БОЛАШАҚ ПЕДАГОГТІҢ
КӘСІБИ-ДИДАКТИКАЛЫҚ ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІН
ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ
Таубаева Ш.Т. – педагогика ғылымдарының докторы,
әл-Фараби атындағыҚазақ ұлттық
университетінің жалпы және этникалық педагогика
кафедрасының профессоры
Барсай Б.Т. - педагогика ғылымдарының докторы, Х.
Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің
математиканы оқыту әдістемесі кафедрасының профессоры
Әлжанов Е.Ж.-
Лондон университетінің магистранты,
Бексұлтанқызы Л. - әл-Фараби
атындағыҚазақ ұлттық университетінің жалпы
және этникалық педагогика кафедрасының магистранты
Болашақ педагогтің кәсіби-дидактикалық
құзыреттілігін қалыптастырудың педагогикалық шартының бірі - оқу
үдерісін оқытудың белсенді әдістері мен технологиялары
негізінде ұйымдастыру.
А.А. Вербицкийдің пікірінше, кәсіби білім берудің негізгі
мақсаттарының бірі – студенттердің жоғары оқу
орнында оқуы кезеңінде болашақ кәсіби
қызметінің толықтай құрылымын қалыптастыру
[1]. Бұл дегеніңіз, маманның тұлғасын
қалыптастыруда мақсатқа жету үшін әрекеттің
бір түрінен (танымнан) талаптары мен мотивтері де, мақсаты,
құралы, пәні және нәтижесі де өзгерген
екінші түріне (кәсібилікке) көшуді қамтамасыз ететін
оқытуды ұйымдастыру керек. Бүгінгі күні маманды
кәсіби дайындау үдерісінде оқу әрекеті мен кәсіби
қызметінің арасында қайшылықтар бар екені белгілі.
Сондықтан болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің
кәсіби-құзыреттілігін қалыптастыруда
оқытудың белсенді әдістері мен технологияларын
қолданудың маңызы ерекше.
ХХ ғасырдың екінші жартысында
педагогикалық әдебиеттерде «білім беру технологиясы» термині пайда
болды. Білім беру технологияларының пайда болуы мен қалыптасуы
туралы шетел авторларының (Б. Блум, Д. Брунер, Г. Гейс, Дж. Кэрролл, Д.
Хамблин және т.б.) және отандық ғалымдардың (С.И.
Архангельский, Ю.К.Бабанский, В.В. Беспалько, П.Я. Гальперин, Х.К. Жампейісова,
М.В. Кларин, Қ.Қ. Қабдықайыров, Ж.А. Қараев, В.А.
Сластенин, Н.Ф. Талызина, П.М. Эрдниев және т.б.) еңбектерінде
талданған.
Қазіргі кезде үздіксіз білім беру
үдерісінде білім беру технологияларын қолдану ең өзекті
мәселеге айналды. Кәсіби білім беру технологияларының
өзектілігін анықтайтын факторларға төмендегілерді
жатқызуға болады. Біріншіден, білімді меңгеруде
қажеттілерін таңдауда ақпарат көлемінің өте
ауқымдылығы. Екіншіден, қазіргі кездегі
өркениеттің дамуының техногендік бағытының
сапасыз кәсіби маман дайындаудың шығыны туралы ойлауға
мәжбүр етуі. Осындай себептер маман дайындаудың сапасын
арттыру үшін тиімді білім беру технологияларын іздеуге
мәжбүрлеп отыр. Өкінішке орай, дәстүрлі
лекциялық-аудиториялық жүйеде оқыту барысында білім
беру сапасын арттыру мүмкін емес.
Қазақстан Республикасының Білім
туралы Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті –
ұлттық және жалпы адамзаттық
құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке
адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға
бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар
жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді
ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық
коммуникациялық желілерге шығу», - делінген [2, 16].
Білім беру технологиялары әлеуметтік
психология, психодидактика, кибернетика, менеджмент және басқару
ғылымы сияқты теорияларға сүйенеді және
оқытудың мазмұны мен әдістерін жетілдіруге
мүмкіндік жасайды. Білім беру технологиясын оқытудың
тиімділігін қамтамасыз ететін білім саласы; оқытуға
ықпал ететін барлық факторларды есепке алу мен іріктеу негізінде
оқытуда мейлінше жоғары жетістікке жету мүмкіндіктерін
іздеуге бағытталған ғылыми білім саласы; білімді
меңгерудің барлық аспектілерін қамтитын
жоспарлаудың, қамтамасыз етудің, басқару мен
бағалаудың кешенді, кіріктірілген үдерісі;
қойылған білімдік мақсаттарды табысты іске асырудағы
оқыту мен тәрбие үдерісінің әдістері мен
құралдарының жиынтығы түрінде тұжырымдау
кең тараған. «Білім беру технологиясы» ұғымынан
басқа «педагогикалық технология», «оқыту технологиясы»
(дидактикалық технология), «тәрбиелеу технологиясы», «тұтас
педагогикалық үдеріс технологиясы», «педагогикалық
үдерісті жобалау технологиясы», «педагогикалық үдерісті
жүзеге асыру технологиясы», «педагогикалық және өзара
мақсаттас
қарым-қатынас технологиясы» және басқалар
қазіргі кезде педагогикалық лексионда жиі қолданылады..
