ОҚУШЫНЫҢ
ТАНЫМДЫҚ ІС-ӘРЕКЕТІН ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ
НЕГІЗДЕРІ
РАЙМҚҰЛОВА Ж.Ә.
«Өрлеу» Біліктілікті арттыру орталығы» АҚ филиалы
«Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог
қызметкерлердің біліктілігін
арттыру институты
Қазақстан Республикасы
Елімізде қарқын алып жатқан
экономикалық-әлеуметтік дамулар келешек ұрпаққа
білім берудің мақсаты мен мазмұнын түбірімен
жаңартуды талап етіп, жаңа сапаға жеткізу міндетін
қойып отыр. Білім беруді жаңарту бұл – үнемі алға
қарай ұмтылу мен даму үрдісі болып табылады.
Қазақстанның білім саласындағы стратегиялық
саясатын айқындайтын ресми құжаттарда, атап айтқанда,
Қазақстан Республикасының 2005-2010 жылдар аралығында
білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында білім беру
жүйесін реформалаудың басым бағыттары айқын
көрсетілген [2]. Білім беруді жаңарту үрдісі –
салт-дәстүрді, мәдени мұраны, жалпы ұлттық
құндылықтарды көздің қарашығындай сақтауды
көздейтін тұрақты жүйе мен мазмұнға орай
құрылымы өзгерген жаңа мектеп құруды талап
етеді. Мұндағы басты нәтиже оқушылардың білім,
білік, дағдысын қалыптастырып қана қоймай,
олардың интеллектуалдық, азаматтық,
құқықтық, коммуникативтік, ақпараттық
және басқа да салалар бойынша түпкілікті
құзыреттердің жиынтығына жету қажет болып отыр.
Қазақстан Республикасының Президенті
Н.Ә.Назарбаевтың 2007 жылдың 1-наурызындағы “Жаңа
әлемдегі жаңа Қазақстан” атты Қазақстан
халқына жолдауында: “Білім беру реформасы табысының басты өлшемі
– тиісті білім мен білік алған еліміздің кез-келген азаматы
әлемнің кез-келген елінде қажетке жарайтын маман болатындай
деңгейге көтерілу болып табылады. Біз бүкіл елімізде
әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметіне
қол жеткізуге тиіспіз”- делінген [6]. Ал 2008 жылғы 7-ақпандағы
“Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру –
мемлекеттік саясаттың басты мақсаты” атты Қазақстан
халқына жолдауында: “Заманға сай білім алуға және
озық технологияларды игеруге мүмкіндік беретін білім берудің
тиімді инфрақұрылымын жасауды аяқтау”- деп көрсетеді
[7].
Сондықтан да, алдымен “танымдық
іс-әрекет” ұғымының мәнін ашқанды жөн
көрдік. Мұндағы “таным” ұғымы адам санасын
дамытудың негізі және ол арқылы адам өзі мен
қоршаған ортаны таниды және оны игеруді үйренеді. Жалпы
жас буынға білім беру мен тәрбиелеу мәселесінің
ғылыми-практикалық дамуының қай кезеңі болмасын
танымдық іс-әрекеттің мәні, оны ұйымдастыру
зерттеушілер назарынан тыс қалған емес. Танымдық
іс-әрекеттің педагогикалық мәселе ретінде дамуын
үш қырынан (философиялық, психологиялық,
педагогикалық) қарастыруға болады. Танымдық
іс-әрекет туралы ілім ежелгі грек философтарының еңбектерінен
бастау алады. Демокрит: “Әрбір адамның дара дамуы
ақылдың нәтижесі. Сезім мүшелері қабылдаған
түйсіктер күңгүрт, көмескі білім берсе,
ақыл-ой осы сезім мүшелері қабылдаған түйсіктерді
сараптау арқылы заттар мен құбылыстардың ішкі сырын,
мән-жайын, себебін ашып ақиқатқа жеткізеді”-деді [8].
Қоршаған ортадағы заттар мен
құбылыстардың басты белгілері, ұқсастықтары
мен айырмашылықтарын бейнелі қабылдау нәтижесінде белгілі бір
ұғым туады, ол
танымға байланысты. Сондықтан Аристотель «сыртқы дүние
заттары алғашқы, ал олар туралы бiлiм соңғы», -дейдi.
