Канапина Сауле Галымбековна
Кандидат филологических наук, доцент кафедры казахского
языка и литературы Костанайского государственного педагогического института.
Республика Казахстан.
Жазушы
Т.Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» шығармасы
тіліндегі «Туған жер» ұғымын білдіретін
сөз-символдардың қолданыс ерекшелігі
Дала
- көшпелі қазақ халқының алтын бесігі,
қазақты тәрбиелеген
кең байтақ жазық өңір, мезгіл,
өзгеріс, қозғалыс. Сондықтан да болса керек
қазақ халқының бойынан, қанынан даладай
дарқандықты, алаңсыз өмірді, кең
дүниені байқау қиын
емес. Дала төсінде еркін өскен қазақ халқы
үшін тәуелсіздіктің, шексіздіктің,
молшылықтың орны бір басқа. Нәзира үшін де
дарқан дала кеңшілікті, бейбітшілікті білдіреді. Қызыл командирге
тұрмысқа шығып, ауыл-аймағынан кетіп, сонау
Белоруссияға аттанған жас келіншектің елі, туған жері
туралы толғаныс-тебіреністері шығармада беріліп отырады.
Мәселен, «дала» сөзін келтіру арқылы жазушы
Нәзираның еліне, ауыл-аймағына деген сағынышын,
сүйіспеншілігін көрсетеді.
Ал далаға, дала иісіне деген сүйіспеншілік өмірге деген
махаббаты ұштай түседі. Оны төмендегіше көрсетуге
болады.
1. «Дала - ерекше қазақ даласы». Қазақ даласы тіркесі,
бір жағынан, Нәзираның қазақ халқының
өкілі екенін білдірсе, екінші жағынан, өзінің еліне
деген асқақ сағынышын білдіреді. Мәселен, мына
сөйлемде орыс әйелдерінің арасында жүрген Нәзира
өзін ауыл-аймақтан демей, қазақтың кең,
дархан даласынан келген адаммын деп таныстырады. Елден, қазақтың
даласынан келген адам, кілең орыс әйелдерінің ішінде
бөлексініп, қаймығып
жүрем(8б). Ал енді мына жолдардан соғыс қасіретін
көп көрген Нәзираның туған жеріне, яки
қазақ жеріне жол жүріп бара жатқанын көреміз: Алашабыр қырбық
қардың астында көсіліп, қазақтың
кең даласы жатыр (396б).
2. «Дала - атамекен туған жер». «Туған
елдей ел болмас, туған жердей жер болмас» дейді қазақ
халқы. Туған жерге деген қазақтың терең
сүйіспеншілігі қаншама дәуір дүрбелеңінде
дәлелденген. Туған жеріне деген сағыныш, қимастық
Нәзираның бойында да үнемі кездесіп отырады. Әсіресе
туған-туысқандарына, туған даласына деген сағыныш
Нәзираның монологінде мына жағдайда көрініс табады: Қары кетіп болмаған ерте
көктемдегі сұрғылт аспанның астында керіліп
жатқан алашабыр адырлы даланы
қимадым ба, әлде Қамқа әжемді, момын
әкемді, Дариға жеңгемді - бүкіл
ағайын-туған, ауыл-аймағымды қимадым ба, білмеймін. Не
де болса менің осы күнге дейінгі бар өмірім артта үзіліп
қалып бара жатқандай... (50б).
3. «Дала -
қазақтың сұлулық, көркемдік
әлемі». Бұл арада бұрын алысқа ұзап
көрмеген ауыл
қызының сағынышы
даланы суреттеумен де, көркемдеумен де көрініс табады. Шіркін, біздің
даланың таңы да ғажап болушы еді - жусан мен боз,
көде бір түрлі сергіп, тазарып оянатын, шығыстан күннің құлағы көрінгенде - бүкіл
даланың жалпақ бетіне
сәл ғана қан
тепсінгендей сұйқылтым қызғылт нұр шалатын, қыраттардың баурайында, сай мен
жылғаларда жиегін пышақпен кесіп алғандай тұп-тұнық қою қара
көлеңке жатады(125б).
4. «Дала - бейбітшілік, тыныштық».
Сонымен қатар даланың
көркі, сұлулығы шығарма кейіпкерлерін бейбіт
өмірге, тәуелсіздікке жетелейді. Жаулардан соққы
көрсе де, жасыл дала да, көгерген дала да, орман да Нәзираны
бейбіт өмірге ұмтылдырады.
Мәселен, Топырақ иісі келеді
мұрныма, оған енді түтіннің, отқа
қарыған ыстық темірдің иісі араласты. Көзімді
аштым. Жасыл даланың шетін
көмкерген орман түсті көзіме, одан әрі
көкпеңбек тұнық
аспан (86б).
Сондай-ақ шығармада қазақ
халқының ұлттық рухани болмысын бейнелейтін
тұрақты тіркестер жапан дала - елсіз мекен, ен дала - елсіз айдала, адырлы дала - бір-біріне ұласып,
тұтасып жатқан дала, мидай
дала - кең жазықтық сияқты атаулар да
кездеседі.
