Абылай ханның 300-жылдығына арналған

 

Т. ғ.к. Ж.А.Шаукенов

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университет, Қазақстан

З.Ж.Шаукенова

Негізгі жалпы білім беретін 14 мектебі

 

ҚАЗАҚ ХАНДАРЫНЫҢ ТАРИХИ ТҰЛҒАСЫ – АБЫЛАЙ ХАН

 

Ұлтымыздың ғасырлар бойы армандап, аңсаған, қол жеткізген егемендігі – мемлекетіміздің тәуелсіздік тұғырын биіктетіт, елдің іші-сыртын бүтіндеп, шекарасын белгілеп, іргетасын шайқалтпай қымтап, өркениет үрдісінде өзіндік даму жолын таңдауға қол жеткізді.

Халқымыздың асыл ұл-қыздары, адал перзенттері, тоталитарлық жүйенің дәуірлеп тұрған кезінің өзінде де, ана тілін – ардағын аялап, тағдырына арашашы болып, егеменді ел болып, тәуелсіздікке қол жеткізіп, байып-көркеюіне үлес қосуды өздеріне мұрат тұтқан. Солардың бірі – халқымыздың дарынды да дара туған, абзал ұлы, қазақ феодалдық мемлекетінің бұрынғы шекарасын қалпына келтіріп, өз хандығы кезінде елдің саяси-экономикалық дамуына түбірлі өзгерістер енгізген, атақты мемлекет қайраткері – хан Абылай.

Абылай хан – қазақ ханы, мемлекет қайраткері, қолбасшы және дипломат. Жәңгір ханның бесінші ұрпағы. 1738-1741 ж. Абылай бастаған қазақ қолы жоңғар басқыншыларына бірнеше мәрте соққы береді. 1741 ж. мамыр айында Абылай тұтқиылдан шабуыл жасаған жоңғарлардың қолына тұтқынға түседі. Қазақтың үш жүзінен Төле би бастап 90 адам елші барып, келіссөз жүргізіп, 1743 ж. шілде айында Абылайды тұтқыннан шығарып алады. Тарихи шындықты айту қажет, Абылай сұлтан қазақ-жоңғар келісімі нәтижесінде босатылды.

К.Миллерге алдын-ала берілген 18 пункттен тұратын құпия нұсқауды сараласақ, Ресей империялық саясатын бірден аңғаруға болады. Абылайды босатуға «тырысу» бір ғана пунктте айтылады. Қазақ даласы арқылы өткен К.Миллер елшілігінің мақсаты – қазақтарды Ресей бағытына, оның қамқорлығына сендірумен қатар, Жоңғарияны барлап қайту болатын.

Ал Ресей елшісі К.Миллердің Жоңғарияға келуі Ресейдің империялық саясатының жалғасы, қазақ даласы үшін күрестен туындағаны тарихи шындық деп түсініп, Абылай сұлтанды босатуға көп ықпалының болмағандығын нақтылы айтуға болады [1].

1740 ж. 28 тамызда ол Орта жүз ханы Әбілмәмбетпен және т.б. 120 сұлтандармен Орынборға келіп, орыс өкіметінің «қамқорына» кіруге келісімін береді. Сонымен бір мезгілде қазақ халқының тұтастығын сақтау мақсатында Шың империясымен де қарым-қатынасын суытпады. Петербург пен Пекинге елшіліктер аттандырды. Ол Ресей мен Қытай империяларының өзара қайшылықтарын қазақ хандығы мүддесіне пайдаланып отырды. 1752 ж. ол бастаған қазақ әскері шамасы 15-20 мың адам ойраттар қолының шабуылына тойтарыс берді. 1753 ж. желтоқсанда Абылай 5 мың жауынгерімен жоңғар әскерлерімен шайқасып, бірталай қазақ жерін азат етті. 1754 ж. сәуірде Абылай бастаған 1700 қазақ әскері 10 мың қалмақпен соғысуға мәжбүр болса, сол жылдың шілде-тамыз айында 4 мың әскерімен Жоңғарияға жорық жасап, 3000 қалмақты тұтқынға алып келді. 1756 ж. Абылайдың бастауымен қазақтар қытайлар мен қалмақтардың біріккен күшімен екі рет шайқасып, оның бірінде жеңіліп, екіншісінде жеңіске жетеді. 1757 ж. Абылайдың 6 мың әскері Қытайдың 40 мың әскерімен шайқасынан соң, қытайлар Абылайдан бітім сұрады. Абылай бірде Қалдан Серенмен бітімге келсе, бірде Дабашыны (Давациды) шауып, бірде оны және Әмірсананы өзіне паналатты. Сөйтіп, Ойрат ұлысының бөлшектене беруін көздеді. 1754-1755 ж. және 1764 ж. қырғыздар Жетісуда біраз ауылдарды шабады. Осы себепті Абылай 1755, 1765 жылдары Қырғыз ұлысына қарсы жорық жасап, Іленің сол жағасын, Шу бойын тазартады, қазақ пен қырғыздың Нарынқолдан Қордайға тартылған, күн бүгінге дейін сақталып отырған шекарасын анықтайды. Өмірінің соңғы 15 жылында Орта Азия хандықтарына қарсы тынымсыз күрес жүргізеді. 1765-1767 ж. Абылай қолының Қоқан билеушісі Ерденбекпен соғысының нәтижесінде Түркістан, Сайрам, Шымкент қалалары қайтадан қазақтар иелігіне өтті. Ташкент алым-салық төлеп тұратын болды.