Ол адам танымы сыртқы дүние заттары туғызатын
түсiнiктен басталады, танымның негiзi сезiмдiк қабылдау деп
түсiнеді және ақыл-ойдың сезімнің танымдық
сатылары (түйсік, қабылдау, бақылау) мен ойлау формаларында
(ұғым, пікір, ой тиянағы, соны пікірлер) біртіндеп, сатылап
дамитынын дәлелдеді [8].
Ал Сократ болса оқыту барысында
шәкірттің танымдық белсенділігі мен іздемпаздығын
арнайы басқарудың маңыздылығын атап көрсеткен болатын.
Ол шәкірттерге білімді жай ғана бере салмай, танымдық
белсенділіктің көрсеткіші ретінде – сұрақ қоюды
ұсынды. Сократ танымды арнайы ұйымдастырылған еске
түсіру, ал ол іздену мен тану арқылы жүзеге асады деп
түсіндіреді [8].
Таным, танымдық іс-әрекетті дамыту
жөніндегі шығыс ғұламаларының
еңбектерінің орны бір бөлек. Әбу Насыр
әл-Фарабидің “Әлеуметік-этникалық трактаттар”
еңбегінде таным мақсаты, таным үрдісінің сипаты, таным
сатылары анықталған. Оның “таным мақсаты – ең
алдымен сол текке жататын нәрсе біткеннің барлығының
болмысын анық білу” – деген тұжырымы белгілі. Фараби
еңбектерінен алсақ “білім – философиядағы бүкіл
танымның даму үрдісінде қалыптасқан адамзат мәдениетінің,
рухани қазынасының жиынтығы” деген болатын [9].
Ал, Ибн-Сина: “табиғат – жер бетіндегі
бақыттың, байлықтың көзі. Бұл көзді
реттеу, иемдену үшін табиғатты білу керек, ол үшін білім мен
таза еңбек қажет”- дегенді айтады [10]. ХVІ-ХХ
ғасырдағы батыс философтарының көзқарасы
танымдық іс-әрекет ұғымын біршама дамытты. М.Монтень
философиялық тұрғыдан заттың өзін, одан пайда
болатын мән мен мазмұнды зерттеді. Ол ұдайы дамитын білім
беруді жақтады. Оның түсінігінше мұндай білім – есті
механикалық жаттаулармен шырмамайды, ойлаудың өз бетінше
түрін дамытып, сындық талдауға мүмкіндік береді деген
ойды жақтады. Ол: “Оқушы мұғалімнен алған білімін
түгел сүзгіден
өткізіп, өз бетінше талдау жасау қажет. Соның
нәтижесінде оның білуге құштарлығы дами
түсетіні сөзсіз”, - деп жазған болатын [11]. Ал Д.Дьюи
оқушының белсенді танымдық әрекетінің маңыздылығын
айта келіп, оларды өздерінің тәжірибесі негізінде оқыту
қажет, тума қабілеттерінің дамуына жағдай жасау
қажет деген пікір айтты. Мектеп - оқушының
қызығушылығы негізінде құрылып, оларға
қажетті білімді ойын және еңбек іс-әрекеті барысында
беруі қажет деп, өз кезеңіндегі жаңа мектеп ашу идеясын
ұсынды [10].
Таным теориясы ұғымын ең
алғаш рет философияға 1854 жылы енгізген Шотландия ғалымы
Фаррьер “...дүние тану теориясын да диалектикалық жолмен байымдау
керек, яғни біздің дүние тануымызды даяр тұрған
өзгермейтін нәрсе деп ойламау керек, қайта білмеушілік пен
білушілік қалай туатынын, толық емес, айқын емес,
білімнің қалайша толығырақ, айқынырақ
білімге айналатынын тексеру керек” деген болатын [10].
