Педагогические  науки/5.Современные методы преподавания

п.ғ.к.  Мынжасарова М.Ж.

Абай атындағы ҚазҰПУ, Қазақстан

БАСТАУЫШ СЫНЫП МАТЕМАТИКАСЫН ОҚЫТУДАҒЫ

СТОХАСТИКАЛЫҚ МАЗМҰНДЫ ЕСЕПТЕР (1 СЫНЫП)

Мектеп біліміне ықтималдық-статистикалық мазмұнды енгізу қажеттілігі  оның білімділік  және әлемдік көзқарастағы бағалылығына негізделген. Академик Б.В.Гнеденко ықтималдықтар теориясы мен математикалық статистиканың  маңыздылығын ерекшелеп, назарын мынаған аударды: «болашақ азаматтарды бала кезінде немесе жас шағында табиғат құбылыстарындағы заңдылықтарды іздестіруді кең қарастыруға мүмкіндік беретін ғылымның үлкен тарауы ретінде статистикалық тұжырымдармен таныстыру маңызды» [1].

1 сыныпта математиканы оқытуда стохастика элементтерін беруді қарастырайық.

1)Комбинаторика. Комбинаторлық есептердің айырмалық ерекшелігі олардың шешімнің бірнеше нұсқасын иеленетінінен тұрады. Оқушылар комбинаторлық есептерді шешу барысында қойылған сұрақтарға әр түрлі комбинациялар құрастыру жолымен жауап береді, яғни есептің берілген шартына жауап беретін комбинаторлық байланыстарды алуы қажет.

Бірінші сынып оқушылары орындайтын тапсырмалардың көпшілігі орналастыру сияқты комбинаторлық байланыстарды құрастырумен байланысты. Бұл оқушылар танысатын комбинаторлық байланыстардың бірінші түрі және құрастыруы жағынан ең қарапайымы. Алдымен оқушылар заттарды әр түрлі түстермен бояуды, заттарды әр түрлі тәсілдермен орналастыруды талап ететін тапсырмаларды орындайды. Сонымен қатар, тапсырмаларда  «әр түрлі тәсілмен боя», «әр түрлі тәсілмен орналастыр» және т.б. нұсқаулары  немесе заттарды әр түрлі түстерге бояудың үлгілері беріледі, соған қарап оқушылар қалған заттарды бояйды. Бұдан кейін оқушылар тек цифрлармен осыған ұқсас тапсырмаларды орындайды. Оқушылар орындап орналастыру алатын тапсырмалар оқушылар орындау нәтижесінде алмастыру немесе терумен кездесетін тапсырмалардан көп. Оқушыларға ереже ретінде берілген терминдер хабарланбайды.

Мысалы, «{2, 3, 5} жиынынан сандарды жұбымен таңдап барлық мүмкін қосындыларды құрастыр». Оқушылар бұл тапсырманы орындап келесілерді алады: 2+3, 3+2, 2+5, 5+2, 3+5, 5+3.

2) Ықтималдықтар теориясының элементтері.

Бұл кезеңде оқушыларды оқиғаның екі түрімен, яғни анық және мүмкін емес түрлерімен таныстыруға болады. Ереже түрінде «оқиға»  термині айтылмайды, бірақ әрқашан болатын (анық) және ешқашан болмайтын (мүмкін емес) құбылыстар туралы айтуға болады.

Оқиғаның берілген түрлерімен таныстыруды келесі түрде жүзеге асыруға болады: мұғалім әртүрлі  құбылыстардың мысалдарын келтіреді, ал оқушылар мұғалімнің айтқандарымен келісуі («Иә», «Бұл тура осылай болады» және т.б.) немесе мұғалімнің  айтқандарымен келіспеуі («Жоқ», «Бұлай болуы мүмкін емес» және т.б.) мүмкін.

1-тапсырма. Келесі тұжырымдар туралы өз ойынды айт:

а) 3 цифрынан кейін 4 цифры тұрады;

ә) адамның аты бас әріппен жазылады;

б) 6 цифрының алдында 7 цифры тұрады;

в) жазда шөп жасыл түсті;

г) барлық құстар күзде оңтүстікке ұшып кетеді;

ғ) қояндар қыста ұйқыға кетеді;

д) шаршының үш қабырғасы бар;

е) әрбір сөйлемнің соңына нүкте қойылады;

ж) 2+3 артық 3+2-ден;

з) егер сары және көк түсті араластырсақ, онда жасыл түсті аламыз және т.с.с.

3)Математикалық статистика элементтері.

Эксперименттер жүргізу барысында оқушылармен алынған сынақтар нәтижелері статистикалық мәліметтер болып табылады. Осы бағытта оқушылардың берілген ұғым туралы түсініктері қалыптасады. Оқушыларға «статистикалық мәліметтер» терминінің өзің айту мақсатты емес, сондықтан олардан берілген терминді түсіндіруді талап етпеу керек. Оқушыларға орындау барысында статистикалық мәліметтер туралы түсініктерді қалыптастыруды қамтитын тапсырмалар ұсынуға болады.

Мысалы, дорбада ақ және қара дөңгелектер жатыр. Сынақ жүргізілді. Дорбадан бір-бірден дөңгелектер болжаммен алынады. Берілген жағдайда төменде айтылғандардың қайсысы болуы мүмкін:

а) дөңгелек алынады;

ә) біруақытта екі дөңгелек алынады;

б) көк дөңгелек алынады;

в) текше алынады;

г) ақ дөңгелек алынады

Оқушылар берілген сынаққа тән белгілерді меңгерген (а, г) нұсқаларды таңдаулары қажет:  1) дөңгелек алынады; 2) дөңгелектер бір-бірден алынады; 3) ақ дөңгелек алынады; 4) қара дөңгелек алынады[2].

Пайдаланылған әдебиеттер:

1 Гнеденко Б.В. Формирование мировоззрение учащихся в процессе обучения математике. –М.: Просвещение, 1982. -144с.

2 Мынжасарова М.Ж. Бастауыш және негізгі орта білім беру деңгейлерінде стохастика элементтерін оқытып-үйретудегі сабақтастық:  пед. ғыл. канд. ... диссер.: 13.00.02. –Астана, 2010. -155б.

Резюме

В статье рассматриваются особенности решения стохастических задач в обучении математике в 1 классе.

Summary

The following article considered the features of  solution the stochastic tasks in teaching mathematics in 1st grade of primary school.