Ф. ғ. к.  Есіркепова Кенжегүл Қабылғазықызы

Қостанай мемлекеттік педагогикалық инстиуты, Қазақстан

«Сөз» тұжырымының халық ауыз әдебиеті мен қазақ тілі фразеологизмдеріндегі ассоциативтік өрісі

 

Қазақ халқы – сөз қадірін білген, оны жоғары бағалаған халық. Қазақтың ұғымында сөз киелі саналған. Оны бата беру дәстүрінен-ақ байқауымызға болады. Бата беру – адал ниет, жақсы тілек білдірудің ұлттық дәстүрі саналған. Дастарқан басында, түрлі жиын-тойларда, адам өмірінде кездесетін ірілі-ұсақты қуаныштар кезінде той, қуаныш иесіне арнап қол жайып бата береген. Бата сондай-ақ алыс сапар, жолға аттанған адамға ақ жол тілейтін халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрі бар. Бата беретіндер көпті көрген қариялар мен аузы дуалы кемеңгер билер болып келеді. Бата қысылғанда қуат, қиналғанда медет беріп, әрбір іс-әрекетіне даңғыл жол ашып, бәле-жаладан қорғайды деп есептеген. Бата тірі адамдарға ғана емес, қайтыс болған адамдарға да жасалған. «Батамен ер көгерер, жаңбырмен жер көгерер», - деп  халық бата сөздерді дәріптеген. Қазақ халықының бата беру дәстүріне қарап халқымыздың сөзді қастерлі, киелі санағанын аңғаруымызға болады.

Сөздің әсер ету, сендіру ықпалына арнайы ғылыми тұрғыдан пікір келтірген, зерттеу объектісіне жол ашқан зерттеу еңбектері баршылық. Профессор Г. Смағұлова «тіл білімінде сөзбен адамды сендіру, иландыру тіпті ұйытып тастау сияқты тілдік қасиеттерді суггестиялық лингвистикада қарастырады. Мұндай тілдік фактілер қазақ ауыз әдебиетінде біршама жиналып, әдеби жанрлық ерекшеліктері жағынан зерттелген» [1, 81], – дейді.

Ертедегі адамдардың ойынша, адамның тілінде орасан зор күш бар деп түсінген. Баласы өлу, жақсы заты жоғалғанда бәрін тіл, көз тиюден көрген, сонымен бірге адамның көзі де киелі деп ұққан. Тіл, көз тимесін деп дұға жаздырып, бойтұмар жасап тағып жүрген. «Тіл, көзің тасқа» деген тілек осыны көрсетеді. Сондықтан халық арасында сөздің сиқырлы құдіретіне қатты сенгендіктен «тіл тиеді», «көз тиеді», «сұқ өтеді», «тіл батады» деген ұғымдар қалыптасқан. «Сұқ көз», «тіл сұғы» жақсы адамға, затқа, жас балаға, жүйрік атқа және қолда бар қадірлі қасиетті затқа тиеді деп иланады. Сондықтан әдетте әйелдер жақсы затты немесе адамды көргенде «көз тимесін», «сұқ-сұқ» тіл тимесін деп «тфә-тфә», «тіл аузым тасқа» деген тілектер айтып, жаман қасиеттерден арылтады. Молдаға дұға жаздырып, бой тұмар жасап береді. Оны былғарыға тігіп, бау тағып, мойнына салып жүреді. Немесе ылғи үстінде жүретін киімінің омырауының астыңғы жағынан қадап қояды. Жетісу төңірегінде жеті ұсақ тасты тұмарша етіп, шүберекке түйіп шолақ жең комзолының желкесіне астыңғы жағынан көзге түспестей етіп жапсыра тігіп қояды . Бұл  да тіл көзден сақтау шарасы. Бала өмірге келген кезде оны қырқынан шығарған соң, бесікке бөлейді. Сіріңке тартып, бесікті отпен аластайды. Аластаушы әйел: «Ә, аруақ, Құдай, пәле-жаладан сақта, тіл көзіңнен» деп сиыну тілегін айтады. Қолына барген баланы «бисмиллә» деп бесіктің оң жағынан жатқызып, жанындағы бір-екі әйелдің көмегімен бөбекті бірінші рет бесікке бөлейді. «Тіл-көзің тасқа» деген қарғыс мәні жоғарыда келтірілген мысалдармен ашыла түседі. Мұнда айтылған сөздің ағашқа немесе басқа затқа емес, тасқа сіңуі тастың күштілік қасиетін меңзесе керек.