Педагогикалық
технологиялар В.П. Беспальконың [3], М.В. Клариннің [4], Б.Т. Лихачевтың [5], Г.К. Селевконың [6]
және т.б. еңбектерінде зерттеліп, анықтамалар
берілген. Ғалымдар В.А. Сластенин, И.Ф. Исаев және басқалар
«Педагогика» оқулығында педагогтың алдын-ала
жоспарланған, ретімен жүзеге асырылатын педагогикалық
міндеттерді шешуге бағытталған өзара байланысты
әрекеттердің жүйесі ретінде қарастырылған «педагогикалық
технология» ұғымын енгізді [7]. Сол сияқты К.Х. Закирьянов,
Б.Т. Лихачев, А.П. Сейтешев және басқалар оқыту технологиясын
әлеуметтік мәдени тұрғыдан зерттеген. Оқытудың
ойындық технологиясының теориясы мен тәжірибесіне байланысты
мәселелер М.Ж. Арыстанов, Н.К. Ахметов, Б.А. Қойшыбаев, П.И. Пидкасистый, Ж.С. Хайдаров және
басқалардың
еңбектерінде терең зерттелуде.
Ғалымдардың пікірінше, педагогикалық
технология үш түрлі өрісте көрінуі мүмкін :
ғылыми, бейнелік және нақты. Бірінші жағдайда ол педагогика ғылымының
оқытудың мақсатын, мазмұнын және оқыту
әдістерін зерттеп, педагогикалық үдерісті жобалаушы бөлігі, аймағы болып табылады. Екінші орайда ол үдерістің
жүру алгоритмі, жоспарланған нәтижеге жетудің
мақсат, мазмұн, әдістер мен құралдарының
бірлігі, ал үшіншіден,
барлық жеке, заттық және әдіснамалық құралдардың жұмыс
істеп, жүзеге асуы ретінде қарастырылады [8].
Сөйтіп,
педагогикалық технологияны оқытудың барынша ұтымды
жолдарын іздейтін ғылым ретінде де, оқытуда қолданылатын
тәсілдер мен принциптердің
түсіндірме жүйесі ретінде де және нақты жүзеге
асатын оқыту үдерісі ретінде де түсінуге болады. Педагогикалық
технологияның мәні - шығармашылық қабілеттің дамуы
үшін қажетті жағдай туғызу. Педагогикалық технологияның елеулі
белгілері – ол педагогтің нақты түпкі ойынан туындайды,
оның негізі автордың әдіснамалық, философиялық
көзқарасы; педагогикалық әрекеттердің
технологиялық тізбегі белгілі бір нәтиже күтетін
мақсатпен құрылады; адами және техникалық
мүмкіндіктерді даралау және саралау, диалогтық қарым -
қатынас ұстанымдары
негізінде тиімді пайдаланудағы білім алушы мен мұғалім
арасындағы өзара әрекеті көздейді.
Барлық келтірілген
анықтамаларға сүйенсек, педагогикалық үдеріс
обьективті заңдылыққа бағынады және бұл
заңдылық оқу үдерісінде неғұрлым
кеңірек байқалса, солғұрлым
мұғалімнің қойылған мақсатқа жету
мүмкіндігі көбейеді. Ғалымдардың пікірінше, оқу
үдерісін технологияландырудың негізгі критерийлері
төмендегідей:
-заңдылығы (осы
технологияның негізі болып табылатын белгілі бір ғылыми тұжырымдамаға
сүйенуі);
-тұтастығы
(технологияның сапасын анықтайтын педагогикалық
құрылымдық бөліктерінің өзара
байланыстылығы);
-басқарылымдығы
(диагностикалық мақсат қою, оқу үдерісіне
мониторинг жүргізу, қажетті түзету енгізу);
-тиімділігі (білім
беру стандарттарымен сәйкестігі, мақсатқа жетудің
мүмкіндігі, уақыттың және экономикалық
шығындардың үнемделуі);
-өзгелердің
де қолдануға мүмкіндігінің болуы [9].
Оқытудың қызметі
(функциясы) адами, технологиялық және ізгіліктілік.
Оқытудың технологиялық қызметі – бұл «өмір
сүру үшін база жасау»; еңбекте, кәсіби қызметте,
қоғамдық өмірде, шаруашылықта білік, дағды
қалыптастыру; адамдармен қарым –қатынас мәдениетін
дамыту т.б. Кәсіби педагогикалық мәдениет
аксиологиялық, технологиялық, эвристикалық және
тұлғалық компоненттердің жиынтығы ретінде
қарастырылады. Кәсіби педагогикалық шеберлік
педагогикалық қызметтің жоғары дәрежеде дамуы,
педагогикалық технологияларды қолдана білуі, педагогтың адами
тұлғасы, тәжірибесі, азаматтық және кәсіби
көзқарасы арқылы анықталады. Педагогикалық
шеберлік арнайы білім, дағды, әдет, өз қызметінде
әртүрлі негізгі әдіс-тәсілдер, амалдарды меңгеруі
арқылы қалыптасады. Мұғалім қандай мәселеде
болса да ұйымдастырушы, ұстаз, педагогтік қарым-қатынас
шебері. Сондықтан, оның
бойында мынадай төрт элемент болу керек. Олар: балалардың
ұжымдық және жеке әрекеттерін ұйымдастыра білу
шеберлігі, сендіре алу шеберлігі, білім беру және қызметінде
тәжірибе жинау шеберлігі және педагогикалық техниканы
меңгеру шеберлігі. Әсіресе, педагогикалық техниканы,
яғни біліктер мен дағдылар жиынтығы – оқушылармен
қарым - қатынаста дұрыс жолды таңдай білу,
өзінің сезімін, назарын басқара білу, педагогтік тактіні
сақтау, әр адамның өзіндік «менімен» санаса білу т.б.
Болашақ мұғалім осының бәрін жоғары
оқу орны қабырғасында меңгеруі керек.
Ғалымдардың [10]
зерттеулеріне сүйене отырып, біз төменде жоғары оқу
орнында (оның ішінде біздің де болашақ маман дайындау
тәжірибеміздегі) жиі қолданылатын білім беру технологияларын анықтадық
( 1-кесте).
