ӘОЖ 894.342:82-1 (574)

 

ҚАЛМАҚАН ӘБДІҚАДЫРОВТЫҢ ЕРЛІК, ӨНДІРІС ТАҚЫРЫБЫНДА ЖАЗҒАН ПОЭМАЛАРЫ

Бахтиярова Сара Бахтиярқызы ф.ғ.к., доцент

Абдуллаева Айнагүл Әбдіхалыққызы ф.ғ.м, аға оқытушы

Қазақстан Республикасы

         Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, халқымыздың артына елеулі қазына қалдырған қаламгер Қалмақан Әбдіқадыров әдебиетке өмірінің қырық жылдай уақытын арнады. Оның шығармашылық тағдыры ұлттық мәдениетіміздің кеңес дәуіріндегі алдыңғы буын өкілдерінің тағдырымен, өмір жолымен ұқсас.  

Қалмақан Әбдіқадыровтың үлкен ақындығын оның жазып қалдырған біршама поэмаларынан тануға болады. Ол жайында Тебегенов Темірхан Сақаұлы «Дәуір перзенті» атты мақаласында:

«Ақынның қазақ поэзиясындағы поэма жанрын өркендетудегі еңбегі де айтарлықтай. Қазақ поэмаларының сапында эпикалық кең құлашпен, тақырып пен идеяның, мазмұн мен форманың үндесуі арқылы Қалмақан Әбдіқадыров поэмалары мен оқиғалы өлеңдері өзіндік дара із қалдырғаны анық. Мысалы алғашқы бесжылдықтар кезінде жазылған «Шахтер» поэмасы – патриотизм тақырыбын кейіпкерлерді даралау арқылы ашқысы келуімен бағалы», - жеп жазады [1]

 Поэма – кең сауырлы эпикалық поэзияның негізгі бір түрі. Поэма, дастан, қысқа өлеңнен оқиғаның молдығымен ерекшеленеді. Поэма көбінесе сюжетке құрылады. Айырмасы тек өлеңмен жазылуында ғана дегенді айтады. Кейбіреулер ұзақ өлең дейді. Лермонтов айтқандай, оқығанда жасырын қуаты бойды алып, ойды билеп кететін жақсы өлеңнің қасиетінің ең шыңға шыққан төрі поэмаларда кездеседі. Ұлы классиктердің поэмасын оқығанда адамның алатын әсерін тек ақынның өз сөзімен ғана жеткізуге болады.

                        Жаныңның ауыр жүгі жеңілдегендей,

                        Көңілді кернеген кек кемігендей.

                        Болады жылауға да, күлуге де,

                        Жүректің басынан у төгілгендей, -

деп Лермонтов айтқандай, өлеңнің құдіретті күшін қара сөздің бере алуы қиын. Өлеңнің ырғақ, ұйқас, дыбыс әуезділігі, ерекше келетін сөйлем, сөз тізбектерінің ұйымдасқан күші мен кереметтілігі қара сөзде жоқ. Өлең мен көркем қара сөздің негізгі айырмасы да осында. Жай сөйлегенде өмірдегі ең әдемі, ең сұлу, ең қызық нәрсені мадақтау үшін «мынау нағыз поэма ғой» дейтініміз де поэманың сұлулық қасиетіне негізделгені.

          Поэма өлеңмен жазылуының, сюжетке құрылуының үстіне оқиға бірлігінің берік сақталуы, бөлшектерінің біркелкі келуі және олардың барлығы асқан шеберлік, іскерлік пен жанды жинақы суреттелуі шарт. Онсыз ешбір поэма өз дәрежесіне жете алмайды.

          Қазақ әдебиетінде 20 жылдардың бас жағында поэзияның өлеңмен жазылатын көлемді түрі – поэма жанры дами бастайды. Б.Кенжебаев «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» кітабында: «Поэзия ішінде бұл кезде поэма шықты, азды-көпті мәлім болған ақындардан поэма жазбағандары қалмады» дейді [2]. Соның ішінде Қалмақан Әбдіқадыровтың да есімі аталады.

