Жарылғапова Анар Сануаровна

Карагандинский государственный университет им. ак. Е.А.Букетова, Казахстан

 

Т.Р.ҚОРДАБАЕВТЫҢ ҚАЗАҚ ӘДЕБИ ТІЛІ

ЖАЙЫНДАҒЫ КӨҚАРАСТАРЫ

 

Мақалада тілтанушы ғалым, профессор Т.Р.Қордабаевтың қазақ әдеби тілі жайындағы зерттеулері қарастырылады. Ғалымның әдеби тіл, тіл тарихы туралы жазылған мақалалары мен еңбектеріне шолу жасалып, қазақ әдеби тілінің қалыптасу кезеңі, даму жолдары, әдеби тілдің жалпыхалықтық тілмен арақатынасы, т.б. мәселелері  жайындағы көзқарастары мен пікірлері сөз болады.

 

Қазақ тіл білімінде қомақты еңбек еткен профессор Т.Р.Қордабаевтың лингвистикалық мұрасының бір бөлігі қазақ әдеби тілі мәселелерін қозғайды.

Қазақ әдеби тілінің тіл білімінің бір саласы ретінде қалыптасуы аға буын ғалымдарымыз С.Аманжолов, Н.Сауранбаев, І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев, М.Балақаев, Қ.Жұбанов, А.Ысқақов сынды тілтанудағы ұлы тұлғалар есімімен тығыз байланысты болса, оның жеке сала болып дамуына қомақты үлес қосқан, әдеби тіл мәселелерін арнайы зерттеген кейінгі толқын өкілдеріне Ә.Қайдар, Р.Сыздық, С.Исаев, Е.Жанпейісов, Б.Әбілқасымов сияқты ғалымдардың қатарында тілтанушы Т.Р.Қордабаевты да атауға болады.

Ғалымның ұлттық жазба әдеби тіл мәселелерін қозғауы 1955 жылы жарық көрген «Тіл білімінің кейбір мәселелері» атты еңбегінен басталады. Әдеби тіл жайындағы зерттеушінің әр кезеңде жазылған еңбектерінің қатарынан  «Қазақ әдеби тілі – Октябрьдің жемісі» (1957 ж.), «Қазақ тілі тарихының зерттелу жайы» (1964 ж.), «Әдеби тіл жайында» (1957 ж.), «Әдеби тіл тарихы» (1969 ж.), «Әдеби тіліміздің қалыптасу кезеңі» (1978 ж.), «Қазақ әдеби тілі мәселелері» (1985) сияқты мақалалары орын алады. Бұл еңбектерінде әдеби тілге анықтама беріп, оның негізгі белгілерін, өзіндік ерекшеліктерін анықтап,  нақтылап беруге тырысады: «Ұлттық жазба әдеби тіл – халықтың ауызекі тілінің функциялық дамуының бір шыңы, оның даму тарихының жаңа сапалы жалғасы. Ол халық тілінің бар асылын, жақсы үлгілерін өз бойына жинаған жоғары сапалы, көп функциялы, көп жанрлы, алуан түрлі стильді, тілдік тұлғаларды қолдануда орныққан, этникалық топ өкілдерінің барлығына бірдей міндетті нормасы бар жазба тіл».

Халықтың ауызекі тілі тарихы мен әдеби тіл тарихы арасында  тығыз байланыс болғанымен, ғалым екеуінің бір еместігін, олардың қалыптасу мерзімі жағынан да, қарастыратын объектілері жағынан да өзгешеліктері бар екендігін, ауызекі тіл тарихы – халықпен бірге туып, қатар жасаса, әдеби тіл тарихы – ауызекі тіл тарихының табиғи жалғасы, ол кенжелеп туады, сондай-ақ тіл тарихының, яғни тілдің құрылымдық салалары тарихының назар аударатын негізгі мәселелері тілдік тұлғалардың пайда болуын, оның даму жолдарын айқындау болса, әдеби тіл тарихы халықтық тілдің жазбаға, әдеби үлгіге түсу, нормалану, стильдік, жанрлық түрлерінің қалыптасып, даму жолдарын, оларды туғызған тарихи себептерді ашуды көздейтіндіктен, «әдеби тілдің негізі – халық тілі,  ауызекі тіл» деп тұжырымдайды.

Өз зерттеулерінде «әдеби тіл дегеніміз көркем шығармалардың ғана тілі емес. Көркем шығармалардың тілі әдеби тілдің тек бір жағы, бір саласы ғана. Әдеби тіл деп әр алуан ғылыми-зерттеу еңбектерінің, саяси әдебиеттердің, публицистиканың, газеттің, журналдың, бір сөзбен айтқанда баспасөздің тілін айтамыз» дей отырып, ғалым әдеби тіл ұғымын жазба тілмен байланыстырады: «Әдеби тіл дегеніміз – жазу тілі. Жазу тілінің болуы әдеби тілдің дүниеге келуінің алғы шарты. Жазу тілінсіз әдеби тіл болмайды. Сондықтан әдеби тіл тарихы дегеніміз, екінші жағынан, әдеби нормаға түскен жазу тілі тарихы деген сөз. Әдеби тілдің қалыптасуы үшін жазудың, баспасөздің болуы шарт. Қалыптасқан жазу тілі болмайынша, қалыптасқан әдеби тіл де болмайды». Сондай-ақ әдеби тіл тарихының әдеби үлгіде жазылған жазба материалдар негізінде ғана зерттелетінін, бірақ жазба болған жердің бәрінде әдеби тілдің бола бермейтінін баса айтады. Себебі «әдеби тіл тілдік материалдарды стилистикалық ыңғайға, жанрға қарай іріктеп, сұрыптап, өңдеп, қырнап, белгілі бір нормаға келтіріп қолдану арқылы ғана жасалатыны» белгілі.

