ӘОЖ 376

Жалаушинова Л.М. «Дефектология магистрі»

Психикалық дамуы тежелген оқушылардың  сөздік қорын дамытуда халық ауыз әдебиетінің үлгілерін қолдану

 

Психикалық дамуы тежелген оқушылар проблемасын - жан - жақты зерттеу 1960 жылдардан басталады: осы жылдары енгізілген міндетті орта білім беру жүйесіндегі өзгерістер, жалпы білім беретін мектептердің бағдарламаларының  күрделенуі көптеген балалардың сабақ үлгерімін төмендетті. Тіптен, кейбіреулері бағдарламаны игере  алмады, білім сапасы  төмендей бастады. Осы кезеңде шет елдерде де оқу  үлгерімінің сапасы, білім деңгейін көтеру бағытында  ғылыми зерттеулер қалыптаса бастады. АҚШ, Англия, Германия сияқты дамыған мемелекеттерде сабақ үлгерімі төмен, оқуға  ынтасы аз балаларды  ғылыми психологиялық, педагогикалық тәсілдермен зерттеу  арқылы "оқуға қабілеті төмен", "оқытуда қиындықтар кездесетін", "педагогикалық дұрыс тәрбие алмаған", "тәртібі бұзылған", "бейімделмеген", "миында болмашы зақымданулары бар " балалар  деген  топтар айқындала бастады. Мектеп жасындағы  бұл балалардың  бәріне тән  кемістік - үлгермеушілік. Ал оның басты себебі: бастауыш  сыныптарда  анық  байқалатын психикалық әрекеттердің   кейбір  түрлерінің тежелуі немесе уақытша  қалыптаспауы. Бұл ауытқу көбінесе 5-6 жастан 11-12 жас аралығында кездеседі. Оларды кемақылдылықтың  жеңіл түрлері   кездесетін  балалардан ажырату  үшін, Сухарева Г.Е. " Психикалық дамуы тежелген балалар  ( ПДТБ)", немесе біздің елдегі дефектология саласында қалыптасқан  "дети с задержанным темпом психического развития  ( ЗПР)" деген терминді енгізді. Бұл термин осы уақытқа дейін  қолданылады. Бұл балалардың интеллектуалды  дамуының зақымдану дәрежесі - олигофрения мен интеллектісі қалыпты дамыған  балалардың арасындағы аралық орын алады (яғни, интеллектісі  кемақылдылықтан жоғары, ал қалыпты дамыған интеллектіден  көп төмен). Психикалық дамудың тежелу мәселесі - дүниежүзілік психологтар мен педагогтардың бірден-бір көкейтесті проблемаларының бірі болып табылады.

Психикалық дамуы тежелген оқушылардың сөздік қорын дамыту кезіндегі логопедиялық сабақтарда  халық ауыз әдебиетінің үлгілерін қолданса, олардың сөйлеу тілін дамытуда және жеке дамуына ілгері  әсерін тигізеді. Стандартты оқыту бағдарламасына сәйкес келетін негізгі лексикалық тақырыптар бойынша халық ауыз әдебиеті үлгілерін сұрыптап орын –орнымен қолдана алсақ, басқа тілден аударып немесе материал жоқ деген себептерге соқтықпай сабағымызды нәтижелі өткізуге болады.

 Психикалық дамуы тежелген оқушылардың таным процестерінің, жас ерекшеліктерін, сөйлеу деңгейін ескере отырып, халық ауыз әдебиетінің ішінен: мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, жұмбақтар, ертегілер, аңыз-әңгімелер, шешендік сөздер қолдануға болады.

Психикалық дамуы тежелген оқушыларға халық ауыз әдебиетінің үлгілерін қолдануда төмендегідей негізгі жағдайлар ескерілуі қажет:

- аталған халық ауыз әдебиетінің үлгілерін қолдану барысында оқушылардың жас ерекшеліктері ескерілуі қажет;

-  кемістік түрі мен деңгейі назарға алынуы тиіс;

-  балалардың қызығушылықтары да назарда болуы керек;

Психикалық дамуы тежелген оқушылардың сөздік қорын  дамытуда -  халық  ауыз  әдебеті  үлгілерінің ішіндегі   ертегілер  ең негізгісі болып  табылады. Халықтық  шығармалардың  ішінде  ертегілердің  балаларға  тигізетін   әсері  ұшан  теңіз екені еш күмән туғызбайды. 