Проблемалық
– әрекеттік оқыту технологиясының мәні алдына
тек кәсіби білімді меңгеру компонентін ғана емес, оны
жүзеге асыру икемділіктерін де меңгеруге бағытталған
мақсат қою.
Проблемалық – әрекеттік
оқыту технологиясы оқытуда проблемалық және
әрекеттік жағдайды кезең-кезеңмен жүзеге асырады.
Бірінші кезең – оқытушының қойған
проблемалық жағдаятын қабылдап, ой елегінен өткізу.
Екінші кезең – қойылған проблемалық жағдаятты
шешу әрекеттерінің мүмкіндіктерінің моделін ойластыру
және негіздеу (әуелі өздерінің білетін білімдері
арқылы, содан кейін жаңа ізденістер арқылы). Үшінші кезең – түзілген
модельге сәйкес әрекеті (қабылданған шешімді тағы
да бір сараптау). Төртінші кезең-әрекеттің және
проблеманы шешудің дұрыстығын талдау. Бесінші
кезең-көрсетілген әрекет барысында оқушылардың интеллектуалдық
қабілетінің дамуын қамтамасыз ететін ойды талдау,
дәстүрлі шешім қабылдаудан, шаблондар мен стереотиптен ойлау
әрекетіне шығу.
Кесте 1. – Болашақ бастауыш сынып
мұғалімінің кәсіби–дидактикалық
құзыреттілігін қалыптастыруда қолданылатын технологиялар
|
Технология |
Мәні |
|
Проблемалық–
әрекеттік оқыту |
Алдына тек кәсіби білімді
меңгеру компоненттерін ғана емес, оны жүзеге асыру
икемділіктерін де меңгеруге бағытталған мақсат
қою. |
|
Контекстілік
оқыту |
Болашақ
кәсіби қызметтің әлеуметтік маңызын
және мазмұнын моделдеу,
оқытудың белсенді әдістерін пайдалану |
|
Модульдік
оқыту |
Қашықтықтан
оқытудың мазмұндық модулі бойынша жеке оқу бағдарламасымен
өзбетінше жұмыс жасауы |
|
Интерактивті
оқыту |
Кері
байланысты іске асыра отырып, белсенділікті арттыруға,
дәстүрлі оқыту жүйесінде орындалмайтын диалог пен
қарым - қатынас |
|
Жобалау
технологиясы |
Оқытушы
көмегімен
ұйымдастырылатын және оқушының өзбетінше
проблема шешудегі жүзеге асырылатын іс - әрекеттер жүйесі |
|
Зерттеушілік
оқыту |
Зерттеушілік
ізденіс білігі мен дағдыларды қалыптастыруға
бағытталған, интеллектуалдық іс- әрекет |
|
Ойын
арқылы оқыту |
Ізденіске, өзгертуге, оқу
ақпараттарын меңгеруге бағытталған өзіндік
танымдық әрекеті |
Зерттеушілердің пікірі
бойынша, бұл технология тек жаңа
білімге, жаңа білік, дағдыға ие болуға көмектесіп
қоймайды, сонымен қатар әртүрлі кәсіби
міндеттерді шығармашылықпен шешу барысында көптеген
тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді.
Оқытудың контекстілік
технологиясы проблемалық оқытудың негізгі
заңдылықтарын есепке ала отырып жасалған. Мұндағы
«контекст» ұғымы ойды ауызша немесе жазбаша толық жеткізу
мағынасында қолданылады.
Контекстілік оқытуда бұл
ұғым психологиялық категория ретінде қарастырылады,
оның көмегімен әртүрлі деңгейде болып
жатқан психологиялық үдерістер түсіндіріледі.
Адамның кезкелген әрекетін тек қана диалогтық контекст
арқылы түсінуге болады. Контекстілік технологияда негізгі тірек
тұлға дамуындағы кәсіби ынтаның қалыптасуы
болып табылады. Сондықтан, студенттің оқу
әрекетінің мазмұны оқу пәні арқылы
ғана емес, маманның моделі, яғни болашақ кәсіби
қызметі туралы логикасына да байланысты қалыптасады. Бұл
оқу үдерісіне тұтастық, жүйелілік бере отырып,
оқып отырған пәннің мағынасын терең
түсінуін қамтамасыз етеді.
Контекстілік технологияның маңызды
элементі студенттің оқу әрекетінің түрі
кәсіби іс-әрекет түріне сәйкес келі болып табылады.
Бұл жерде үш базалық әрекет түрлерін бөліп
айтуға болады: оқу әрекеті (лекция, семинар),
квазикәсібилік (кәсіби іс-әрекет түрлерінің
моделін бейнелейтін іскерлік ойындар, басқа да ойын түрлері),
оқу-кәсіби (студенттердің ғылыми–зерттеу
жұмыстары, өндірістік практика, диплом жұмысын жазу).
Бұлардан да басқа кәсіби білім беру мақсаттарына
сәйкес келетін кезкелген дәстүрлі және жаңа
әрекет түрлерін пайдалануға болады. Контекстілік технологияда
адамның табиғи болмысына еліктеуші әдістер қолданылады.
Дискуссия
қатысушылардан талқыланып отырған мәселеге
өзінің көзқарасын білдіруді, таласта басқалардан
өзгеше өзіндік ойының болуын талап ететіндігімен сипатталады.
Дискуссия студенттердің қарым – қатынаста сөйлеу
мәдениетінің қалыптасып, тіл байлығының дамуына
тиімді әсер етеді.