1771 ж. жасы жеткен Әбілмәмбет хан дүние салды. Үш жүздің басшы өкілдері Түркістанда Абылайды хан көтерді. Абылай іс жүзінде жалғыз Орта жүздің ғана емес, бүкіл Қазақ ордасының ұлы ханы болды. Ресей мен Қытай империяларының арасында орналасқан Қазақ елінің геосаяси жағдайына икемделген саясат жүргізді. Қытай әскерлері жоңғарларды жойып, Орта Азия мен Қазақстанға ене бастаған кезде мұсылман елдерінің басын қосуға ұмтылып, Ауған шахы Ахмад Дурғанимен келіссөз жүргізді.

Абылай хан сырттай одаққа кіретін сияқты көрінгенімен шын мәнінде Қытай үкіметімен байланысын үзбей, барған сайын онымен жақындаса түсті», - деп жазды Ш.Уәлиханов [2]. Сыртқы жаудан қорғану үшін Абылай Цинь империясы үкіметімен алғаш бітім, ал соңынан бейбітшілік келісімін жасады. Абылайдың бұл бітім-келісімі ойлы да парасатты шешімдерден туындаған [3].

Абылай хан ешқашан өз халқын бодандыққа байламаған. Сол кездегі дипломатия тіліне көшсек, Цин империясы мен қазақ халқының арасында ағалы-інілі қатынас орнайды, ал бұл кезде бодандық жүйе, «әке мен баланың арасындағы қатынас», - дейді М.Мағауин [4]. Мұны қытай деректері арқылы растай түсеміз. «Халық тарихи толқынында» бағдарламасы бойынша қазақстандық тарихшылар Қытай Халық Республикасының мұрағаттарында жұмыс атқарды. Соның нәтижесінде 2013 ж. ҚХР-ң тарихи мұрағаттарынан 280 тарихи деректердің көшірмесі Қазақстанға әкелінді. Осы әкелген деректерге сүйенсек Абылай ханның Цин императорына жазған хаттары табылды.

 Абылайдың Қытай мен Ресей патшалығына бас имей, дербес, тәуелсіз хан болғандығы айқын. Ел мүддесі жолында астарлы да айлалы саясат ұстанған сақ саясатшы, көреген көсем белгілі бір тығырықтан шығу жолында ғана келісімге барып отырған. Мұны А.И.Левшин бүкпесіз шындық ретінде дәлелдеп береді: «Уверенный в своих достоинствах, он искусно привлекая к себе приверженцев важностью своею и признавал себя, смотря по нужде, по подданым русским, то китайским; а на самом деле был властитель совершенно независимый» [5]. Орыс бодандығынан бойын тартып, патша әкімшілігінің шақыруымен хандық белгілерді қабылдау үшін 1778 жылы 22 қазан айында Петропавл бекінісіне барудан бас тартты. Бұл жағдай Абылай өзінің алдыңғы ата-бабаларындай ешкімге тәуелді болмай, дербес ел болуды мақсат еткенін аңғартады. Е.Пугачев бастаған шаруалар көтерілісі кезінде 3 мың әскерімен «Қасірет белдеуі» бойындағы орыс бекіністерін шапты. Шоқан Уәлиханов: «1771 ж. хан сайландырып, ант бергісі келмеді. Сөйтіп ол өзін халық қалап, баяғыда-ақ бұл дәрежеге лайықты қойғанын желеу етті», - деп жазды.

Абылай қазақ халқының рухани қасиетінен еркін сусындаған дарынды күйші ретінде де белгілі. Абылай өмір жолын ат үстінде жорықтарда өткізіп, Арыс өзенінің жағасында қайтыс болды. Сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің ішінде Қабырхана мен Ақсарай арасындағы дәлізде жерленген. Абылайдың артында 12 әйелінен 30 ұл, 40 қызы қалды.

Абылайдың Ақ Туы – Абылай ханның жауынгерлік туы; кезінде бүкіл қазақ халқының атынан айтылатын жауынгерлік ұран ретінде де қолданылған. XX ғ. басындағы қазақ зиялылары – Алашорда жетекшілері халықты бірлікке шақырып, «Абылайдың ақ туының» астына жиналайық деген үндеу тастаған. Шын мәнінде «Абылайдың Ақ Туы» - тарихи зат, жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыста көтерілген ту. Қыл шашақты, көлемі 2 шаршы метр ақ жібек мата. Ту 1930 жылға дейін Арыс қаласының маңындағы «Хан қорған» деген жерде, төре тұқымдарының қолында сақталып келген.

Ел басқару екінің бірінің қолынан келе бермейтін бірегей өнер екені баршаға аян. Оның үстіне ел ұстаған екінің бірі есте қала бермейтін де белгілі ғой. Демек, ақыл парасатына қажыр-қайраты сай, дегдарлығы мен білімдарлығы бірдей, мінезі маңғаз, жүрегі мейірбан жетекші ғана жұрттың жадында ұзақ сақталмақ. Екі ғасырдан астам атақ-даңқы аңыз-әңгімелер арқылы – ақ ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, үдеп бара жатқан Абылай хан осындай мемлекеттік қайраткер болған.

Сол самалдың шипалы лебімен хан Абылайдың, қахарман Абылайдың туғанына 300 жыл толуын исі алаш баласы торқалы той ретінде атап жатыр.

 

Қолданылған әдебиеттер:

1.Ә.Мұқтар. //Егеменді Қазақстан,2008.

2.Ш.Уәлиханов 5 томдық шығармалар жинағы. 1 т. 113 б.

3.Моисеев В. Қазақ хандары-халық қорғандары. //Ақиқат, №2. 1991.

4.Н.Мыңжан кітабы негізінде 26-27 бб.

5.Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей. – Алматы: Санат., 1996 г. 254 с.