Ертегілер - халық  өмірін  бейнелейтін көркем  шығармалар.  Ертегінің  бай  фантастикасы  психикалық дамуы тежелген оқушылардың  ойына  қозғау  салып,  өмірдің неше  алуан  сырларын  танытады,  сана - сезімі  мен  ақыл-ой қызметінің  дамуына,  ерте  қалыптасуына, соның негізінде сөйлеу тілінің дамуына көмектеседі.  Ертегіні  психикалық дамуы тежелген оқушылардың сүйсіне  тындайды, себебі  ғасырлар  бойы  ұрпақтан-ұрпаққа айтылып,  әбден  екшеліп,  халықтың  даналы, тапқырлық  ой-пікірлері  жинақталып, көркем әрі жеңіл  тілмен   берілетіндігінде.  Ертегі  оқиғасы  басталатын  жерден-ақ қызықты,  ұшқыр қиялды  болып  келеді  де,  психикалық дамуы тежелген оқушыларды  бірден  қызықтырып, еліктіріп әкетеді.

Халық  ертегілерінің ішінде  ең көп  тарағаны - хайуанаттар  жайындағы  ертегілер.  Ондай  ертегі кейіпкерлерінің  өмір  сүру  жолындағы,  қарым-қатынастар  жасаудағы  айла-тәсілдері  психикалық дамуы тежелген оқушыларға  ой  салады. Бұл  ертегілер психикалық дамуы тежелген оқушылардың санасын  оятып,  мақсат-мұрасына  жетуге  үйретеді.  Ертегі жөнінде  Мұхтар  Әуезов: « Ертегілер  жас  баланың  ой –санасын  оятып,  қиялының  шарықтап  өсуіне  әсер  етеді»,-деп көрсеткен. Хайуанаттар жайындағы  ертегілердің  бәрін  алып қарасақ  та,  баланың  ұғымына  сай,  түсінуіне  жеңіл,  күлкілі,  қызықты  болып  айтылады. Ертегілерде  балаларға  ой  салатын  екі  сипат  бар.  Олар: Ертегінің  барлық  кейіпкерлерінің  мінез  өзгешеліктерін,  сырт  көріністерін,  күн  көрісін  байқайды.  Есту,  тыңдау  арқылы  олар  енді  тікелей  білуге,  зерттеуге  құштарланады.  Екіншіден,  хайуанаттар  жайындағы  ертегілер  арқылы  оны  мысал  ете  отырып, адамдар  арасындағы  қарым-қатынасты,  олардың  мінез-құлқын  салыстыра  отырып,  байқайды.  Ондай ертегілердің  қатарына « Түлкі  мен  қоян», «Түлкі мен  бөдене», «Күшік  пен  мысық» «түлкі  мен  тауық», т.б  жатады.  Ертегі  кейіпкерлері  арқылы  балалар  қиын  қыстау  кезінде  асып-сасуға,  не  нәрсені   болса  да,  ақылға  салып  шешуге  үйренеді.  Ертегі  баланы  парасаттылық  пен  тапқырлыққа  баулиды.   Мұнда  балаларға  үлгі,  өнеге  боларлық  терең  ойлар  айтылады.  Ертегі  оқйғасындағы  әр  алуан  кейіпкерлердің  іс-әрекеттері,  ол  кейіпкерлердің  тапқырлық іскерлік,  айлакерлік  іс-әрекеттері:  аңқаулық  мінездер  балалардың  таң-тамаша  қалдырып,  сүйсіндіреді.  Ертегілердің  осындай  ерекшеліктері  балалардың  талғамын  күшейтіп, сөйлеу  мәдениетін,  байланыстырып сөйлеуін  дамытып,  өз  ойын  жүйелі  жеткізе  білуге  үйретеді.

