Ұлттық дүниетанымның  тілдік бейнелену  ерекшеліктері

               

            Әдебиеттану және тіл білімі ҒЗИ

  Б.Р.Оспанова

 

 

Ұлттық дүниетанымның  тілдік, көркемдік бейнелнудегі ерекшеліктері деген мәселеге сөз қозғамас бұрын біз дүниетаным дегеніміз не? Оның тілдегі  көркем бейнеленуі деген мәселелердің басын ашып алуымыз қажет. Сөздікте: «Дүниетаным дегеніміз  - жеке адамның, әлеуметтік топтың, таптың немесе тұтас қоғам қызметінің бағытын және шындыққа деген қатынасын айқындайтын принциптердің, көзқарастардың мақсат-мұраттар мен сенімдердің жүйесі. Дүниетаным қалыптасуына саяси, адамгершілік және эстетикалық көзқарастар көп әсер етеді» деп көрсетіледі» [1]. Ал ұлттық дүниетаным – этонос пен табиғатқа, жалпы құндылықтарға, моральдық ережелерге жеке тұлғаның жалпы қатынасын білдіретін негізгі сенім, қалып, таным немесе қоғам мүшелерімен ортақ көзқарас қалыптастырып, қоршаған ортамен қатынас қалыптастырудағы негізгі өлшем. Ол - адамның дүниені ақиқатпен теориялық және тәжірибелік жағынан бірлікте тану мақсатындағы рухани-тәжірибелік әдіс. Сөздікте: «Дүниетанымда тұтас адамзат әлемінің үлгісі сияқты мәдениет категорияларының жүйесі көрініс тапқан [2].  Енді осы ұлттық дүниетанымның тілдік көркем бейнеленуіндегі ерекшеліктеріне тоқталсақ ғылыми ой-тұжырымдардың негізінде халық тілінің еншісі мәдениетпен толығатынын, ұлт мәдениеті сол этностың тілінде сақталып, болашаққа аманатталатыны сияқты астарлы ой-пікірлердің жиынтығы. Ол жөнінде В.фон Гумбольдттің: «Тіл – халық рухы, халық рухы тіл арқылы көрініс табады» деген тұжырымы – жаңа ғылыми жолдың концепциясының алғашқы қағидасы. Атап айтқанда, ғалымның пікірінше: біріншіден, мәдениеттің екі түрі – материалдық және рухани мәдениеттер  ізі халық тілінде сақталады. Екіншіден, мәдеиет – ұлт мен табиғатты  жалғастырушы күш, үшіншіден, мәдениет пен халықтық рух – тілдің ішкі формасына тән», - деп көрсетеді. [3;32]. Ал, мәдениеттің арғы-бергі тарихын сөйлетуші де, жеткізуші де тек ана тілдің құдіреті арқылы береді. Әр халықтың өзіндік тұрмыс-тіршілігі тілі арқылы бейнеленуімен, тіл арқылы басқа елге танылуынан тіл мен мәдениеттің арасында ажырамайтын байланыстың бар екендігінен көрінеді. Тіл  мәдениеттен тыс өмір сүрмейді. Ол сол халықтың дүниетанымын көркем шығарма арқылы бейнелейді. Тілдегі лексика өзі қызмет етіп отырған мәдениетті өз қалпында көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда  тілдің тарихы мен мәдениеттің тарихы егіз дамиды деуге болады.  Әр халықтың танымдық ерекшелігі тек тілінің табиғатынан танылатынын көрсетіп, дәлелдейді. Соның негізіндегі адамзаттың дүниені тану мен ойлау арасындағы тәсіл тіл мен байланысты. Ұлттық дүниетанымның тілдік бейнеленуін тіл білімінде этнолингвистика ғылымы зерттейді.

