Балтабаева Г.С.

Доцент кафедры казахской литературы КазГосЖенПУ. г.Алматы

Тәуелсіздік кезеңіндегі  қазақ прозасының мистикалық   сипаты

Мистикалық  проза философиялық тұрғыдан алғанда бірегей құбылыс деп айтуға болады. Ол неміс романтиктерінің прозаларынан, атап айтқанда, Гофманның және Гетенің «Фаустнан» бастау алған.

Қазіргі қазақ прозасындағы Тұрсынжан Шапайдың «Жазуы» – мистикалық әңгіме. Себебі онда діни кітаптарда айтылатын, адам өмірінің құпиясын жазған жазмыш тақтасы елес түрінде беріледі. Автор қарапайым ситуацияны трагедиялық биікке көтеріп жібереді. Кейіпкердің қыр соңынан қалмайтын, жел ұшыратын бір жапырақ қағаз қазақ дүниетанымындағы  маңдайдағы жазу. Автор ұлттық  танымды мұсылмандық түсінікпен астастырып жіберген. «Күнде көріп жүрген қағаз... Осы қағазда шынымен, жан бар шығар, тегі...» дейтін авторлық таңданыс оқырман санасына да әсер етеді... Бұл оқырман санасына әсер етеді. «Қағаз бетіндегі тылсым жазуды анық оқыдым. Ап-анық болатын, сол мезетте ұмыттым». «Көрген түстей өмір». «Бәріміз – жазуын ешкім ұқпайтын бір жапырақ қағазбыз». [1, 196 б].Автордың бұл концепциясында бесенеден белгілі бұйрық, жазмыш, тағдыр дейтін танымдар ерекше пафоспен берілгендіктен авторлық таным мен діни таным аражігін ажырату қиынға соғады. Яғни, мистикалық тебіреніс арқылы автор әсер етудің көркемдік амалын тапқан. Ал, М.Мағауиннің «Тағдыр жазуы» да  мистикалық  әңгіме  болғанымен,  берілу  формасы  бөлек.

Тұрсынжан Шапайдың «Жазуында» – мұнда жалпы адамзаттың тағдыры. Ал,   М.Мағауиннің «Тағдыр жазуы» – бұл жалқы тағдыр. Жазушының жеке тағдыры. Оның «мені». Расында, «Мен» атты өз романының мистикалық нұсқасы. Жазушы Гораций, Пушкиндерден мирасқа үлкен әдебиетте қалған тұлғалық «менді» айтып тұр. Бұл оның өзіне деген анық сүйіспеншілігі, сол себепті асылық та танылмай қалмайды. Алғашқы әңгімеде (Т.Шапайда) құдайға құлшылық жасырын мәтінмен тұр. Екіншісінде құдай идеясы жоқ.    Балалық шақтың баянынан автор 60-тан асқан шағына бір-ақ тоқталады. Мұнда да өң мен түс. Жазушы фәни дүниедегі өз биігіне жеткен. «...тылсым жазулы Көк тас... тағы да көз алдыма келген еді. Бұл не ғажап! Көргенім анық.  Ғайыпқа айналуы қалай?». Ол құбылысқа өзі баға береді: «Тағдыр Жазуы екен! Менің Тағдырымның Жазуы! Менің тағдырым  – небары бес жол. Тағдыр Жазуы. Менің жазуым. Екеуі бір-ақ нәрсе».

Жазушылық болмысты ол Тәңірі құты деп таниды.  Жазушы мұны зор мәртебемен айтса керек. Тағдыр мен шығармашылық тұтасып кеткен. Бұл творчествоға гимн. Әңгіме осынысымен құнды. Өз тағдырына ерен разы тәрізденеді. Өйткені өлмейтін сөз ғана. Рух мәңгі жасайды. Көк тастағы жазу сол рухтың бұйрығы. Соған бағынып жазушы жыраулар поэзиясын қайта жаңғыртты. Сөйтіп алашына ұлы олжа салды. Қазақты ұлтсызданудан сақтауға аянбай қызмет қылған, Абай жолын жалғаған Мұхтар Мағауин, Тағдыр Жазуын осылай ұғады. Өз жолын қоса саралайды. Мұнда шынайы өмір мен аралас. Автор мұның ара-жігін білдірмей жібереді. Бұл әңгімеде «Болмасаң да ұқсап бақ» дейтін ұлы философия сарыны бар. Мистикалық сарын толыққанды көрінбегенімен, бір тақырыпты қаузаған екі ұрпақ өкілі (аға, орта буын) М.Мағауин мен Т.Шапай екі түрлі жол тапқан. Ортақ белгі – тағдыр, өлім болмысының ортақ ұқсастығынан туындайды.

Тарихи тұлға, сондай-ақ Т.Шапайдың «Көл», «Айна сарай» деп аталатын әңгімелері атауларының өзінен көрініп тұрғандай-ақ, көп сөзділіктен қашқан. Ғасырлық оқиғаларды түсіндіру үшін авторлар әрі ықшам, әрі терең метафоралық бейнелеуге, метафоралық  астарлауға жүгінген.

Мистикалық сарын Т.Шапайдың «Көл» әңгімесіне де тән. Шағын әңгімедегі көл сипаты Өлі көл. Сұмдық тылсым. Мифтегі о дүниенің суы сияқты. Көлге бұлақ құймайды, ағып шықпайды. Тіршілік нышаны жоқ. «Көлдің беті қыбырсыз», «Суы мөлдір емес, түссіз». Аңызда бұл көлде түп жоқ. «Бір сұмдық қиянаттың туындысы» деп топшылайды автор. «Осы көлдің адамды тартатын бір тылсымы бар». «Көл атсыз».

«Здесь же сочетание деструктивных сем черного цвета включает хтонические, животные и другие образы в контексты, повествующие о смерти и разрушении. «Черное черво» земли – чрево ада. Черная птица – вестница несчастья. Черная река – зеркало в инфернальный мир» [2, 128 с].

«Бұл көлде сарын жоқ, бұл көлде толқын жоқ. Бұл көлдің аты да жоқ – сырын жеті қат жер астына көмген қара тұйық... қара тылсым...» (185) деп береді. Бұл суреттеудің астарында көл бейнесіндегі о дүниенің белгісіздіктің, тылсымның құпиясы жатыр. Ажалдың нақтылы су түрінде тұлғалануы. Ажал – «тумақ бар да, өлмек бар», «өзекті жанға бір өлім» дейтін философияны қозғайды. Ажалдың белгісіз, беймәлім сыры тіршілік атаулыға мейірімсіз, қатыгездігі мен салқындығы су символикасына сыйғызылған сыңайлы. Өйткені, көне фольклорлық ұғымда «Су аяғы – құрдым» − су о дүние мен осы дүниенің аралық шекарасы.

                              Әдебиеттер:

1.     Шапай Т. Қазақтың жаны. Астана. Елорда.2001. -284 бет.

2.     Петрушевская Л.С. Где я был. Рассказы из иной реальности. – М. Вагриус.221 с.