«Дала» сөзінің бұл мағыналарынан
басқа келтірінді, ауыспалы мәндерін де аңғару қиын
емес. Мысалы, далада қалды -
ешкімге қажет болмады, аузы-мұрны
даладай - үлкен, дәу, далаға
тастады - қараусыз қалдырды т.б.
Жалпы «дала» сөзіне ҚТТС-нде:
«Кең-байтақ жазық өңір, құла
түз» деген анықтама берілген [36,185б]. Шығармада
қаламгер «дала» сөзін бірнеше рет келтіре отырып, даланың
кеңшілігі, шексіздігі арқылы кейіпкерлердің бейбітшілікке,
еркіндікке деген ұмтылысын айғақтайды.
Сондай-ақ профессор Р.Сыздық «Сөз
құдіреті» еңбегінде: «Дала сөзі қазақ
поэзиясында, тіпті прозасында да бұрын да, қазір де туған жердің, қасиетті
Отанының символы», - деп көрсетеді [27,190б]. Демек, «дала» -
бейбітшіліктің, тыныштықтың, тіршіліктің, туған
жердің символы.
«Дала» ұғымы «ауыл», «жер», «ұя»
ұғымдарымен де тікелей байланысты. «Ауыл» сөзі ауыл-аймағым,
біздің ауыл беті, нағыз қазақы ауыл, өз
ауыл-ошағым сияқты еркін сөз тіркестер көмегімен
шығармада жиі қолданылған. Жалпы бұл роман жас
адамның, ауылда өсіп, бұрын алысқа ұзап
көрмеген ауыл
қызының
түйсік-түсінігі
арқылы өрбіп,
өріс алған
көркем шығарма. Яки ауыл қызының монологіндегі
ауыл - ол өзінің Қамқа әжесі, оның
айтқан нақыл сөздері.
Мәселен, оның баяндауында
мақал-мәтелдерді жиі
қолдану байқалады. Автор
оны бір жағынан, Нәзираның ой-сезімдерін жинақы
жеткізуде пайдаланса, сондай-ақ Қамқа әженің
тәрбиесінде өскен қазақы ой-өрісі де танылып
жатады. Ауыл, ел-жұрт,
Қамқа әжем... бар жас өмірім.. бәрі көз
жетпес алыста, енді ол өмір келмеске кеткен сияқты. Бірақ
кейде бір ауыл өмірі қайта тіріліп, жамырап келіп көз алдымда
тұра қалатыны бар, және қас қылғандай, құрт қайнатып, ет пісіріп
жатқан, не дастарқан басында жайғасып отырған
нағыз алаңсыз бейқам тірліктері елестеп, зығырданымды
қайнатады(148б).
«Ұя» сөзіне ҚТТС-нде «Құстың балапан басатын,
араның бал жинап, ұрық салатын орны» деген анықтама
берілсе, ал ауыспалы мағынасында «қоныстанған жер,
құтты қоныс» деп көрсетілген [36,864б]. Демек, ауылда
өсіп, бұрын алысқа ұзап көрмеген жас
келіншектің ендігі қоныстанатын жері, яки барар ұясы партизан
отряды еді. Осы тұста шығармада ауыспалы мағынада
жұмсалған «ұя» сөзінің кең қолданысын
танытатын ескі ұя, барар
ұясы, бір ұя, жылы ұя, өз ұям тәрізді
сөз тіркестерін атауға болады. Мысалы, жылы ұя - Дуня
апайдың үйінде тығылған жері болса, ал барар
ұясы - Нәзираның Қасымбекпен бірге барар жері,
сондай-ақ өз ұям - орыстың жері де, ескі
ұя - ойраны шыққан Дуня апайдың үйі.
Сонда «ұя» Нәзираның қоныс тепкен жері, барар орны. Ол
Дуня апайдың үйінде жатып, «ұядағы балапандай
бұғып қана жататынмын» деп өзін «ұядағы
балапанға» балаған. Айтпақшы,
бұл үйдің іші болмаса сырты маған онша таныс емес-ті,
түн баласында ғана әжетім үшін,
бұқпантайлап сыртқа шыққаным болмаса, күні
бойы үй ішінде ұядағы балапандай бұғып қана
жататынмын. Сол жылы ұямнан суық
қол суырып алып еді; енді, мінекей,
сол ұяма қайта
оралыппын. Бірақ енді ойраны шыққан ескі ұя маған пана бола алмасы анық, қайта
ажалым осы арада болмаса неғылсын(244б). Сонымен, «ұя» -
құтты қоныстың, қоныстанған жердің
белгісі. Жалпы қазақ болмысында туған жерден артық жер,
артық мекен жоқ. Сондықтан кез келген көркем туындыда
бұл пайым кеңінен орын алып отырады.
Әдебиеттер:
1. Сыздықова Р. Сөз
құдіреті.-Алматы: Санат, 1997.-224 б.
2. Қазақ
тілінің түсіндірме сөздігі. Жалпы редакциясын
басқарған Т.Жанұзақов.-Алматы: Дайк Пресс, 2008.-968 б.