Рахия ЕСНАЗАРОВА,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік

университетінің аға оқытушысы,

филология ғылымдарының кандидаты

 

 

А.Сейдімбек әңгімелерінің көркемдік ерекшеліктері

 

Алдымен оқырманға журналист ретінде танылып, публицистикалық еңбектері арқылы журналистиканы жаңа деңгейге көтерген Ақселеу Сейдімбек қаламгер ретінде де соңында әдеби мол мұра қалдырған. Атап айтқанда, «Ақиық» атты алғашқы әңгімелер жинағы, «Қыр хикаялары», «Тауға біткен жалбыз», «Аққыз» атты повестер мен әңгімелері, қазақтың өмір салты, әдет-ғұрпы, табиғат тіршілігінен хабар беретін «Кеніш», «Серпер», «Күңгір-күңгір күмбездер» әңгіме, повестері, сондай-ақ, қазақтың дәстүрлі поэзиясындағы қара өлең жанрына арнаған «Мың бір маржан» және т.б. еңбектері бар.

Қазақ мәдениетінде өзіндік орны бар, күйшілер өмірінен қызықты да тың деректер келтіретін, тұңғыш рет күй аңызының оқшау жанр екенін дәлелдейтін «Күй шежіре» - теңдесі жоқ ұлттық туынды.

Алты Алаштың ардақтысы, дара болмыс иесі, ғұлама ғалым, сұңғыла білімпаз, сүлей суреткер Ақселеу Сланұлының шығармашылығы жайында бірқатар зерттеу еңбектері мен мақалалар жарияланды. Атап айтар болсақ, С.Ақатаев, М.Серғалиев, Ж.Әбдіхалық, М.Кемел, Н.Жүсіп және т.б.

Жазушы прозасының табиғат құбылыстарын көркем оймен қабылдаудағы және жеткізудегі көркемдік танымы мен тарихилығы өзара тереңнен тамырласып жатқан тақырыптық-идеялық, эстетикалық, философиялық ізденістері мен даму жолдары, стильдік, тілдік, бейнелеу амал-тәсілдері, жазушылық шеберлігінің қалыптасуы жайында зерттеу жүргізілуде. Ал қаламгер шығармаларындағы көркемдік шеберлікке, көркемдегіш-суреттегіш құралдардың қолданылуына барынша назар аудару, зерттеу – қазіргі әдебиеттану және тілтану ғылымдарындағы өзекті мәселе. Біз жазушы әңгімелерінің көркемдік ерекшеліктеріне  тоқталмақпыз. Осы орайда А.Сейдімбектің 2002 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан «Аққыз» жинағына енген әңгімелері зерттеу нысаны болып отыр.

Жазушы - әр жанрдың табиғатын терең меңгерген суреткер. Әңгіме сияқты шағын жанрда табиғатты кең суреттеуге мүмкіндік жоқ. Сондықтан да айтайын деген ойды сол шағын көлемге сыйдыру – міндет. Бұл міндетті дарынды қаламгер өзіндік қолтаңбасы мен шығармашылық ізденістері арқылы жүзеге асырады. А.Сейдімбек әңгімелерінде оқиғаны қызықты тұсынан бастау, оқырманын елітіп отырып бейнелеу, бұрын-соңды естімеген жайды баяндау секілді шеберлік қырлары анық көрінеді. 

Ақселеу Сейдімбектің табиғат тақырыбына арнап, жүйелей жазған әңгімелері - көлемі жағынан қысқа, айтары көл-көсір, ыңғайлы шағын шығармалар. Мазмұны мәнді. Әсіресе табиғат жайлы қаламгер былай деп тебіренеді:  

«Егер маған біреу «Дүние дидарындағы ең сұлуды, ең қымбатты, адам баласына ең жақынды, ең қаталды, ең дананы, қара қылды қақ жарған ең әділді аташы» десе, мен соның бәріне де «Табиғат» деп бір ғана сөзбен жауап берер едім.