Қазіргі уақытта таным туралы
құнды ойлар мен көзқарастарды қазақ
философ-ғалымдары: Ә.Нысанбаев, А.Қасабеков, М.Орынбеков,
Ж.Алтаев, Д.Кішібеков, Ә.Х.Тұрғынбаев, Ұ.Сыдықов,
Ә.Сәдуақасов және т.б. еңбектерінде
жан-жақты талқылап келеді [12]. Олардан
Ә.Х.Тұрғынбаев [13]: “білім адам басында әуел бастан
болмайды, ол оны өз өмірінің барысында, практикалық
іс-әрекетінің нәтижесінде игереді. Адамның жаңа
білімді игеру үрдісі таным деп аталады” десе, Д.Кішібеков: “таным
барысында адам өзін қоршаған ортаны игереді, ол туралы білімі
кеңейіп, тереңдей түседі; адамның заттар мен
құбылыстар туралы жалпы мәліметі ішкі мәнге қарай
ұмтылып, жүйелі, шынайы білімге айналады. Ендеше танымды
адамның жаңа әрі тың білімді игеріп, рухани баюы деп
есептеуге болады”- деп тұжырымдайды [14].
Танымның философия
тұрғысындағы анықтамасының негізінде
Р.Қоянбаевтың “Қысқаша педагогикалық
сөздік” кітабында танымға мынадай түсінік берілген: таным –
обьективтік шындықты адамның ойына бейнелейтін және
қайта жаңартатын, қоғамдық іс-әрекет
барысы. Ол заттардың мәніне дәлірек жетудегі күрделі
және қарама-қайшылықты үрдіс барысы ретінде
қаралады. Ақиқатқа жетудің, обьективті шындықты танудың
диалектикалық жолы. «Нақты пайымдаудан абстрактілі ойлауға,
одан тәжірибеге көшу” болып табылады [18]. Ал Ш.Т.Таубаева мен
С.Н.Лактионовалар танымға – обьективті шындықтың жоғары
формалы бейнесі, шын білімнің туындау процесі - деп анықтама береді [19].
Сонымен философиялық таным теориясы
оқушы тұлғасын дамыту құралы – білім екендігін
және оны игеру көздері мен әдістерін тарқатты.
Бұл өз кезегінде танымдық теорияны дамытты.
Танымдық іс-әрекетті дамыту
мәселесінің екінші қырын психолог-ғалымдар дамытты
деуге болады. Таным теориясын зерттейтiн психология ғылымының
саласы – гносеология немесе эпистемология айналадағы қоршаған
дүниенiң адам санасында бейнеленуiн, танымның жалпы шарттары
мен мүмкiндiгiн, бiлiмнiң шындыққа қатынасын,
қоғамдық тәжiрибе негiзiнде iске асатын таным
үрдiсiнiң заңдылықтарын, оның негiзгi
түрлерiн, әдiстерiн, жорамалдар мен теорияларды құру
және дамытудың жолдарын анықтайды.
Психологиялық ғылыми еңбектердің
ерекшеліктері таным мәселесін әрекет тұрғысында
қарастырады. Жеке адамның дамуында іс-әрекет жетекші
рөл атқарады. Адам қажеттілігінен туған іс-әрекет
оның санасын бейнелейді. Ал іс-әрекет ұғымына
“қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми
түсіндірме сөздігінде”: іс-әрекет – адамның
ақиқат дүниемен өзара белсенді
әрекеттес-тігінің іс жүзіндегі көрінісі. Ал
адамның дамуында шешуші қызмет атқаратын іс-әрекет
түріне еңбек жатады және
онымен адамның өзге іс-әрекеттерінің
барлығы (ойын, оқу, т.б.) тығыз байланысты деген
түсінік беріледі. Адамның іс-әрекеті дене және ой
еңбегі арқылы көрінеді. Өнімді еңбек
материалдық құндылықтарды, ал ой еңбегі рухани
құндылықтарды жасайды. Адам үшін ең маңызды
іс-әрекет – үйрену. Тұлға іс-әрекет арқылы
тәжірибе жинақтайды, шындықты игереді, оның іскерлігі
артады, дамиды.