Қалмақан Әбдіқадыров мұрасының өзекті бір саласын поэмалары құрайды. Негізінен ақынның жиырмаға тарта поэмалары белгілі. Оның «Коммунар» (1927), «Май» (1935), «Ертіс бойында» (1935), «Гигант» (1935), «Гранат» (1935), «Бодық софы» (1936), «Күласал» (1939), «Алатаудың қырандары» (1936), «Дін сыры» (1940), «Еділде» (1943), «Арыстан Қазыбеков» (1943), «Қытай шалы» (1943) секілді поэмалары мен қысқа оқиғалы шығармаларының өзіндік алатын орны ерекше.

1930 жылдары шығыстық аңыз-ертегілер негізінде бірнеше дастандар жазады. Олар: «Бодық софы», «Лұқпан Хакім», «Ескендір», «Дін сыры», «Егіншінің баласы».

Ақынның өндіріс тақырыбында жазылған сәтті туындысы – «Шахтер» (1932) поэмасы. Бұл поэма жазылған жылдары өндіріс тақырыбына арнайы қалам тартқан, поэмалар жазуға көңіл бөлген ақын-жазушылар да болды. Мәселен, көмір өндірісіне арнап Өтебай Тұрманжанов «Қара алтын», Ғалым Малдыбаев «Мағауия», мұнай өндірісіне арнап Тайыр Жароков «Нефстан», мыс өндірісіне арнап Әбділда Тәжібаев «Олқылық» дастанын жазды.

«Шахтер» поэмасында ақын:

Қасымқан қарт тоннаны,

Қайырып тастай береді.

Жанына барсаң күлімдеп,

Жарай ма, жастар, мұным?-деп

Қызықты сөзбен күлдіре,

Ширатады денені...

деп көңілді жұмысшылардың жан дүниесін сомдайды.

Қалмақан Әбдіқадыровтың «Гранат» атты шағын поэмасы (1935) қазақ әдебиетіндегі азамат соғысы тақырыбына жазылған поэзиялық шығармаларының ішіндегі құндыларының бірі.

Қайнап тұрған ыстық күн,

Қып-қызыл шоқ қызыл құм.

Бұлдыраған көп сағым,

Бейне шыққан бір түтін,

Жалын серпіп, от кешіп,

Ат тұяғы құмды есіп.

Қабағынан қар жауып,

Кірпігіне мұз қатып,

Қатып-семіп темірдей,

Екеу келед бірлесіп, -

деп басталатын поэмада ақын пейзажды бейнелеуде табиғаттың сүрең көрінісін адам портретімен ұштастырады. Поэманың көркемдік қуатын қолданған көркемдеуіш сөздер, тұрақты тіркестер айшықтай түседі.

«Гранат» поэмасының идеясы – қос партизанның жанкешті ерлігін үлгі ету.

Қолға түскен командир,

Ол ұмытты өз басын.

Жау қолына түспесін,

Деп ойлады жолдасын.

Гранатасын тастады,

Шықты жалын ортадан.

Айқастағы жеті жан,

Түгел болды күл талқан –

деген жолдардан адам қиялына сыймайтын ерен ерліктің көрінісін бере отырып, қос жауынгердің типтік тұлғасын жасайды.

1940 жылы жазылған «Батыр» кейіннен «Алатаудың қырандары» деп аталатын поэмасының оқиғалық желісі өмір шындығына орайлас.

Айлар, жылдар толғандым,

Ұшан-теңіз ойландым,

Ой қамшысы жолдасым,

Қаламымды қолға алдым.

деп кәнігі жырауларша басталатын дастан :

                                    Көп демінен жел тұрар,

Көп тамшыдан көл тұрар

Жыр қордасы ел теңіз,

Құйдым суын жылғамның,-

секілді афоризмге толы болып келеді.