Ертегілерді психикалық дамуы тежелген балалардың сөйлеу тілін дамыту үшін қолдануда көптеген әдіс-тәсілдерді пайдалануға болады. Солардың  негізгілерін төмендегідей бөліп қарастыруға болады: ертегілерді рөлдерге бөліп оқыттыру; ертегі желісімен суреттер салғызып, сол сурет негізінде ертегі мазмұнын сұрау; ертегі кейіпкерлерін рөлдерге бөліп сахналау; оқылған ертегі бойынша сөздік жұмыстарын жүргізу және ертегіні

психикалық дамуы тежелген оқушыға түсінікті болуы үшін қысқартып немесе артық шұбылаңқы сөздерін алып тастап қолдану.

Жоғарыда аталған тәсілдерді пайдалану психикалық дамуы тежелген оқушылардың тек қана сөйлеу тілін ғана дамытып қоймайды, қайта олардың таным процестерінің, басқалармен қарым-қатынасының дамуына, сынып оқушыларын татулыққа, бірлікке, бір сөзбен айтқанда адами қасиеттерге баулуға өз септігін тигізеді.

Психикалық дамуы тежелген оқушылардың сөйлеуін, ой-өрісін дамытуда, көзқарасын, тәлім-тәрбиесін қалыптастыруда халық ауыз әдебиетінің бір түрі- мақал-мәтелдердің алатын орны ерекше. Мақал-мәтелдер  балаларға  терең  ой  салып,  көркем-образды  сөйлеуге  жаттықтырып,  сөздік  қорын  дамытады. Бала  тәрбиесіндегі  халқымыз  асыл  сөзін,  даналық  ойларын  мақал-мәтелдер арқылы үлгі-өнеге  ретінде  ұрпақтан-ұрпаққа  жеткізіп  отырған.  Бала  тәрбиесіндегі  мақал-мәтелдерді  тақырыптық  жүйемен  топтап  ұсынған. Мысалы: «Оқу  білім  бұлағы», «Еңбек», «Достық-жолдастық», т.б. балаларға  арналған  мақалдар  білім  алуға,  оқуға  шақыра  отырып,  олардың  тілін  ширатуды  көздейді. Еңбек  ету,  білім  алу,  жақсы  азамат  болып  өсу  үшін  тәрбиенің  де  жақсы  болуы  керектігі  мақал- мәтелдерде  толық  қамтылады.  Мысалы:» Адам  болар  баланың кісіменен  ісі  бар,  адам  болмас  баланың кісіменен  несі  бар.», т.б  Мақал-мәтелдердің  адал,  достық,  жақсы  жолдастыққа  баулитын,  адамгершілікке  жат  мінезден  аулақ  болуға  да  тәрбиелейтін  тұстары  да  баршылық. «Жаман  аттан  аяғым  артық,  жаман  жолдастан таяғым  артық», «еңбек  түбі  зейнет» т.б. Бала  тәрбиесіндегі  басты мәселенің  бірі-  еңбек  ете  білуді,  үлкендер  еңбегін  бағалауды үйрету десек,  мақал-мәтелдерде  бұл  назардан  тыс  қалмаған.

Негізінен, мақал-мәтелдерді психикалық дамуы тежелген оқушылардың тобының сөйлеу тілін дамытуда көптеген әдіс-тәсілдер арқылы қолдануға болады.

1) Балаларға түсінікті болуы үшін мақал-мәтелдердің қысқа түрін алу қажет.

Мысалы, «Ердің атын еңбек шығарар», «Жылқы – малдың патшасы», «Отан оттан да ыстық» және т.б.

2) Мақал-мәтелдерді лексикалық тақырып бойынша қарастыру орынды.

3) Психикалық дамуы тежелген оқушылардың мақал-мәтелдерді меңгеру деңгейі жоғарылаған сайын күрделендіріп беру керек, яғни алғашқыда қысқа түрдегілерін берсек, одан кейін кем дегенде екі жолдан тұратындарын беру керек.