Түсіне білгенге табиғат жаюлы кітап сияқты. Керек десеңіз, жұмыр Жердің бетіндегі тіршілік атаулыны бір ғана өз заңдылығына бағындырып, ұлы тұтастықта қозғалысқа келтіруші де Табиғат. Бұл орайда оны жұмыр Жердің құдіретті әміршісі және өз дегенін үйретуден жалықпайтын ұстазы десе де болғандай.

Табиғат өзінің қайталанбас сұлулығымен, таусылмас қызығымен, мың сан жаратылысымен, асқақ та өрлігімен, өрең жетпес шексіздігімен, ал кейде мизамдай нәзіктігімен қайран қалдырады. Тек қайран қалдырып қана қоймайды, өз баурындағы тіршілік атаулыға жайылып төсек, иіліп жастық болып, ең асылын солардың аузына тосады.

  ...Ал табиғатты сүю – Отаныңа қамқор болу деген сөз»[1,214]. Жазушының аталмыш жинағына енген әңгімелерде табиғат, саятшылық, құсбегілік керемет баяндалады. Саятшылық, құсбегілікті бейнелеу қазақ әдебиетінде молынан кездеседі. Алайда А.Сейдімбек әңгімелерінің басты ерекшелігі - табиғат сырларын, саятшылық, құсбегілік жайын арнайы суреттеуді мақсат тұтқандығында.

 «Тәтті тіршілік», «Қақпаншы», «Рамазан мерген», «Айқас» сияқты әңгімелері табиғаттың таңғажайып тамаша сырлары жайында сыр шертеді. Мәселен, киіктерді аңдыған қасқырдың әрекетін бұрын-соңды  ешкім суреттемеген шығар. Жазушы табиғатта осындай сирек кездесетін жайларды әңгімелеу арқылы жас оқырмандарына жақсы мен жаманды, әлді мен әлсіздің болатынын ұғындыра түседі. Табиғаттағы қызықты оқиғаларды көзбен көріп, қолмен ұстарлықтай нақты суреттеу арқылы оқырман жүрегіне терең бойлайды.

«Аңшы өтірік айтпайды», «Айқас» әңгімелерінде сирек ұшырасатын оқыс оқиғалар баяндалады. Жыландар мен бақалар айқасы сенімді суреттеледі. Жалпы «Аққыз» жинағы тәрбиелік тәлімі мол, ғибратты шығармалардан құралған. Олардың әрқайсысы жеке-жеке тақырып, бөлек-бөлек оқиға болғанымен, адам мен табиғат, адам мен адам арасындағы байланыстың астарын ашып, мағынасын түсіндіретіндей жауапкершілікпен жазылған. Автордың тың теңеу, оралымды ой, айшықты сурет, кестелі сөз таңдаудағы шеберлігі қызықтыра түседі.

«Тәтті тіршілік», «Қақпаншы», «Рамазан мерген», «Зерде» сияқты әңгімелерінде аңшының қатаң ұстайтын дәстүр-салт қағидалары сияқты жайлармен қатар, әрбір тіршілік иесінің өмір үшін күресі ерекше байқампаздықпен суреттеледі.

Сөздік қордың молдығы мен тіл шұрайлылығының ғажайып иірімдері әсіресе, оның көркем шығармаларына ерекше реңк береді. «Күзеуде» деп аталатын хикаятын оқи бастағаннан-ақ кез келген дала перзентінің жүрегі сәулелі сезім, аяулы нұрдың шұғыласына шомылып сала берері сөзсіз. Мәселен, «Сарыарқаның саумал иісті, сары ала жапырақты күзі еді. Бұл кездің жер бауырлап жатып алатын қорғасын бұлты да, көк иық етіп ұзақ сілбілейтін жауыны да, бой жаздырмас ызғарлы суығы да әзірше білінбей тұр. Оның орнына күзгі таңның хабаршысындай болып басталатын майда леп, күн арқан бойы көтерілгенше толқи есіп, күй сазындай көңіл сергіте тербеумен болды. Күн көтеріле қоңыр күздің қоңыр лебі елеусіз ғана тынады. Осы сәтте әбден бояуы қанған табиғат қыс түспей соңғы рет дәурен күйін шертіп қалғысы келгендей малына құлпырады...»[1,6]. Осылайша басталған хикаят тілі өзінің иірімдеріне оқырманың еріксіз тарта береді. Өйткені бұл баяндау дала перзенті үшін таныс, ыстық суреттер. Жазушының  көркем шығармаларында кездесетін «томарылған май», «ернеуін сүйіп келген шара толы қымыз», «жол соғып, суық сорып келген қонақ», «қазан суыт болған қарақасқа ат», «таң алдындағы алагеуім тымық шақ» сияқты сөз тіркестері қазақи ұғымға аса жақын және өте таныс-беймәлім сөздер емес пе?!.. Мұндай сөйлемдер, әсіресе бүгінгі ұрпақ үшін таныс та бейтаныс сөз тіркестері Ақаң мұрасында өте мол кездеседі.