Проблемалық
семинар дискуссияға қарағанда білімді
молайтуға көбірек ықпалын тигізеді, семинарға
қатысушылар өз білімдерін толығырақ көрсетуге
мүмкіндік алады. Проблемалық семинар жұмысы дәстүрлі
семинардағыдай алдын-ала белгілі дайын білім төңірегінде
емес, керісінше әлі белгісіз мәліметтерге құрылуы
керек. Семинарда студент өзі ізденіп, өзінің еңбегімен
материалдар жинағандықтан, білімді тереңірек меңгереді,
себебі өзінің жинаған материалдарын өзі жақсы
түсініп, есте сақтайды.
Тренинг
көбіне біліктілікті қалыптастыру бағытында жүргізіледі.
Трнеингті ұйымдастыру үшін біліктіліктің қандай
деңгейіне қол жеткізуді нақты жобалап, дәл керек
мәселені түсініп алу қажет. Бұл жерде
диагностикалық мақсат қою тиімділік кепілі.
Модульдік
оқыту технологиясының педагогикалық негізі
америкалық философ Дж. Дьюидің педагогикалық
жүйенің ядросы оқушы болып табылатын, өз бетінше білім
алу және өзін - өзі бақылау басым маңызға
ие тұлғалық – орталандырылған оқыту идеясына
бағытталған. Модульдік оқыту технологиясының
психологиялық негізі – «білімді толық меңгеру жүйесі»
(Дж. Кэрролл, Б. Блум т.б.), бір оқу материалын оқушылардың
интеллектуалдық қабілетінің әртүрлілігіне
байланысты меңгеруге түрліше уақыт талап етіледі, бірақ
дәстүрлі оқытудың сыныптық жүйесі жеке
жұмыстануға жол бермейді, белгілі бір материалды бір мезгілде
игеруді талап етеді. Сондықтан, әр оқушы материалды
меңгеруге жеткілікті уақытқа ие болса өте тиімді
болған болар еді [11; 12].
Эстонияда білімді толық
меңгеру жүйесі Э.В. Крулльдің еңбектерінде
дамытылған [13]. Ресейде бұл жүйені қысқаша
түрде М.В. Клариннің еңбектерінен кездестіруге болады [14]. Оқу модулі – оқу
үдерісінің мазмұны тұтас, оқыту мақсаттары
айқындалған және оқытудың сәйкесті
ұйымдастыру формалары мен
бақылау және өзіндік бақылау жүйесі
техникалық тұрғыдан қамтамасыз етілген
құрамдас бөлігі.
Жоғары оқу орындарында
модульдік оқыту технологиясы әлемде кеңінен
қолданылады. Мысалы, Ұлыбританияда студенттің жинаған
рейтингісі мен меңгерген модульдерінің саны оның білім
деңгейін көрсетеді. Оқуға түсерде талапкер
оқыған кезде әрбір оқу модулінен міндетті түрде
алуға тиіс білім мен біліктің тізбесімен танысады. Бұл
оған кәсіби білім алудың басынан бастап белгілі бір
біліктілікті меңгеруге көмектеседі.
Жоғарыда аталған
ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып, модульдік
оқыту технологиясының сипаттамаларын төмендегіше
анықтадық:
- әрбір оқу модулі бойынша
диагностикалық мақсат қою;
- оқу кешенінің
әртүрлі оқу модульдерінен тұратын мазмұнын, оқыту әдістерін, бақылау
және бағалау жүйесін өзгертіп отыруға икемділігі;
- берілген модульдің мақсатын
сезіне отырып түсіну;
- студенттің басқа
әрекеттерге қарағанда нақты тапсырмалар
жүйесінде білімін өзі -
өзі тексеруге мүмкіндік беретін өзіндік
жұмыстардың басым болуы;
- оқытушының әріптес
ретінде кеңес беруінің басымдығы;
- студенттің өзінің
әрекетін өзі қорытындылауы.
Оқу модульдерін жобалауда білімді
және білік, дағдыларды меңгеру деңгейіне сәйкес
оқу тапсырмаларының жүйесін жасалды. Модульдік оқыту
жүйесінде оқу тапсырмаларының орындалысы бақылау мен
өзін -өзі бақылаудың тиімді тәсілі ретінде тест
арқылы тексеріледі.
Интерактивтік технологиялар оқытудың
әдістері мен түрлерінің, бағдарламаларының
интерактивті мүмкіндіктері кері байланысты іске асыра отырып,
студенттің белсенділігін арттыруға, дәстүрлі
оқыту жүйелерінің көбінде орындалмайтын диалог пен
тұрақты көмекті де іске асыруға мүмкіндік береді.
Демек, бір –бірімен бетпе – бет кездесусіз–ақ студент пен оқытушы
арасында интерактивті қарым–қатынас орнату және пән
бойынша білім мен дағдының белгілі бір мөлшерін өз
бетінше игеру.
«Интерактивтік» термині
ағылшынның өзара белсенділік мағынасындағы
«interaction» сөзінен шыққан. Бұл термин көбіне –
көп информатика, коммуникация және өндірістік дизайн
саласында кеңінен қолданылады.
Біздің тәжірибемізде
интерактивті дәріс педагог жетекшілігімен ұйымдастырылатын
дәстүрлі оқыту тәсілі мен жекелей компьютерлік
оқытудың ұтымды жақтарының үйлесімінен тұрады.
Компьютер мұғалімнің белсенді көмекшісіне айналды.
Ақпараттық–танымдық мазмұнмен қатар, интерактивті
дәріс мазмұндау барысында компьютерлік слайдтарды қолдану
арқасында эмоционалдық сипатқа ие.
