5В050300-Психология мамандының 4 курс студенті Құттыбек А.Қ.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

Гендерлік саясаттың бала тәрбиесіне әсері.

 

Әйел қауымы гендерлік саясатты алға тартып, өз қажеттіліктерін өтеу барысында отбасына жіті көңіл бөлмей тұрып, бірінші кезекте өмірге ұрпақ әкеліп, оны жақсылап тәрбиелеп, өсіріп, қоғамға қосар болса, еліміздің қарыштап дамуына одан артық қосатын үлкен үлесі жоқ. Ұлт мәселесін былай қойғанда, әйелдің өмірдегі ең зор бақыты да байлығы да бала болса, ондай бақыттан қашу ақылға сыйымсыз.

Қазір, жасыратыны жоқ, анасы қызметте жүрген үйдің балаларын теледидар тәрбиелеп жатыр.

Қазір балалардың тәрбиесіне көп көңіл бөлу керек. Көп ата-аналар «жұмыстан қол тимейді» деп, бала тәрбиесіне көп зейін бөлмей жүргені анық. Ата-аналардың көбісі өз тыныштықтары үшін балалары не сұрасада алып бере береді. Ата-ананың қарауынсыз қалған балалар, сабақтан келе сала теледидар алдына немесе компьютер алдында отырады. Ал теледидар бағдарламаларында атыс – шабыс киноларды көп көрсетеді. Оларды көрген баланың психикасы бұзылады және ой қалыптасады «ата-анам маған көңіл бөлмейді, менде осындай оқиғаға тап болсам, ата-анам қасымда табылар!?». Осындай жағдайлар орын алмас үшін ата-ана жұмыстан келген соң балаға екі сағаттай көңіл бөліп, егжей-тегжейіне дейін түсіндіріп, дос ретінде сөйлескені жөн. «Қазіргі заманның балаларына қатты дауыс көтеріп сөйлеуге болмайды» десек те болады. Себебі, ата-ананың мейіріміне, сүйіспеншілігіне, жеткілікті назарларын өздеріне аударта алмаған балалар суицидке бейім болады. Олар көп ашуланшақ және жүрекпен қабылдайды. Бірақ, тіпті, ұрыспай еркелетіп жіберуге де болмайды. Кейде әкесінен я анасынан аяқ тартатындай етіп тәрбиелеу керек.

Қазір көптеген аналарымыз «жұмысбасты» әйелге айналғалы, ерлі-зайыптылар арасындағы теңдік мәселесі, бәсекелестіктің туындауынан отбасы қарым – қатынасы бұзылып, бала тәрбиесіне дұрыс көңіл аударылмайды. Мысалы, әке – шешесінің баламен қарым-қатынасында, оның мінез – құлық ерекшеліктерін ескермеуінен келіспеушілік туындап, ол баланың психикалық кеселге ұшырауына: ашушаң, қырсықты, не болмаса ынжық, тартыншақ, жасқаншақ қылықтардың қалыптасуына әкеп соғады. Балалардың мінез-құлқының бұзылуына не себеп?

Бірінші себеп – назар үшін күрес. Балалар қалыпты жағдайда өсіп, көңіл-күйі жайлы болу үшін ата-аналарының қажетті назарына үнемі ие бола бермейді. Қазіргі ата-аналардың уақыты жоқ және «олармен шұғылдануды» міндет деп санамайды. Сол себепті бала: «Тамағыңды іштің бе?», «Қыдырып келдің бе?», «Сабағыңды қарадың ба?» дегеннен басқа сауал естімейді де. Егер бәрі дұрыс болса, бала өз ой-арманымен, мүмкін қиындықтарымен өзі қалады, оған ешкім назар аудармайды. Ал балалардың ата-ана немқұрайлылығымен келісе қоюы оңай емес. Анасына немесе әкесіне «бірге отыруға», «бірге ойнауға», «бірге қыдыруға» тілек айтса, ол тілегі орындалмай жатады. Міне, сол кезде ол өзіне назар аудартудың басқа тәсілін: тыңдамауды таңдайды. Біресе сабақ оқудың орнына телевизор көрсе, біресе киімін ілмейді немесе магнитофонды бар дауысымен бақыртып қояды. Ата-аналар болса ашуланып, «тағы да ма…», «Саған қанша айту керек…» деген сияқты сұрақтарды жаудыртады.

Екінші себеп – «жеңіс» үшін күрес. Еркіндігі, өзін өзі басқару құқы шектелген бала ата-аналарынан асып түсуге тырысады. Әсіресе қатынас құралы нұсқау, ұрсу және күмәндану болған жерде сондай сезім туындайды. Ата-аналар бәрін дұрыс істедім деп ойлайды: өйткені, бала бойына жақсы әдетті сіңіріп, тәртіпке шақыру, қателіктерін ескерту керек ғой. Ол дұрыс әрине, бірақ мәселе соны қалай істеу керектігінде. Егер ескертулер мен кеңестер тым жиі болса, ал бұйрықтар мен сындар тым қатаң болса, бала бір күні қарсы шығады. Қырсығу, бірбеткейлік, қарсылық пайда болады. Жасөспірімнің мұндай мінез-құлқы – өз мәселесін өзі шешу құқын сақтап қалудан және өзінің кім екенін көрсетуден туындайды. Ол шешімінің сәтсіз және дұрыс болмауы да мүмкін, бірақ өз шешімі, ол үшін бастысы сол.