Сол сияқты «тіл-аузым тасқа» деген қорғану, сақтану тілегі жоғарыда айтып кеткендей тек қадірлі затқа ғана емес, іс-әрекетке қатысты айтылатыны мысалдарда көрініс тапқан: – Мақалдатып отырғаным, – деді Қалампыр салмақты өзгертпей, – «тіл аузымға тасқа»,  табысың жақсы, баюды қоя тұрып, ең алдымен үстіңді бүтінде! Жәй ғана бүтіндеп, жақсы киін! (С. Оспанов)

«Тіл аузың тасқа», «тіліңе шоқ түссін» деген сияқты қарғыс тілектер  соған қарсы сақтану тұрғысынан айтылатын сөздер. Бұдан басқа тілімізде сиқырлау, жадылау, дуалау, арбау, деген магиялық ұғымдағы сөздермен жасалынған тұрақты тіркестер бар. Мысалы «жолың кесілсін», «жолыңа жуа біткір» деген қарғыстар осы пікірдің дәлелі. Сонымен қатар біреудің қылығына наразылық білдіргенде «ой пері тастап кеткен», не «перінің қызы», «перінің баласы», «пері соқсын» деп балағаттау осы сенімнен шыққаны ақиқат.

Халық аузындағы тілек-бата сөздерінің жиналуы, жариялануы ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қолға алына бастады. Орыс академигі
В.В. Радловтың «Түркі халықтарының халық әдебиеті үлгілері» деген он томдық еңбегінің 1870 жылы жарық көрген үшінші томында бата сөздері жайлы айтылған. Аталған еңбектің «Бата сөз» тарауында жетпіс алты жолдан тұратын көне үлгідегі бес бата сөз берілген.

Бата сөздері қамтылған тағы бір еңбек – қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, бастырған Ә. Диваевтың «Қазақ халық творчествасы» (1989) атты еңбегі. Мұнда елу тоғыз жолдан тұратын бата үлгілері берілген.

Қазақ халқының фольклорлық мұрасында бата-тілек сөздерінің бүгінгі күнге дейін жиналып, жарық көруіне біраз үлес қосылды. Атап айтқанда, ел аузында, сондай-ақ түрлі мұрағаттарда қолжазба күйінде сақталған бата сөздерді топтастырған ғалым С. Негимовтың «Ақ бата» (1992),                             М. Есламжанұлының «Баталар» (1998), Қ. Ысқақовтың «Ақ бата» (2000), ғалым Н. Уәлиұлының «Бата-тілектер» (2005) жинақтары құрастырылып жарыққа шықты. Сонымен бірге З.Б. Үмбеталинаның осы бағыттағы зерттеулері батаның әдеби жанрлық тұрғыдан қарастырылуына арналса, тілдік тұрғыдан қолданыс ерекшелігі туралы ғалымдар                                              Ә. Қайдар, Н.Уәлиұлының, Г. Смағұлованың, алғыс, қарғыс мәнді фразеологизмдердің семантикалық ерекшеліктері С.Төлекованың,                  К. Рысбаеваның еңбектерінде көрініс тапқан. Қазақтың салт-дәстүр, көне әдет-ғұрып үлгілерін жинаушы С. Кенжеахметұлы, Н.Өсерұлы, А. Жүнісұлы сынды этнограф ғалымдардың еңбектерінен бата мен қарғысқа қатысты сөздердің топтамасын көруге болады. Бұл еңбектің әрқайсысы – жинау, құрастыру және ғылыми зерттелу жағынан түрлі көзқараста қарастырылған еңбектер. Фольклор саласы бойынша З.Б. Үмбеталинаның «Қазақ ауыз әдебиетіндегі бата сөз жанры» деген тақырыпта жазылған кандидаттық дисертациясын атауға болады [2].

