Iskhan Beybіt Zhaleluli., Ospanova Bayandy Ramazanovna candidate of philological sciences., Associate Professor

RSE PVC "Kazakh State University. Abay ", Almaty, Kazakhstan (050000, Almaty, Dostyk, 13, № 7 housing, office No. 203), e-mail: baian_80@mail.ru     

 

 

Исхан Бейбіт Жалелұлы.,  Оспанова Баянды Рамазановна кандидат филологических наук., доцент

РГП  ПВХ «Казахскии Государственный университет им. Абая», Алматы,Казахстан  (050000, Алматы,пр.Достык, 13, №7 корпус, 203 каб), e-mail: baian_80@mail.ru

 

Латынша әліпиге дайындық, өту кезеңі және одан кейінгі тілдік жағдаят

 

Подготовка перехода на латиницу: этапы и дальнейшие языковое ситуация

 

Preparing the transition to the Latin alphabet: stages and further linguistic situation

                                

Қазан төңкерісінен кейін бұрнғы Ресей империясы құрамындағы елдер шартты түрде дербес республикаларға айналды. Өзбекстан да КСРО құрамындағы көп ұлтты республикалардың бірі  болды. Негізгі тұрғындарын өзбек, тәжік, қазақтар және т.б. орталық азиялық ұлтар құрағанымен, онда ұзақ жылдар бойы орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі қызметін атқарды.

КСРО ыдырап, оның орнында дербес мемлекеттердің құрылуы бұрынғы кеңестік кеңістіктегі тіл жағдаятын мүлдем өзгертіп жіберді. Бұрынғы барлық одақтас республикалар өзінің ұлттық тілін мемлекеттік тіл деп жариялады.

Тәуелсіздік алып, жаңадан құрылған елдердегі ұлттық тілдердің мемлекеттік мәртебе алып, саяси-қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан елге жан-жақты қызмет етуі – бәрінде бірдей жанданып кете алған жоқ. Батыс Еуропа елдерімен іргелес-көршілес отырған Балтық теңізі жағалауындағы Эстония, Латвия, Литва секілді елдерде  бұл мәселе бірден дұрыс бағыт алып кетсе, басқаларында біртіндеп жүзеге асырылып жатыр. Өз тілін өз мемлекетінің тіліне айналдыра алған елдердің бірі – Өзбекстан.

Тәуелсіз жаңа мемлекеттердің құрылу кезеңінің бастапқы жылдарында Орталық Азия республикаларынан орыс тілді тұрғындар өз отаны – Ресейге көптеп кете бастады. Өзбекстандық орыстардың да көпшілігі көшіп кетіп,   біртілді жағдаяттың қалыптасуына қатты ықпал етті. Өзбекстанда орыс тілді орта, арнайы, жоғары мектептер саны қысқарып, осы тілде оқитындардың саны да азайды. Орыс тілді БАҚ, кітап-журналдар таралым аясы тарылды. Елдің кейбір аймақтарында ғана аз көлемде орыс тілді теле және радиохабарлар жүрді. Бұрынғы орыс тіліне деген мұқтаждық біртіндеп өткенге кетті.

Қазіргі таңда Өзбекстанда тілдік мәселе біршама шешілген. Өйткені ел тұрғындарының басым көпшілігі – өзбектeр. Олар елдегі халықтың 80 пайызын құрайды. Қалған бөлігі қарақалпақ, қазақ, тәжік, орыс сияқты т.б. ұлт өкілдері болып саналады. Орыстардың немесе еуропалық ұлттар өкілдерінің саны жылдан-жылға азайып барады. Орыстар тұрғын халықтың небары оннан бір бөлігін құрап, негізінен ірі қалалар мен өндіріс орталықтарында қоныстанған. Олар, көбінесе, Ташкент, Самарқант, Бұхара секілді ірі қалаларда ғана шоғырланған. 

Өзбекстанда өзбек тілі басым сипатта болуына байланысты қоғамдық-саяси өмірдің көптеген салаларынан ығыстырылып шығарылған қазақ тілінен айырмашылығы бар. Оларда өзін-өзі сақтап қалу (витальдік) мәселесі туындамаған[1]. Осыған байланысты Өзбекстан республикаларындағы 1989 жылы қабылданған мемлекеттік тіл туралы заңдар өзбек тіліне мемлекеттік мәртебе берді, іс жүзінде өзбек тілі бұрын ұлтаралық қатысым тілі қызметін де атқарған болатын.

