Педагогические науки/5.Современные методы преподавания

аға оқытушы Какибаева Х.С.

Абай атындағы ҚазҰПУ, Қазақстан

ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯ НЕГІЗІ – САПАЛЫ БІЛІМ

Ел ертеңі бүгіннен басталатынын терең түсінген дана халқымыз ежелден  «Бала – өмір жалғасы» деп біліп бала тәрбиесіне жақсы көңіл бөлген.

Егеменді еліміздің тірегі – білімді ұрпақ. Болашақта еліміздің мәртебесін көкке көтеріп, экономикасы мен ішкі және сыртқы саясатын дамытатын да бүгінгі жас ұрпақ.

Қазіргі кезде егемен елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Бұл оқу-тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты болып отыр. Себебі, білім  беру парадигмасы өзгерді, білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынас пайда болуда. Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық іс-әрекетінің ғылыми-педагогикалық негіздерін меңгеруі маңызды мәселелердің бірі.

Ғылым мен техниканың жедел дамыған, ақпараттық мәліметтер ағыны күшейген заманда ақыл-ой мүмкіндігін қалыптастырып, адамның қабілетін, талантын дамыту білім беру мекемелерінің басты міндеті болып отыр. Ол бүгінгі білім беру кеңістігіндегі ауадай қажет жаңару оқытушының қажымас ізденімпаздығы мен шығармашылық жемісімен келмек. Сондықтан да әрбір оқушының қабілетіне қарай білім беруді, оны дербестікке, ізденімпаздыққа, шығармашылыққа тәрбиелеуді жүзеге асыратын жаңартылған педагогикалық технологияны меңгеруге үлкен бетбұрыс жасалуы қажет. Өйткені мемлекеттік білім стандарты деңгейінде оқу үрдісін ұйымдастыру жаңа педагогикалық технологияны ендіруді  міндеттейді.

Білім беру саласы қызметкерлерінің алдына қойылып отырған міндеттердің бірі – оқытудың әдіс тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және қазіргі заманғы педагогикалық технологияларды меңгеру. Қазіргі таңда оқытушылар инновациялық және интерактивтік әдістемелерін сабақ барысында пайдалана отырып сабақтың сапалы әрі қызықты өтуіне ықпалын тигізуде.

В.П. Беспальконың айтуынша әрбір іс-әрекет не технология; не өнер болуы мүмкін. Өнер интуиция негізінде, технология – ғылым негізінде құрылған. Өнерден бәрі басталады, технологиямен аяқталады, ал педагогикалық іскерлікке онсыз айналып өтуге болмайды. Педагогикалық технология М.В. Клариннің анықтауында: “Педагогикалық мақсатқа жету үшін пайдаланылатын барлық, дара, инструменталдық және әдіснамалық құралдардың қолдану реті мен жиынтығының жүйесін білдіреді. Ғалым-академик В.М. Монахов оқыту технологияларының практикадағы қолданыс аясын тереңірек зерттей келіп, оны жаңаша қырынан танытады. Ғалымның пікірінше: “Технология – оқушы мен ұстазға бірдей қолайлы жағдай тудырушы оқу процесін ұйымдастыру және жүргізу, бірлескен педагогикалық әрекетті жобалаудың жан-жақты ойластырылған үлгісі” [1].

Оқыту технологиясын жаппай ендіруді зерттеушілер 60-шы жылдардың басына жатқызады және оны алғашында американдық, ал одан соң европалық мектептің қайта өрлеуімен байланыстырады. Шет елдегі қазіргі заманғы педагогикалық технологияларды неғұрлым танымал зерттеушілері: Дж. Кэролл, Л.Н. Ланд, Ю.К. Бабанский, Л.М. Эрдиев, Н.П. Раченко, Л.Я. Зорина, В.П. Беспалько, М.П  және басқалардың ғылыми еңбектерінде көрсетілген.