А.Сейдімбек әңгімелерінде көркемдік құрал ретінде теңеуді көп қолданған. Ол әдеби тілге үстеме мағына беріп, оның көркіне көрік қосып, сол арқылы әдеби шығарманың мазмұнын құнарландырып, пішінін ажарландырып тұр[2,217]. Мысалы, Сүмбідей сүйірленіп біткен биіктің басына бір шыққан соң, онша көп табан тоздырғамыз жоқ [217-б]. Кешікпей-ақ өңшең жас жігіттер Саңғырудың қия бетімен таутекедей ырғып, жоғары көтеріле бердік[Аққыз, 217-б.]  Қазіргі сәттегі еппен қозғалған нәзік қимылының өзі суреттей тартымды еді [222-б]. Ойпырым-ай, қақпанға тақалғаныңда алақанымен екі көзін басып шырылдайды дейсің, құдды жетім баладай сай-сүйегіңді сырқыратады ғой [226-б]. Бірақ кім біледі, көзі алақандай боп мөлдіреп, мұқыл мүйізді құлтеке қақпан үстінде ойнақ салып, бір жерде тұрған шығар деп сүйретінді сорабымен алға озамын[229-б]. Үй сыртындағы ат байларға түсе бергенде іштен желіні жер сызған сұқсырдай сұр қаншық шықты.[238-б]. Маған ақықтай мөлдір отты көзін төңкере бір қарап алды да, керенау керіліп қойды[238-б].

«Салыстыру, теңестіру дегеніміз ойлау, сезінудің нәтижесі болғандықтан, оған негізделіп жасалған астарлы мағынасы бар көркем бейне оқушының ой сезімін қозғап күшті әсер етеді... Және сол салыстырудың негізі болған ой неғұрлым өткір, терең болса, көркем сезім неғұрлым нәзік, күшті, әсерлі болса, салыстырмалы бейненің, балама тұспал бейненің оқушының жан-жүйесін тебірентіп, ойын өрістетіп, сезімін оятып, тұтандырып, ұшқындатып тұратын қуаты да соншалық зор болады», - дейді академик Зәки Ахметов [2, 16].

Қаламгер шығармаларындағы тағы бір көркемдік ерекшелікке ие тұсы – фразеологиялық тіркестерді қолдануында: «жұмыр жер», «темір қанат бүркіт», «тілін тістеу», «сілікпесі шығу», «қылығын бетке басу», «бір киер», «қызғалдақтай құлпыру», «быжылдақ тобық», «аяқты аң, қанатты құс» сияқты тұрақты тіркестер жоғарыда аталған әңгімелерге өң бере түскені анық.

Көркем әдебиетте көп қолданылатын тілдің көріктеуіш тәсілдерінің бірі – мақал-мәтелдер және қанатты сөздер. А.Сейдімбек шығармаларының өн бойында кездесетін: «салы суға кетіп жүр», «досқа күлкі, дұшпанға таба болып», «аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін», «тазы ашуын тырнадан алар», «бір жылға қоян терісі де шыдайды», «қартайған,да кәрі боз жорға шығыпты», «жел болмаса, шөптің басы қимылдай ма», «бір аяғы көрде, бір аяғы жерде», «есті жігіт елдестірер, есер жігіт жауластырар», «бөрік кигеннің намысы бір», «уәде-серт, мақтан – дерт»  сияқты мақал-мәтелдер аз сөзге көп мағына сыйдырып, туындының мазмұнын салмақты ете түскен.