Кез келген тілдің дамып жетілуі мен өркендеп кемелденуі оны өз ана тілім деп санап, тұрмыс-тіршіліктің барша саласында кең қолданатын тұтынушыларының көп болуымен тығыз байланысты екенін ескерсек, Өзбекстандағы өзбек ұлтының саны мен сапасы кеңес өкіметіне кейін тәулсіздік алған Қазақстан Республикасы сияқты көптеген елдерден әлдеқайда жақсы боп тұр. Осыған орай, мемлекеттің тілдік саясат та біршама жақсы жолға қойылған.

Өзбек әдеби тілінің қоғамдық-әлеуметтік қолданыстағы қызметі тұрмақ, саяси-экономикалық бағыттағы да кең өрісті қолданысы оның барынша мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін арттыра түсуде. Тұрмыс-тіршіліктің барлық саласындағы жан-жақты қызметі – өзге ұлттар өкілдерінің өзбек тілін жетік меңгерулеріне қажеттілік туғызып отыр. Сол себептен Өзбекстанда тұрып жатқан қазақ, қарақалпақ, қырғыз, түркімен, тәжіктердің, тіпті орыстардың  айтарлықтай бөлігі өз тілдерін ұмытып, өзбектеніп кеткен. Олардың арғы тегі аталған ұлттардың бірі болса да, қазір өздерін өзбекпіз деп санайды. Әлбетте, бұл өзбекттердің өз елінде үстем ұлт (доминант) болып отырғанынан екені анық. Алайда Өзбкстанда тілдік мәселе мүлдем жоқ деуге болмайды. Оларға да орыс тілі белгілі бір мөлшерде ықпал етті. Әсіресе, өзбек жазба әдеби тілінің 1940 жылдан 1990 жылға дейін кирилшеге негізделіп келуіне  қарай, өзіндік бітім-болмысынан алшақтай бастаған еді. Өзбек тілінің кирилл (орыс) әліпбиіне негіздеуі кеңестік иеологияның орыстандыру саясатынан еді. Бұл саясат айтарлықтай өз нәтижесін берді.

Өзбек тілінің латын графикасы негізіндегі жазуға көшуінің бірнеше себептері бар. Атап айтқанда ең алдымен ұлттық сананың көтерілуімен болған елдегі ұлттық отаншылдықтың серпілісіне жауап беретін нақты шаралар керек болды, ол болса, ұлттық жазуға негізделген графика талап етті. Одан кейін әлемдік сауда, экономикалық қатынастар үшін латын графикалы жазудың тиімді болғаны алға тартылды. Сонымен қатар дүниежүзі бойынша ақпарат алмасудың негізгі құралы латын қаріптері негізінде ұлттық жазу әліпбиін жасау қазіргі ақпарат заманының талабы болды. Сөйтіп, Өзбекстан үшін латын графикалы жазуға көшудің ең басты себебі саяси және экономикалық түрткіжайттардан келіп туындады.

Әрине, тіл мәселесі әліде болса да өзекті.  Өзбек тілінің ұлттық сипатын бейнелейтін жазу керек болды, өйткені о баста кирилл жазуы кеңестік өкімет тарапынан күштеп енгізілген графика болғандықтан, өзбек тілінің дыбыстық жүйесінің ұлттық арнада дамуына мүмкіндік тудырмады.        

1989 жылы 21 қазанда «Өзбекстан Республикасының мемлекеттік тіл туралы» заң қабылданып, өзбек тіліне мемлекеттік мәртебе берілген уақыттан бастау алады[2].

Өзбекстан Республикасы мәжілісінің 1995 жылы 21 желтоқсанда қабылдаған «Мемлекеттік тіл туралы Өзбекстан Республикасының заңын жүзеге асыру тәртібіне қатысты» жарлығы бойынша Өзбекстан республикасының латын жазуына көшуінің соңғы кезеңі болып 2005 жылдың 1 қыркүйегі қабылданды[3].