Тіл – тек мәдениетті танушы құрал ғана емес, тілдің бойында оның арқауын құрап, негізін қалайтын ұлттық рухтың ізін айқындап тұратын ұлы күш анықталады. Тіл рухының ұлы күші халықтың ой-танымында, мінез-құлқында, әлеуметтік өмірінде сақталған. Өйткені адам баласының ой-санасы, сол арқылы істеген еңбегі, мінез-құлқына сай табиғатың қалыптастыруы, өз танымына сай өмір салтын  қалыптастыруы тұтастай бір мәдениеттің дүниеге келуінің үлкен себепшісі. Осыған  байланысты этностың психологиялық жайын тілге қатысты болжаулармен дәлелдеген.

Тіл – адам өмірінің материалдық және рухани мәдениетінің сол ұрпаққа тән тума қасиеттерін жинақтаушы, сақтаушы құрал, осы арқылы болашақ ұрпаққа жеткізуші құрал. Мұны тілдің кумулятивтік қасиеті деп танимыз. Тілдің тағы бір қоғамдық қызметі - әлеуметтік өмірде адамдарды жеке тұлға ретінде, ұлт өкілі ретінде қалыптасу қызметін атқарады. Өйткені бір этностың мәдениеті екінші халыққа оның тілдік деректері арқылы бейнеленіп баяндалады. Ал тілдік деректер деп отырғанымыз – мәденитті сипаттаушы сөз символдары мен тілдік таңбалар. Осы жайт туралы мәдениеттің тілге қатысты ерекшелігін зерттеген ресейлік мәдениеттанушы Ю.М.Лотман төмендегідей пікірмен сабақтастырады: «Всякая культура, обслуживающая сферу социального общения, есть язык. Это означает, что она образует определенную систему знаков, употребляемых и соответствии с известными членами данного коллектива првилами. Знаками же мы называем любое материальное выражение (слова, рисунки, вещи и.т.д.), которое имеет значение и, таким образом может служить средством передачи смысла. Следовательно, культура имеет, во-первых, коммуникационную и, во-вторых, символическую  природу»[4;6]. Ендеше жоғарыда аталғандай мәдениет ұлттық менталитеттің құндылықтарының түп негізі тілдің қасиетінде көрініс табады. Тілдің құдыретімен бейнеленіп, шынайылықты танытады. Осы тұрғыда әр халық тілінде өзі жасаған және табиғат дарытқан ұлттық мәдениеттің ізі бар деуге болады. Сонымен қатар ұлттық болмыстың тілдегі көрінісін, тіл фактілері мен халықтың танымдық, этика-эстетикалық категориялары арқылы рухани мәдениетін танытып, олардың қызметі мен орнын анықтау деп түйіндей аламыз.

Ғалым  Е.Жанпейісов «Этнокультурная лексика казахского языка» еңбегінде  М.Әуезовтың  «Абай жолы» эпопеясындағы этнографизмдерді тілдік әрі халықтық болмыс тұрғысынан зерттеуі  қазақ халқының мәдениетін  тілдік деректер арқылы бейнелеуге қосқан зор үлес деп білеміз. Көне сөздердің табиғатын танытқан ғалым  Р.Сыздықова  өзінің «Сөздер сөйлейді» тағы басқа еңбектерінде бүгінде жұртшылыққа таныс емес, бірақ ана тіліміздің қазынасында сақталған бірқатар сөздер мен сөз тіркестерінің  тарихи-тілдік мағынасын ашқан. Ол жөнінде ғалымның мынандай пікірін келтіргендіжөн көрдік: «қазақтың ауыз әдебиеті мен өткен ғасырда өмір сүрген ақын-жырауларының тілінде, жырларды ескі тұрмыс-салтқа байланысты бұл күнде ұмыт бола бастаған немесе мүлде ұмытылған, я болмаса мағынасы өзгерген сөздер мен сөз тіркестерінің кездесуі табиғи құбылыс» деп көрсетеді [5;5]. Осы аталған авторлар еңбектерінде сөз етілген ұлттық тіл деректерін ұлттық дүниетанымды тіл арқылы бейнелегенін көруге болады.

