МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ТАНЫМДЫҚ ІС-ӘРЕКЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУ

 

РАЙМҚҰЛОВА  Ж.Ә.

«Өрлеу» Біліктілікті арттыру орталығы» АҚ филиалы

«Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін    

        арттыру институты

Қазақстан Республикасы

 

Танымдық іс-әрекетті құзыреттілікке бағыттап ұйымдастыру оқушының білімі, іскерлігі мен дағдысын дамытып қана қоймай, сондай-ақ олардың алған білімін күнделікті өмірде әртүрлі мәселелерді шешуге пайдалана алу біліктілігінің қалыптасуына ықпал етеді. Егер оқушының проблеманы зерттеу мен шешуге қажетті біліктіліктерін дамытуға негізделген оқу үрдісін ұйымдастыратын болсақ, онда оның азаматтық мәдениеттің қай саласында болмасын өз бетімен шығармашылық жаңа іс-әрекет тәсілдерін игеруге дайындығы мен қабілетін қалыптастыру жүзеге асады.

Себебі, қазіргі ақпараттық қоғамның сұранысы – бүгінгі азаматтар:

-   білімді өз бетінше ала отырып, пайда болған мәселелерді шешу үшін оларды тәжірибеде біліктілікпен пайдалануға;

-   дербес сыни тұрғыда ойлай білуге, мәселелерді көре біліп, оларды шешудің тиімді жолдарын табуға, өзінің алған білімін қай жерде, қалай пайдалануға болатынын саналы түрде түсіне білуге;

-   ақпараттармен сауатты жұмыс жасай білуге: ақпараттарды іздеу, өңдеу, ой елегінен өткізу, қолдану, сақтау және таратуға;

-   әртүрлі әлеуметтік топтарда тез тіл табыса алатындай болуға, кез келген жанжалды жағдайларды болдырмауға немесе ондай жағдайлардан біліктілікпен шыға алуға;

-   өз адамгершілік қасиеттерін, интеллектісін, мәдени деңгейін дамыту бойынша өз бетінше жұмыс жасауға қабілетті болуы қажет.

Бұл өз кезегінде білім беруді нәтижеге бағдарланған “құзыретті” білімге өзгертуді қажет етеді. Білім мазмұны оқушыны қоғам өміріне құзыретті, жауапты әрі шығармашылық тұрғыдан қатыстырып даярлауға бағдарлануы қажет. Демек, бұл жүйеде оқу үрдісін ұйымдастыруда басты назар оқушыны оқуға қалай үйрету керек деген мәселеге аударылады. Сабақ беру кезіндегі негізгі мәселе оқу ақпаратымен хабардар ету емес, оқушылардың күтілетін нәтижелерді меңгеруіне қол жеткізуді қамтамасыз ететін оқу үрдісін жобалауға аударылады, яғни сабақ өту ұстанымы өзгереді. Олай болса оқытудағы басты мақсат - пәндік білім, білік және дағдыларды меңгерту негізінде құзыреттіліктерді дамыту болып табылады. Оқытуды ұйымдастыруға мұндай көзқарас кезінде оқушы танымдық үрдістің субъектісіне айналады. Танымдық үрдістің субъектісі деген сөз – сыртқы ортаны тану арқылы алынған ақпарат көмегімен тұлғаның ішкі дүниесін өзгерте алуы болып табылады. 

Субъектілікті анықтайтын сапалар:

-   өзін-өзі басқару – өзінің ішкі өзгерістеріне және сыртқы белсенділігіне өзі себеп бола алу қабілеттілігі; өзіндік ресурстарды белсендіру мен іске қоса алу, яғни тұлғаның ерік-жігерін ретке келтіре алуы;

-   өзін-өзі ұйымдастыру – өзінің ұмтылыстарын, армандарының жүйесін жасай алуға қабілеттілік, өзінің әлемді түсінуін қадағалай алуы;

-   өзін-өзі дамыту – өзінің ішкі дүниесі мен қоршаған ортаның сандық өзгерістерден сапалық өзгерістерге өтуіне ықпал етуге қабілеттілігі болып табылады.