Оған кеңес өкіметі кезіндегі орыс тілінің үстем қолданыста болып, бірталай өзбек азаматтарының орыстана бастауы дәлел. Осыдан арылудың бір жолы әліпби өзгерту деп тапқан Өзбекстан үкіметі 1993 жылы 2 қыркүйекте «Латын графикасы негізіндегі өзбек әліпбиін енгізу туралы» заң қабылдады. Бұл заңға сәйкес 26 әріп, үш әріптік тіркестен тұратын графемалар жүйесі қабылданды. 1994 жылдың 16 маусымында осы заңды жүзеге асырушы мемлекеттік бағдарлама бекітілді. Осы бағдарлама бойынша орта және жоғары білім беретін мекемелерде өзбек тілі мен әдебиетінің оқулықтарын, өзбек тілінің сөздіктерін жасау жоспарланды.

Жоғарыда аталған жылдан бастап латын қарпіне өту жүргізілді. Біртіндеп елдің білім беру және басқару жүйелері қатар өтті.

1993-2007 жылдар аралығында мынадай шаралар жүзеге асырылды:

- орта білім беретін мектептің бірінші сыныбы мен басқа сыныптары латын графикасында білім алды;

- осы жылдар ішінде мемлекеттік ісқағаздарының бір бөлігі жаңа қаріпке көшірілді;

- барлық мемлекеттік мекемелер атаулары мен маңдайшалардағы жазу латын әрпіне көшірілді;

- ресми БАҚ латын әліпбиіне көшірілді;

- жекеменшік мекемелердегі ісқағаздар толық көшкен жоқ;

- орыс және қазақ мектептерінде кирилл жазуымен білім беріледі.

- осы кезеңде өзбек тілінің 4 томдық академиялық сипаттағы түсіндірме сөздігі де құрылып аяқталып қалды.

- Министрлер кабинетінің «Мемлекеттік тіл туралы» заңды жүзеге асырушы мемлекеттік бағдарламаға өзгерістер мен толықтырулар туралы 1996 жылдың 10 қыркүйектегі жарлығы бойынша «O'zbegim dasturlari» электрондық баспалар редакциясымен тіл мамандары біріге отырып, 120 мың сөзді қамтитын «Іbora» атты өзбекше-орысша-ағылшынша электрондық сөздік құрастырылды. Бұл сөздік көпшіліке арналғанымен, толықтығымен ерекшеленеді, мұнда сөздер тек кирилл емес, сондай-ақ латын әліпбиімен де берілген.

Дегенмен, Өзбекстанда латын графикасына өту кезеңі әлі де толық аяқталмаған соң, көшудің кезеңін мемлекет 2010 жылға дейін созуды бекітті.

Өзбек жазу-сызуы үшін қазіргі өзбек тілінің латын әліпбиі мен оған көшу кезеңінің артықшылығын ғалымдар былай деп көрсетті:

1) латын графикасы өзбек тілінің дыбыстық қорындағы фонемаларды белгілеуге негізделген, ал кирилл жазуы орыс тілі сөздеріндегі бөтен фонемаларды да таңбалайтын;

2) латын графикасына көшкен кезде түркітілдес басқа халықтар да латын әліпбиін қабылдаған болатын, сондықтан түркі әлеміне ортақ жазу ақпарат алмасуға қолайлы болды;

3) экономикасының батыстық даму бағытына латын графикалы жазу толық жауап берді;

4) жастар мен сауда адамдары латын қаріпін тез үйреніп алып, оның таралуын қолдап отырды.

Өзбек жазу-сызуы үшін латын әліпбиіне көшудің кемшіліктерін өзбек ғалымдары былай деп көрсетті:

1) ең алдымен мектептер латын әрпіне көшірілгендіктен, оларды оқытатын мұғалімдерді дайындау ісі жолға қойылмады; кирилл графикасында білім алған мұғалімдер үшін латын әліпбиін оқып-үйрену қиынға соғып отыр;

2) балаларға арналған латын қарпіндегі әдебиеттер тапшы болып отыр.