Әдеби тілге тән негізгі белгілер қатарында тілдік норма, әдеби тіл функциясы, стильдік, жанрлық ерекшеліктерді атай отырып, Т.Қордабаев әдеби тіл нормасы туралы былай дейді: «тіл өзінің қатынас құралы ретіндегі қызметін дұрыс атқару үшін оны қолданушы қауым өкілдері тілдік материалдарды бірыңғай мәнде, біркелкі функцияда қолдануы шарт. Сөйлеуші (жазушы) мен тыңдаушы (оқушы) арасында ондай бірлік болмаса, түсінісу де болмайды». Бұл жердегі «тілдік материал» дегені алфавит, орфография, пунктуациямен шектелмейді, тілдік тұлғалардың барлығын қамтиды. Әдеби норманы тілдік дәстүрмен (дағды) байланыстыра қарап, олардың қоғам мүшелеріне бірдей дәрежеде міндетті болуын, тұрақтылығы мен тілдік материалдарды екшеп қолдануы сияқты белгілерін атайды.

Т.Қордабаев қазақ жазба тілінің тарихын сөз ету барысында оны үлкен екі салаға бөліп қарастырады: біріншісі – ХІХ ғасырға дейінгі жазу тілі (жалпы түркілік әдеби (кітаби) тіл)  болса, екіншісі – қазақтың халықтық тілі негізінде қалыптасқан ХІХ ғасырдан басталатын жазба тілі. Ғалым «жалпы түркілік деп аталатын кітаби тілді барлық жағынан бір жүйеге, бір ізге түскен әдеби тіл деу қиын. Жалпыхалықтық тіл негізінде болмай, бөгде тіл негізінде болғандықтан, кітаби тіл кейін әрбір түркі халқының өз ана тілі негізінде қалыптасқан әдеби тілмен ауыстырылды. Бірақ Орта Азия халықтары ол тілді өздерінің жазу тілі тарихының ертедегі бір кезеңі етуге хақылары бар, ал өзімнің төл жазу тілім, әдеби тілім деу шындыққа жанаспайды» деп түйіндейді. Зерттеушінің айтуынша, бұл «жалпы түркілік әдеби тіл» Орта Азия халықтарына арабтардың күшпен таңған жазу тілі мен  түркі тілдері материалдарының араласуынан жасалған, қазақтар үшін жалпыхалықтық тіл емес, ол мемлекеттік, әкімшілік іс жүргізудің, діни уағыздардың, шежірелердің, ат төбеліндей азшылықтың тілі болды.

Ауыз әдебиетінің әдеби тілдің қалыптасуына тигізетін әсері өлшеусіз екендігін, ауыз әдебиеті арқылы жинақталып, сұрыпталған, жүйеге келтірілген тілдік байлықсыз әдеби тілдің пайда болмайтынын моындай отырып, «оның әр саласының ғасырлар бойы қалыптасып шыңдалған, әбден тұрақталған өзіндік сөз саптауы, нормасы, көркемдеу әдісі мен тәсілі болғандығы белгілі, бірақ ауыз әдебиеті үлгілері әдеби тілдің болғандығын білдірмейді. Себебі бұл фольклор тілі әдеби тіл басталғанаға дейінгі тіл дейтін лингвистикадағы қағидаға қайшы» деген пікір айтады.

Қазақ тілінің тарихын ертеден, көне түркі заманынан бастағанымен, әдеби тілдің қалыптасуын профессор Т.Қордабаев Қазан төңкерісінен кейінгі дәуірге жатқызады: «Жазу тілінің қалыптасып, дамуы үшін баспасөздің болуы шарт. Қазан төңкерісіне дейін кең салалы, көп тиражды баспасөз болған жоқ. Сондықтан жалпыхалықтық тілдің толық мағынасындағы әдеби тіл, жазу тілі, ғылым тілі кеңес өкіметі тұсында ғана қалыптасып, дамыды» деп тұжырымдауы «қазақ әдеби тілі – революцияның жемісі» дегенге келіп саяды.

