі «Автономияшылар одағы» дүниеге келді. Осы уақыттан бастап, отарлық езгіге қарсылық жадидтік және түрікшілдік қозғалыстың басты сипаты айқындалды [2].

Мұстафа Шоқай алғаш рет Лондонда 20-жылдардың орта кезінде болғанға ұқсайды. 1925 жылдың  19 мамырында «Матэн» газетінің басшыларымен жазысқан хатына қарағанда, ол ағылшындардың астанасында болып, беделді басылымдармен, мемлекет қоғам қайраткерлерімен танысады. Дәлірек айтсақ, Мұстафаның Лондонға бірінші сапары сәуір айының аяғы мен мамыр айының бас кезіне тура келеді. Себебі оның «Дни» (Париж) газетінде жарық көрген бір мақаласының соңында мұның 1925 жылғы 2 мамырда  Лондонда жазылғандығы жөнінде белгі соғылыпты. 1929 жылдың жазында Мұстафа Шоқай Лондонға Ұлыбритания парламенті Қауымдар палатасының мүшесі, саяхатшы, кавказтанушы В.Д. Алленнің шақыртуымен барады. Бұл жағдай жай ағылшын депутатының бастамасына орай ғана емес, Мұстафа Шоқайұлының ірі қайраткер халықаралық өмірдің сұңғыл сарапшысы ретінде мойындалуына байланысты еді [3].

Мұстафа жалғыз қазақтың ғана емес, күллі түркі халқының бірлестігі үшін еңбек етті. Ол өзінің мақаласында: «Түркістанның ұлт-азаттық туын көтерген адам үшін арғын, қыпшақты былай қойып, тіпті өзбек, қазақ, түрікмен болып бөлінудің өзі Түркістан түріктерін бөлшектеп, өлімге бастайтын жол екенін жақсы білетін едім»,-дейді. Большевиктер бүкіл түркі халықтарының бір болуын қаламады. Ал біз үшін әртарапқа бөліну ол кезде оңтайлы болмады. Патшалық Ресей тұсында қазақтың көп жерлерін мұжықтар тартып алған. Большевиктер болса езілген елге патша тартып алған жерлерді қайтарамыз деген. Мұстафа большевиктердің өз уәделерін орындамағанын, тіпті одан сорақысын істегенін жазады.

Кеңестердің Орта Азияда ұлттық аумақтық жіктерге бөліп межелеу жүргізуін ескі «бөлшектеп ал да – билей бер» ұранын жаңғыртқан «сұмпайы саясат»  деп бағалайды. Түркістан өлкесінде 1917-1918 жылдары ашаршылық болып, біраз халық қырылды. Ол Еуропадағы социалистердің, демократтардың арасында өте беделді болды. Ол барлық еуропалық басылымдарға шет тілдерінде мақала жариялап отырды. Оған қоса өзі де «Яш Түркістан», «Иени Түркістан» журналдарын шығарып тұрды. Жалпы Мұстафа Шоқайұлы  - азаттық қозғалысының теориясын жасаған, соны таңдай білген адам. Халықты азат ету үшін не істеу керек екендігін барлығын білген [4].

1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда Бүкілқазақтық ІІ сьезд шақырылды. Сол сьездің мінберінде Мұстафа Шоқайұлы «Қазақ автономиясы құрылсын» деген ұран тастайды. Бұл мақсат орындалып, автономия құрылады. Бірақ Мұстафаның ой-арманы бұдан да үлкен болды. Ол бүкіл түркі халықтарын біріктіріп, Түркістан Республикасын құруды армандады. Сол мақсатпен 1918 жылы қаңтарда Қоқанға барады. Қоқанда сьезд өтіп, сьезд Түркістан Республикасын жариялап, Мұстафа Шоқайды басшысы етіп сайлады. Бірақ көп ұзамай, 1918 жылы ақпанда қызыл әскерлер Қоқанды алып, басшыларын тұтқындай бастайды. Оның мақсаты туған халқын, сондай-ақ барша түркі халықтарын азат етіп, бір тудың астына топтастыру еді. Ол 10 жыл бойы «Жас Түркістан» журналын шығарып тұрды. Журналда кеңес өкіметінің саясатын әшкерлеп жазды.

1940 жылы немістер Парижді жаулап алды,  Мұстафаны түрмеге отырғызады. Кейіннен Мұстафаның кім екенін білгеннен соң Гитлер оны шақыртып алады. Өйткені оған Мұстафа Шоқайдай адам керек болды. 1941 жылы соғыс басталғанда Гитлер тұтқынға түскен мұсылмандардан Түркістан легионын құрып, кеңес өкіметіне қарсы пайдалануды Мұстафаның алдына міндет етіп қояды. Неміс Фон Папен мұсылмандар мәселесімен айналысатын. Фон Папен мен Мұстафаның байланысы болды ма, болмады ма, бізге ол жағы белгісіз. Ол түпкі мақсатын Фон Папенге айтуы да мүмкін. Гитлердің мақсаты – Орта Азия арқылы Үндістанға жету, сөйтіп, бүкіл әлемге билігін жүргізу еді. Фон Папен  - Гитлердің қарамағындағы сенімді адамдарының бірі. Мұстафаның ойын Гитлерге жеткізіп, оның содан кейін керек болмай қалуы да ғажап емес. Мүмкін сондықтан да Мұстафаның көзін құрту керек болды- дейді философ Д.Кішібеков [5].

