Н.Мәтбек, Әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ-дың доценті, ф.ғ.к.

 

ТҮРІКМЕН ТІЛІ: ТАРИХЫ, ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ, ӨЗІНДІК ЕРЕКШЕЛІГІ

 

Түрікмен тілі – түрікмен халқының ана тілі, Түрікменстанның мемлекеттік тілі. ХХІ ғасыр басындағы мәлімет бойынша, түрікмен тілінде 7 млн-ға жуық Түрікменстанның негізгі тұрғындары сөйлейді. Сонымен қатар түрікмендер шамамен алғанда Иранда – 650 мың, Өзбекстанда – 121 мың, Түркияда – 120 мың, Ресейде – 40 мың, Сирияда – 35 мың, Тәжікстанда – 20 мың, Қазақстанда – 4 мың т.б. бірқатар елдерде мекендейді.   

«Оғыз», «қыпшақ» атауларының қалыптасуы секілді, «түрікмен» атауының шығуы да ұлттық сипатпен емес, ру одақтарының атымен байланыстырылады. Қалыптасқан түсініктердің басым бөлігі халықтық этимологияға негізделген. Мәселен, «turk iman» – Аллаға сенуші түрік немесе «turkman» – мен түрікпін, сондай-ақ «turkmanend» (парсыша) – түрікке ұқсас деген сөздерден қалыптасуы мүмкін деген пікір кең таралған.

Түрікмен атауы ХІ ғасырдағы жағрафиялық әдебиеттерде жазылған. Орта ғасырлардағы араб тарихшылары бұл терминге «көшпенділер» деген мағына бере отырып, қыпшақтарды да «түрікмендер» деп атаған.

Түрікмен атауы Махмұд Қашғари еңбегінде де (ХІ ғ.) кездеседі. Мұнда да «оғыздар» мен «түрікмендер» аттарының бір-бірін алмастыра қолданылуы атаудың жалпы «көшпенділер» терминінің орнына пайдаланылып отырғандығын пайымдауға мүмкіндік береді.

Түрікмен тілі өзінің даму тарихында талай қиын-қыстау кезеңдерді басынан өткерді. Түркі тілдерінің ішінде әзірбайжан, ғағауыз, балқан түріктері, түрік тілдері сияқты, оңтүстік-батыс немесе оғыз бұтағына жатады. Түрікмен тілі даму барысында қыпшақ тілдерінің әсеріне ұшырағандықтан, кей тұстары қазақ тіліне ұқсас келеді.

Түрікмендердің ата-тектері ежелгі көшпелі түрік ру-тайпаларының құрамына кірді. Олар моңғолдық элементі бар еуропалық нәсілдің Жерорта теңізі антропологиялық тобына жатқызылады. Түрікмен ұлтының қалыптасуы ұзаққа созылған көшпелі және отырықшы түрлі ұлыстардың өзара сіңісуінен пайда болған. 

Түрікмен тілінде ұзақ уақыттан бері ондаған диалектінің сақталып қалуы, мұнда, негізінен, көшпелі өмір салтының үстемдік етуімен және мықты орталықтандырылған мемлекеттік басқарудың кейінгі кезге дейін болмағандығымен түсіндіріледі және бұл тілдің, шын мәнінде, лингвистикалық тұрғыдан әлі күнге дейін терең зерттелмеген зор байлық екендігін көрсетеді.

Түрікмен тілінде рулық бірлестіктер атына сай келетін 30-ға жуық тілдік топ пен диалекті кездеседі: теке (ақал және марый тілдік топтарымен), йомуд (солтүстік және оңтүстік-батыс тілдік топтарымен), ерсары, сарық, салыр, гоклен, шаудор, алили, қарадашлы, емрели, сакр, ата, баят, сурхы, хатап, мукры, арабачи, чечес, чандыр, хасар, нохур, дуечи, мурче, мехинли т.б. диалектілер бір-бірінен фонетикалық ерекшеліктері, кейбір грамматикалық категориялардың жасалу жолдары, көнерген сөздердің сақталуы, сондай-ақ кәсіби лексиканың ерекшеліктері бойынша өзгешеленеді. Түрікмен әдеби тілінің негізгі диалектісі теке диалектісінің ақал тілдік тобы болып табылады.