Іс-әрекет туралы психологиялық
ілімнің нобайы мен негізі психология ғылымының көрнекті
өкілдері Л.С.Выготский, С.Л.Рубинштейн, А.Н.Леонтьев, А.Р.Лурия
зерттеулерінде салынды. Ғылыми психологияның әдісі ретінде іс-әрекетті
талдау идеясы Л.С.Выготскийдің еңбектерінен бастау алған. Ол
іс-әрекетті оның барлық арнайы ерекшеліктерін сақтайтын
бірліктер арқылы талдауды қарастырған [15]. Ал іс-әрекеттің
тұлғалық бағытын зерттеген С.Л.Рубинштейн
тұлға іс-әрекетте қалыптасады деген тұжырым
жасады. Ол: “...жалпы алғанда адам іс-әрекеті – бұл
бәрінен бұрын әсер ету, ақиқаттылықты
өзгерту; ...бұл тек қана әсер ету, әлемді
өзгерту және қандай да бір объектілерді тудыру емес,
сөздің ерекше мағынасындағы қоғамдық
акт немесе қатынас. Сондықтан да іс-әрекет – ол
қоғамға, адамдарға қатысты ұстаным”, - деп
жазды [16].
А.Н.Леонтьев адамның іс-әрекеті әрекет формасы немесе
әрекеттер тізбегі ретінде болады, басқа түрде болмайды,
мысалы: еңбек іс-әрекеті – еңбек әрекеттерінде,
оқу іс-әрекеті – оқу әрекеттерінде,
қарым-қатынас іс-әрекеті – қарым-қатынас
әрекетінде және т.б. болады - деп, әрекет ұғымын
адам іс-әрекетінің маңызды бөлігі ретінде қарастырады.
Іс-әрекет бірқатар нақты мақсаттарды көздейді, ол
қатаң жүйелікпен жүзеге асады. Басқаша
айтқанда, іс-әрекет әдетте жалпы мақсаттан
бөлінген жекеленген мақсаттарға тәуелді
әрекеттердің кейбір жиынтығынан жүзеге асады. Осы
жағдайда, дамудың жоғары деңгейіне тән
нәрсе – жалпы мақсаттың рөлін саналы түрде
меңгерген мотив атқарады, сол себепті оны жете түсінуден
мақсат мотивке айналады деп тұжырымдайды [17]. А.Н.Леонтьев “таным
– әрекет түрлерінің бірі болғандықтан, таным
барысындағы қиындықтарды жеңу жөніндегі ерік
күші таным әрекетінің мақсатын кімнің алға
қоятынына елеулі дәрежеде байланысты деп жорамалдауға болады”
- дегенді айтады [16].
Іс-әрекетті сипаттай отырып, психологтар оның
құрылымына үлкен мән береді және оны
түрліше көрсетеді:
1) Сұраныс –түйсіну – мотив – шешім қабылдау –
қағида – іс-әрекет
(Д.А.Кикнадзе);
2) Қажеттілік – сұраныс – қызығу – мақсат –
еркіндік (А.Г.Здравомыслов);
3) Мақсат – мотив – тәсіл – нәтиже (К.К.Платонов);
4) Сұраныс – бағыт – мақсат – нәтиже –
бағалау (Г.В.Суходольский).
Көпшілік мақұлдаған
позиция А.Н.Леонтьевтікі болып табылады, онда іс-әрекет мынадай
құрылымда беріледі: сұраныс – мотив – мақсат –
мақсатқа жетудің жағдайы [18].
В.Н.Сагатовскийдің берген анықтамасы бойынша іс-әрекет
дегеніміз – субъекттің объектке және олардың бір-бірімен
белсенді қарым-қатынасының өзін-өзі дамытушы
жүйесі [19]. В.Д.Шадриков:“...іс-әрекет қоғамдық
тәжірибені игеру және қоғамдық маңызды
құндылықтарды жасауға байланысты саналы түрде
қойылған мақсаттарға жетуге бағытталған
ақиқаттылыққа деген белсенді қатынастың
түрі ретінде” деп, іс-әрекетті әлеуметтік маңызды
белсенділік ретінде қарастырады [20]. Оқытудың тиімділігін
арттыру үшін бірлескен
диалогтық танымдық әрекетті қалыптастыру
үрдісі қажет. Бірлескен диалогтық танымдық
әрекетті қалыптастыру
С.М.Жақыповтың құрылымы бойынша мынадай сатылардан
тұрады: бірлескен ойлау әрекетінің бастауыш сатысы; бірлескен
ойлау сатысы мен бірлескен әрекетке айналу сатыларының бірігу
кезеңдері; дамыған ойлау әрекетінің сатысы [21]. Ал
Ә.Алдамұратов “іс-әрекет – адамның белгілі бір
мұқтаждығын қанағаттандыруға арналған
белсенді қылықтары” – дейді.