Интерактивтілік келесі
құралдар арқылы жүзеге асырылады:
- ақпараттық құралдар: компьютер
мен интерактивті тақта. Компьютер ақпаратты
өңдеуге арналған әмбебаб құрал,
интерактивті тақта – компьютердің қосымша
құрылғыларының бірі және дәріс берушіге
немесе баяндамашыға ақпараттың кескіні мен қарапайым
маркер тақтасын біріктіру арқылы дәріс
өткізуге мүмкіндік беретін құрал;
-программалық құралдар немесе
«электрондық басылымдар»: электрондық
оқулықтар, электрондық дидактикалық материалдар,
электрондық анықтамалар, электрондық энциклопедиялар,
жаттықтырушы және дамытушы компьютерлік программалар.
Бастауыш сыныпта
интерактивтік тақтаны қолдану оқушылардың назарын
оқу үдерісіне аударып, қызығушылығын тудырып,
ынтасын арттырады. Программаларды көрнекі түрде басқару, тез
белгілеу, тақтада балалардың көз алдында қолмен түзетулер
енгізу, жазып алынған файлдарды оқушыларға сыныпта
таратылатын материал, үйде өзіндік жұмыс ретінде орындалатын
тапсырма түрінде беруге жағдай жасайды. Балаларға тақта
алдында ұялуды және қорқынышты жеңуге
көмектеседі, оларды оқу үдерісіне оңай қызықтырады.
Сыныпта немқұрайлы оқушы кездеспейді, барлық
пәндер бойынша оқу оқушылар үшін жеңіл және
тартымды, қызықты бола бастайды. Сондықтан интерактивті
тақтаны бастауыш сыныпта оқыту үдерісінде қолдана
білуге үйрену болашақ мұғалімдер үшін өте
қажет.
1999 жылдан бастап,
оқушылардың зерттеушілік, ізденушілік, жобалау әрекеті
біртұтас жүйе ретінде құрылды. Бүгінгі 12
жылдық білім беруге көшуге байланысты қабылданған
жаңа мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында
көрсетілген білім беру нәтижелері ретіндегі
құзыреттіліктерді қалыптастыру жағдайында ерекше
қажеттілікке ие. Сондықтан болашақ мұғалімдерді
оқытуда оларды қолдана отырып, оқушыларға да осы
технологиялар негізінде білім, білік, дағды қалыптастыруға
үйретуде маңызды болып отыр.
Жобалау мен зерттеу әрекет түрлерінің бағыттары,
мәні мен мазмұны жағынан түрліше.
Жобалау технологиясы тек
қандай да білім беріп қоймайды, ақпарат алу, оларды
теориялық, практикалық кәсіби қызметінде қолдана
білу тәсілдеріне, студенттерді топпен де, жеке де жұмыс істеуге
үйретеді; әртүрлі ұйымдастырушылық шешімдерді
өз бетінше қабылдай білу біліктілігін қалыптастырады;
коммуникативтік біліктілігін дамытады; фактілер мен құбылыстарды
талдау, салыстыру, сәйкестендіруді үйретеді; студенттердің
идея тастау, болжау және оларды шешу біліктілігін дамытады; білім беру
үдерісінде танымдық шығармашылық
құзыреттілігінің негізі ретіндегі субъектінің
шығармашылықпен ойлау қалыптасады; студенттердің түйіндік
құзыреттіліктерін қалыптастыру жүзеге асады.
Жоба – латынша PROJECTUS- «алдын - ала»
(Д. Дьюи, У. Килпатрик, С. Шацкий), «алға тасталған ой, алға
шығып сөйлеуші»,- деген мағынаны білдіреді. «Жобалауға
оқыту», «оқушылардың жобалау әрекеті» туралы соңғы
кезде көп айтылып жүр. Жобалаудың зерттеуден
айырмашылығы – жобалау тәжірибеге бағдарланған. Жобаны
жүзеге асырушы адам жаңаны ғана емес, өзінің
алдында тұрған нақты проблеманы шешеді [15].
Жобалау технологиясы
педагогикада жаңа әдіс емес. Ол өткен ғасырда
АҚШ-та пайда болды. Оны философия және білім берудің
гуманистік бағытымен байланыстырып Дж.Дьюи, В.Х. Килпатрин енгізген
мәселелер әдісі деп атады [16].
Еуропада жоба технологиясы ХХ
ғасырдың жиырмасыншы жылдарында енгенмен, тиімді нәтиже
бермеген болатын. Себебі, жоба технологиясының теориясы жеткілікті
зерттелмеген еді.
Жоба –
оқытушы көмегімен
ұйымдастырылған және студенттің өзбетінше
проблема шешудегі жүзеге асырылған іс - әрекеттер
жүйесі. Жобалау технологиясының негізгі идеясы – студенттің
нәтижеге бағытталған оқу – танымдық
әрекеті. Нәтиже практикалық немесе теориялық
маңызды проблеманың шешімі болуы тиіс.
Біздің жағдайымызда ортаға
студент↔оқытушы болып
тақырып тасталады. Содан соң студенттер өз ойларын айтады.
Сыртқы нәтиже: – оны көруге болады, тәжірибеде
қолдануға болатын өнім. Ішкі нәтиже – студенттің
тәжірибесі (білік, білім, құзыреттілік,
құндылықтар).
Қажетті құзыреттіліктер:
жауапкершілікті өзіне алу; бірлесіп шешімге келу; таңдау жасау;
талдау, бағалау.
Тұжырымдық позициялар:
ізгілендіру ұстанымы; ынтымақтастық; басқаның
пікірін сыйлау; нәтижеге жауапкершілік.
Оқытушының міндеті:
-
Зерттеу
және іздену әдістерін терең меңгеру және оны
студенттермен ұйымдастыру;
-
Студенттердің
өз пікірін еркін айта алатындай дискуссиялар ұйымдастыру;
-
Студенттерді
қойылатын мәселені шешу жолын іздестіруге бағыттау;
-
Жобаның
проблемасын шешу үшін ғылымның әртүрлі саласынан
алған білімді кіріктіруге үйрету.