Мұстафа Шоқай – шын мәнісінде, эмиграцияға кеткен және шетелге бас сауғалап емес, саяси күресті жаңа жағдайда жалғастыру үшін барған түркістандық тұңғыш тұлға. Қалай дегенмен де, ұлттық тұтастыққа, қазақ елін тәуелсіз іргелі ел етуге деген ұмтылыс өткен ғасырдың басындағы Алаш зиялыларына ортақ мақсат болды. Қалай дегенмен де, ұлттық тұтастыққа қазақ елін тәуелсіз, іргелі ел етуге деген ұмтылыс өткен ғасырдың басындағы Алаш зиялыларына ортақ мақсат болды. Тек оны жүзеге асыру мәселесіне келгенде әрқайсысы әртүрлі жолды таңдады. Мысалы «1917 жылы қазақ қайраткерлері, интеллигенциясы арасында қазақ облыстарының Түркістанмен бірігу мүмкіндігіне байланысты қарама - қарсы екі пікір болды.

М.Шоқай идеясын қолдаушылар «орыстың отаршылдығынан құтылу үшін Орта Азия елдері болып бірігуіміз керек» - десе, «автономия құру  - өз алды мемлекет болу. Ал мемлекет болып, іс атқару оңай емес. Біздің қазақ іс атқаратын азаматқа жұтап отырған болса, Түркістан халықтарының қараңғылығы һәм шебер адамның жоқтығы бізден он есе артық» - деп білген Әлихан Бөкейханов «Орта Азия болып бірігуге болмайды» - деп есептеді. Қалай дегенмен де, күллі қазақ мемлекетінің тағдыры оны барлық қазақ ұлтының қолдауына тәуелді екендігін Алаш басшылары да, Мұстафа Шоқай да түсінді. Мұстафаның өліміне қатысты екі түрлі қауесет бар: бірі тұтқын лагерлерін аралап жүргенде сүзекке шалдыққан десе, екіншісі Каюмхан деген көмекшісі у беріп өлтірді дейді. М.Шоқайдың өмір өнегеге толы болды. Бүкіл түркі әлемнің  тарих тұлғасына айналған. М.Шоқай ХХ ғасыр кезеңінде адамзат баласының айтулы бір перзенті болды. Оның бойында біз біліп үлгермеген, тарихымен таныспаған талай рухани қазыналары жатыр.

Мұстафа Шоқай - бүкіл саналы ғұмырын қазақ халқының, жалпы түркі халықтарының бостандығы мен тәуелсіздігіне арнаған тұңғыш эмигрант күрескер, саяси қайраткер. Аса көрнекті саясаткер Мұстафаның ұстанған жолы - халыққа тәуелсіздікті қантөгіс арқылы емес, керісінше, дүниежүзіндегі демократиялық күштерді араластыру арқылы бейбіт жолмен алу болды. Ол үшін халықтың сана-сезімін ояту қажет еді. Жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпайтынын жете түсінген Мұстафа кеңес үкіметінің қол астындағы мұсылмандар қауымының да жеке-дара күресі арқылы тәуелсіздік ала алмайтынын анық болжай білді. Ұлы күрескер бүкіл түркі тектес исі мұсылман қауымын түгел көтеруді мұрат тұтты.

Мұстафа Шоқайұлы өз заманында Түркістанда орнаған кеңестік биліктің отаршыл сипатын қатесіз, тани білген және онымен ымырасыз күреске ғұмырын арнаған, сондай-ақ, бұл күреске бұрын Түркістан халықтары тарихында болмаған жаңа мазмұн беріп, оны өзінің қажырлы еңбегімен және интеллектуалдық көкжиекке көтерген ұлы қайраткер екендігін дәлелдеген тұлға. Оның өмір жолы ортақ Отан – Түркістан үшін от кешкен айтулы азаматтың жолы болып табылады.

 

 

 

                     Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1. Джумалиева Л.Т., ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың басындағы қазақ ұлт зиялыларының қалыптасуы. (оқу құралы) Ақтау-2010 ж., 54 б.

2. Есмағамбетов К., Тәуелсіздік таңшолпаны. Егемен Қазақстан. 2007 ж., 9 қаңтар.

3. Есмағамбетов К., Герцогиня Атольскаяның салонындағы қазақтар жайлы әңгіме.  Егемен Қазақстан. 2010 ж., 26 мамыр.

4. Қойшыбаев Б., Мұстафа азаттық қозғалысының теориясын жасады. Аңыз адам. 2011 ж., № 7., 44-45 бб.

5. Кішібеков Д., Біз бағаламаған Мұстафаны әлем таныды. Аңыз адам. 2011 ж., № 7., 42 б.