АЛҒАШҚЫ  ӘСКЕРИ ДАЙЫНДЫҚ  САБАҚТАРЫНДА   АҚПАРАТТЫҚ –КОММУНИКАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ   ҚОЛДАНУ  ТИІМДІЛІГІ

Омаров Қанат Жолдасұлы

Қазақстан, Қызылорда қаласындағы №15 лицей мұғалімі

 

Біздің мемлекетіміз білім беру жүйесін жаңаша қалыптастырып, оны бүкіл әлемдік білім кеңістігіне ұластыру бағытын ұстанып отырғаны айқын. Соңғы жылдары қоғамдық және әлеуметтік өмірде болып жатқан елеулі өзгерістер, ғылыми-техникалық ақпараттар ағынының бұрын-соңды болып көрмеген қарқыны, басқа да саяси-әлеуметтік жағдайлар білім беру саласының алдына көптеген жаңа міндеттер қойып отыр. Сондай-ақ ғылым мен техниканың даму қарқыны, адамзат баласының талап-талғамының өсуі, электронды құралдардың күнделікті өмірде кең қолданылуы ағарту саласында жаңа технологиялық әдістерді енгізуге ықпал ете отырып, оқу үдерісіне үлкен өзгерістер енгізуді, оқыту әдістемесін жетілдіре түсуді көздейді.

 Жаңа технологиялық әдістер, ол сол кезеңде өмірге енген техникалық құралдар мен жабдықтарды, түрлі көрнекіліктерді пайдалануға негізделген тәсілдер жиынтығы. 

Қазіргі уақытта оқушылар білімінің бірыңғай стандарттарға сәйкес болуы талабының жүзеге асуы – оқытудың педагогикалық тың әдістерінсіз екіталай нәрсе. Бұл ретте шетелдік және ресейлік айтулы педагогтардың еңбектері мен тәжірибелерін өзіміздің ұлттық ұстанымдарымызға сай келетіндей түрде саралап пайдаланғанымыз жөн. 

 Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 7 желтоқсандағы №1118 Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың  2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бағдарламада «Е-learning» электронды оқыту жүйесі бойынша білім беру сапасын және басқару тиімділігін арттыру үшін оқу процесін автоматтандыру, педагогтар мен оқушыларды ең жақсы білім беру ресурстарына және технологияларына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсаты атап көрсетілді.

Дамыған елдердегі білім беру жүйесінде ерекше маңызды мәселелердің бірі – оқытуды ақпараттандыру, яғни оқу үрдісінде ақпараттық – коммуникациялық технологияларды пайдалану. Қазіргі таңда елімізде білім беру жүйесінде жаңашылдық қатарына ақпараттық кеңістікті құру енгізілді. Ақпараттандыру жағдайында оқушылар меңгеруге тиісті білім, білік, дағдының көлемі күннен күнге артып, мазмұны өзгеріп отыр. Білім беру саласында ақпараттық - коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы білімнің сапасын арттыру, білім беру үрдісін модернизациялаудың тиімді тәсілдері пайдаланылуда және одан әрі жетілдірілуде.

Сонымен соңғы кездегі технологиялық әдістерге: электрондық оқулықтарды пайдалану, қашықтан басқарылатын дистанциялық оқыту жүйесін енгізу, оқытудың соңғы үлгідегі аудио-видео техникалары мен құралдарын қолдану т.с.с. жатады.

 Алғашқы әскери дайындық пәні сабақтарында ақпараттық  - коммуникациялық технологияларды пайдаланудың тиімділігі:

·  оқушының өз бетімен жұмысы;

·  аз уақытта көп білім алып, уақытты үнемдеу;

·  білім-білік дағдыларын тест тапсырмалары арқылы тексеру;

·  қашықтықтан білім алу мүмкіндігінің туындауы;

·  қажетті ақпаратты жедел түрде алу мүмкіндігі;

·  іс-әрекет, қимылды қажет ететін пәндер мен тапсырмаларды оқып үйрену;

·  оқушының ой-өрісін дүниетанымын кеңейтуге де ықпалы зор.

Мұғалім сабағында ақпараттық – коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы оның тиімділігін жүйелі түрде көрсете біледі. Ақпараттық  - коммуникациялық технологияны пайдалану оқытудың тиімді әдістерінің бірі деп ойлаймын.