            Поэманың жазылу стилі, өлең тармақтары мен ұйқастары Махамбет өлеңдеріне ұқсас. Мәселен осы поэманың екінші бөлімінде:

                                    Оңай олжа түскен жоқ,

                                    Октябрь таңы атқанда.

Мәңгі алысқан екі тап,

Арпалысып жатқанда

Пулемет пен гранат

Оқ бұрышын шашқанда

Найза, қылыш жаланып,

Кіршілдеп дене қапқанда

Қарағайлы, аршалы,

Шыңнан қоршау жан-жағы

Отряд жатты шатқалда,-

деген өлең жолдары М.Өтемісұлының «Ереуіл атқа ер салмай»

                                    Ереуіл атқа ер салмай,

Егеулі найза қолға алмай,

Еңку-еңку жер шалмай,

Қоңыр салқын төске алмай,

Тебенгі теріс тағынбай,

Темірқазық жастанбай,

Қу толағай бастанбай,

Ерлердің ісі бітер ме?! –

өлеңі ізімен жазылғанға ұқсайды.

            Халыққа азаттық таңының атуын тілеген қос ақынның да ұраны бір. Ол – Отанының, халқының тыныштығы.

Поэманы ақын:

Сорғалатып қан төкпей,

Қан төгуші тиылмас

Оғынан көп оқ атпай

Жаудың туы жығылмас,

Темірден киме сауытты,

Елден, достан сауыт ки, -

деген нәрлі сөз айшықтарымен тұжырымдайды

            Ұлы Отан соғысы жылдарында елді жаудан қорғаған азаматтардың ерлігін дәріптеген бірталай шығармалар дүниеге келген. Соғыс, жеңіс тақырыбына қалам тартпаған ақын жоқ. Соның ішінде Қалмақан Әбдіқадыровтың яғни өзі сұранып майданға аттанған жауынгер ақынның шығармалары бір төбе.

            Сюжеттік сарынында қан майдандағы жаумен арпалыс, Отаны үшін отқа түскен украин азаматы Лазоның ерлігі нанымды суреттелген. Майдан алаңында ұшақтан жауған оқ астында қалған, жан-жақтан қоршаған түсі суық жау танкісінен қорықпай:

                                    Бар құрал мылтық, гранат,

                                    Халық үшін бізде бар қуат.

                                    Зығырданды қайнатқан

                                    «Шегінді» деген жаман ат, -

деп намыс отына өртенген Лазоның ерлігін айрықша шабытпен жырлайды.

            Әр батырдың туған жерге деген ыстық махаббатын мынадай жолдармен береді:

                                    Украина анам туған жер,

                                    Артымда мынау Днепр,

                                    Ерлерім есен тұрғанда,

                                    Деуші едім мұнан кім өтер?

                                    Туған ел үшін от кешем

                                    Өртенсем де өлмеймін

                                    Өзенім, жұлын-өзегім,

                                    Өткенін жаудың көрмеймін!

            Арыстан Қазыбеков туралы ақын:

                                    Екі жыл қанды майданда,

                                    Күйретіп жаумен күресті

                                    Жауға салып ойранды,

                                    Ел күшейді, ер өсті, -

дейді [3].

            Лазо мен Арыстан Қазыбековтың ерен еңбегі, отансүйгіштігі ұрпаққа үлгі-өнеге. Қандай қиын-қыстау кезеңде де бойдағы ар мен намыс, ержүректілік, достық, бірлік жеңіске жеткізетіндігін ақын нақты анық оқиғалармен көрсете білген.

