Филологические науки / Родной язык и литература

 

Ишанов Пірмағамбет зулпхарұлы

Е.А.Бөкетов атындағы қарму-ң ассоциативті профессоры

ШАКИРОВА ҚАТИРА МИРАМҚЫЗЫ

Е.А.Бөкетов атындағы қарму-ң магистры

 

Оқушыларды тәрбиелеу барысында КӨРКЕМ ШЫҒАРМАнЫҢ АЛАТЫН ОРНЫ

                       

       Баланы тәрбиелеу ісіне қажетті барлық мүмкіндіктер ауыз әдебиеті үлгілерінен табылады. Сол арқылы бала халықтық шығармаларды оқып-танысу барысында адамгершілік асыл қасиеттердің адамды арман-мұратына жеткізетініне, ал жаман қылық, жат әрекеттердің зияны тиіп, жаманшылыққа ұшырататынына көз жеткізеді.

Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында: "Білім беру жүйесінің басты міндеті- ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау,"- дей отырып, басым міндеттерінің бірі ретінде "жеке адамның шығармашылық, рухани және дене мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, жеке басының дамуы үшін жағдай жасау арқылы интеллектін байыту,"- деп көрсеткен [1].

Ата-бабамыздың ұрпағына мұра еткен бар асылының қаншама ғасырлар бойы өшпей, жалғасып келе жатқаны - тіл құдіреті мен танымының тереңдігінің көрінісі. Адам баласының өз тіршілігінде көрген-білгенінен, тоқып-түйгенін ойлап-толғап, қорытып, келешек ұрпағына мирас етіп қалдыратыны - табиғи заңдылық. Мұндай дүниелер әр түрлі жолдармен де

берілетіні белгілі. Соның бірі - ата-бабамыздан қалған мәдени мұра -халықтың ауыз әдебиеті. Әрбір халықтың ұрпағы өзінің ауыз әдебиетінің мәнділігі мен маңыздылығынан, ойшылдығы мен қиялшылдығынан, тапқырлығы мен шешендігінен, әсемдігі мен алғырлығынан, тәлім-тәрбиесі мен үлгі-өнегесінен нәр алады. Халықтық шығармалар - заман талабына сай жаңарып, толығып отыратын бірден-бір жасампаз мұра.

       Сан ғасырлар бойы ауыз әдебиетіндегі  ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келген халықтық тәрбиенің өнеге-үлгілері осы уақытқа дейін өзінің педагогикалық мүмкіндіктерінің мәні зор екендігін дәлелдеп келеді.  Өйткені "Қазақстан Республикасында гуманитарлық білім беру тұжырымдамасында": "Бастауыш мектептің өзінде баланың барлық танымдық және психологиялық мүмкіндіктерін жетілдіріп, адамның күнбе-күнгі өмірінде білім алудың қандай келешегі болатынына оның көзін жеткізу қажет. Бұл кезеңде гуманитарлық-эстетикалық бағыттағы пәндерді кеңінен енгізу керек, өйткені осы жастағы балалар әсершіл, әрі ұғымтал келеді. Бала бастауыш мектепті бітірген кезде төңірегіндегі оқиғалар жайындағы әсерін қисынды да жүйелі түрде баяндап, жанындағы адамдармен ешбір қиындықсыз, белсене қарым-қатынас жарауды үйренуге, алған білімін түйсініп, өмірде қолдана білуді талап ететін міндеттерді шешу дағдыларын толық игеруге тиіс", - деген талаптар қойылған [2].

Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі – жас ұрпаққа адамгершілік – рухани тәрбие беру.

Әдебиет ұлтымыздың рухани өмірінің айнасы десек, оны танытатын шынайы талант қаламынан туған кесек туындылар.

Қай халық болсын өзгелерден дараланып тұратын ерекшеліктерінің бірі – тәрбие. Тәрбие – мәңгілік. Бұл ерекшелік ғасырдан – ғасырға, ұрпақтан – ұрпаққа жалғасып отырады.