3) өзбек әдеби тілі гетерогендік (көпнегізді) сипатта болуы себепті онда жалпыхалықтық тілдегі дыбыстар мен жазба тілдегі ескі түркі тілінің, сондай-ақ жазба тіл арқылы қалыптасқан араб-парсы сөздеріндегі фонемалары араласып, жазуда таңбаланып келді. Жаңа әліпбиге көшу кезеңінде ғылымда олардың арақатынасы жеткілікті анықталмағандықтан, қазіргі графикада бір таңбамен әртүрлі фонемалық статустағы дыбыстар белгіленіп жүр. Бұл жаңа жазуда көрініс беріп, оның халық арасында бірден түсінікті болып кетуіне кедергі келтірді;

4) өзбек тілінің жаңа әліпби жобасын жасауда тілші ғалымдар пікірлері тыңдалып, оны қабылдау кезінде интернетке икемдеуді жөн көрген компьютерлік техника саласы мамандарының ұсыныстары басымдық алып кеткен; қазіргі кезде өзбек әліпбиі интернет желісіне икемді болғанымен, ұлттық тілдің мүддесінен шықпай отыр деген көзқарастар басым айтылып жүр;

5) жаңа латын графикасында алынған 3 екі әріптен    тұратын әріптік тіркес бір сөздер құрамында бір дыбыс ретінде оқылса, келесі бір сөздерде екі дыбыс түрінде оқылып, жазуда ережелермен де реттеле алмайтын келеңсіздіктер, екіұшты оқылулар пайда болған; бұның бәрі өзбек жазуының мағынаны дұрыс жеткізу сипатына нұқсан келтіріп, жазба тіл беделін төмендеткен.

Жаңа әліпби жобасының лингвистикалық негіздеріне интернет жүйесіндегі ақпараттар тасушы таңба талаптарына сәйкестік принципі алынды. Бұл принциппен қатар өзбек тілінің дыбыстық қорын толықтай белгілеу жағы да алынды, яғни жаңа латын әліпбиі ұлттық тілдің мүддесін көздейтін жазуды қамтамасыз ету керек болатын. Дегенмен өзбек әдеби тілінің гетерогендік сипатына байланысты жалпыхалықтық тілдің дыбыстық қорындағы барлық фонемалар, сонымен бірге орыс тілінің әсерімен енген сөздер құрамындағы орыс фонемаларының сөзіндегі <о>, ескі жазба тілден енген сөздердің құрамында сақталып қалған араб-парсы фонемаларының қайсысын графемалық жүйеде көрсету керек деген проблема әлі күнге дейін талас тудырып келеді.

Сонымен бірге бір дыбысқа бір графема принципі толық сақталмады. Әріп тіркестері алынып, бір дыбысқа екі әріп принципі қоса жүрді. Әйтсе де мұндай тіркестер құрамындағы әріптер жеке тұрғанда да толық мағынасы, яғни белгілейтін жеке дыбысы болғандықтан, екі түрлі оқылды. Мысалы, Ishak - 1) Исхак; 2) Ишак. Мұндай әріптік тіркестерді алуға интернет жүйесінде таңбаға қойылатын талаптарға икемді болу принципі негіз болды.

Өзбек тілінің латын графикасындағы жаңа әліпбинде 26 графема 3 әріптік тіркес, бір апостроф таңбасы бар. Өзбек тілінің дыбыстық жүйесіне негізделген латын графикасындағы жазу кирилл әліпбиінде қалыптасқан қосамжар орфографиядан арылудың жолына айналды. Жаңа әліпби өзбек жазба тілінің жүйеленуіне, оның мәдениетінің дамуына әсерін тигізді.

Жазу реформасын жүзеге асырушы құзырлы орындар құрамына өзбек тіл білімінің фонетика, фонология, граммотология саласындағы лингвист мамандардың аз тартылып, олардың пікірі негізге алынбады.

Тілге қатысты мәселеде шешуші сөзді осы салада біліктілігі жоғары мамандар айту керектігін Өзбекстанның осы тәжірибесі дәлелдеп отыр. Жаңа әліпби жобасы Интернет желісіне қолайлы болу керек деген принцип басым түсіп кеткен. Кейбір дыбыстарды қосалқы таңбалармен бірге қолданылатын бір әріппен белгілеуден қашып (интернет үшін қолайсыз болғандықтан), бір дыбысты екі әріптің тіркесімен таңбалаған.

Қандай жазу болмасын ең алдымен сол тілдің ұлттық сипатын сақтауға қызмет етіп, оның еркін дамуына, сыртқы әсерді өзінше игеріп алу қабілетіне қызмет ету керектігі ескерілмеген жағдайда, ол жазудың қолайлы болуы екіталай.