    Психикалық дамуы тежелген балалардың сөйлеу тілін дамыту үшін  мақал-мәтелдерді төмендегідей түрлерде қолдануға болады:

-         Мақал-мәтелдің құрамындағы белгілі бір сөзерді қалдыру арқылы: мысалы, «.....от басынан басталады», «Оқу инемен құдық .....» және т.б.

-       Келесі түр – ол баланың көріп қабылдау арқылы сөйлеуіне негізделген, яғни мақал-мәтелдің қалтырылып кеткен сөзінің орнына суреттер қою:мысалы,

сүті қорғасын, қойды соққан оңбасын.

 
     20110330_172542        

ойнаған азар,  доп ойнаған тозар.

 


    

- Алдыңғы аталған жаттығуға ұқсас болып келетіндей түрде енді сурет орнына кескіндерді пайдаланамыз, кескіндерді үзік сызық түрінде немесе кәдімгі сызықпен беруге болады. Балалар үзік сызықты бастырып тұтас сурет салады әрі оны сәйкес түсті таңдап бояйды немесе дайын тұтас суретті бірден бояуға кіріседі. Бұл тапсырма бойынша біз, біріншіден, балалардың ұсақ саусақ моторикасын дамытамыз, яғни сөйлеуінің дамуына жағдай жасаймыз деген сөз. Екіншіден, балалар кескінді көріп қабылдау арқылы оның атын атайды және мақал-мәтелдің бөлігіне сәйкестендіреді, яғни бұл жерде де баланың сөйлеуі арқылы тапсырма орындалады. Мысалы:        

жапырағымен көрікті.

 
      

- Осындай тапсырма-жаттығуларды қолдану балаларды жалықтырмайды, керісінше олардың қызығушылығын арттырады. Сонымен қатар, тек қана сөйлеуін дамытып қоймай, олардың таным үрдістерінің дамуына да ықпалын тигізеді.

- Халық  ауыз  әдебиетінің  келесі бір  түрі - жұмбақтар. Балалар  фальклорында  жұмбақтар  баланың  ақыл-ойын  дамытып,  тіл  байлығын  жетілдіреді. Баланы  ойлауға, жасырған  нәрсенің  шешімін  табуға  жаттықтырады.  Жұмбақтың  шешуін  табуда  оның  құпиясы  баланы  қызықтырып,  шешімін  айтқызуға  мәжбүр  етеді. Баланың  ұшқыр  ойын  іс-әрекетке  баулып, ой  санасының  қызмет  етуіне  серпін  береді.     Жұмбақтың  балаларға  пайдалы  жағы - өз  бойындағы  құпияны  шештіру,  айтқызу  арқылы  оларға  өмірді  танытады. Жұмбақты  шешуде  бала  ойланады,  көп  нәрсені  есіне  түсіреді,  заттарлың  ұқсастықтары  мен  айырмашылықтарын  іздестіреді,  байқауға  тырысады.  Зерттеуші  Ш. Ахметов  жұмбаққа  мынадай  анықтама  берген: «Жұмбақ  дегеніміз-  адамның  қай  затқа  болса  да  поэтикалық  көзқарасының қандай  екенін  сынау  үшін,  бір  затты  көркем  тілмен  жұмбақ  етіп  суреттеген, халықтық  жанрдың  бір  түрі». Жұмбақтың  тәрбиелік  мәніне  тоқтала  отырып,  психикалық дамуы тежелген балалардың  жас  еркешеліктеріне  қарай  тақырып  мазмұны  сәкес  жұмбақтарды  таңдап  алып,  онда  балалардың  ақыл – ойын , логикасын,  тілін  дамытуға  мән  бердік. Баланың  ақыл-ойын  дамытуда  танымдық  қабілеттерін  арттыруда,  қиялын  шарықтатып,  тапқырлыққа  тәрбиелеуде  жұмбақ  таптырмайтын  құрал  болып  табылады.