Адамгершілік, оның ішіндегі рухани адамгершілікті оқушылар бойына сіңіру қаншалықты маңызды екендігі жөнінде ғалымдарымыз өз зерттеулерінде айтып, ол туралы құнды пікірлерін білдіреді.

Оқушы бойына құндылықтарды қалыптастыру және дамытудың мәні мен маңызына көңіл бөлмей өткен жазушы кемде – кем. Жазушының адамды бақытқа жеткізетін даналық жол қайырымдылық, әділдік, имандылық, мейірім, жомарттық – адамгершілік екендігін әр жақты дәлелдеді.

Қазіргі қазақ әдебиетінің қай жанрын алсаңыз да, өз дәстүрі қалыптасып, саналық жағынан өсу үстінде екеніне көз жеткіземіз. Мұны ұлттық сана сезім оянуының да көркемдік көрінісі деп қараған жөн. Соның ішінде халық өмірін, уақыт тынысын, қоғам шындығын талдап, жинақтап, қорытындылап көрсетуде жазушылардың алатын орны ерекше.

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, белгілі драматург, ақын Қапан Сатыбалдин проза саласына да біраз үлес қосқан. Оқушы қауымға жазушы бірнеше повестер мен әңгімелері, деректі шығармалары арқылы таныс.

Жазушының оқырман көңілінен шыққан дүниелерінің бірі – «Қараторғай» повесі.

Қапан Сатыбалдиннің «Қараторғай» жинағының аннотациясында былай делінген:

«Жазушы Қапан Сатыбалдин жұртшылыққа бұрын ақын, драматург ретінде белгілі еді. Автор бұл жолы оқушы қауымға өзінің бірнеше прозалық еңбектерін ұсынып отыр. Мұндағы «Қараторғай» повесіне талант иесінің тағдыры, ал, «Сырдария тасыған шақта» Ұлы Отан соғысы кезіндегі ауыл өмірі арқау болған.

«Айналайын, Үндістан» мен «Қарсы алдымда қара құдай» атты әрі эссе, әрі лирикалық күнделіктер жазушының шетел өмірінен алынған әсеріне толы. Сонымен бірге бұл жинақта әр түрлі тақырыпқа жазылған оннан астам әңгіме бар.

Кітаптың тілі тартымды, оқиғасы қызық» [3].

Қаламгердің қай шығармасы да оның шеберлік деңгейіне айғақ. «Қараторғай» жинағы Қапан Сатыбалдиннің «Қараторғай» повесімен басталған. Шығарманың баяндау тілі, автордың портрет жасау, кейіптеу шеберлігі оқушыны бірте-бірте өзіне тартады. Ел өмірінің белгілі бір кезеңі – кеңестік заманның кемелденген тұсындағы шопандар өмірі шынайы суретке толы.

Табиғат, тау арасының жанға жылы көріністерімен басталған шығарма адам мінездерін жеткізудегі жазушы мүмкіндігін көрсетіп жатқан баяндау-суреттеулермен үйлесімді сабақтасады. Оқушы композитор жігіт Досай, оның мінез-құлқы, жайлауға ат арытып келген мақсаты – әнші қыз Айгүлдің шопандар отбасындағы өмір көріністері, Тойбазар атты қойшы жігіттің ой-пиғылы, Нұралы қарттың қам-мұңы сияқты мәселелердің мән-жайымен ә- дегеннен-ақ біршама хабардар болып қалады.

Қарапайым сюжетке құрылған повесть оқиғасы шебер де көркем жасалған бейнелермен, таныс мінездермен оқырман жүрегін баурап алады. Шағын повестің өн бойынан адамға деген махаббат, мейірім шуағы есіп тұратындай.

Елден жырақ тау ішінде атасымен (әкесі) бірге қой бағатын Айгүлді Алматыдан жас композитор Досай іздеп келеді. Мақсаты Айгүлден халық әндерін жазып алу, қағазға түсіру. Айгүлге ән айтқызу кезінде Досай қыз бойынан ерекше талантты байқайды.