Өзбек тілінің жаңа әліпбиіндегі графемалар жүйесі гетерогендік сипаттағы әдеби тілдің дыбыстық қорына негізделгендіктен, бір әріп бірнеше фонеманың репрезентанты болып қабылданған. Жалпыхалықтық тіл элементтері өзбек фонетикасында басым емес, сондықтан халықтың сауат ашу ісін жаңа әліпби біраз қиындыққа соқтырды.

Графика ауыстыру, жазу реформасын жүргізу ісінде әр елдің осыған себеп болған түрткіжайттары, тілдерінің даму деңгейі, шараларды жүзеге асыру кезеңдері, әріп таңдау принципі әртүрлі. Сондықтан басқа елдің оң тәжірибесін өзгеріссіз қабылдай салуға немесе теріс тәжірибесін талдаусыз жоққа шығаруға болмайды. Ең басты мақсат өз еліміздегі жағдайды талдап, тілдің мұқтажын, халықтың қалауын, қазақ тілінің ұлттық тіл ретіндегі, сондай-ақ адамзат мәдениетіндегі ерекше феномен ретіндегі сақталуы мен болашақтағы дамуына мүмкіндік туғызуды бірінші кезекте ойлау керек.

Өзбек тілі басқа туыстас түркі тілдерінен сөз басында “й” дыбысын (йол – жол, йіп – жіп), сөздің ортасы мен соңында “ғ”, “г” дыбыстарын (тағ – тау, ағыз – ауыз) қолдану, сондай-ақ морфол. тұрғыдан көптік жалғауының тек “-лар” түрінде (сизлар, дафтарлар), ілік септігінің “-нинг”, табыс септігінің “-ни”, жатыс септігінің “-да”, шығыс септігінің “-дан” үлгілері негізінде бір ғана фонет. нұсқада қолданылуымен ерекшеленеді. Өзбек тілінің жазуы ертеден қалыптасқан, 14 – 16 ғасырлардағы көне жазба әдеби тілін ғыл. әдебиетте шағатай тілі деп те атайды. Өзбек тіліне үндестік заңы (сингармонизм) тән емес, лексик. жағынан араб, парсы тілдерінен ауысқан сөздер көп кездеседі, граммат. құрылымы тұрғысынан жалғамалы (агглютинативті) тілге жатады. 1927 жылға дейін араб, одан кейінгі он жылдықта латын (1927 – 38), 1939 жылдан кирилл (орыс) әліпбиін қолданса, қазіргі жазуы қайтадан латын әліпбиіне көшті (1994). Қорыта айтқанда өзбекстанның тілдік саясатының  көрінісі осы кезеңдерді басынан кешірді.

 

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

    1. Закон о государственном языке Республики Узбекистан. Закон о государственном языке Республики Узбекистан был принят 21 октября в 1989 году.

2. Закон Республики Узбекистан О ВНЕСЕНИИ ИЗМЕНЕНИЙ И ДОПОЛНЕНИЙ В ЗАКОН «О ГОСУДАРСТВЕННОМ ЯЗЫКЕ РЕСПУБЛИКИ УЗБЕКИСТАН».

3. Ведомости Олий Мажлиса Республики Узбекистан, 1995 г., № 12, ст. 257; Собрание законодательства Республики Узбекистан, 2004 г., № 51, ст. 514; 2010 г., № 37, ст. 313; 2011 г., № 41, ст. 449)17 февраля 1995 г. в Ташкент.

 

 

 

 

 



[1] Закон о государственном языке Республики Узбекистан. Закон о государственном языке Республики Узбекистан был принят 21 октября в 1989 году.

 

[2] Закон Республики Узбекистан О ВНЕСЕНИИ ИЗМЕНЕНИЙ И ДОПОЛНЕНИЙ В ЗАКОН «О ГОСУДАРСТВЕННОМ ЯЗЫКЕ РЕСПУБЛИКИ УЗБЕКИСТАН».

[3] Ведомости Олий Мажлиса Республики Узбекистан, 1995 г., № 12, ст. 257; Собрание законодательства Республики Узбекистан, 2004 г., № 51, ст. 514; 2010 г., № 37, ст. 313; 2011 г., № 41, ст. 449)17 февраля 1995 г. в Ташкент