Айдаров О.Т.
г.ғ.к., Култасов Б.Ш.
а.ш.ғ. магистрі
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда
мемлекеттік университеті
СЫРДАРИЯ
ӨЗЕНІ ТӨМЕНГІ АҒЫСЫНЫҢ ТАБИҒИ ЛАНДШАФТ
ҚҰРЫЛЫМЫ
ЖӘНЕ ОНЫҢ ХАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ПАЙДАЛАНЫЛУЫ
Сырдария өзенінің төменгі
ағысының табиғи ландшафт құрылымы
табиғи-геологиялық кезеңдерде қалыптасқан. Сыр
өңірі ландшафтысының қазіргі күйінің
қалыптасуына соңғы жылдардағы табиғи, антропогендік
әрекеттің әсері үлкен болып отыр және шешуші орын
алады. Табиғи ландшафттың құрылысын анықтайтын негізгі
факторлар: жергілікті жердің геологиялық құрылысы, тектоникалық
даму тарихы, жер бедерінің генетикалық ерекшелігі, климаттық,
топырақ-өсімдік жағдайы мен қазіргі жер бедерін түзуші
факторлар. Жер бедерінің әртүрлілігі негізгі ландшафт
құрушы фактордың бірі ретінде зерттеу аймағының табиғат
кешенінің алуантүрлілігін көрсетеді [1-7].
Сырдарияның төменгі ағысының табиғи
ландшафтары антропогендік қысымның күшеюінен (ауыл шаруашылық,
техногендік, рекреациялық т.б.) күшті өзгеріске ұшырады
және жаңа келбетке ие болуда.
Қызылорда облысының табиғи ландшафт
құрылымына халық шаруашылығының әсерін көрсету
үшін бірнеше көрсеткіштерді мысал ретінде келтіруге болады. Қызылорда
облысының жер ресурстарының табиғи ландшафттарын негізінен ауыл
шаруашылығының егін және мал шаруашылығы (жайылым) салалары
пайдалануда. Онан кейінгі әсер, Батыс Европа – Батыс Қытай
автомагистралының құрылысы, теңіздің тартылған
табанындағы жаңа ландшафттың табиғи қалыптасуы.
Батыс Европа – Батыс Қытай автомагистралының құрылысы жүріп
жатқан жерлерде ландшафтың қалыптасуында техногендік әрекеттің
кері әсері зор болып тұр (сурет 1).
Сырдария өзенінің төменгі
ағысының ландшафтысына талдау жасауда өңірдің ландшафттық құрылымының
ерекшелігін көрсететін ландшафттық-картографиялық мәліметтер
пайдаланылды.
Суармалы кешендер (ежелгі және қазіргі) негізінен
аллювиалды жазықтарда және абсолюттік биіктігі теңіз деңгейінен
58-53 м жерлерде таралған. Антропогендік әрекеттің салдарынан,
соның ішінде ауыл шаруашылығы өндірісінен бүкіл суармалы
жердің төрттен үш бөлігі екінші рет тұзданып, тастанды
жерлерге айналды. Соның әсерінен бұл жерлер сорларға айналды [6;7].
Шөлдену процесінің қарқындануынан
230 мың га жайылым мен 7,1 мың га шабындық жер түпкілікті
жақсартуды қажет етеді, топырақтың тұздануынан
өсімдік жамылғысы жойылуда.
Сурет 1 – Батыс Европа – Батыс Қытай
автомагистралының құрылысы жүріп жатқан жерлердегі
техногендік ландшафт (сурет автордікі)
Қызылорда облыстық жерді үйлестіру және
жерді пайдалану мекемесінен, облыстық “Казгипроземнен”, сонымен бірге облыстық
ауыл шаруашылық және облыстық орман шаруашылығы басқармасы
есептерінен алынған мәліметтерден қарастырылып отырған аумақта
атропогендік кешендер басым келетінін көреміз.
Облыс аумағында ландшафттардың зоналар
бойынша антропогендік әсерден өзгеру дәрежесін үш топқа
бөлуге болады: а) әлсіз өзгергендер; б) біршама өзгерген
табиғи кешендер және в) қатты өзгерген кешендер.
Әлсіз өзгергендерге шөлдік ландшафттарды
(Қызылқұм) жатқызуға болады, біршама өзгерген
ландшафтарға Сырдарияның атыраулық жазығын (егістік-күріштік,
бау-бақшалықтар), қатты өзгерген ландшафтқа
қала және елді мекендер төңірегін, үлкен тасжол (Батыс
Европа – Батыс Қытай автомагистралының ) бойларын жатқызуға
болады.
Қызылорда облысының жер қорын шаруашылықта
пайдалану құрылымына талдау жасағанда жергілікті ландшафттардың
әр түрлілігін көрсетті. Олар төмендегідей болып
жіктеледі: егістік жерлер, көп жылдық өсімдіктер,
тыңайған жерлер, шабындық, өрістік жайылым, үй
іргесіндегі жерлер.
Бұлардың көбісі ғылыми, рекреациялық
және мәдени-әсемдік жағынан көпшілікті қызықтырады,
сондықтан басты маңызды мақсат оларды қорғалатын табиғи
аумақтар жүйесін құру жолымен сақтап қалу.
