Ишанов П. З., Жанагулова Д.Е.

                        

 

Мүгедек жандардың әлеуметттік және психологиялық-педагогикалық мәселелері

 

 

Мүмкіндігі шектеулі балаларға қатысты мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі мәселелердің бірі оларды қоғамдық өмірге дайындау, әлеуметтік бейімдеу, жан-жақты дамуларына көмек көрсету, әлеуметтік  өмір шеңберде тең құқылы тіршілік ете алуларына  жағдай жасау.

Мүгедектік кез-келген қоғамда болатын әлеуметтік құбылыс болып табылады, сондықтан әрбір мемлекет өзінің даму қарқынына сәйкес мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты әлеуметтік және экономкалық саясатты қалыптастыратыны анық. Мүгедектік тек бір ғана адамның емес, тұтастай алғанда қоғамның мәселесі [1].

Халықтың аталмыш категориясының санының күн санап өсуі бір жағынан мүмкіндігі шектеулі жандардың физикалық, психикалық әрі зияткерлік мүмкіндіктерінен тәуелсіз оларға басты назар аудару және азаматтық әрі демократиялық қоғамға тән жоғарыда аталған азаматтардың құқықтарын қорғау туралы көзқарас қалыптастырса, екінші жағынан мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік оңалту жүйесін жетілдіруді қажет етеді.

Мүгедектік мәселесінің мәні мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың қоршаған ортамен құқықтық, экономикалық, коммуникативтік және психологиялық байланысымен анықталады. Ең күрделі аспектілері мүгедектер мен созылмалы аурулары бар адамдардың қоғам өміріне белсене араласуына мүмкіндік бермейтін көптеген әлеуметтік кедергілермен байланысты. Шындығына келгенде мүмкіндігі шектеулі тұлғалар әлеуметтік-мәдени жүйе қызметіне толықтай араласу мүмкіндігінен айырылған. Мұндай мүмкіндіктің жоқтығы әлеуметтік кедергілер салдарынан деп айтуға болады. 

Әлеуметтік-психологиялық жағынан мүгедектік адам мен қоғамның алдына көптеген мәселер қояды, сондықтан да мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыстың әлеуметтік-психологиялық аспектілеріне басты назар аударған жөн.

Мүгедектік-бұл өмір қызметінің түрлі салаларында әрекет етудің шектелуімен қатар жүретін тұлға дамуының спецификалық ерекшелігі. Оның салдарынан мүгедектер ерекше әлеуметтік-демографиялық топқа айналады. Яғни, аталмыш топтың күнкөріс деңгейі төмен әрі білім алу мүмкіндігі де айтарлықтай жоғары емес. Мұндай адамдардың өндірістік қызметпен айналысуы қиындық тудырып, еңбекпен қамтамасыз етілмейді. Сонымен қатар өз отбасыларын құратын мүгедектер де аздық етеді. Көптеген мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүруге және қоғамдық қызметпен айналысуға деген құлшынысы төмен болады [2].

Қазіргі қоғамда мүгедектерді әлеуметтік оңалту мәселесі өзекті әрі маңызды мәселелердің біріне айналып отыр. Әлеуметтік оңалту мүгедекті отбасына, ұжымға, қоғамға жеткілікті түрде интеграциялауға бағытталған іс-шаралар кешені болып табылады.

Оңалтудың бұл кезеңінің мақсаты тұрмыстық, кәсіптік, қоғамдық қызметтерді атқару қабілетін қалпына келтіру және қоршаған орта, тұрмыс және өндірістік жағдайда тәуелсіз әрекет етуге мүмкіндік бермейтін бөгеттерді жою [3].