Халықтың мәдени өмірінде елеулі орын алатын еміле (орфография) мәселелері әрқашан қоғамның кең қызығушылығын туғызды. Әдеби тілдің жазбаша түрі қарым-қатынастың дамыған құралы болуы қажеттілігі түсінікті де. Түрікмен тілінің орфографиясы бірнеше рет арнайы талқыланды. 1930 жылғы І ғылыми конференцияда және 1936 жылғы 18-23 мамырдағы І лингвистикалық съезде, 1956 жылғы 6-9 қазандағы ІІ лингвистикалық съезде орфография күн тәртібінің негізгі мәселелерінің бірі болды.  

1938-2000 жылдар аралығында қолданыста болған түрікмен тілі орфографиясы Түрікменстанның І, ІІ лингивистикалық съездерінің шешімдерінде, 1936-1938 жылдарда Түрікмен мемлекеттік тіл және әдебиет ғылыми-зерттеу институтында түрікмен орфографиясының кейбір мәселелерін нақтылау мақсатында өткізілген арнайы мәжілістерінде негізделді. 

Қазіргі таңда түрікмен әдеби тілінің қалыптасу үдерісі қарқынды жүріп жатыр. Сонымен бірге әдеби ауызекі тілдің диалектіден басымдық сипатын байқататын, елеулі мәніне сәйкес түрікмен әдеби тілінің нормалары түсінігінің аясы кеңейе түседі.

Әдеби тілдің толығып, дамуы кәсіби және диалектілік лексиканың есебінен, атап айтқанда, жер өңдеу саласындағы терминдер бойынша – амудария диалектісі, ирригациялық терминдер бойынша – марый, жүзім шаруашылығы бойынша – ақал, балық шаруашылығы бойынша – батысйомуд диалектісі жүзеге асуда.

Түрікмен әдеби тілі байырғы түрік тілінің негізінде жалпы классификациялық түрік әдебиетінің денін қалаған шағатай тілінің әсерімен қалыптасты. Поэзия тілі көне түркімен тілінің негізі болып табылады. Түрікмен классикалық әдебиетінің негізін қалаушыларға XVIII ғасырдың танымал ақындары Махтұмқұлы, сондай-ақ Нұрмұхаммед Андалып және олардың ізбасарлары Молланепес, Сейди, Кемине, Зелими т.б. жатады.

1928 жылға дейін – араб графикасын, 1928-1940 жылдар аралығында – латын, 1940-1994 жылдарда – кириллица, 1994 жылдан бастап қайтадан латын графикасы қолданыла бастады. Латын графикасына негізделген әліпби 1927-1928 жылдары енгізілді. Латын графикалық жүйесінің соңғы нұсқасы 2000 жылы қабылданды.

Түрікмен тілінің фонетикалық ерекшелігі ретінде дауысты дыбыстардың созылыңқылығы мен ерін үндестігін, сын есімнің грамматикалық жағынан түрленбейтіндігін айтуға болады. Түрікмен әдеби тіліне тән басты ерекшелік оның негізгі бөлігінің құрамында парсы, араб лексикасынан енген сөздердің сақталып қалуы болып табылады. Түрікмен лексикасына орыс тілі және орыс тілі арқылы басқа да шетел тілдерінен енген сөздердің әсері елеулі. Сонымен бірге тілдің лексикалық қорының өсуі бәрінен бұрын ішкі мүмкіндіктердің есебінен: аффикстік сөзжасамдар, жұп сөздер мен лексикалық біріккен сөздер арқылы жүзеге асуда.

Түрікмен тілі ХІХ ғасырдан ғылыми зерттеулердің нысанына айналды.

Бұл орайда И.Н.Березиннің және Н.И.Ильминскийдің еңбектерін атап өткен орынды [1].