Жобаның түрлері: тәжірибеге бағытталған
жоба, зерттеушілік жоба, шығармашылық жоба, ақпараттық
жоба.
Жобалау әрекетінде
студенттердің өзгермелі өмірлік жағдаяттарға
бейімделу, қажетті білімді өз бетінше ала білу, практикада туындап
отыратын мәселелерді шеше білу қабілеттерін шешуге мүмкіндік
беретін танымдық белсенділік басымдық алады. Жобалау әдісі
әруақытта студенттің әдейі бөлінген уақытта
(бірнеше минуттан бірнеше аптаға, кейде айға дейін жеке,
қосарлы, топпен) өзбеттерінше әрекет етуіне
бағытталған. Жобалаудың зерттеуден айырмашылығы – ол
тәжірибеге бағдарланған. Жобаны жүзеге асырушы адам
жаңаны ғана емес, өзінің алдында тұрған
нақты проблеманы шешеді. Жобалау әдісін мәселенің нақтылығы;
алынған нәтиженің практикалық, теориялық,
танымдық мәні; студенттің өзіндік әрекеті;
жобаның кезеңдері көрсетілген мазмұндық
бөлімін құрастыру; жобаны орындауға зерттеушілік
әдістерді қолдану; зерттеу әдістерін, алынған
мәліметтерді талдау, қорытындысын шығару, соңғы
нәтижені түзетіп, реттеу, тұжырым жасауға байланысты
«жобалау технологиясы» деп атайды [17]. Өкінішке орай, қазіргі
студенттердің басым бөлігі ақпарат алудың
әртүрлі әдебиеттер, электрондық басылымдар, интернет
сияқты көптеген көздері бола тұрса да білім алуға
белсенділік көрсетпейді. Бұл жерде негізгі мәселе
қоғамдағы өте көп ақпарат ағымына
байланысты студенттер өздеріне керекті мәселелерді іздеп табу
жолдарын біле бермейді, дайын материал алуды көздейді. Бұл
мәселені шешу үшін студенттерді жобалау әрекетіне
үйретудің мынадай кезеңдерден тұратын дайындық
жүйесі ұсынылады:
- жобалау алды қызмет;
- қысқа және орта
мерзімді жобаларды орындау;
-оқытудың классикалық
құралдарын қолданып, орта және ұзақ
мерзімге арналған моножобаларды орындауды ұйымдастыру;
- жаңа ақпараттық
технология құралдарын қолдану арқылы ұзақ
мерзімді моножобаларды орындау;
- пәнаралық және
факультетішілік жобалармен жұмыс [18].
Жобалау технологиясы студенттерді
өз ойларын өздеріне ыңғайлы уақытта,
шығармашылық түрде ұйымдастырылып, ойластырылған
түрде жеткізе білуге дағдыландырады, өздерін - өздері
іске қосып, өз іс - әрекетіне баға беруге, тексеруге
әсерін тигізеді. Ең бастысы жобаның құрылысы
қандай болатынын және тұсау кесері қандай түрде
өтетінін студенттердің өздері шешеді. Жобамен жұмыс
істей отырып, студенттер жеке де, топпен де өз беттерінше керекті
мәліметтерді табуға, түрлі дерек көздерін
пайдалануға үйренеді. Оқытушы олардың тең құқылы
кеңесшісіне айналады. Бірігіп жұмыс жасау ұжымды
жақындастырады, студенттердің бірі- бірімен қарым –
қатынасы, тек өз жұмысына емес, бүкіл ұжым
жұмысына деген жауапкершілігін арттырады. Әрбір студент өзі
бастаған жұмысының толық нәтижесін көру
үшін оны жақсы аяқтауға тырысады. Мұндай
оқу технологиясы білімгерлерге шығармашылық ізденіске
дағдылануды, ұжымда жұмыс жасауды үйретеді.
Дәстүрлі сабақтардан гөрі жобалау технологиясын
қолданған сабақтар оқытушыға да, студентке де
жауапкершілік жүктейді, шығармашылық ізденісті талап етеді.
Жоба технологиясын қолдану студенттердің болашақ
мамандығына қызығушылығын арттыруға, оны
меңгеруіне, мектепке барған кезде балалармен жаңаша
жұмыс істеу іскерлігін қалыптастыруға, кәсіби
құзыреттілігін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Зерттеушілік оқыту технологиясы жеке
тұлғаның шығармашылықпен жұмыс істеп,
зерттеушілік іскерліктер мен дағдыларды меңгеруін
қалыптастыруда маңызды болып табылады. Зерттеушілік білігі мен
дағдылары бүгінгі күні ғылыммен айналысатын
адамдарға ғана тән емес, түрлі саладағы
әрбір адамның әрекетіне қажет. Шығармашылық
зерттеушілік – ізденіс кез келген кәсіптің ажырамас бөлігі,
сондықтан мектеп оқушысын төменгі сыныптан бастап зерттеу
әрекетіне дйындау, оның зерттеушілік ізденіс білігі мен
дағдыларын қалыптастыру қазіргі білім беру ісінің
маңызды міндеті болып саналады. Қоршаған ортаны зерттеуге
ұмтылу тірі жан психикасының тамаша ерекшеліктерінің бірінен
саналады. Табиғат мұндай ерекшелікті тек адамдарға ғана
емес, жануарларға да берген.