 Жаңа әлеуметтік статус  мүгедек статусының қалыптасуына байланысты жылдан жылға жаңа қажеттіліктер (қарым қатынас, білім алу, кәсіби білім алу, жұмыс орнын таңдау және т.б.) көрініс табуда. Мүгедектің әлеуметтік  статусының пайда болуының кез келген кезеңінде олар әлеуметтік көмекті, әлеуметтік оңалтуды және әлеуметтік өмірге өзінің жаңа статусы арқылы араласуда қолдауды қажет етеді. Мүгедектерді әлеуметтік оңалту процесінің оңалтудың техникалық құралдарын қолдана отырып және көмекші құралдар арқылы әлеуметтік дағдыларды меңгеру үшін арнайы жағдайлар құру, отбасын оңалту процесіне тарту сияқты көптеген мүмкіндіктері бар. Мүгедектің халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігінің бірден бір көрсеткіші болады.

Мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік оңалту жалпы қоғамдық  интеграциялық  мәселенің басты бағыттарының бірі болып табылады [4]. Соңғы уақытта аталмыш топқа жататын адамдарға деген көзқарастың өзгеріске ұшырауымен бұл мәселенің маңыздылығы арта түсуде.

Мүмкіндігі шектеулі адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері көбінесе өзіне-өзі қызмет көрсету функциясының шектелуімен байланысты болады, яғни бұл- өз бетімен киіну, тамақ ішу, жеке бас гигиенасын сақтау, өздігінен жүріп-тұру және тағы басқалар. Бұл мәселенің пайда болу себебі неде? Біріншіден, бұл жоғарыда аталғандай мүмкіндігі шектеулі жандардың физикалық немесе сенсорлық кемістігімен сипатталатын физикалық шектелуімен қатар кеңістікте өздігінен қозғалуға мүмкіндік бермейтін зияткерлік-психологиялық кемістігімен байланысты.

Екіншіден, бұл жұмыспен қамтылудың шектелуі. Мүгедектер өздерінің патологиясына байланысты жұмыс орындарына қол жеткізе алмайды немесе көптеген жұмыс орындары халықтың аталмыш тобына бейімделмеген. Бұл әлеуметтік-еңбектік шектелу салдары әлеуметтік жағдайдың төмендеуіне әкеледі.

Жоғарыда көрсетілген қажеттіліктердің қанағаттандырылуы-мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты жалпы интеграциялық шаралардың толықтай жүзеге асуына жағдай жасайды.

Қоғамның өзге де мүшелерімен қатар мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғам өміріне толыққанды араласуына мүмкіндік беретін жағдайлардың бірден-бірі маңыздысы болып қол жетімді ортаны қалыптастыру табылады.

Соңғы жылдар ішінде әлемде мүгедектік мәселесіне қатысты көптеген  өзгерістер орын алды, мүгедектердің қоғамның өзге мүшелері сияқты тең құқықты әрекет етуі, оларға қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қарау мәселелері белсенді түрде қарастырыла бастады, дегенмен әзірше бұл бастама материалды-техникалық, құқықтық базамен жеткілікті түрде қамтамасыз етілмеген [5].

Cоциумның қоғамдық еңбек ұйымдары дені сау адам мен мүмкіндігі шектелуі адамның тең дәрежеде еңбек етуіне бағытталмаған. Бұл мәселе мүмкіндігі шектеулі адамдардың әлеуметтік және психикалық оқшаулануына әкеледі. Сонымен қатар қоғамның көптеген бөлігі денсаулығында ақаулары бар адамдарды социумға шоғырлануына және толыққанды қоғам мүшесі ретінде қабылдауға дайын емес. Қазіргі таңда қоғам мүгедектердің басқа қоғам мүшелерімен тең дәрежеде өмір сүру құқығын мойындап, олардың әлеуметтік оңалуы үшін барлық жағдайды жасауы тиіс.

 Мүгедектіктің әлеуметтік спецификасы денсаулығында түрлі ақаулары бар адамдардың қоғам өміріне белсене араласуына мүмкіндік бермейтін құқықтық, экономикалық, коммуникативтік, психологиялық және өзге де бөгеттерден тұрады. Жалпы әлеуметтік қиындықтардан басқа олар кері әлеуметтік өзгерістерге бейімделуі, өзін-өзі қорғай білу қабілеті төмен болады, құқықтық базаның толық жетілмеуімен қатар мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың тарапынан көрсетілетін көмек жүйесінің толық дамымауынан зардап шегеді.