            Қалмақан жүрегі халқым, Отаным деп соққан жалынды патриот. Оның бұл азаматтық қасиеті неміс-фашистері елімізге тұтқиылдап басып кірген ер сыналар сұрапыл жылдары айрықша көрінді.Ұлт әдебиетінің, мәдениетінің мәйегімен сақтап қалу мақсатымен сол кезде Қазақстан Жазушылар одағын басқарған Әбділдә Тәжібаев республика басшылығымен келісе отырып, тәуекелге бел буып, он тоғыз қаламгерді майданға алмауды сұрап И.Сталинге жеделхат жодайды. Көшірмесін КСРО Жазушылар одағының басышысы А.Фадеевке жібереді. Көп ұзамай көңілдегі күпті еткен рұқсат беріледі. Сол он тоғыздың ішінен қалтасында броны бола тұра, қан майдан жорыққа өз еркімен аттанып кеткен жалғыз Қалмақан еді.

Соғыста соғыс ерлерше

Жан қалмасын, ар қалсын!

Өлердегі күшіңе,

Өлтіруші таңғалмасын! –

деп ұрандады ақын. 

            Ол жауға қарсы қаруын, қаламын да жұмсады. Оның жорықты жылдары жазған әрбір өлең, баллада, поэмалары жауға өшпенділік, туған елдің қаһарман ұл-қыздарын дәріптеу, жеңіске деген сенім асқақ естіледі. Халық поэзиясының құнарымен құлпырған Қалмақан жырлары қанатты сөз, афоризмге толы, жауынгер жүрегіне дөп тиеді, жігерлендіреді.

            Қалмақан Әбдіқадыровтың өндіріске, ерлік пен соғыс жылдары тақырыбына жазған поэмалары өз заманының реалистік сипатын анық бере алды.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.      Тебегенов Т.С. Дәуір перзенті // Қ.Әбдіқадыровтың 80-жылдығы қарсаңында -«Ленин жолы» газеті., 1983 ж., №237

2.      Кенжебаев Бейсенбай. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті. А., 1997 жыл

3.      Әбдіқадыров Қалмақан «Таңдамалы өлеңдер мен поэмалар». А., 1958 жыл.

4.      Жолымбетов Өмірзақ. Ұлттың спорттағы ұраны // «Ана тілі» газеті, 2001 жыл №16

 

Түйінсөз

            Бұл мақалада Қ.Әбдіқадыровтың артына қалдырған әдеби мұралары сөз болды. Оның ішінде «Лұқпан Хакім», «Ескендір», «Бодық софы» поэмаларында шығыстық үлгідегі аңыз-әңгімелер жайлы айтылса, «Шахтер» поэмасында өндіріс тақырыбы баяндалады. Ал «Гранат» поэмасы жастарды ерлікке, елдікке үндейді. Ақын достық, бірлік жеңіске жеткізетіндігі нақты анық оқиғалармен көрсете білген.

            Кілт сөздер: шығыстық үлгі, аңыз-әңгіме, өндірістік тақырып, әдеби мұра.

 

Резюме

            В данный статье рассматривается литературные наследие Калмакан Абдикадирова, автора более двадцати поэм. Поэмы «Лукпан Хаким», «Искендер», «Бодык софы»  продолжает традиции восточных легенд и сказаний, производственная поэма «Шахтер», поэма на тему войны «Гранат», очерк в стихах «Арыстан Қазыбеков». Произведения акына на военную, производственную темы реалистически показывает время, которое жил и творил автор.

            Ключевое слово: восточные традиции, легенд и сказаний, производственная тема, литературные наследие

Resume

            The article considers literary heritage of Kalkaman Abdykadyrov the author of more than twenty articles. The poema “Lukpan Khakim», “Iskender» and «Boduk Sophy» are keeping on the traditions of Eastern legends and saga. Poem on industry “Miner» poem on civil war “Pomegranate» and essay-poem “Arystan Kazybaev» written in 1940 have been analyzed in the article.

            The works devoted to the war and industry themes (show) represent the realistic features of time the author lived ahd worked.

           

Key words: literary heritage, legend and saga, traditions of Eastern, industry themes(show)