 «Қарғыс пен алғыс мағынасындағы сөз тіркестерінің пайда болуы қоғамның өткен дәуірлеріндегі ескі әдет-ғұрыптарына, салт-санасына және өздері ұстанған діннің жол-жораларына тікелей байланысты. Алғашқы дәуірде адам жаратылыстың дүлей күштеріне қарсы тұра алмай, қасірет шеккені, не болса содан қорқып, нанымпаз, иланғыш болғаны белгілі. В.И. Лениннің «жабайы адамның жаратылыспен күрестегі әлсіздігі Құдайға, кереметтерге, жын-шайтандарға т.с. нануды туғызды деп көрсеткендей адам баласының сана-сезімі төмен кезінде керемет күштерге табынушылық болған. Алғыс пен қарғыс мәнді сөздердің  пайда болуы рухани дамудың төменгі сатысындағы дүниетаныммен тығыз байланысты», [1, 48] – деген пікір келтіреді. Ол кездегі саяси көзқарас басқа болғандықтан, барлық әдет-ғұрыпты соқыр сенімге негіздеген. Бүгінгі күнге дейін өшпей, заман ағымымен бірге жанданып, жаңарып отырған бата-тілектердің шығу төркіні тек иланғыштық пен соқыр сенімге ғана негізделсе, онда сөзді киелі санаған, сөз қадірін төмендетпеген қазақ халқындағы аталы сөз ұғымы соншалықты қастерлі болмаған болар еді. Өз аясына бар қазақтың ғұмырын сыйдырған, яғни амандасуы мен қоштасуынан бастап  шаруашылығы, экономикасы, әлеуметтік тағдыры т.б. көрсеткен тілек-бата сөздері бүгінгі күнге жетпеуі де мүмкін еді. Рас, алғашқы сәбилік дәуірде табиғаттың дүлей күштерінен қорыққандықтан пайда болған тілектер де болған. Мысалы, «жолбарыстың жүрегін бер», «жылан жылғы жұттан сақта», «қоян жылғы қыстан сақта», «ақ бөкендей қойлы бол», «ор қояндай көзді бол» т.б. 

Тілек-баталарды тұтастай алғанда жоғарыда айтып кеткендей тілек жолдары болмаса барлығы бірдей соқыр сенім деп айта алмаймыз. Ой-санаға, ақылға негізделген бата-тілектер адам ақыл-ойының күштілігін білдіреді. Мысалы, «бағың ашылсын», «көсегең көгерсін», «өркенің өссін», «береке берсін», «бақытың жетсін төтелеп», «ақылың елден ассын» деген баталардың әрқайсысының беретін астарлы мағынасы, тыңдаушыға берер әсері бар. Бұл  туралы ғалым Г. Смағұлова «...тілек бата сөздерінің, әсіресе тыңдаушы үшін тілдік ықпалы ерекше. Тілек-бата сөздері алдымен субъектіге қаратылып ауызша айтылатындықтан, мәтін мазмұны көпшілік қауымның құлағына сіңіп, жадында сақталады. Ал ұзақ уақыт бойы санадан өшпей, керісінше әр тақырып, мазмұн аясында қайталана отырып, тыңдаушының ой-сезімінде жаңғыра түсуі осы аталған сөздердің адам психикасына қатты әсер етіп, сендіруі  мен иландыруынан», – деген пікір келтіреді [1,81]. Мұнда айта кететін жайт, қазақ халқы жаратылысынан сөзге тоқтаған халық болғандықтан, сөз қадірін білгендіктен бата мен тілекті адамның болашақ жолын ашуға, көгеріп көктеуге тікелей әсер ететін сөздің ең асылы,  қасиеттісі деп білгендігінен оның құдіретіне иланған. «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» деген халық нақылы да осыны меңзесе керек.

Қазақ бата сөздеріне ұлттық болмыс ұғымдарының тікелей қатысын байқауға болады. Ол тіл мен таным үдерістерінің ара қатынасына тікелей негізделіп, халық болмысының суггестиялық жүйесіне сүйенеді деуге болады.

 

Әдебиеттер:

1.     Г.Смағұлова.  Мәтін лингвистикасы: Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2002. – 112 б Б.

2.     Үмбеталинаның «Қазақ ауыз әдебиетіндегі бата сөз жанры» Алматы, 2006

3.     Қ.Жаманбаева Тіл қолданысының когнитивті негіздері: эмоция, символ, тілдік сана. Алматы «Ғылым», 1998, 137

4.     Уәлиханов Ш. Таңдамалы. – Алматы: Жазушы, 1985. – 560 б

5.     Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. – Алматы:  Білім, 1992. – 236 б.

6.     Манкеева Ж. Мәдени лексиканың ұлттық сипаты. - Алматы, 1997. - 272 б.