Жұмбақтарды жаттап  айтумен қатар,  кез-келген  айтушы өз  ойынан  құрастырып  та  айта  береді. Тек  жұмбақтың  сөздік  қисыны,  өлеңдік  үйлесімі  болуға  тиіс. Жұмбақ  айту  мен  жұмбақ  айтысты  ажырата  білу  керек.  Бастауыш  сынып  оқушылары  мен «білгіштер  жарысын», «жұмбақ  жарысын»  немесе «білгіштер  сайысын»  белгілі  бір  тақырыпта  немесе  мерекеге  қарсы  ұйымдастыруға  болады.  Жұмбақтарды психикалық дамуы тежелген оқушыларға үйрету немесе шештіру кезінде жеңілден қиынға қарай ілгерлеген жөн.

Мектеп   оқушыларының  тілін  дамытуда үзбей  жүргізілетін  және  тіл  дамытуға  мүмкіндік  беретін  балалар фольклорының  бірі - жаңылтпаштар. Ол  баланың  тіліне,  оның  әрбір  сөздеріне  тартымды  қылықтарына  күле  отырып,  оларды  дұрыс  сөйлеуге  бағыттайды. Баланы  халық  жас  кезінен  бастап  дұрыс  сөйлеуге  үйретеді.

Жаңылтпаш -  халықтық  шығармалар  ішінде  баланы  дұрыс  та айқын  сөйлеуге  үйрететін,  тілін  дамытатын  жанр.  Ол  туралы С. Сефуллин:«Жастардың,  бала-шағаның  жиналып  ойын-күлкі  дүкенін  құрған  орында  айтылатын айтыстың  бірі –жаңылтпаш. Бұл  да  ертек,  өлең,   жұмбақ  айтысу  тәрізді  жастардың  тілге  ұстануларына,  ойнақы,  қырлы  сөздерді  тақпақша  атқылап,  билеп  еркін  сөйлеуге  төселу  ретінде  балаларға  жас  кезінен  сабақ-ойын  болатын  нәрсе  осы-жаңылтпаш.»- деген Жаңылтпаш  көбінесе психикалық дамуы тежелген бастауыш  мектеп  оқушыларына лайықты  шығарма. Олай  дейтініміз - жеке  дыбыстар  мен  айтылуы  қиын  кейбір  сөздерді  дұрыс  сөйлеуге  үйрету,  ол  көбінесе  балаға  ғана  тән  нәрсе.

Психикалық дамуы тежелген балалардың  көпшілігі  мектепке  келгенге  дейін  кейбір  сөздерді  не  жеке  дыбыстарды  айта  алмайды. Кейбір  ерке  өскен  балалар  сақаулана  сөйлейді. Міне,  осындай  балаларды жастайынан  дұрыс  сөйлеуге  үйретуді  көздеп,  халық  жаңылтпашты  пайдаланған. Балалардың  көбінесе,  дұрыс  айта  алмайтын,  тілі  келмейтін «р» дыбысы. Осыған  байланысты «р» дыбысын  құрайтын  дұрыс  айруға  бағытталған  жаңылтпаштар  да  көп.  Мысалы:

Ай, Тайқарбай,  малыңды  жадыраға  жай, Тайқарбай

Ай, Тайқарбай  дегенің  қай Тайқарбай т.б

Осы  жаңылтпашты  жылдам  айтқызғанда  бала  жаңылып,  «р» -дың  орнына «и»  дыбысын  айтуы  да  кездеседі