Зерттеу, іздеу белсенділігі –
баланың жаратылысына тән табиғи құбылыс, білуге
құмарлық, бақылау жасауға талпыныс, өзінше
эксперимент жүргізу баланың балалығымен бірге жүретін
үдеріс. Зерттеушілік әрекетті адамның интеллектуалдық –
шығармашылық тәжірибесінің ерекше түрі ретінде
қарастыру керек. Зерттеушілік әрекеттің жемісті жүзеге
асуы үшін субъектіден арнайы тұлғалық білім –
зерттеушілік қабілет талап етіледі. Зерттеушілік қабілет
отандық психология дәстүрлерімен сәйкес,
тұлғаның зерттеушілік әрекеттің жемісті жүзеге
асуының субъективтік шарттары ретіндегі жеке психологиялық
ерекшелігі болып табылады [19].
Зерттеу қызметінің әдістері мен
амалдары ретінде оны жүзеге асыруға қажетті мәселені
көре білу, болжам жасай білу, бақылай білу, эксперимент жасай білу,
ұғымдарға және басқаларға анықтама
бере білу сияқты әдістер мен амалдарды түсіну керек. Зерттеудің
жобалаудан айырмашылығы – ол белгісізді, жаңа білімді іздеу
үдерісі. Бұл - адамның танымдық
әрекеттерінің бірі.
А.К. Маркованың пікірі бойынша
мұғалімнің кәсіптік зерттеушілік позициясы өз
кәсібін шығармашылық деңгейде жетік меңгерген
кезде ғана айқындала түседі. Жалпы кәсіптік
жұмыста мұғалім үшін зерттеушілік іскерліктер мен
дағдыларды меңгеру маңызды орын алады. Ол кез келшен
әдіс – тәсілді оқу – тәрбие үдерісінде
кәсіби тұрғыдан жүзеге асырумен қатар әрбір
оқушыны, оның құрдастарымен, ата – аналарымен
қарым – қатынасын анықтап отыру, мұғалімнің
педагогикалық – психологиялық тұрғыдан білімінің
зеректігін көрсетеді [20].
Бүгінгі күн талабы – 12
жылдық білім беруге көшу мәселесінің ерекшелігі сол -
12 жылдық білім беру орталығы ғалымдарының зерттеулері
бойынша жаңа қоғамдық формациядағы мектеп пен
мұғалімдер алдында тұрған негізгі мәселелер
«Баланы оқуға қалай үйрету керек?», «Ойлауға
қалай үйрету керек?», «Қалай өз өмірінің
менеджері болуға үйрету керек?» деген сұрақтарға
жауап табатындай білім нәрін беруге бағытталып отыр. 12
жылдық білім жүйесіне көшуде мектеп алдына негізгі үш
бағытты алады. Олар: оқушының жеке қабілетін есепке ала
отырып, жеке даралық бағытта оқыту; оқушының
әлеуеттік мүмкіндіктерін есепке ала отырып, жеке даралық
бағытта оқыту; ішкі қажеттіліктерді есепке ала отырып, жеке
даралық бағытта оқыту. 12 жылдық білім жүйесі
бойынша бұл бағыттарды жүзеге асыру үшін
мұғалім негізгі үш компонентпен таныс болуы керек: инварианттық компонент –
мемлекеттің базалық оқу стандарты жүйесіндегі талаптар
мен мазмұндарға жауап беретіндей жалпы міндетті оқу
жоспарының бөлімін меңгеру; профильдік компонент – профильдік оқу стандарты
талаптарының мазмұнында көрсетілгендей оқу
курстарының тереңділігін, оқытылатын пәндердің
өзара байланыстылығын меңгеру; тұлғалық
компонент – оқушылардың өзіндік зерттеушілік дағдыларын
қалыптастыруға байланысты мектеп ұсынған арнайы
таңдау курстарын, оқу жоспарларын меңгеру [20].
Зерттеушілік әдісін қолдану
қажеттігі оқушының білім алу үдерісінде
қоршаған ортасына қызығушылығымен,
сүйіспеншілікпен қарауымен түсіндіріледі. Зерттеушілікке
оқытудың негізгі мақсаты – оқушының
азаматтық мәдениеттің қай саласында болмасын өз
бетімен шығармашылық жаңа іс - әрекет тәсілдерін
игеруге дайындығы мен қабілетін қалыптастыру. Осындай мақсат,
міндеттерді жүзеге асыру үшін болашақ бастауыш сынып
мұғалімі зерттеушілік әрекетке жоғары оқу орнында
дайындалуы керек. Ол үшін студенттердің белгілі бір
тақырыптар төңірегінде зерттеу жұмыстарын
жүргізіп, рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар
орындауы қарастырылады.
Ойындық оқыту технологиясы
белсенді оқыту технологияларының бірі. Ойындық оқыту
әдісі имитациялық және имитациялық емес болып
бөлінеді.
Имитациялық емес әдіске
проблемалық лекция, дөңгелек үстел, лекция –
конференция, алдын-ала жасалған конспект бойынша лекция, шолу лекциясы,
коллоквиум, бағдарламалап оқыту, семинар, тақырыптық
дискуссияға арналған көшпелі сабақ, топтық
консультация, олимпиада жатады. Имитациялық әдіс ойындық
және ойындық емес болып екіге бөлінеді.
Ойындық имитациялық
әдіске тиімді шешім таңдаудың көп
нұсқалылығы, «миға шабуыл», іскерлік ойындар,
рөлдік ойындар, жеке технологиялық үдерісті ойын арқылы
жобалау, ал ойындық емес имитациялық әдіске ситуациялық
шешімдер, жекелеген міндеттерді шешу, сабақтың қорытындысын
шығару және оқытушының бағалауы,
ұсынылған нұсқаларды талқылау, семинар
өткізу, жеке тренажер жатады.
Оқытудың белсенді
имитациялық әдістерінің ішінде ойын әдісі кең
тараған. Іскерік ойындар әдісі 1930-шы жылдардың басында
Мәскеу, Ленинград, Харьков т.б. қалалардағы жоғары
оқу орындарында пайдаланылды.