 ХІХ ғасырдың аяғында П. Шимкевичтің «Практические руководство для ознакомления с наречием туркмен Закаспийской области» (1899) деген еңбегі жарық көрді.

Алғашқы зерттеушілердің бірі П. Шимкевич: «Түркі тілдерінің қатарына жататын түрікмен тілі көптеген түбір сөздерді түркі тілдерінен алғанымен, оны таза түркі тіліне жатқызуға болмайды. Бір жағынан сан ғасырлар бойы ұдайы Парсы, Бұхара, Ауғанстанмен,  екінші жағынан Хиуамен және қырғыздармен қарым-қатынаста болуы сол тілдерге тән сөздер мен сөз тіркестерін ендірді де, түрікмен тілін туғызды», – [2, 1б.] деп жаза келе, тілдің ерекшелігі ретінде онымен туыстас түрік, татар, әзірбайжан тілдерінен айырмашылығы ретінде түрікмендерде сөздердің өте жұмсақ дыбысталуын, мәселен, л дыбысы француздардағы сияқты, әрқашан жіңішке айтылатындығын, бұған парсы тілінің де әсерінің бар екендігін ашып көрсетеді. Түрікмен тілінде сөз екпінінің соңғы буынға түсетіндігін құптап, ерекше мән береді. П. Шимкевичтің еңбегін түрікмен тіліне қатысты зерттеулердің алғашқы қарлығаштарының бірі ретінде атауға болады.

ХХ ғасырдың басына дейінгі түрік тілдері тарихы жылнамалық еңбектерінде түрікмен тілі фонетикасы, грамматикасы мен диалектологиясына қатысты бірде-бір арнайы зерттеу жарыққа шықпаған. Түрікпен тілінің лингвистикасына қатысты жарыққа шыққан зерттеулер, негізінен, түрікмен тілін үйретудің практикалық мәселелеріне немесе кездейсоқ жазбалар мен кейбір әдеби ескерткіштерді зерттеуге, сондай-ақ басқа да түркі тілдерінің зерттелуіне қатысты қысқаша еңбектерге арналды.

Еуропалық мектептің аясында дамыған түрікмен тіл білімінің бастауына А.П. Поцелуевскийдің еңбектерін атауға болады. Ол тұңғыш рет түрікмен фонетикасын жүйелі түрде мазмұндады және түрікмен диалектілерін жинақтап талдады [3].  А.П. Поцелуевский 50-жылдардың өзінде-ақ түркімен тіл білімінің дамуын айқындаған ұлттық кадрларды дайындауда маңызды рөл атқарды. 

Түрікмен тілі мен әдебиеті бойынша жарыққа шыққан түрік тілін зерттеуші танымал ғалым, академик А.А. Самойловичтің еңбектері мен кавказ түрікмендерінің өмірі мен мәдениетін зерттеген А. Володиннің ізденістерін айрықша атап өту орынды.

Түрікмен тілінің жоспарлы түрде зерттелуіне кеңестік мемлекеттің қалыптасуы, Түрікмен Кеңестік Социалистік Республикасының аумағында түрікмен тілінің мемлекеттік мәртебе алып, әдеби тіл дамуының өзгеше қалыпқа түсуі, жазба тілде алғашқыда – латын, кейіннен – орыс, соңынан қайтадан латын әріптерінің қолданылуы үлкен әсерін тигізді.

Қоғамдық қызмет ауқымының кеңеюі түрікмен әдеби тілін зерттеудің бірнеше бағытта дамуына ықпал етті. Олардың бастыларына түрікмен тілі тарихы мен диалектологиясының жалпы мәселелері, фонетика және грамматика, түрікмен әдеби тілінің нормаларын, оның ішінде әліпбиін игеру, орфографиясы мен терминологиясын қалыптастыру, сондай-ақ түрікмен тілін мектептерде оқыту әдістемеліктері, түрікмен және орыс тілдеріндегі оқу құралдары мен көмекші құралдарды жарыққа шығару және қолданудың тиімді әдістерін игеру жатады.

