ӘОЖ 636.082.22

 

Ауыл шаруашылығы малдарын көбейТуДЕГІ

 биотехнологияның рӨлі

 

докторант Менликулова А.Б.1, Мусабеков А.Т.2

 

М.О. Ауезов ат.Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университеті1, Шымкент қ.

С. Сейфуллин ат. Қазақ Агортехникалық Университеті2, Астана қ.

 

Мал тұқымы ауыл шаруашылығындағы өндіріс құралы. Соңғы жылдардағы ауыл шаруашылығын өзгертудегі келеңсіз жағдайлар мал шаруашылығына да әсерін тигізбей қойған жоқ. Бұл еліміздегі сапалы, әрі жоғары өнім беретін асыл тұқымды мал басының күрт азаюына, асылдандыру жұмысының қарқынсыздануына әкеп соқтырды. Мұндай жағдайда селекциялық жолмен тез арада мал басын сақтап қалудың немесе оларды өз төлінен көбейтудің мүмкіншілігі шектеулі, әрі ұзақ уақытты қажет етеді.

Жаһандандыру кезеңде биоресурстардың гендік қорын сақтау өте өзекті мәселе болып келеді. Осы орайда мал шаруашылығында эмбриондарды трансплантациялау жойылып бара жатқан мал түрі мен тұқымының гендік қорын сақтауда кеңінен қолданылуда.

Бұл технология мал шаруашылығы селекциясына енгізілген жаңа генетикалық әдістеме ретінде ерекше мән берерлік жетістік. Мәселен, суперовуляциялау мен қолдан ұрықтандыруды және эмбриондарды трансплантациялауды біртұтас үйлестіріп қолданған жағдайда, ауыл шаруашылығында құнды генотиптерді жеделдете көбейтуге мүмкіндік береді.

Қазіргі ғылымның шарықтау уақытында ұрғашы малдан мол өнім алудың бірнеше тәсілі бар. Солардың бірі гормондарды пайдалана отырып, күйітке келген ұрғашы малдың овуляциясын көбейту және эмбриондарды трансплантациялау. Сондықтан ауылшаруашылығында гормональды индукциялық суперовуляция және эмбриондарды ауыстырып отырғызу тәсілін қолдана отырып, саулықтарды ұтымды пайдаланып, асыл тұқымды мал санын көбейтуге болады.

Ауыл шаруашылығы малдарын эмбриондарды трансплантациялау тәсілі арқылы көбейтуде ғалымдардың назарын аударған негізгі мәселелердің бірі - көптік суперовуляцияны гормоналдық жолмен болдыру болды. Донорларды гормоналды препараттар арқылы өңдеп, суперовуляция жасау эмбриотрансплантациялаудың негізгі этапы болып саналады.

Эмбриондарды трансплпантациялау кезінде донор, аталық және реципиенттердің биологиялық, физиологиялық және зоотехникалық ерекшеліктеріне мән беріледі.

Донорларды суперовуляция жасау үшін буаз бие қанының сарысуы (СЖК), буаз бие қанының гонадотропиндік сарысуы (ГСЖК) және фолликулдерді жетілдіретін гормон (ФСГ) және тағы басқа гормондар пайдаланылады. ББС дайындауда алынған қанның жалпы мөлшерінің 40-60% -нен дәрмек дайындалады.

  Эмбриондардың даму сатысы және сапасы халықаралық классификацияға сәйкес бағаланады.

Донор дегеніміз - генетикалық бағалы ооциттер мен эмбриондар алынатын аналық мал басы. Аталықтар деп отырғанымыз, донор аналықтарды ұрықтандыратын аталық жануарлар. Аталық жануарлардың генотипінде аса бағалы гені болу керек, физиологиялық жағынан сау аталық қасиеті жақсы дамыған аталықтар алынады. Реципиенттер – биологиядағы бөгде эмбриондарды төл туылғанша өсіретін жануарлар тобы. Реципиент ретінде генотипі бойынша онша бағалы емес, бірақ физиологиялық жағынан дендері сау, көбею қабілеттері дұрыс жануарлар.