Іскерлік ойынның негізі –
басқару нысаны және басқару жүйесінен тұратын
модель. Педагогикалық мақсатта қолданылатын іскерлік ойындар
педагогикалық құрал ретінде қолданылады. Ойынның
педагогикалық мақсаты маманның кәсіби біліктілігін
қалыптастыру бағытындағы білім беру және
жұмысқа, қоғамға және өзіне деген
қарым-қатынас жүйесін қалыптастыру
бағытындағы тәрбиелік болып келеді.
Ойынның міндеттері маман дайындау
мазмұнын және мамандықтың сипаттамасын ескере отырып,
ойын барысында маманнан талап етілетін кәсіби құзыреттілік
белгілері байқалатындай
тұрғыда анықталады. Оларды орындау модельде
көрсетілгендей маман ретіндегі білік, дағды және
тұлғалық сапалар
қалыптастырады. Іскерлік ойын өткізілгеннен кейін оны міндетті
түрде талдау қажет, себебі талдау кезінде оның барысында
кездескен қиыншылықтар, қатысушылардың пікірлері,
қорытындылардың пайдасы мол. Іскерлік ойындар шешім қабылдау
техникасына үйретеді, теориялық білімді практикада қолдана
білуге машықтандырады.
Бастауышта оқытудың
педагогикасы мен әдістемесі мамандығы студенттерімен
өткізілетін іскерлік ойындар көбіне бастауыш сыныптағы
пәндерден сабақ беру әдістемесіне арналады. Студенттер
өздері дайындаған тақырып бойынша кезектесіп минисабақ
өткізіп, қалғандары оқушының рөлінде
отырады. Сабақтарда (іскерлік ойын кезінде) бастауыш оқытуда
қолданылатын оқыту әдістері, технологиялар,
сабақтың түрлері, білімдік, тәрбиелік және
дамытушылық мақсаттардың орындалысы т.б.
мәселелердің көрініс беруі қадағаланады,
студенттерде кәсіби-дидактикалық құзыреттіліктің
қалыптасуына ықпалы тиетіндей етіп ұйымдастыруға назар
аударылады.
Болашақ бастауыш
сынып мұғалімдерінің кәсіби-дидактикалық
құзыреттілігінің қалыптасуының бір
көрінісі-оның сабақтарда оқытудың технологияларын
қолдана білуі. Сондықтан
оны меңгерту «Бастауыш сыныпта оқытудың қазіргі
технологияларын қолдану» арнайы оқу курсы арқылы, 2006
жылғы мемлекеттік стандарт қабылданғаннан кейін 7 семестрдегі
«Қазіргі педагогикалық технология» пәні негізінде жүргізілді.
Әдебиеттер тізімі
1
1. Вербицкий А.А. Активное обучение в
высшей школе: Контекстный подход. –М., 1993. – 273 с.
2
Қазақстан
Республикасы «Білім туралы» Заңы. -Астана, 2007.–Б.16.
3 Беспалько В. П. Слагаемые педагогической технологии. — М.: Педагогика, 1989 г. – 192 с.
4
Кларин М.В.
Педагогическая технология в учебном процессе. –М., 1989. -205 с.
5
Лихачев Б.Т. Педагогика. Курс лекций: Учебное пособие.
-М., Прометей, 1992. -528 с.
6 Селевко Г.К. Педагогические технологии на основе активизации, интенсификации эффективного управления УВП. –М.: НИИ школ. т ехнологий, 2005.– С.29-32.
7
Сластенин В.А., Исаев И.Ф. Ведущие тенденции и
принципы формирования профессионально-педагогической культуры преподавателя
высшей школы // Формирование личности учителя: //межвуз.
сб. науч. тр. – М.: Прометей, 1995. – С. 3–23.
8 Селевко Г.К. Современные образовательные технологии: Учебное пособие. – М.: Народное образование, 1998. – 256 с.
9
Кусаинов Г.М. Новая педагогическая технология:
методология, теория и практика: Монография. -Усть -Каменогорск: Изд-во ВК ИЦРО
“ХХІ век”, 1997. -242с.
10
Левитес Д.Г. Практика обучения: современные
образовательные технологии. -М.:Изд-во “Институт практической психологии”.
-Воронеж: НПО “МОДЭК”,1998. -288с.
11
Carrol
J.B. A Model of School Learning // Teachers College Record. – 1963, May. – P.
723 – 730.
12
Bloom.
All our children learninq, N.Y., 1981.- – P.
13.
13
Крулль Э.В. Определение основных целей обучения и
обеспечение их своевременного достижения: автореф. ....канд.пед.наук. -Тарту,
1987. -37 с.
14
Кларин М.В. Технология полного усвоения // Современная
дидактика: Теория - практике / Под ред. И.Я.Лернера, И.К.Журавлева. –М., 1993.
-367 с.
15
Жексенбаева
Ү.Б., Игенбаева Б.Қ., Ниязова Г.Б. Оқушыларды зерттеушілік
оқытудың технологиясы. –Астана, 2006. -48 б.
16
Васильев В. Проектно–исследовательская технология:
развитие мотивации // Народное образование. -2000. -№9, -С. 177-180.
17 Русских Г.А. Технология проектного обучения: Биология в средней школе. //Биология в школе. -2003. -№3. -С.21-31.
18 Полат Е.С. Новые педагогические и информационные технологии в системе образования. –М.: ВЛАДОС, 2001. -180 с.
19
Савенков А.И. Исследовательское обучение в современном
образовании. //12 жылдық білім. -2005. -№5. –Б.42-47.
20
Маркова А.К.
Психология труда учителя. –М., 1993. -190 с.