Иен тауда Айгүл мен атасы Нұрайдан басқа тағы бір отбасы бар. Ол қойшы Тойбазар мен шешесі. Үлкен шаһардан келген құрметті қонаққа жайған дастархан басына Тойбазар де келеді. Қаладан келген жас композитор Досай мәдениеттілігімен, кішіпейілділігімен көзге түссе, Тойбазар қонақпен танысқан кезде-ақ дөрекілігімен, ожарлығымен ерекшеленеді.

Шағын дастархан басындағы отырыста әр кейіпкер өздерінің таным – түсінігі, көзқарасы, іс - әрекеті арқылы айқындала түседі. Айгүлді сыртынан иемденіп жүретін Тойбазар Досайға оғаш қылықтар көрсетіп, артық сөздер айтады. Досай керісінше ұстамдылық көрсетіп, сабырлық танытады.

Кешкі дастарханнан кейін демалуға жатқан төрт кейіпкердің ойлары арқылы жазушы олардың ішкі жан дүниесінен хабар берді.

Айгүлдің әндерін хатқа түсіру барысында бойжеткеннің талантын байқаған Досай оның және атасы Нұрай ақсақалдың болашағына алаңдайды. Қараңыз, «Төсегін сыртқа, үйдің қасына салдырған Досай айсыз ашық аспандағы жұлдыздарға қарап жатты да қойды. Оны ұйқы – тұйқы ой басты. Екі сайда екі үй. Бірінде өлмелі шал мен өрімдей қыз, екіншісінде өлмелі кемпір мен өркөкірек жігіт. Екі үйдің өмірі бірінен – бірін айырып алғысыз. Бірақ тағдырлары жер мен көктей. Кемпірдің босағасы бар, шалдың жағдайы қиын. Жар жұрттыққа жаралған қызы ертең біреуге тұрмысқа шықса, Нұрай қарттың өз ошағын өзі өшіріп, өзге босағада күн кешетіні хақ...» үзіндіде тағдыр талқысына түскен қарапайым жандардың болашағына бей – жай қарай алмайтын кеңпейіл адамның жан дүниесі ашыла түскен.

Бұл түнде Айгүлде де ұйқы жоқ. Қиялы ұшқыр, әнші болуды армандайтын Айгүл өмірден өткен анасын, өзінің бүгінгі отбасы, ошақ қасы тірлігін ойлап мұңаяды.

Төрдің алдында жатқан Нұрай ақсақал  бүгін күндегі құс ұйқысынан да айрылып қалды. Жасы сексенге келген қария жалғыз қызының тағдырын ойлап мазаланады. Олай – бұлай болып кетсе, Айгүлдің күні не болмақ? Шешесі құдалықты құлаққағыс қылып жүрген Тойбазардың түрі анау. Қит етсе жұдырығын ала жүгіретін ноқайдың бірі. Оған барған Айгүл не оңады.

Қонақтан кештетіп келген Тойбазардың ойлары арқылы жазушы оның мінез – қырларын аша түседі. Өткен – кеткен іс-әрекеттерін  еске алу барысында Тойбазардың тоғышар, тар пиғылды жан екеніне қаныға түсеміз. Мысалы, Айгүлді көзден таса қылмауды ойлаған ол ауданда өткен әуескейлер байқауында жюрилердің аузын алып, оны облысқа жіберткізбей қояды. Өнер үшін ел аралап келген жас композитор Досай туралы ойлары да өрескел, шолақ. Әсіресе, оның танысқан күні-ақ Досай мен Айгүлді төсегін қатар салып жатқан шығар деп аңдуға кетуі оқушының жиркеніш сезімін оятады. Кейін Досай Алматыдан республикалық байқауға шақырған телеграмма жібергенде де, аудандағы хатшы әйелмен де тіл табысып, телеграмманың көзін жояды.

Онымен қоймай, Досайдың сырттан өсектеп Айгүлді арандатуға тырысады. Таудағы екі кейіпкердің арасындағы осы көріністі жазушы төмендегідей көркем диалогтар арқылы түзген:

 - Әлгі артісіңнен хабар – ошар бар ма, қырсық қыз, - деді ол жер ошақ басында шәй қайнатып отырған Айгүлге қылжақбастанып ыржыңдап.