Сонда субъектілік – іс-әрекетте ғана көрінетін тұлғаның өте күрделі қасиеті болып табылады. Олай болса оқушының белсенділігінен оның субъектілігін байқауға болады.

      Егер құзыреттілікті нәтиже ретінде меңгерілген ақпараттың жиынтығы емес, әртүрлі мәселе жайында әрекет ете алу қабілеті дейтін болсақ, тұлғаның рефлексияға қабілеттілігі құзыреттілікті дамыту құралы болып табылады. Демек, іс-әрекетті ұйымдастырудағы рефлексияның мәні, оның оқушының өзін-өзі бақылауына, өз іс-әрекетіне талдау жасауға үйрете отырып құзыреттілікті қалыптастырудың негізі болады.

Сонымен бірге алға қойылған мақсатқа жету үшін субъектінің ішкі және сыртқы ресурстарын тиімді ұйымдастыра алуға дайындау қажет. Бірақ бір сыныптағы оқушылардың қабілеттері мен мүмкіндіктері әр деңгейде болып келеді. Сол себепті олардың меңгерген ақпаратты пайдалануына байланысты  іс-әрекеті екі түрге: өнімсіз (репродуктивті) іс-әрекет және өнімді (продуктивті) іс-әрекет болып бөлінеді. Бұл іс-әрекеттер бірінен бірі туындайды. Өнімсіз іс-әрекетке көшіріп алу, естігенін айтып беру, мәтін бойынша баяндау,  берілген ақпаратты қайта жаңғырту жатады, яғни мұнда оқушы түпкі алынған мағлұматтардан басқа ешқандай қосымша жаңа ақпарат  алмайды. Ал өнімді іс-әрекетке оқушының мәселелі жағдайда өз бетінше іс-әрекет жасай отырып, жаңа ақпараттар алуын, бақылау, зерттеу арқылы ой қорытынды жасайтын шығармашылық жұмыстары жатады. Нәтижеде оқушы білім мазмұнын өте жақсы біледі, оқу іс-әрекеттерін өз бетінше ұйымдастыра алатын болып шығады. Сондықтан оқушының сабақтағы өнімсіз іс-әрекетінен өнімді іс-әрекетін көбейту арқылы оларды дамытуға болады. Білуге құмарлық, бір нәрсеге бақылау жасау, өзінше эксперимент жүргізу, зерттеу, іздену белсенділігі – баланың жаратылысына тән табиғи құбылыс екендігі дәлелденген. Баланың осы қабілетін мақсатымызға орай әрі  қарай дамыта отырып, үнемі сабақта заттар мен құбылыстарды зерттеуге байланысты іс-әрекеттерді қолдану арқылы оқушыны өнімді іс-әрекетке бейімдеуге болады. Оның оқушының құзыреттіліктерін дамыту мен қалыптастырудағы маңызы зор.

     Енді нақтыланған құзыреттіліктердің жеке құрылымын талдап көрелік. Оқушылардың ақпараттық құзыреттілігін қалыптастырудың жаратылыстану пәндерінің мүмкіндігінде мынадай аспектілерін қарастыруға болады:

-         ақпаратты талдау;

-         ақпаратты өңдеу;

-         ақпаратты жинақтау;

-         ақпаратты қолдану;

-         нәтижесін бағалау.