ХІХ ғасырдың ІІ жартысы – қазақтың ұлттық жазба әдеби тілінің қалыптасуы мен нормалануындағы басты дәуір деген көптеген ғалымдардың пікірін қолдай отырып, Т.Қордабаев  әдеби тіл тарихын жазба тіл, баспасөз тілі тарихымен байланысты деп түсінгендіктен, «Түркістан уәлаяты газеті» тілінің кейбір ерекшеліктері» атты мақаласында газеттің қалай шыққанына, қандай мазмұнда болғанына қарамастан, «Түркістан уәлаяты газетінің» қазақ мәдениетінде алатын орны ерекше екендігін айтады. Алғашқы қазақ газеттері «Түркістан уәлаяты газеті» мен «Дала уәлаяты газеті» тілдерін өзара салыстыра қарастырып, «бірде өзбек, бірде қазақ тілінде кезектесіп шығып тұрғанына қарамастан, «Түркістан уәлаяты газетінің» тілі өзінен он сегіз жыл кейін әрі нағыз қазақ ортасында шыққан «Дала уәлаяты газеті» тілінен едәуір таза және синтаксистік жағынан ықшамды, жеңіл» деген тұжырым жасайды. Ғалымның «Дала уәлаяты газеті» тілінен біршама таза деуі «Түркістан уәлаяты газеті» тілінде ескі жазба әдеби тілдің элементтерінің аз  болуы әрі газет тілінің сол кездегі қазақтың сөйлеу тіліне жақын болуына байланысты. Бірінің артынан бірі шыққан екі газеттің тіліндегі бұл айырмашылықты зерттеуші былай түсіндіреді: «аталған екі газет тілінің қазіргі әдеби тілімізге жақындық дәрежесі әр түрлі болуының себебі оларды шығарушылар алқасындағы адамдардың тіл мәдениеті, тіл тазалығы дәрежесіне байланысты болса керек».

ХІХ ғасыр аяғындағы қазақ әдеби тілінің дамуын, қызмет ету аясының кеңеюін көрсететін басты белгілердің бірі – баспасөз екенін дәлелдей отырып,  «алғашқы қазақ газеттерінде публицистика стилі қалыптасты, ал оның әрі қарай дамуы, жеке стиль түрінде даралануы XX ғасырдың басында жарыққа шыққан баспасөз үлесіне тиді. Оның негізгі қозғаушы күші сол кезеңде қазақ даласында қалыптасқан саяси-әлеуметтік жағдай болып табылады. Ол өзіне дейінгі қазақ баспасөзі дәстүрлерімен сабақтастықты сақтай отырып, оның оқырман аудиториясын кеңейтіп, мақсаты мен қызмет ауқымын байытты» деп қорытындылайды.

Ғалым «Қазақ әдеби тілінің іргетасы ХІХ ғасырдың екінші жартысында, алғашқы газеттердің басылуымен байланысты қалана бастағанымен, шын мағынасындағы әдеби тіл, жазба тіл дәрежесіне тек кеңес дәуірінде жетті» дегенімен, бұл дәуірдегі тіліміздің қоғамдық-әлеуметтік тіршіліктен шеттетіліп, орыс тілінде сөйлеуге шектен тыс әуестенушіліктің орын алуының нәтижесінде қазақ тілінің өмірдегі қолданыс өрісінің бірте-бірте тарылып бара жатқанын да ескертеді. «Тіл өлмесін десек» (1988 ж.) атты мақаласында «тілдің өлуі оның қоғамдық қызмет атқарудан қалуына байланысты. Тілдің қоғамдық функциясы тарылған сайын оның мәні де, қажеттілігі де әлсірей береді де, бірте-бірте қолданылудан біржола қалып, жойылады. Тілді өлтірмеу үшін оның қоғамдық функциясын тарылтпау, қолдланыс өрісін ұздіксіз кеңейтіп отыру қажет» екендігін айтады.

Қазақ тілінің әдеби тіл дәрежесіне көтерілуі оның мемлекеттік тіл ретінде орнығуы мен дамуын қамтамасыз ететінін ескерсек, бұл пікірдің орынды айтылғанын түсіну қиын емес.

Қорыта айтқанда, Т.Р.Қордабаев еңбектерінде көтерілген мәселелер толық шешімін таппаса да, қазақ әдеби тілінің даулы мәселелерін сөз етуі, кейінгі зерттеушілерге ой салуы ғалымның қазақ әдеби тілін зерттеуде алатын орнын көрсетеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Қордабаев Т.Р. Қазақ тіл білімінің мәселелері. – Алматы: Рауан, 1991. – 280 б.

2.     Қордабаев Т.Р. Қазақ әдеби тіл мәселелері. – Алматы: ҚарМУ баспасы, 1985. – 140 б.

3.     Қордабаев Т.Р. Әдеби тіліміздің тарихы жайында // Қазақстан мұғалімі, 17-24 декабрь, 1969.

4.     Қордабаев Т.Р. Қазақ әдеби  тілі – Октябрьдің жемісі // Қазақстан мұғалімі, 1 декабрь, 1978.

5.     Қордабаев Т.Р. Әдеби тіліміздің қалыптасу кезеңі // Қазақстан мұғалімі, 2 октябрь, 1957.

6.     Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1993.

7. Исаев С. Қазақ әдеби тілінің тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1996.

8. Балақаев М., Сыздықова Р., Жанпейісов Е. Қазақ әдеби тілінің тарихы. – Алматы: Мектеп,1968.