Қазіргі кезде біздің республикамызда білім берудің жаңа түрлері жасалып, әлемдік білім беру кеңістігін бағыт алуда. Педагогикалық теориямен жеткілікті түрде қаруланған мұғалімнің іс-әрекеті тиімді болатыны әркезден-ақ мәлім. Бұл педагогика теориясы мен оқу-тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты болып отыр. Білім беру парадигмасы өзгеруде. Оқытудың жаңа технологиялары енгізілуде. Білім берудегі ескі мазмұнның орнына жаңасы келуде. Жаңа білім парадигмасы бірінші орынға  баланың білім, білік дағдысын емес, оның тұлғасын, білім алу арқылы дамуын қойып отыр. Қазіргі уақытта педагогика ғылымының бір ерекшелігі – баланың тұлғалық дамуына бағытталған жаңа оқыту технологияларын шығаруға ұмтылуда. АҚШ-та, Ұлыбританияда, Ресейде т.б. елдерде жүргізілген зерттеулерде оқытудың технологиялық тәсілінің тиімділігі дәлелденген [2].

Бүгінгі күн бәсекелестік пен жоғарғы технологияның, ғылым мен білімнің заманы.

Ұстаз еңбегі – оқушы білімімен өлшенеді.

Оқушылармен жұмыс жасағанда:

-  Еркін ойлауға мүмкіндік беру;

-  Ақыл-ойын дамыту;

-  Шығармашылық белсенділігін арттыру;

-  Ұжымдық іс-әрекетке тәрбиелеу;

-  Тіл байлығын жетілдіру;

-  Жан-жақты ізденушілік арттыру керек.

Жаңа технологияны жүзеге асырудағы міндеттеріміз:

- Әр сабақта оқытудың интерактивті әдістерін қолдану.

- Әр оқушының психологиялық, физиологиялық, жеке-дара ерекшеліктерін ескеру.

- Міндетті деңгейдегі білімді қалыптастыра отырып, мүмкіндік деңгейлерін ашу.

- Инновациялық технологияларды сынау арқылы тиімділігін арттыру, мектеп жағдайына бейімдеу.

Баланың шығармашылық қабілетін қалыптастыру, дамыту бағытындағы іс-әрекетке көшу – заман талабы.

Шығармашыл мұғалім үшін шығармашылық деңгейдің белгілері:

- Жаңа әдіс-тәсілдерді, білімді меңгеруі;

- Жаңа білім аумағында өз еңбегін ой елегінен өткізу;

- Жаңа форма, әдіс-тәсілдерді құрастыру;

- Озық іс-тәжірибені пайдалана білу;

- Әр түрлі жағдаяттарда дұрыс шешім қабылдай білу;

- Нақты жағдайда бағыт-бағдарды, шешімді өзгерте білуі;

- Ең жоғары деңгейдегі жаңа оқу-тәрбие жүйесін құрау.

Ұлы педагог Я.А.Коменский «Мұғалім – мәңгі нұрдың қызметшісі, ол барлық ой мен қимыл-әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған жалын иесі» деп ұстаздың еңбегіне ерекше баға беріп, үнемі ізденісте, шығармашылық әрекетте болатын, жалындап жүретін тұлға екенін айтқан. Ал, шығармашыл мұғалімнің шәкірті де шығармашыл болуы керек. Дарынды балаға дарынды ұстаз қажет. Олай болса, оған білімнің нұрын құйып, шығармашылық ынтымақтастықта әрекет етсе, шығармашыл дарынды тұлға шығары сөзсіз.

Әдебиеттер:

1.   Нағымжанова Қ. Инновациялық технологияның құрылымы. – А.: Өркен, 2007.

2.   Көшімбетова С. Инновациялық технологияны білім сапасын көтеруде пайдалану мүмкіндіктері. – А.: Білім, 2008.

Резюме

В статье рассматриваются возможности использования новых технологий при повшении качества образования

Summary

The following article considers to use modern technologies in growing up quantities of education