Яғни оқушының ақпараттық құзыреттілін дамыту үшін, оның барлық қыры бойынша жұмыстар ұйымдастырылу керек. Ал оқушының ақпараттық құзыреттілігінің құрылымына сәйкес сабақ барысында оны жүзеге асырудың алгоритмі төмендегіше болады:

1. Жаңа ақпараттың мазмұнын талдау: бұрыннан білетін мәліметті айқындау және жаңа ақпаратты бөлу;

2. Жаңа ақпаратты тірек сызбаға түсіру немесе танымдық іс-әрекетке жетелеуші тапсырмаларды орындау;

3. Басқа ақпарат көздерін пайдалана отырып өз бетінше қорытынды жасау;

4. Жаңа ақпараттың өзгерген жағдайдағы қолданысын көрсету. (құзыреттілікке бағытталған тапсырмалар)

5. Өз іс-әрекеті мен жеткен жетістіктеріне баға беру (рефлексия).

Олай болса, ақпараттық құзыреттіліктің аспектілерін оқушыдан сұранатын талаптар ретінде оның өлшемдері мен көрсеткіштерін бір тақырыптың негізінде ашып көрсетуге болады.

Оқушының ақпараттық құзыреттілігін қалыптастырудың өлшемдері мен көрсеткіштері биология пәнінің 9 сыныбында “Жалпы биология заңдылықтары” курсындағы “Жердегі тіршіліктің пайда болуы” тарауының “Тірі ағзалардың негізгі қасиеттері” тақырыбын өту мысалында төмендегіше ұйымдастырылды (2-кесте).

 

2-кесте. Оқушының ақпараттық құзыреттілігін қалыптастырудың өлшемдері мен көрсеткіштерінің тақырыптық талдауы

 

Көрсеткіштері

Өлшемдері

Ақпаратты талдау

Бұрыннан білетін мәліметті айқындау және жаңа ақпаратты жіктеу:

- зат алмасу, анаболизм, ассимиляция, энергетикалық алмасу, катоболизм, диссимиляция, гомеостаз ұғымдарының сипаттамасын еске түсіру;

- жаңа тақырып мәтінінен тіршілік, өзін-өзі реттеу, жылу реттеу, тітіркенгіштік, қозғыштық, қозғалыс, өсу, даму ұғымдарының анықтамасын тауып дәптерге түсіру.

Ақпаратты өңдеу

Танымдық іс-әрекетке жетелеуші тапсырмаларды орындау:

1. Биологиялық жүйелердің жалпы қасиеттерінің бірі өзін-өзі реттеудің маңызын ашып көрсет.

Өзін-өзі реттеу – __________________________________________

__________________________________________________________________________________________________________________

2. Тірі ағзалардың тітіркенгіштік қасиетінің маңызы неде, сипатта.

Тітіркенгіштік – __________________________________________

__________________________________________________________________________________________________________________

3. Даму материяның жалпы қасиеті екенін сипатта және дамудың қай типтері тірі ағзаларға тән екенін көрсет.

Даму – __________________________________________________

_________________________________________________________

Тірі материяның даму типтері

1. _______________________________________________________

2. _______________________________________________________

 

Ақпаратты 

жинақтау

Жаңа ақпараттың негізінде қоршаған орта заңдылықтарын түсіндіретін сұрақтарға жауап беру:

1. “Тіршіліктің негізгі сипаттарының бірі ырғақтылық болып табылады” деген тезистің маңызын ашып көрсет.

_________________________________________________________

_________________________________________________________

2. “Тіршілік” ұғымының соңғы кездегі анықтамасын келтір.

Тіршілік дегеніміз –_______________________________________

_________________________________________________________

 

Ақпаратты қолдану

Жаңа ақпараттың өзгерген жағдайдағы қолданысын көрсету:

1. Ағзада өзін-өзі реттеу қандай жолмен жүзеге асады? Бұл қасиеттің ағзадан жоғары құрылымға (мысалы, табиғи бірлестік) тән болуы неліктен?

2. Көбею, даму және өсу өзара қалай байланысқан? Осы қасиеттердің қайсысы ағзадан жоғары құрылымға тән?