Бұл бағыттағы елеулі еңбектерге түрікмен халқының ерекшеліктері тілі мен әдебиетіне шолу жасалынып, 1929 жылы КСРО Ғылым академиясының «Түркмения» жинағы мен «Түрікментану» журналында басылып шыққан академик А.Крымскийдің танымал зерттеулері, сондай-ақ орыс, Батыс Еуропа, ал кейіннен Түрікмен КСР-і Ғылым академиясы, Түркімен мемлекеттік университеті мен басқа да мерзімдік баспа беттері мен ғылыми жарияланымдарда әр кездерде жарыққа шыққан библиографиялық шолуларды жатқызуға болады.

Алыс шетелдерде шыққан басылымдардан түрікмен тілі библиографиялық шолу әдебиеттер арасында И.Бенцинг, Р.Ловентальдің еңбектері елеулі орын алады.

Түрікмен тілінің зерттелу бағыттары, деңгейі жөніндегі мәліметтер мен библиографиялық ақпараттар КСРО-да 1918-1957 жылдар аралығында жарыққа шыққан КСРО халықтарының кенжелеген жазба тілдері жинағы мен ЮНЕСКО және басқа да ұйымдар арқылы жарияланған «Халықаралық кітаптарда» көрсетілген. Тіл дамуы тарихына қатысты жалпы библиографиялық шолулар арасында, түрікмен тілі мен оның диалектілерін ғылыми негізде зерттеудің іргетасын қалап, түрікмен тілін тану ғылымының барлық салаларына зор еңбек сіңірген А.П.Поцелуевскийдің кейбір мақалаларының маңызы өте үлкен.

Түрікмен әдеби тілінің даму тарихы, библиографиясы мен жалпы зерттелуіне қатысты еңбектердің барлығы түрікмен тілін зерттеу ғылымының түрлі кезеңдердегі нәтижелері болып табылады. Дегенмен бұл жұмыстар, негізінен, жалпылай сипатты қамтып, түрікмен тілі ғылымының тарихы, диалектологиясы, фонетикасы мен грамматикасы, лексикологиясы мен лексикографиясы, әдеби тілдің нормалық қалыпқа түсірілуі және оқулық, әдістемелік әдебиеттердің жетілдірілу деңгейі нақты ғылыми мәліметтер бермейді.

Түрікмен тіл ғылымын зерттеушілерінің түрікмен тілі диалектілері бойынша мәліметтер жинау мен оларды талдаудағы қол жеткізген елеулі табыстарды атап өткен жөн. Барлық негізгі диалектілер бойынша, қысқаша түйіндемелер (рефераттар) берілген, арнайы монографиялар жарық көрген немесе қолжазбалар дайындалған.

Түрікмен тілінің чаудор диалектісін алғаш зерттеген Х. Машаков бұл бағыттағы еңбектердің бастаушысы болса, түрікмен тілінің  алили диалектісі бойынша Н. Дұрдымұратов диссертациялық жұмысты 1950 жылы қорғап шыққан.

Йомуд және гоклен диалектілерін зерттеген Ж.Амансарыев, К.Шамұрадов, Ғ.Құлмановтар бірнеше монография, мақала мен кандидаттық жұмысты жарыққа шығарды. М. Атаджанов аз зерттелген салыр диалектісі бойынша бірнеше еңбек, оның ішінде салыр диалектісінің морфологиясы мен лексикасын жан-жақты сипаттауға арналған монографияны жарыққа шығарды.

«Түрікмен тілінің нохур диалектісі» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған Х.Мухиев осы диалектінің фонетикасы, морфологиясы мен лексикасы бойынша қызықты зерттеулерін жариялады және Е.Н.Ершовамен бірге көп жылдық еңбектерінің нәтижелерін ғылыми-танымдық айналымға түсірді.

Сарық диалектісі бойынша 1959 жылы жарыққа шыққан Н.Нартыевтің монографиясы да ұнамды әсер қалдырады.

