Ж. ҚАСЫМБАЕВТЫҢ ӨСКЕН ОРТАСЫ МЕН  ТАРИХИ БІЛІМ АЛУЫ

Абильдаева  Мая Жусиповна-магистрант

1Оңтүстік  Қазақстан педагогикалық университеті, Шымкент қ. Қазақстан

         Қазақстан тарихы ғылымының дамуына ерекше үлес қосқан көрнекті тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жанұзақ Қасымбайұлы Қасымбаев 1941 жылғы 25 желтоқсанда қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданында (бұрынғы Семей облысы, Шұбартау ауданы, Баршатас ауылы) дүниеге келген [1].

         Тарихи деректер бойынша, ғалымныңтуған жері Аягөз өңірі – қазақ тарихында бұрыннан белгілі, өзіндік шежіресі мол аймақ. ХХ ғасырдың бас кезінде атақты Құрбанғали Халид өзінің «Тауарих Хамса» («Бес тарих») атты кітабында: «Аягөз – өскен жеріміз, Найман – жүрген еліміз», - деп тіліне тиек еткен Аягөз өңірінің тарихы сонау көне замандардан басталатыны о бастан-ақ белгілі. Қазақ халқы тарихында болған айтулы оқиғалар ұштығының бұл өңірге соқпай кеткені некен-саяқ. Бүкіл еліміздің елдігі мен ерлігіне сын болған қазақ-жоңғар шайқасының шешуші ұрыстарының осы өңірде өткенін ерекше айтуға болады. Бұл аймақта қазақ халқының Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Би Боранбай, Ботақара, Жауғаш, Шыңғожа, Шақантай, Қазымбет секілді хас батырлары бастаған сарбаздар жеңіске жетіп, 1754 жылы Мамырсу өлкесінің бойында Абылай хан мен Ер Жәнібектің қатысуымен тарихта белгілі Қандыжап бітімі жасалған.

         Тарихи деректерде «төсіне Қозы Көрпеш – Баян сұлу күмбезін қондырып, төскейінде хас батырлар тұлпарларының тұяғы дүбірлеген өңір» деп сипатталатын Аягөздің қалыптасу кезеңі 1831 жылдан басталады. 1821 жылы Орта жүз ханы Уәли Абылайұлы қайтыс болғаннан кейін патшалық Ресей өкіметінің ұйғарымымен қазақ жерін түгелдей отарлау мақсатында елді ханға емес, губернаторға басқарту үшін М.М. Сперанский жасаған «Сібір қазақтары туралы Жарғы» күшіне енді. Осының негізінде 1831 жылы Аягөз округі құрылды. Ал, 1824 жылы Қарқаралы, Көкшетау округтері, 1833 жылы Баянауыл, Ақмола, Үшбұлақ округтері, 1834 жылы Аманқарағай округі ұйымдастырылды. Аягөз округінің орталығы Сергиопольдің негізі 1860 жылы қаланды. Аягөз округін басқарған алғашқы аға сұлтандардың арасында Барақ төре Солтабайұлының есімі ерекше аталады. Кезінде атақты Шоқан Уәлиханов: «Аягөзге сондай ынтықпын, әріқадір тұтамын», - деп осы өңірге деген өзінің ерекше ілтипатын білдірген [2].

         Сондай-ақ, Аягөз – атақты Ф.М. Достоевский, И.П. Семенов Тянь-Шаньский, Ш. Уәлиханов, А. Янушкевич, А. Гейбович секілді ұлы тұлғалар ат басын тіреген өлке. Осы тұрғыдан алғанда, поляк революционері           А.И.Гейбовичтің бастамасымен 1859 жылы Сергиопольде орыстың ұлы жазушысы Ф.М. Достоевскийге арналған мұражайдың ашылуы – бұл өңір тарихындағы айтулы оқиғалардың бірінен саналады [3,12-б.].

         Міне, осындай атақ-даңқымен тарихта әйгілі Аягөз өңірінің түлегі Жанұзақ Қасымбаевтың шыққан тегіне келсек, ол Шұбартау өңірін мекендеген Абақ Керей ұрпағы.    

Жарық көруіне Ж. Қасымбаев үлес қосқан Т.Ы. Төлтайдың «Шақантай» атты еңбегіндегі (Алматы, 2003) тарихи деректер бойынша Керей – қазақ ұлтының құрамындағы көне тайпалардың бірі. Ата-жұрты – қазіргі моңғол даласы мен Сібір өлкесіндегі Орхон, Керулен, Селеңге, Арғұн өзендерінің алқабы.

Керей елі Абақ және Ашамайлы болып екіге бөлінеді. Қазақ шежіресі бойынша Абақ – Керейдің Ақылбай атты ұрпағының бәйбішесінің аты екен. Оның есімі әуелі Аппақ екен, келе-келе Абақ аталып кеткен. Қазіргі «он екі ата Абақ» сол бәйбішенің өзі тәрбиелеген он екі немересінен өрбіген делінеді шежіреде. Ал, Ашамайлының әуелгі аты Ғали екен, әкесі ашамайға мінгізіп барып, үйлендіргендіктен, Ашамайлы атаныпты [4].

         Жанұзақ Қасымбаевтың шыққан тегі осы Керей, оның ішінде Абақ Керейден – Жастабан, Бегімбет, Бекназар, Құбайберді, Жаушақар, Шақантай (Еңке),Құлбарақ, Кітат,Собықан,Қасымбай, одан Жанұзақ тарайды.

         Ж. Қасымбаевтың әкесі Қасымбай Собықанов – халықтың дәулетін арттыру үшін еңбек еткен стахановшыл, елді азық-түлікпен қамтамасыз етудегі ерен еңбегі үшін 1941 жылы КСРО ет және сүт министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Қасымбай Ұлы Отан соғысы басталғанда майданға аттанып, 1942 жылы неміс фашист басқыншыларымен болған шайқаста қаза тапты. Ал, анасы Қайшатай Собықанова (Рашева) өмірінің басты кезеңінде қара жұмыста еңбек етіп, зейнеткер қалпында 1977 жылы дүние салды. Қаршадайынан өмір тауқыметін басынан кешірген Ж.Қасымбаев бес жасынан еңбекке араласып, анасымен бірге өмір мектебіне төселіп, ер жетті. Ж.Қасымбаев 1949 жылы Семей облысының Шұбартау ауданындағы С.М.Киров атындағы қазақ орта мектебіне оқуға қабылданып, 1959 жылы сол мектепті бітірді. 1928 жылы ашылған аталған мектепте кейіннен Қазақстан Республикасының ғылымы мен мәдениетіне сүбелі үлес қосқан бірқатар зиялы қауым өкілдері, атап айтқанда, О. Хаймолдин,    Б. Жылысбаев, Е. Рахмадиев, Т. Шойынбаев, М. Рашев, М. Мағауин,   Х. Әдібаев, Н. Рымғалиев, К. Ыбыраев, К. Ахманбаев, Т. Тілеуханов және тағы басқа белгілі тұлғалар оқып, білім алды.

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

1. Ерофеева И.В. Ж.К. Касымбаев. Под надежную защиту России- Алма-Ата: Казахстан, 1986-136 с. //Известия АН КазССР,№5,1986- 91-92- бб.

2.Қазақстан Республикасында тарихи сана қалыптасуының тұжырымдамасы – Алматы: Қазақстан, 1995 – 32 б.

3.Мишле Ж. Народ - Москва: Наука,1965- 10б.                                                           4.Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы -  Алматы: Санат, 1995- 4б.