Ғалымдар тілдік этнодеректерді көбінесе байырғы халық тілі мен жергілікті халық тілінен негіздеуді дәстүрге айналдырған. Бұған дәлел болатын ана тілімізде  сирек  қолданыстағы, кейбір диалектілік ерекшеліктерде кездесетін мына  бір этнографизмдерге тоқталсақ. Бүгінде ұмытылған атаудың бірі – боқша. Боқша – қолдан тігілген қалта, сумка (ҚТТС,  2-т, 341). Бұл атау этнографизм ретінде тілімізде танылғанымен, Қазақстанның  шығыс аймағындағы Семей өңірінде (Абай, Ақсуат, Көкпекті) сумка, портфель мағынасында, Жамбыл облысының (Мерке, Шу) жерлерінде қыздардың қуыршақ салып қоятын ыдысы мағынасында жұмсалған екен. Боқшаның көне атау екенін  «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырынан былайша кездестіреміз:

                                                 Сол екі байдың ауылы көшкен екен,

                                                 Бір перзент көкейін кескен екен.

                                                 Қатынымыз қыз тапса екеуі де,

                              Қол боқшасы бір болсын дескен екен.

Кез-келген тілдік құбылыстың табиғатын оның тек тілдік заңдылықтарына ғана сүйеніп емес, сонымен қатар халықтың дүниетанымына, салт-дәстүріне, ұлттық болмысына да қатысты қарастыру қажет. Тіл арқылы халықтың тағылымдық мұраты этностың әр дәуірдегі ұрпақ өкілдеріне мәдени әрі тілдік мұра ретінде сақталатынын және тіл мен мәдениетті табыстыратын байқауға болады.

Кейбір ғалымдардың айтуы бойынша ата мұрасы болып, Абайдың еншісіне тиген әдебиет қазынасы екі түлік болатын. Бірі – емшек сүтімен  қатар құлағына кіріп, сүйегіне сіңген ананың «әлди-әлди, ақ бөпем», атаның  «сал, сал, білек, сал білек», қойшының әні, қыздың сыңсуы, қаралы қатынның жоқтауынан бастап, адамның өмірінде болатын салт-жоралғылырдың халық әдебиетіндегі бейнеленуі. Абайдың ұлттық дүниетанымын қалыптастырғын.  Осының өзі ұлттық дүниетанымның тілдік бейне арқылы тұлғаның қалыптасуын көрсетеді.

«Орыста  қой сөзінің баламасы жоқ. Олардың овца дегені саулық, баран дегені қошқар. Орысша корова – сауын сиыр; рогатый скот – мүйізді мал; толстый дегені бірде – жуан, бірде – қалың; лошадь – жылқы; бірақ ат, байтал, айғыр емес. Ал қазақ тіліндегі ісек, тұсақ, құнан, құнажын, дөнен, дөнежін деген сөздеріміз басқаларда жоқ. Қазақ синий, голубой, зеленый деген түстердің бәрін көк дейді және ол өну, өсу деген мағынада қолданылады.