Қазақ  халқы  баланың  тілін  ұстарту  үшін  оған  сөз  үйретіп,  дүниетанымын  дамыту  мақсатында  жаңылтпаштар  ойлап  шығарған. Сәбидің  тілі  шығып алғашқы  сөздерді  айта  бастағанда  кейбір  дыбыстарды айта  алмай  қиналады. Тілін  мүкістендірмей, мүдірмей сөйлеу  үшін  қиналып  айтатын  дыбыстарды  және  сол  кездесетін  сөздерді  жиі-жиі  айтқызып,  жаңылмай  айтуға  жаттықтырған  жөн.  Сонда  ғана  бала  өз  ойын  толық,  жүйелі  жеткізе  алатын  болады. Жаңылтпаштарды  жатқа,  мүдірмей  айту  арқылы  баланың  сөздік  қоры  байып,  ой- қиялы  дамиды. Халық  жаңылтпашты  бала  тіліндегі мүкістікке  байланысты  шығарған.  Мысалы: «с» мен «ш»  дыбысын  дұрыс  ажыратып  айту  үшін:

Шеше, неше

Кесе  сынды кеше,

Сондай-ақ,  осы дыбысты шатыстырмай айтуға  үйретуге  байланысты,

Торта  қойдым,  орта  ойдым

Орта  қойдым,  жорта  қойдым,- деген  сияқты  көптеген  жаңылтпаштарды  айтуға  болады. Жаңылтпашты  айтқызуда  алдымен  оны  жаңылмай  тез  әрі  бірнеше  рет  қайталау  қажеттігін  ескерген  жөн.  Баланың  тілін  дамытып,  ойлау  қабілетін  арттыру  үшін  бірнеше  әр  түрлі  дыбысқа  байланысы  білетін  жаңылтпаштарын  жатқа  айтқызу  керек. Осы балалар категориясына  неғұрлым  жаңылтпашты  көп  қолданса,  соғырлым  олардың  тілі  тез  ширап,  дыбыстарды  анық  айтатын  болады. Дыбыстарды  анық,  дұрыс  айта  алса,  сөзді  дұрыс  айтып,  оның  мағынасын  меңгереді.  Сонымен  қатар,  сөздерді  бұрмалап  айтпау  үшін ойын  айқын  да  дәл  сөйлеуге  жаттықтырады. Жаңылтпаштардың  әр  сөйлеміндегі  баланың  тілі  келіңкіремейтін  сол «р», «с» дыбысының  әлденеше  рет  қайталанып  келуін  қарастырған.

Қорыта  келе,  фольклорлық  жанрдың  бәрі  де  адамның  өміріне  және  еңбегіне  тікелей  қатысы  бар,  өзін  қоршаған  ортаны,  табиғатты,  бар  дүниенің  ішкі  мазмұнын жан-дүниесіне  әсер  етерлік көркем  тілмен  білдіруге,  соны  танытуға  үйретуді  көздейді

 Осыған орай, психикалық дамуы тежелген оқушылардың сөздік қорын молайту жұмыстары бірнеше жұмыстың мәселесін шешеді. Мәселен: біріншіден, тілдік қарым - қатынасқа түсу және өз ойын басқаларға еркін жеткізу. Екіншіден, сөздерді қолданып, тілдері жетіледі. Үшіншіден, сөз байлығы дамиды және ойы да дамиды. Төртіншіден, сөйлеуін жетілдіру барысында олардың таным процестерін де дамытуға болады.

 

        Қолданылған әдебиеттер:

1. Қазақ фольклоры мен халық педагогикасының мәселері. /Под ред. Қоңыратбаев А.С. Алматы., 1984

2. Өмірбекова Қ, Серкебаев Қ, Логопедия Алматы 1996-247 б

3.Шадаева Н.К. Қазақ мектебінің 5 сыныпта лексиканы деңгейлік тапсырмалар арқылы оқыту әдістемесі. Канд. Дисс. А., 2003, 182-185б

4. Ермағамбет Ә. Психикалық дамуы тежелген балалардың психологиялық -педагогикалық сипаттамасы // Дефектология -2008. -№ 4, 3-5 б 

5. Қазақ  халық әдебиеті. - Алматы., 1990 

6. Қазақ тілін үйретуде көркем және халық ауыз әдебиетін қолдану тәсілі// Отбасы және балабақша, 2006. - № 57.-  14-15б.

7. Будницкая  И.И. Предметное содержание рисунков и рассказов на заданную тему у учащихся массовом и вспомогательной школы.- М., 1961