Донор, эмбрион, реципент және транспланттардың әсерлесуін көбейту биологиясында нәтиже алмастырылған эмбриондардың реципиент жатырына имплантацияланып, одан әрі одан транслантат тууына байланысты.

Эмбриондарды трансплантациялау технологиясының негізгі бөлігі – донорлардың гормоналдық статусын анықтау, яғни оларды суперовуляциялану деңгейі бойынша іріктеу. Әрине, бұл технология трансплантацияның тиімділігін көтеріп қана қоймайды, сонымен қатар сирек түсті генотиптердің гендік қорын сақтауға үлкен септігін тигізері анық.

Малдардың төлдегіштік қасиеті негізінен олардың тұқымына, жасына, жайылым және ауа – райы жағдайына байланысты болады. Қой малы да басқа малдар сияқты жылына бір мәрте ғана күйге келеді яғни, оларды ұрықтандыру (күйек алу науқаны) жылына бір мәрте ғана өткізіледі және бұл олардың биологиялық ерекшеліктері болып табылады.

Қойлардың күйге келу уақтысы негізінен жылдың жаз, күз мезгіліне (шілде, тамыз, қыркүйек, қазан айларында) тура келеді. Мысалы: оңтүстік Украйн, батыс Кавказда шілде айында, Поволжье, Каспийдің арғы жағалауында - тамыз, Орта Азия мен Қазақстанда – қыркүйек, қазан айларына тура келеді.

Ауыл шаруашылығы малдарының көбейгіштік қабілеттілігін арттырудың негізгі жолдары: мүйізді ірі қара малы шаруашылығында негізінен малдың қысыр қалуын мейлінше азайту немесе түбегейлі жою болса, қой шаруашылығында екі жолы бар: бірі – қойлардың күйге келуін жиілету болса, екіншісі – көптөлділікті қалыптастыру болып табылады және негізінен биотехнологияның көмегіне жүгінеді. Оның негізгі принциптерінің бірі малдың күйге келуін жиілету (малды табиғи және биологиялық мерзімінен тыс күйге келтіру арқылы малды жылына екі рет, немесе екі жылда үш рет күйлетіп ұрықтандыру жолымен көп төл алу), екіншісі – бір аналықтан алынатын төлдің санын арттыру (әрбір аналықтан бір туымда кем дегенде егіз және одан да көп төл алу).

Көтеріліп отырған мәселенің мәні түсініктірек болу үшін мынадай ғылыми – негізгі деректерді келтіруге болады.

А.Л. Падучева [1] Аскании-Новадағы каракөл қой шаруашылығын өркендетудегі еңбектерінде гормонды қолдану әдістерінің тиімділігін алға тартады.

А.И. Лапириннің [2] тәжірибесінде пролан гормонын қолдану арқылы (малға егу) биязы жүнді қойлардың төлдегіштік көрсеткішін артқанын және ешқандай - да потологиялық кері әсерлердің болмағанын айтады.

Г.А. Жамалованың [3] ғылыми еңбектерінде, хабарламаларында Қазақстанның бір топ ғалымдарының мал шаруашылығын дамытудағы биотехнологияның рөлін арттыруда еңбектерін көрсеткен: олар Қасымов К.Т., Тойшыбеков М.М., Садықұлов Т.С., Ауезбаев С.А., Малмаков Н.И., Бұралхиев Б.А. т.б. Осы хабарламада «дегерес» қойын өсірудегі эмбриоинженерияның (төлдегіштік көрсеткіштерді еселеп арттырудың биотехнологиялық әдістерінің бір түрі) өндіріске енгізілу жетістіктері айтылған.

Осындай ғылыми – негізгі деректерді негізге ала отырып біз, Жамбыл облысының далалы және Мойынқұм жиегі жайылым жағдайында өсірілетін қара түсті қаракөл қойларының төлдегіштігін арттыру мақсатында биотехнологиялық жолдармен дайындалған гонадотроптық агенттерді (буаз биенің қан тұнбасы) егу жұмыстарын жүргізудеміз және оның әсерін анықтаудамыз.

Биотехнологиялық жолдармен алынатын гормондық заттарды (гонадотроптық агенттерді) пайдалану арқылы мүйізді ірі қара малының қысырлылығын жою немесе қойдың төлдегіштігін арттыру мәселелері мал шаруашылығының экономикалық тиімділігін арттыруда өзекті мәселе болып табылады.