Әсіресе, көктемде әртүрлі эфемерлерге толатын әсем
де көрікті аласа таулық ландшафт (Қаратаудың Өгізмүйіс,
Дәуіт, Дарбаза, Ақүйік, Бесарық шатқалдары т.б.) Сырдариялық
Қаратаудың өсімдік жамылғысы әлі толық зерттелмеген.
Сырдария бойындағы тоғайлық - бұл шөлге тән
ерекше ландшафттың тұнып тұрған қайталанбас
өңірі. Мұнда Қазақстандағы бірден-бір реликті
ағаш - қызыл тораңғыл тоғайы өседі. Сусыз
қаңыраған даладағы шұратты жер – Телікөл көлдер
жүйесінің өзі ерекше экожүйе. Телікөл көлдер
жүйесі осы өңірдегі оңтүстік пен солтүстікке
ұшып өтетін құстардың жол-жөнекей тоқтайтын
жері. Табиғатты қорғауда маңызды аң-құстарға
да бай өлке. Өзен және көл экожүйесіне бай атыраулық
ландшафт бір бөлек. Онда көктем мен күзде құс базарына
айналатын Ақсай-Лақалы көлдер жүйесі, Ақкөл,
Қотанкөл, Бөген т.б.
Аймақтағы табиғи тепе-теңдікті
қалпына келтіру басты мақсат, ол үшін әр түрлі деңгейдегі
өзгеріске ұшыраған ерекше және сол жерге ғана тән
ландшафттарды қорғау және сақтау өте қажет.
Жалпы қарастырып отырған аймақтың
бір ерекшелігі, облыстың бүкіл жер қорының 80-85 пайызын
құрайтын суармалы егістік пен 80-95 пайыз шабындық Сырдария аңғарында
орналасқан. Биологиялық өнімділігі ең жоғары ландшафт
түрі де осында [1]. Қазіргі теңіз түбінен босаған
ландшафтар аккумулятивті-аллювиалдық эолды, денудациялық-құрылымдық
және аккумулятивті болып келеді. Олар тұздылығы жоғары,
аккумулятивті-аллювиалды жазықтарға жатады.
Сондықтан, табиғи қорғалатын аумақтарды
ұйымдастыру идеяларына, Қызылорда облысының табиғи-шаруашылық
жағдайына талдау жасай отырып мынадай тұжырымға келуге болады,
яғни, аймақ тарихи жағынан да, экологиялық-әлеуметтік-экономикалық
жағынан да қорғалатын табиғи ландшафтар жүйесін
қалыптастыруға мүмкіндігі бар. Жоғарыда айтылғандарды
тұжырымдай келе мынадай қорытынды
жасауға болады:
Қызылорда облысының табиғи ландшафт
құрылымына халық шаруашылығының әсерін анықтау
үшін бірнеше көрсеткіштерді мысал ретінде қарастыру. Қызылорда
облысының табиғи ландшафттарын негізінен ауыл шаруашылығының
егін және мал шаруашылығы (жайылым) салалары пайдалануда. Сонымен
қатар, Батыс Европа – Батыс Қытай автомагистралының
құрылысы жүріп жатқан жерлерде ландшафтың қалыптасуында
техногендік әрекеттің кері әсеріне мониторинг жасау.
Сырдария өзенінің төменгі
ағысының ландшафтысына талдау жасауда өңірдің ландшафттық құрылымының
ерекшелігін көрсететін ландшафттық-картографиялық мәліметтерді
толықтыру.
Қорғаудағы аумақтардың болашақ
кешенін ұйымдастыруды шетел мемлекеттерінің тәжірибесі көрсеткендей,
сол жердің табиғат кешендерінің физикалық-географиялық
аудандау негізіне сүйене жасау қажет
Сырдың төменгі ағысының табиғатын
сипаттай келе олардың ландшафтпен ажырамас бірлікте екені анықталып,
оларды сақтап қалу тек ландшафтты табиғи қалпында
қорғағанда ғана жүзеге асырылатыны анықталды.
Пайдаланылған әдебиеттер
1 Гвоздецкий Н.А., Николаев В.А. Казахстан (очерки природы). - М.: Мысль,1971. - С.101.
2 Балтаев Қ., Сауытбаева Г.З., Айдаров О.Т. Қызылорда облысының
табиғаты. - Алматы: Республикалық баспа кабинеті, 2000. - 55 б.
3 Житков
Б.М. Акклиматизация животных. - М.:
Биомедгиз, 1934. - С.16.
4 Гельдыева Г.В., Веселова Л.К. Ландшафты Казахстана. - Алматы: Ғылым, 1989. - С. 23-164.
5 Кошкаров С.И.
Мелиорация ландшафтов в низовьях реки Сырдарьи. -Алматы: Ғылым,
1997. - С.15.
6 Гельдыева Г.В., Отей А.А. Ландшафты Казалинского массива орошения // Сборник трудов междун.науч.прак.конференции “Современные
проблемы геоэкологии и созологии”. - Алматы:
Шартарап, 2001. - С. 76-81.
7
Мұқашева Ж.Н., Шәкен А.Ш. Төменгі Сырдария алқабы агро- ландшафттарының
динамикасы // Сборник трудов междун. науч.прак. конференции “Современные проблемы геоэкологии и созологии”. -
Алматы: Шартарап, 2001. - С. 45-46