Жазушы әңгімелерінде сонымен қатар эпитеттер де көптеп кездеседі. «Айқындау, яғни эпитет,-дейді Зейнолла Қабдолов-заттың, құбылыстың айрықша сипатын, сапасын анықтайтын суретті сөз»[3,214-б]. Әрине мұнымен толық келісеміз. Алтын күрек, май қара жусан, жібек көде, қунақ көңіл, шытқыл аяз, шиті мылтық, шымыр қару, жазау бет, сырқынды қу, ақша қар, қызыл жон, қобыз кеуде, тәтті тіршілік,т.б эпиттер әр әңгімеге шырай беріп, өңін ашуда.

Табиғатынан талғампаз жазушы әңгімелеріне арқау боларлық тақырыпты да дәл тауып таңдай білген. Қазақ ұлтының болмысын, қадір-қасиетін көрсететін ерекше дәстүрі құсбегілік, саятшылық жайын сөз ету арқылы жас оқырмандарын осы өнерге тартуды мақсат еткендігін, соған қызықтыра түсуге талпынғанын байқаймыз. Қарапайым тірлігінің өзі терең философияға толы қазақты тануға және оны танытуға еңбек еткен қаламгердің туындылары осы ерекшелігімен-ақ мәңгі жасайды.

Өзіне сын көзбен қарайтын жазушының «Егер менің әңгімелерім тірліктің мәнін, өмірдің сәнін, тіршілік атаулының күреске толы құбылыстарын, туған өлке дидарындағы нелер тамашаны бір мысқал болса да оқырман жүрегіне ұялата алса, онда мақсаттың орындалғаны» деп ағынан жарылады. А.Сейдімбек - өз мақсатына жеткен жазушы.

Бұл туралы Н. Жүсіп жазушы жайлы мақаласында: «...осы мақсатына жазушыны жеткізген оның дара дарыны, суреткерлік сөзінің сарабдалдығы. Талғамы биік, талабы зор қарымды қаламгердің зерделеуінше, көркем шығарма жазушының оқырманмен ой бөлісіп, пікір алысып, сырласып, ішкі жай-күйін шертуі. Қаламгердің қиялы қанатты, ойы өрнекті, сөзі суретті, тіл бояуы бедерлі, оқиғалар өрімі өрісті, шабыты шалқар, арманы асқақ, таланты таңғажайып, зердесі зейінді, болмысы бекзат»,- деп жоғары баға береді.

А.Сейдімбектің көркем шығармалары мен ғылыми еңбектері бір-бірімен сабақтасып, бір мақсатқа жүгінуімен ерекшеленеді. Оның повестері мен әңгімелерінде қазақ даласы мен қазақ баласы, олардың қилы тағдыры ұлт болмысымен тығыз байланыста суреттеледі. Ғасырлар бойы үзілмей, жалғасын тауып келе жатқан дәстүрлі өмір сүру салтының сан қырын жарқырата жазып, бүгінгі ұрпаққа сол атадан қалған асыл мұраны үлгі-өнеге ету – туындыгердің о бастағы мақсаты. Сондықтан да А.Сейдімбек қазақ тарихының арғы-бергі кезеңдері, ел мен жер тағдыры, уақыт пен ұрпақ үндестігі жөнінде толғақты мәселелер көтерген қайраткер ғалым.

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.      Сейдімбек А. Аққыз. Алматы: Атамұра, 2002.

2.      Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. Алматы: Мектеп, 1973.

3.      Қабдолов З. Сөз өнері. Алматы: Санат, 2002.

 

 

Резюме

Художественные особенности А.Сейдимбек

В статье рассматривается идейно-художественные искания поризведения, входившие в сборник «Аккыз» (2002). Анализировано мастерство писателя в использовании художественных деталей и изобразительных средств.

 

Summary

        The article touches upon the ideological and artistic research of the works which were included in the collection “Akkyz” (2002). The skill of the writer in using artistic details and visual means was analyzed as well.