 

 

Сонымен бірге, біз өз зерттеу жұмысымызда оқушының өмірде кез келген жағдайда кездескен қиындықты өзі шешіп, қажетті әрекеттерді жасауға үйрететін проблеманың шешімін табу құзыреттілігінің мынадай құрылымдарын қарастырдық:

-         проблеманы анықтау;

-         әрекетті жоспарлау және мақсат қою;

-         ресурстарды жоспарлау;

-         проблеманың шешімін табу және жариялау;

-         нәтижені бағалау.

Сонда сабақ барысында оқушының проблеманың шешімін табу құзыреттілігін қалыптастыру алгоритмі төмендегіше болады:

1. Проблеманы анықтайды және оның туындау себептерін көрсетеді;

2. Проблеманың шешу жолдарын табады, оны шешуге орай мақсат  

    қояды, қойылған мақсатқа жетуді негіздейді;

3. Проблеманың шешімін табу мақсатында қажетті ресурстардың

    барлығын қолдануды жоспарлайды;

4. Проблеманың шешімін презентациялайды, жоспарланған нәтижемен 

    салыстырады, қорытынды жасайды;

5. Қойылған мақсатқа жетудегі жетістіктерге талдау жасайды, жоспар-

    ланған міндеттерді шешуде кездескен қиыншылықтарды атап

    көрсетеді, оларды келешекте болдырмаудың жолдарын ұсынады.

Оқушының проблеманың шешімін табу құзыреттілігін қалыптастыруды  анықтайтын өлшемдер мен көрсеткіштерді биология пәнінің 9 сыныбындағы “Жердегі тіршіліктің пайда болуы” тарауының “Жердегі тіршіліктің пайда болуы” тақырыбын өту мысалында төмендегіше қарастырылды (3-кесте).

 

3-кесте. Оқушының проблеманың шешімін табу құзыреттілігін қалыптастыруды  анықтайтын өлшемдер мен көрсеткіштердің тақырыптық талдауы

 

Көрсеткіштері

Өлшемдері

 

Проблеманы анықтау

Проблеманы анықтайды және оның туындау себептерін көрсетеді:

- Тіршілік қалай пайда болды?

- Тіршіліктің пайда болуы туралы қандай көзқарастар бар?

     - Олардың шығу себептері қалай түсіндіріледі?

 

Әрекетті жоспарлау және мақсат қою

Проблеманың шешу жолдарын табады, оны шешуге орай мақсат қояды, қойылған мақсатқа жетуді негіздейді:

-         Ең көп дәйектелген көзқарасты табу.

 

 

 

Ресурстарды

жоспарлау

Проблеманың шешімін табу мақсатында қажетті ресурстардың барлығын қолдануды жоспарлайды:

- тіршіліктің пайда болуы туралы барлық әдебиет көздерін жинақтау;

- ғалымдардың жасаған тәжірибелеріне талдау жасау;

- нанымды, дәлелденген фактілерді жинақтау;

- жинақталған материалдар негізінде пікір алмасу, талқылау;

      - маңызды шешімді бөліп алу.

 

Проблеманың шешімін табу және жариялау

Проблеманың шешімін презентациялайды, жоспарланған нәтижемен салыстырады, қорытынды жасайды:

-         өз зерттеу нәтижесін жариялау. Қорытынды жасау.

 

 

 

 

Біз зерттеуімізде ақпараттық және проблеманың шешімін табу құзырет-тіліктерінің аспектілері, олардың көрсеткіштері мен өлшемдерін анықтаумен бірге, сабақта қалыптастыру мүмкіндіктерін де көрсетуге тырыстық.

 Біздің зерттеуіміз бойынша оқушының ақпараттық және проблеманың шешімін табу құзыреттілігін дамыту арқылы оқушыны өнімді іс-әрекетке бейімдеп, оның тұлғасын дамытуға болады.

Сонымен оқушылардың құзыреттілігін танымдық іс-әрекет арқылы арнайы ұйымдастыру білім сапасын арттырудың негізгі шарты болып табылады. Оны жүзеге асыру үшін оқу үрдісін ұйымдастырудың тәсілдері мен әдістері іздестірілді.