Марый ауданы халықтарының теке диалектісі жөнінде Н.Ф.Лебедевтің жазып алуы бойынша З.Б.Мұхамедова жарыққа шығарған халық ертегілерінің мәтіндерінде де бағалы мәліметтер келтірілген. Осы еңбекке жан-жақты талдау жасаған Н.К.Дмитриев, қазіргі түрікмен әдеби тілінің негізін қалаған, теке диалектісінің фонетикалық ерекшеліктеріне кеңінен сипаттама бере отырып, басқа да диалектілер мен тілдік топтар (говор) әсерінен аталған диалекті мен әдеби тіл арасында айтарлықтай өзгешелік қалыптасып үлгергендігін дәлелдеп берді.

Түрікмен Республикасы ҒА Тіл білімі институтының ғалымдар ұжымы (А.Аннанұров, Р.Бердиев, Н.Дурдыев, К.Шамұрадов) ерсары диалектісі бойынша ғылыми-зерттеулер жүргізіп, түбірлі еңбектің басым бөлігін жарыққа шығарды.

Түрік тілінің зерттеушілері мен диалектологтер Түрікменстан аумағынан тыс жерлердегі түрікмен диалектілеріне қатысты да кейбір мәліметтерді жарыққа шығарды.

ТМД көлеміндегі түрікмендердің үлкен топтары (чаудор) Солтүстік Кавказда орналасқан. Бұл топтардың этнографиялық және тілдік ерекшеліктерін ХХ ғасырдың басында А.Володин, С.Ф.Фарфоровский, И.Л.Щеглов және А.Н.Самойлович зерттеді. Осыдан кейінгі  кезеңдегі солтүстік кавказ түрікмендерінің тілдік ерекшеліктері туралы зерттеулер нәтижесі бойынша Н.А.Баскаковтың, ал одан кейінірек, түрікмен диалектологі С.Курновтің еңбектері жарыққа шықты.                         

        Түрікменстаннан тыс жерде өмір сүретін түрікмендердің келесі бір үлкен тобына Қарақалпақстан шекарасында орналасқан ата тайпасын жатқызуға болады. Бұл тілдік топтың диалектісінің ерекшеліктері бойынша егжей-тегжейлі мәліметтер беретін іргелі еңбекті С.Аразкулиев жарыққа шығарды.

        Түрікмендердің түрлі көлемдегі топтары Иранда, Түркия мен Ауғанстанда өмір сүреді. Олардың тілдік ерекшеліктері мен диалектісі туралы мәліметтер жоққа тән.

       Сонымен, түрікмен тілі әдебиетінде диалектілік зерттеулер елеулі орын алады. Дегенмен түрікмен тілі диалектілерінің классификациясында әлі ерекшеліктері есепке алынбаған тілдік топтар жеткілікті.

Сонымен бірге Ауғанстан, Иран, Кіші Азия, Сирия және басқа елдерде өмір сүретін шетелдегі түрікмендердің диалектілері, негізінен, әлі күнге зерттелмеген күйде қалып отыр.  

          Қорыта айтқанда, түрікмен диалектілерін зерттеу саласындағы кейбір жетістіктерге қарамастан, түрікмен тілінің диалектілік жүйесін толықтай сипаттауға мүмкіндік беретін мәліметтерді кеңінен жинақтау мәселесінің әлі күнге дейін шешімін таппай отырғандығы жасырын емес.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1. Березин И.Н. Извлечение из годичного отчета путешествующего по Востоку магистра Казанского университета И.Н. Березина. – ЖМНП. 1845, ч. ХLV. oтд. ІV; Ильминский Н.И. Über der Sprache der Turkmenen. Оренбург, 1859.

2. Шимкевичь П. Практическое руководство для ознакомления с наречием туркмен Закаспийской области. – Ашхабад: Типография К.М.Федорова, 1899. – 168 с.

3. А.П. Поцелуевский. Фонетика туркменского языка. – Ашхабад, 1936; А.П. Поцелуевский. Диалекты туркменского языка. – Ашхабад, 1936.