Ақпараттық-коммуникациялық технологияны меңгеру құзіреттілігін қалыптастырудың басты мақсаты – оқушыларды ақпаратты беру, түрлендіру және оны қолдану білімдерімен қаруландыру, олардың компьютерлік технологияны өз қызметтеріне еркін, тиімді пайдалана алу қабілеттерін қалыптастыру. Оқушы тұлғасының  дамуына ықпал жасайтын  электрондық оқулықпен сабақтар жүргізудің негізгі міндеттері оқушылардың базалық білім, ептілік, дағдыларын игеру жүйесін жетілдіру, оқыту үрдісінде теориялық және өнімділік ой құрастыру әрекеттері арқылы танымдық қабілеттерін белсендіру, танымдық қызығулары арқылы оқуға деген мотивациясын дамыту, оқу материалын игеруде және оқу іс-әрекеттерінде жете ұғынуға талпындыру, өзіндік жұмыстарының ізденісті-зерттеу түрлерін ұйымдастыру, оқу үрдісінде компьютерлік технологияларды қолдану, әр түрлі шапшаңдықпен және әр түрлі көлемді оқу материалын игерудің мүмкіншілігін ашу. Басқаша айтқанда, бұл кеңістікке ең алғаш еніп, оны жүйелі және кәсіби бағытта енуін қамтамасыз ететін мұғалім. Бүгінгі күні ақпараттар ағымы өте көп. Ақпараттық ортада жұмыс жасау үшін кез келген педагог өз ойын жүйелі түрде  жеткізе алатындай, коммуникативті және ақпараттық мәдениеті дамыған, интерактивтік тақтаны пайдалана алатын, Он-лайн режимінде жұмыс жасау әдістерін меңгерген мұғалім болуы тиіс.

Электрондық оқулық пән оқытушылары үшін  бұл күнделікті дамытылып отыратын ашық түрдегі әдістемелік жүйе, оны сабақта қолдану оқытушының шығармашылықпен жұмыс жасауына, белсенділігін арттыруына мол мүмкіндік береді.

Сонымен қатар электрондық оқулықтарды сабақта пайдалану кезінде оқушылар бұрын алған білімдерін кеңейтіп, өз бетімен шығармашылық тапсырмалар орындайды. Әрбір оқушы таңдалған тақырып бойынша тапсырмалар мен тарау бойынша тест жұмыстарын орындап, анимациялық практика тапсырмаларымен жұмыс жасауға дағдыланады. Электрондық оқулық арқылы түрлі суреттер, видеокөріністер, дыбыс және музыка тыңдатып көрсетуге болады. Бұл, әрине  мұғалімнің тақтаға жазып түсіндіргенінен әлдеқайда тиімді, әрі әсерлі. Меңгерілуі қиын сабақтарды компьютердің көмегімен оқушыларға ұғындырса, жаңа тақырыпқа деген баланың құштарлығы оянады деп есептеймін. Осылайша оқыту құралдарының бірі – электрондық оқулық. Ол оқушыларды даралай оқытуда жаңа ақпараттарды жеткізуге, сондай-ақ игерілген білім мен біліктерді тестік бақылауға арналған бағдарламалық құрал.

Сөзімді қорытындылай келе төмендегідей ұсыныстарға тоқталамын:

·  орта  білім беретін оқу орындарын қазіргі заманға сай жаңа ақпараттық құрал – жабдықтармен жабдықтау, интерактивті тақталар мен мультимедиялық кабинеттермен  және арнаулы пәндер бойынша электрондық оқулықтармен қамтамасыз ету;

·  орта білім саласында оқытудың жаңа ақпараттық технологияларын пайдалану бойынша білім жетілдіру курстарын жиі ұйымдастыру;

Білім беру жүйесін ақпараттандыру  мен ақпараттық – коммуникациялық технологияны сабақта пайдалану оқушының пәнге қызығушылығы мен білім сапасын арттырып, шығармашылық шабытын шыңдап, ғылыми көзқарасын қалыптастырып,  бәсекеге қабілетті тұлға даярлауда қоғамның даму жолдарын анықтайтыны сөзсіз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.             Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы // Егемен Қазақстан. 2010, 16қазан

2.            Мұхамбетжанова С.Т., Мелдебекова М.Т. Педагогтардың ақпараттық – коммуникациялық технологияларды қолдану бойынша құзырлылықтарын қалыптастыру әдістемесі. Алматы. ЖШС «Дайыр Баспасы», 2010 ж.

3. Жолдасова Б.Б. Инновациялық технологияларды білім беруде қолдану. Білім, №5, 2007ж.