Мүмкіндігі шектеулі жандар халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына жатады. Әсіресе олар көп жағдайда білім алуға, еңбек етуге, толыққанды өмір сүруге мүмкіндігі шектеулі болады. Олардың табыс көздері төмен, ал әлеуметтік және медициналық қызметтерге деген қажеттіліктері жоғары деңгейде болады Мүгедектерді әлеуметтік оңалту-қазіргі заманғы әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі. Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік оңалту процесі түрлі бағытты әрі күрделі болып келеді. Ол бірнеше жеке процестерді бір арнаға тоғыстырады

Бүгінгі таңдағы елімізде әрекет ететін әлеуметтік оңалту процесі жеткілікті түрде тиімді деп айта алмаймыз. Аталмыш процеске қатысушыларды оңалтудың тек  «медициналық үлгіні» ғана негізге алуы, кешенді ыңғайдың болмауы сияқты мәселелер өте өзекті болып отыр. Бүгінде әлеуметтік оңалту бойынша бірегей ақпараттық өріс пен бұл процесті өткізу шараларын бақылау жоқтың қасы. Көптеген мүгедектер әлеуметтік оңалту процесі туралы ақпараттың жеткіліксіздігінен тиісті көмекті ала алмайды.

Мүгедектер әлеуметтік категория ретінде әлеуметтік қолдауды қажет етеді және олардың толыққанды әрі белсенді өмір сүруі үшін қоғамдық-пайдалы іс-әрекеттерге тарту, қоршаған ортамен байланысын жетілдіру, бір сөзбен айтқанда оларды қоғамға әлеуметтік интеграциялау қажет. Бұл әлеуметтік оңалтуды ұйымдастырудағы әлеуметтік қызметкерлердің басты мақсаты Әлеуметтік оңалту процесіндегі әлеуметтік қызметкерлердің рөлі өте маңызды болып келеді.

Әлеуметтік қызметкерлер мүгедектердің жас ерекшеліктерін, тұлғалық-cипаттамалық ерекшеліктерін, денсаулық жағдайын ескере отырып әлеуметтік-тұрмыстық және әлеуметтік-психологиялық бейімделуін ұйымдастырып, моральдық-психологиялық қолдау көрсетуі тиіс.

Әрине қазіргі кезде арнайы түзету мектептері мүмкіндігі шектелген балалар бойындағы сақталған анализаторлардың қызметін жоғалтпауға, оларға реабилитациялық көмек көрсетуге, қоғам ортасына бейімдеуге, бағытталған көптеген түзетушілік (коррекциялық) жұмыстар жасалуда.

Біздің ойымызша, көмекші мектептердің осы бағыттағы негізгі жұмыстарының бірі, оқытуды ұйымдастырудың әдіс – тәсілдері мен түрлерін жандандыру, кейбір оқушыларға қажет  болатын жаңа мүкіншіліктерді ашуды талап ету, сонымен қатар бұл мәселе басқа да білім түрлеріне  өзекті екендігін ғылыми және әлеуметтік тұрғыдан негіздеу  деп түсінеміз.

 

 

 

 

Қолданылған әдебиттер тізімі

 

1.     Васильева Н.В., Социологические концепции исследования инвалидности // Социологический сборник, М., 2000.54 б.

2.     Маккавейский П.А., Шестаков В.Т. Об определении понятия «Реабилитация больных и инвалидов // Медико-социальная экспертиза и реабилитация, М.2000. 27 б.

3.     Кальмет Х.Ю. Жилая среда для инвалида. М.: Строй-издат, 1990. 57 б.

4.     В.Б. Смычек Реабилитация больных и инвалидов-М.:-Мед.лит.,2009-383 б.

5.     Актуальные проблемы инвалидности. Сборник научных трудов / Под ред. Ярошенко М.: ЦИЭТИН, 1991. 314 б.