Ұлттық дүниетанымның  тілдік бейнеленуінің  ерекшеліктерін анықтауда халықтардың тұрмыс қалпы түрлі-түрлі болған соң, олардың әр затқа қоятын аттары да  түрлі-түрлі болған одан сөздік қор пайда болған. Тіліміздің бай сөздік қоры – ұлттық болмыс-бітімді танытатын тілдік этнодеректердің қазынасы.  Этностың ұлттық болмысынан туындап, санасында сараланып, тарихи жадында сақталып, тіл арқылы ғасырлар бойы қалыптасып, қорланып, рухани, мәдени мұра ретінде атадан балаға мирасты жаңғыртып, жан-жақты зерттеп, танымдық мәнін ашып, болашақ ұрпаққа ұсыну мақсатына байланысты дүниеге келген сөздік қорымыз ұлттық дүниетанымды тіл арқылы бейнелеуде ерекше орын алады. Екіншіден, қазақ, кең көлемде – түркі мәдениетінің концептілер жүйесін басқа мәдениеттер негізінде салағстыра отырып айқындап, олардың тілде көрініс тапқан тұстарына  түсінік беруді мақсат еткен. Сонымен қатар, символ мен  этномәдени белгілерде көрініс тапқан қоршаған ортаны танып-білудегі тереңде жатқан танымдық құрылымдарды айқындауды міндет етеміз. Үшіншіден, танымдық әдістемелерді қолдана отырып, салыстырмалы және салғастырмалы түрде қазақ тілінің фразеологизмдерінде танымдық тетіктердің қандай жолдармен бейнеленетінін анықтап, мәдени реңктегі фразеологиялық бірліктердің мәдени коннотациясын лингвомәдени сараптама негізінде ашу; көңіл-күйді білдіретін эмотивті мағыналас фразеологизмдердің образдық негізіне талдау, фразеологизмдердің мағынасын түсінудегі этнолингвистикалық құзіреттің рөлін айқындау мақсат етіледі.

Тіл мен мәдениет әр түрлі семиотикалық жүйеге жатқанымен, олардың өзіндік ұқсастықтары да бар. Мәдениет тіл тәрізді халықтың дүниетанымын, оның қоршаған ортаға деген қатынасын бейнелейді. Тіл мен мәдениет өте күрделі қарым-қатынаста болады. Бұл күрделілік, біріншіден, тілдің мәдениеттің құрамдас бір бөлігі болып табылатындығында болса, екіншіден,  сол тіл арқылы мәдениеттің өзіндік көрініс табатындығында және бұған қоса, тіл өз алдына дербес жүйе түзейді. Тіл мен мәдениеттің өзара байланысын дәлелдейтін тағы бір жайт – дүниетаным, дәстүр және әдет-ғұрып тілдік белгілерде көрініс таба отырып, тілдік дүние суретін құрайды. Дүниенің тілдік суреті “... белгілі бір ұлттық қауымдастықтың теңдесі жоқ ғажайып тарихи қоғамдық тәжірибесі, заттар мен құбылыстардың, процестердің, белгілі бір халықтың өмір салты мен мәдениет ерекшеліктерімен байланысты, оларға деген айырықша қатынастың ұлттық маңыздылығынан туындайтын ұлттық тілдік ерекшеліктері көрініс тапқан дүниенің айырықша бейнесін құрайды.

Сонымен қатар қазақ тілі материалдарына байланысты лингвомәдени құзірет, мәдени коннотация және тағы басқа ұғымдары айқындалады. Әйтсе де, этнолингвистиканың терминдік немесе ұғымдық аппараты біз көрсеткен немесе осы таңдағы анықталған белгілерімен ғана шектелмейтіндігін баса айтқымыз келеді. Қандай да болмасын ғылым саласының ізденіс барысыныда тереңдей беретін және келешекте теориялық жаңалықтардың болуы шарты лингвомәдениеттану ғылымына да тән.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1.     Орысша-қазақша заңдық түсіндірме сөздік-анықтамалық. - Алматы: Жеті жарғы, 2008.

2.     Биекенов К., Садырова М. Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігі. — Алматы: Сөздік-Словарь, 2007. — 344 бет.

3.     Гумбольдт В. фон Язык и философия культуры. - М.: Прогресс. 1985. - 448 с.

4.     Лотман Ю.М. Беседы о русской культуре: Быт и традиции русского дворянства (XVIII — начало XIX века). — СПБ.: Искусство — СПБ, 1994, СС. 5 — 15).

5.     Е.Жанпейісов «Этнокультурная лексика казахского языка»., – Алма-Ата: Наука, 1989.,   Сыздықова, Р. Сөздер сөйлейді  - Алматы : Санат, 1994. - 191 б.  «Сөз құдіреті»

 Алматы, 2005.