Келесі себеп – есе қайтару ниеті. Балалар, әсіресе жасөспірімдер ата-аналарына жиі ренжіп жүреді. Оның себебі өте көп болуы мүмкін: ата-анасы інісіне көбірек назар аударады; шешесі мен әкесі ажырасып кетіп, үйде өгей әке пайда болды; ата-ана арасындағы ұрыс-керіс. Өкпелеудің де кездейсоқ себептері жетерлік: олардың қатты ескерту жасауы, уәдесін орындамауы, жазықсыз жазалауы. Тағы да бала көңіліне дақ түсті, реніш, тіпті күйзеліс пайда болды. Тағы да баяғы қарсылық, тыңдамау, сабақ үлгірімінің нашарлауы. «Сендер мені ренжіттіңдер ғой – сендерге де жаман болсын!».

Енді соңғы себеп – жасөспірімнің жалғаса беретін сәтсіздігі. Сыныптастарымен арадағы келіспеушілік, соның салдарынан сабақ үлгірімінің нашарлауы, ал ол үйдегі ренішке апарып соғады. Соның бәрі айналып келгенде баланың өз-өзіне деген сенімділігін азайтады. Содан барып ол: «Тырысып керегі жоқ, бәрібір ештеңе өнбейді» деген ойға беріледі. Ол іштей ғана. Ал сырттай қарағанда: «оған бәрі бір», «басқаға да жаман болсын», «мен-ақ жаман болайын».

Енді ойланып көрейік: тәрбиесі сәтсіз балалардың барлық бастапқы құлшыныстары жағымды әрі заңды. Бұл – әр баланың ата-ананың аялы құшағына, өзін сыйлас екен деген, әділеттілікке, сәттілікке деген қажеттілігі.

Отбасында болатын маскүнемділік, ұрыс – керіс, неке бұзушылық сияқты теріс әрекеттердің болуы тікелей әке мен анаға байланысты. Осындай өрескел қылықтардың негізінде ата-ана бір-біріне дөрекілік өкпе сөздер айтады, бірін-бірі кемістіп, абыройларын төгеді, өз қадірін түсіреді. Сөйтіп, олар өін-өзі бақылауды тоқтатады. Кейде олардың ұрыс керісі төбелескен әкеп соқтырады. Мұны көрген отбасындағы бала өз үйінен жиіркенеді, түрлі жолдарға салынып кетуі мүмкін болады. Осыдан келіп отбасындағы бала қиын балаға айналады. Ата-ананың ықпалы өзінен өзі бола қалмайды, балалар олардың қылықтарын көдерімен көреді, ал бір көргенін тағы бір, сосын тағы бір рет көрген соң, ол мәңгі есте қалып, санасынан мықтап орын алады. Естігені де осы қағида бойынша бір, екі, үш рет естіген соң құлағына, ойында қалып қояды да, кезінде дереу дайын формула секілді санадан қалқып шығып, іс – әрекетке айналады. Одан соң сол формуламен 1, 2, 3 рет қайталанып мінез-құлық, іс-әрекет, не жүріс-тұрыс ерекшелігі болып орнығып қалады. Сөз де солай, керек кезінде аузына түсе қояды.

Баланың мінезін, жалпы деңгейін, ынтасын жақсы білу үшін оның дамуына адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына не нәрсе қажет екенін әрбір ата-ана білуге міндетті. «Сіздің балаңыз қалай өмір сүреді, неге қызығады, нені сүйеді, нені қажететеді, ең алдымен сіз осыны білуіңіз керек осының бәрін сіз әрқашан және өз балаңызды жастайынан білуіңіз керек», - деген А.С. Макаренко.

Балаға керегі тек тамақ пен киім емес, балаға ең қажетті – сүйіспеншілік, мейірімділік, еркелік. Олай болса, балаға жанұядағы мейірімділік жетіспесе, ол кейін қылмыс жолына түсуі де мүмкін. Қылмыс жасаушылар – балалық кезінде жақындарынан сүйіспеншілік көрмей, өздері де мейірімсіз, өзгеге ге, өзіне де қайырымсыз өскен адамдар. Сондықтан рухани қажеттіліктің негізі – жанашырлық сезімін балалық жастан тәрбиелемесе кейін қалыптасуы қиын .

Перзент үшін дүниеде ең жетілген, білімді де мәртебелі адам - оның ата - анасы. Ал, ең әдемі де жарық үй - оның туылған үйі. Сондықтан да жас баланың дамуына ата - ананың орны ерекше.

Бала тәрбиесі ата – аналарға жауапты, мідетті жүктейді, ал ол міндеттердің көңілден шығуы ата-ананың отбасындағы әрбір үлгілі ісіне байланысты.

 

Әдебиеттер:

1. «Қазақстан әйелдері», № 9, 2015 жыл, 14 – бет.

2. «Қарым – қатынаста отбасының ықпалы». Қарас Қазиев. «Жантану мәселелері» психологиялық журналы, қаңтар – ақпан 1 (33) / 2015, 8 – 9 бет.

3. «Отбасындағы келіспеушіліктердің бала психологиясына әсері». Г. Жанабергенова. «Мектептегі психология» журналы, № 7 (25) 2015 (шілде), 20 бет.