Сонымен психологиялық
еңбектерге талдау танымдық іс-әрекетті ұйымдастыру
мәселесінің көптеген қырларын ашып берді, оның
ішінде тұлғаны субъект ретінде қарау мәселесін көтерді.
Психолог-ғалымдардың жетістіктері
оқушының танымдық әрекетін қалыптастыру
мен дамыту үрдісін толық сипаттауға үлес қосып,
бүгінгі таңғы талаптарға сай педагогикалық
зерттеулерге негіз болды.


1-сурет. Танымдық ізденімпаздыққа берілген сипаттамалар
Сызбадан көріп
отырғанымыздай, кейбір зерттеулер танымдық ізденімпаздықты
жеке адамның сапасы, жеке тұлға қасиеті деп
қарастырса, кейбірі тұлға қабілеті және
тұлғаның өз бетінше немесе өз күшімен
білімді игеруге дайындығы мен ұмтылысы деп көрсетеді.
Танымдық
ізденімпаздық негізінде оқушыларда танымдық белсенділік
қалыптасады. Танымдық белсенділік – оқушының
оқуға, білуге деген ынта-ықыласының,
құштарлығының ерекше көрінісі. Сабақ
барысында оқушының бойында танымдық белсенділік пайда болса,
оқушылардың ақыл-ой қабілетінің зеректілік, зейінділік,
байқағыштық, ойлау мен сөйлеу дербестігі, т.б. элементтері дамиды.
Сондықтан
көптеген ғалымдар (Е.А.Голант, Б.П.Есипов, М.Н.Скаткин,
Д.Н.Богоявленский, Е.Н.Кабанова-Меллер, Н.А.Менчинская, В.В.Давыдов,
Д.В.Эльконин, П.Л.Гальперин, Н.Ф.Талызина,
И.Я.Лернер, Б.И.Коротяев, П.И.Пидкасистый, Л.И.Рувинский) танымдық
ізденімпаздықты қалыптас-тыру үшін оқушының
танымдық іс-әрекетін нысаналы түрде ұйымдастыру
қажет деп есептей келе, олардың ғылыми еңбектеріндегі
оқушының оқудағы танымдық ізденімпаздығы
мен белсенділігін қалыптастыру мәселелерін практикада шешуді
ұйымдастырудың зерттелу жағдайы төмендегіше болды [40,
41, 42, 43, 44, 45, 46, 47, 48, 49, 35, 50, 51, 52]:


Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі
1.
Голант М.Г.
Методы обучения, М., 1987, 139 с.
2.
Есипов Б.П. Самостоятельная работа учащихся
на уроке. –М.:Учпедгиз, 1961. -239 с.
3.
Скаткин М.Н. Активизация познавательной
деятельности учащихся в обучении.
Материалы
науч.конф.по дидактике, М.:Педагогика, 1965, 198 с.
4.
Богоявленский Д.Н., Менчинская Н.А.
Психология усвоения знаний в школе.-М.: Педагогика, 1959
5.
Кабанова-Меллер Е.Н. Формирование приемов
умственной деятельности и умственное развитие учащихся.-М.: Педагогика, 1968.
6.
Менчинская
Н.А. Проблемы учения и умственого развития школьника. //Избранные
психологические труды. – М.: Педагогика, 1989. -224 с.
7.
Давыдов В.В.
Проблемы развивающего обучения. – М.:
Педагогика, 1986. – 239 с.
8.
Эльконин Д.В. Избранные психологические труды.//Труды
действ.чл. и чл.-кор. АПН СССР. –М.: Педагогика, 1989. -500 с.
9.
Гальперин П.Я. Введение в психологию, М.:
МГУ, 1976, 150 с.
10.
Талызина Н.Ф. Управление процессом усвоения
знаний.–М.: МГУ,1975.-343 с.
11.
Коротяев Б.И. Учение процесса творческий, М.:
Учпедгиз, 1954, 208 с.
12. Пидкасистый П.И. Самостоятельная познавательная деятельность школьников в обучении. Теория экспериментального исследования. – М.: Педагогика, 1980. -120 с.