Зерттеулер нәтижесі биотехнологиялық жетістік ретінде оларды болашақта кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді. Ғылыми негізде алынған деректер, аймақтағы малдардың төлдегіштігін арттыруға, жоғарғы өнімді мал басының еселеп өсуіне негіз болады. Гормондық заттарды(гонадотроптық агенттерді) әр түрлі жастағы қойларға пайдалануды салыстырмалы түрде зерттеу нәтижесін биотехнологиялық бағалау, экономикалық тиімді жүйесін ұсыну мақсатында пайдаланылады.

Сандық мәліметтер Н.А.Плохинский [4] әдістемесі бойынша, вариациялық статистика жолымен есептелінуде.

Зерттеу жұмыстарының негізгі мақсатына сай және әдістеме бойынша әр түрлі жастағы (3,5; 4,5; 5,5 жасар) үш тәжірибе мал топтары жасақталды. Олар салмақтары бойынша 53–58 кг аралығында болды және бірдей жайылым жағдайында бағылған.

Екінші қайтарымдағы күйге келерден бір күн бұрын таңертең барлық тәжірибе малдарына гонадотроптық агенттерді (буаз биенің қан тұнбасы) егу жұмыстарын жүргіздік. Егу мөлшері барлығына бірдей 1300 м.е.

Күйге келген малдарды іріктеу жұмыстары келесі күні таңертеңгісін басталды да алты тәулікке созылды (144 сағат). Саулықтардың гонадотроптық агенттерді (буаз биенің қан тұнбасы) егілгеннен кейін олардың күйге келу ырғағы 1-ші кестеде келтіріліп отыр.

Бірінші кестенің мәліметтері бойынша барлық топтағы саулықтардың гонадотроптық агенттері (буаз биенің қан тұнбасы) егілгеннен кейінгі күйге келу қарқыны 96,3; 91,8; 90,6% құрап отыр. Жалпы бұл көрсеткіштерді жоғары деп есептеуге болады.

 

Қаракөл саулықтарға гонадотроптық агенттері

(СЖК – буаз биенің қан тұнбасы) егілгеннен кейін олардың күйге келу қарқыны

 

Саулық

тардың жасы

СЖК

егілге

ні (бас)

Уақыт арлықтары бойынша күйге келуі

барлық келгені

(бас)

24

 сағ.

кеиін

48

сағ. кейін

72

сағ. кейін

96

сағ. кейін

120

сағ. кейін

144 сағ. кейін

барлық келгені, %

3,5

81

78

23,5

32,1

25,9

11,1

2,5

1,2

96,3

4,5

97

89

23,6

28,6

23,0

13,5

2,2

1,1

91,8

5,5

96

87

24,1

28,0

23,1

11,7

2,2

1,5

90,6

Барлығы

274

254

23,7

29,6

24,0

12,1

2,3

1,3

92,9

 

Әйтседе, 4,5; 5,5 жасар саулықтардың қарқыны 3,5 жасарларға қарағанда 5,7; 4,5% төмен. Барлық топтарда ең жоғарғы күйге келу қарқыны екінші тәулікте болып отыр - 32,1; 28,6; 28,0%.

Алдағы кезде, тәжірибе мал топтарының төлдегіштігі, алынған төлдердің өсіп жетілу ерекшеліктері, өнімділік қасиеттері сияқты маңызды көрсеткіштері жете зерттелетін болады, зерттеу жұмысының экономиялық тиімділігі анықталады және нақты ұсыныстар жасалады.

 

Пайдаланылған әдебиет

1.            Падучева А.Л. Биология на службе животноводства//Пробл. животноводства. – 1932. - №11, 12. – Б. 22-30.

2.            Лапирин А.И. Проблема акклиматизации в животноводстве//Пробл. животноводства. – 1932.  – №5. – Б. 32-37.

3.            Джамалова Г.А. Биотехнология животных. Агентство «Маматай». – Алматы, 2004.

4.            Плохинский Н.А. Алгоритмы биометрии. – М.: Колос, 1980. – Б.27-41.