 - Оны қайтесің? Соның айы саған өтті ме? – деді Айгүл жақтырмай қабақ шытып.

 - Жай сұраймын да. Білуге болмай ма?

 - Болмайды.

 - Қойдық ендеше. Бірақ та қашан айттың деме. Қырсық қыз, оның осы хабар бермегені бермеген. Ол сені алдап кетті.

 - Оны қайдан біліп қойдың, сайтаның сыбырлап кетті ме?

 - Білдім сол. Көріпкелім бар.

Бір сөзбен айтқанда жындымын десейші. Аулақ жүр онда. Жындымен жынды болар жайым жоқ.

Сөзден ұсталған Тойбазар қызарақтап қызға тап береді.

 - Тілін қарашы, тілің кесілгірдің» [ 3,21]

Ішкі ойлары қандай пасық, жиіркенішті болса, Тойбазардың сыртқы пішіні де сондай көріксіз. Тамақ үстінде тәбетімен Досайды таң қалдырған ол жас болса да өте толық, баржиған семіз. Тау – таста еліктей секіретін Айгүлді ойнап қуғанда қара терге түсіп, қорбаңдап алқынып жете алмайды. Осы көріністе де ерке қыздың сүйкімділігі мен қорбандаған аю секілді Тойбазардың ебедейсіздігі күлкі шақырады.

Бір жағдайда оқиға желісі Алматыдан жалғасын тапқан. Айгүл мұнда көркемөнерпаздар байқауына қатысуға келді. Қаламгер Қапан Сатыбалдиннің шығармада толып жатқан тіршілік көріністерін сәтін тауып шебер қиюластырып, кіріктіріп отыру дағдысы бірден көзге ұрады. Конферансье Сазанбайдың сырт суреті аппаратпен басып алғандай көзде, көкейде қалып қояды. Адың-күдің, болып-толып жүрген іс адамының тұлғасын жазушы бір ғана теңеумен тауысып ашып тастайды.

«Ол осылай дегенде залдың әр жерінен шиқылдаған сұйық күлкі шықты. Бірақ, онымен Сазанбайдың жұмысы болған жоқ, өзіне өзі мәз ол суырша томпаңдап сахнадан тайып тұрды» [3, 33 б.].

Адамгершілігі мол, парасатты Досайдың бейнесі Алматы қаласында өтетін сюжет барысында жағымды қасиеттермен толыға түседі. Нұрай ақсақалға берген уәдесінде тұрып, Айгүлге қамқор болады.

«Қараторғай» повесінде жазушы жас қыздың қиыны да, қызығы да мол өнер жолына қадам басуын шынайы бейнелейді.

Жазушы қаламы өмірдің әрбір сәтін қамтып отырып, жедел, жүрдек баяндаулармен бірталай мәселені қозғайды, көрсетеді. Кезінде әдеби шығармаларға өмірдің қиындығымен күрес, онан жеңіп шығу, бірыңғай не жағымды, не жағымсыз кейіпкерлер көрсету сияқты міндетті талаптар қойылған тұстар болғаны белгілі.

Қаламгер Қапан Сатыбалдин уақыт талабының қалпында көркемдік сапасы көтеріңкі туындылар жазғанына «Қараторғай» повесі арқылы да көзіміз жете түседі. Жас қыздың балаң, албырт қалпы, түрлі ортаға бейімделу, қалыптасу жолы белгілібір деңгейде шынайы ашылған.

 

 

Пайдаланған әдебиет:

 

1.  Қазақстан Республикасының Білім берутуралы Заңы. Астана- 2007.

           2. Қазақстан Республикасында гуманитарлық білім беру тұжырымдамасы.-Алматы: 1994.-40 6.

  3. Сатыбалдин Қ. Таңдамалы шығармалар / Құраст. Е. Домбаев,
К. Ахметова. – Алматы: Жазушы, 1974. – Т.3.: Повестер мен әңгімелер. – 308 б.